×
$
452.12
€
508.95
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.12
€
508.95
₽
5.41

Инвестор қорғалған, ал Қазақстан ше?: Мира Досова мұнай келісімдері мен ел мүддесі жайлы

Бүгін, 12:30
Инвестор қорғалған, ал Қазақстан ше?: Мира Досова мұнай келісімдері мен ел мүддесі жайлы
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан ондаған жыл бойы шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасап, келісімдер жасасты, олардың талаптары өзгермейтініне кепілдік беріп, салған қаржысын қорғауға міндеттенді. Бірақ инвестордың мүддесі мемлекеттің өз мүддесімен қабыспай қалса, не болады? Қазақстан бұрын қабылданған ойын ережелерін қайта қарай ала ма? Мұнай экспорттайтын бағыттарды таңдауда еліміз қаншалықты еркін? Шикізаттан миллиардтаған табыс табатын мемлекеттің  неге әлі күнге дейін ірі халықаралық корпорациялармен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатын заңгерлері аз?

Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева осы мәселелерді мұнай-газ саласының заңгері Мира Досовамен талқылады. Әңгіме мұнайдан бұрын мемлекеттің өз мүддесін құқықтық, экономикалық және кәсіби тұрғыдан қорғай алу қабілеті туралы өрбіді.

КҚК-ҒА БАЛАМА БАҒЫТ

КҚК Қазақстан мұнайын экспорттаудағы негізгі бағыт болып отыр. Қазір Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан оның жұмысына қауіп төнген кезде балама бағыттар туралы әңгіме қайта жанданды. Қазақстан неге әлі күнге дейін бір ғана бағытқа соншалықты тәуелді?

– КҚК – Батыс Қазақстандағы, соның ішінде Теңіз бен Қашағандағы кен орындарында өндірілетін мұнайымызды тасымалдаудың жалғыз жолы емес, бірақ негізгі бағыты. Бұл жобаны құру туралы шешім қабылданған кезде географиялық ерекшеліктер, экономикалық және коммерциялық тиімділік ескеріліп, осы бағыт Қазақстанға да, басқа тараптарға да, соның ішінде америкалық және ресейлік серіктестерге де барынша тиімді деген қорытынды жасалды.

Өздеріңіз білетіндей, Теңіз кен орнындағы келісімге қатысушылардың қатарында америкалық компаниялармен бірге Ресейдің трансұлттық компаниясы да бар. Демек, бұл бағыт барлығына тиімді болды. Ол кезде әскери қақтығыс пен саяси дағдарыс туындап, оның Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің жағдайына әсер ететінін, барлық тараптың мүддесіне қозғау салатынын ешкім болжай алмады.

Қазақстан үшін балама бағыттардың мәселесі әрдайым өзекті болғаны түсінікті. Алайда қалыптасқан жағдайға қарай бұл мәселені қайта-қайта кейінге ысырып отырдық. Бұған геосаяси ахуал, мемлекеттер мен трансұлттық компаниялардың экономикалық және коммерциялық мүдделері де әсер етті.

СЫН САҒАТЫ СОҚТЫ

Демек, қазіргі дағдарыс Қазақстанға жылдар бойы кейінге қалдырылып келген мәселені шешуге мүмкіндік беріп отыр ма?

– Қазір бүкіл әлемдегі саяси дағдарыс пен болып жатқан оқиғалардың аясында Қазақстан үшін дәл сол сын сағаты соққандай. Яғни еліміз осы жағдайды пайдаланып, балама бағыттарды дамыту жөніндегі жоспарларын кедергілерді барынша азайта отырып жүзеге асыра алады.

Неге десеңіз, балама бағыттар Қазақстанға ғана емес, Ресей мен АҚШ сияқты халықаралық ойыншыларға да тиімді болуы мүмкін. Экономикалық тұрғыдан алғанда, мұндай бағыт қазір тиімсіз болып, оны іске асыру үшін инвестор тарту қажет болған күннің өзінде, Ресей де оның пайда болуына мүдделі болуы керек. Қазақстан мен АҚШ үшін де бұл маңызды.

ЗАҢ – ҚҰРАЛ

Алайда мұндай шешімдерді қабылдауда Қазақстан қаншалықты еркін? Мұнай жобаларының артында орасан зор инвестиция, халықаралық шарттар мен мемлекеттің міндеттемелері тұр. Кезінде өзіміз қол қойған келісімдер бүгінде өз мүмкіндігімізді шектеп отырған жоқ па?

– Қазақстан бұл мәселелерде әлдеқайда сауатты, алғыр әрі көреген болуы керек. Заң – құрал. Оны дұрыс қолдана білу қажет.

Бір жайтқа назар аударғым келеді: құқықтық тетіктер әртүрлі елдердің Қазақстанға және тұтастай Орталық Азияға қатысты саяси әрі геосаяси жоспарлары мен мақсаттарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.

Қазақстан сияқты елдер инвесторлардың назарын аударады. Бұған дейін айтқанымыздай, халықаралық келісімдер қазіргі жүйе аясында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптаса бастады. Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды, кейін Дүниежүзілік сауда ұйымы пайда болды. Бұл келісімдер денсаулық сақтау, әскери ынтымақтастық, коммерциялық байланыстар сияқты қарым-қатынастың сан алуан саласын реттейді.

Халықаралық инвестициялық келісімдер қағаз жүзінде екі тараптың да мүддесін қорғайды. Бірақ іс жүзінде олар Қазақстанды ма, әлде ең алдымен осында қаржы құятын инвесторларды қорғай ма?

– Қазақстан әртүрлі елдермен инвестиция мәселелері бойынша екіжақты келісімдер жасасады. Олар bilateral investment treaties деп аталады. Сонымен бірге көпжақты инвестициялық келісімдер де бар. Ағылшынша олар multilateral investment agreements деп аталады.

Энергетика саласына келсек, мұнда Энергетикалық хартия шарты қолданылады. Бұдан бөлек, Каспий теңізіне қатысты түрлі мәселелерді реттейтін бірнеше келісіміміз бар.

Құқықтық тетіктердің мәні неде және Қазақстан қандай жағдайда тұр? Энергетикалық хартия шартына АҚШ-тың әртүрлі елдермен жасасқан екіжақты инвестициялық келісімдеріндегі көптеген ережелер енгізілді деуге болады. Ресми түрде мұнда өзара инвестицияларды қорғау туралы сөз болып отыр. Яғни екі мемлекет бір-бірінің аумағына салынған инвестицияларды қорғауға міндеттенеді. Алайда инвестицияның едәуір бөлігі Америка Құрама Штаттарынан келетіні түсінікті. Сондықтан америкалық тарап өз инвесторлары барған елдерде олардың инвестициялық құқықтарының бекітілуіне мүдделі болды.

Шетелдік инвесторларды қорғау үшін жасалған ережелерді сол қағидаларды енгізген елдер қазір қайта қарап жатыр. Қазақстанға да солай ететін кез келген жоқ па?

– Қазақстанда осы уақытқа дейін халықаралық инвестициялық келісімдер басымдыққа ие деген түсінік орнығып қалған. Мұндай келісімдер жасалған кезде негізінен инвестор ретінде әрекет еткен елдер өз инвестицияларының тұрақты қорғалуына кепілдік алуды көздеген болуы мүмкін. Алайда уақыт өте жағдай өзгерді. Еуропалық одақ елдерін қоса алғанда, кейбір мемлекеттердің өзі инвестиция қабылдай бастады. Сөйтіп, бұрын шетелдік капитал бағытталған елдердің жағдайына тап болды. Олар мұндай келісімдер өздерін тиімсіз жағдайға қалдыруы мүмкін екенін түсінді. Соның нәтижесінде кейбірі бұл келісімдерден біртіндеп шыға бастады.

Демек, келісімдер ресми түрде тараптардың теңдігі қағидатына сүйеніп жасалғанымен, іс жүзінде экономикаға көбірек қаржы құятын тараптардың мүддесі басым ескеріледі.

Халықаралық келісімдер жеке құқық аясындағы қатынастарға да әсер етеді. Әдетте мұндай қатынастар компаниялар немесе жеке адамдар арасында қалыптасады. Ал бұл жағдайда мемлекеттердің өзі коммерциялық келісімдер жасасып, экономикалық мүдделері мен мәмілелерін реттейді.

КАСПИЙ – ТЕК МҰНАЙ ҒАНА ЕМЕС

Транскаспий бағыты туралы сөз болғанда, әдетте мәселе құбырларға, танкерлерге және тасымал құнына келіп тіреледі. Ал бұл жобаның құқықтық жағы қаншалықты күрделі?

– Каспий теңізі арқылы өтетін бағыттарды қоса алғанда, көмірсутектерді балама жолдармен тасымалдау мәселесіне келсек, Каспийге қатысты әртүрлі жайттарды реттейтін жиырмаға жуық келісім бар.

Құқықтық тетіктердің әртүрлі елдердің саяси және геосаяси мүдделеріне қалай пайдаланылатынына мысал келтірейін. Айталық, қазір біз Каспий маңы мұнай құбырын салғымыз келеді. Бұған дейін Каспий теңізі арқылы газ құбырларын тартуға талпыныстар болған. Мұндай жобалар Каспий немесе Транскаспий газ құбыры деп аталды. Алайда оларды жүзеге асыру мүмкін болмады.

Жобалардың бірінен бас тартылды, өйткені ақыр соңында газ құбырының бағыты Қытай арқылы өтетін болды. Ал екінші жоба бойынша келіссөздер 1990-жылдардан бері жалғасып келеді. Неліктен?

Жақында Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғауға арналған Тегеран конвенциясына белгілі бір хаттама қабылданды. Бірден ескерте кетейін: Каспийге қатысты бес жағалаудағы мемлекет жасасқан халықаралық келісімдер бар. Сонымен бірге Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы екіжақты келісімдер, сондай-ақ үшжақты келісімдер де бар. Олардың әрқайсысы түрлі мәселелерді реттейді.

Каспийге қатысты қай құжат шешуші рөл атқарады?

– Негізгі құжат, Каспий теңізінің өзіндік конституциясы деуге болатын құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция. Оны жасасу үшін тұтас 26 жыл қажет болды. 1990-жылдардан бері ұзақ келіссөздер жүргізіліп, тиісті хаттама 2018 жылы қабылданды.

Бір қарағанда, біз газ немесе мұнай құбырын салғымыз келеді. Мұндай жобалардың Иранға да, Ресейге де тиімсіз екені түсінікті. Дипломатиялық келіссөздер арқылы өз мүдделерін ілгерілетумен қатар, бұл елдер біздің көмірсутектерді балама бағыттармен тасымалдау мүмкіндіктерінің пайда болуына мүдделі емес.

Міне, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін реттейтіндей көрінетін конвенцияның өзі біздің мұнай немесе газ құбырын салуды тежеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Неліктен? Өйткені қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізіп, оның нәтижелерін барлық елмен келісу қажет.

ҚАЗАҚСТАНДА САЛАНЫ ЖЕТІК БІЛЕТІН ЗАҢГЕРЛЕР ҚАТ

Қазақстан отыз жылдан астам уақыт бойы әлемдегі ең ірі мұнай-газ компанияларымен жұмыс істеп келеді. Алайда бізде әлі күнге дейін саланы жетік білетін мамандар жетіспейтіні айтылып келеді. Неліктен?

– Бізде расында да салалық заңгерлер аса тапшы. Мысалы, құрылыс немесе жер қойнауын пайдалану мәселелерін жетік білетін мамандар жоқтың қасы. Бізге ой-өрісі кең, мәселені тек өз мамандығының аясында ғана қарастырмайтын заңгерлер қажет. Олар құрылыс, инвестиция немесе құбыр тарту мәселелерін халықаралық құқық тұрғысынан да бағалай білуі керек.

Заңгерлерге кейде мәселенің байыбына барып, тереңірек зерттеу үшін табандылық, ал өздерін ізденуге итермелеп, мәселені кеңірек қарастыру үшін білуге деген құштарлық жетіспейді. Мемлекеттің мүддесін қорғайтын заңгерлеріміз бар шығар, бірақ олар көпшілікке таныла бермейтін болуы мүмкін. Оның үстіне, заңгерлердің жұмысы көбіне талдау жасаумен байланысты.

Ірі мұнай компанияларымен 30 жыл жұмыс істеген Қазақстан неге әлі күнге дейін өзіне мықты салалық заңгерлер мен сарапшылар мектебін қалыптастыра алмады?

– Біз шынымен де халықаралық консалтингтік компаниялардың көмегіне жүгінеміз. Бірақ олардың арасынан да әрдайым білікті маман табыла бермейді. Мұндай сарапшылар бүкіл әлемде өте аз. Сондықтан кімге жүгіну керегін білу маңызды. Бұл жағынан кадр тапшылығы қатты сезіледі.

Заңгерлер, әсіресе салалық мамандар, өзге бағыттар бойынша да біліктілігін арттыруы қажет. Бұл кейін халықаралық деңгейде жұмыс істейтін мамандарға да қатысты. Қандай да бір шешімнің халықаралық қатынастарға қалай әсер ететінін түсіну керек.

Заңгерлерге геосаясат пен саясат саласындағы білім жетіспейді. Мұндай олқылық тек заңгерлерге ғана емес, техникалық мамандарға да тән. Мұнай саласында жұмыс істейтін ірі ұлттық компанияларда техникалық мамандар көбіне өздерінің кәсіби міндеттерін орындауға ғана ден қояды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҮДДЕСІН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

Қазақстан ұзақ жылдар бойы инвестор өзін қауіпсіз сезінуі үшін бар жағдайды жасады. Бірақ осы арада тепе-теңдік бұзылған жоқ па? Мұндай жүйеде Қазақстанның өз мүддесін кім қорғауы керек? Бізде ӨБК және инвесторлармен жасалған ірі келісімдер бар. Алайда инвесторлардың мүддесі адамдардың денсаулығынан, қоршаған ортаны қорғау мен әлеуметтік мәселелерден жоғары тұруы мүмкін бе?

– Меніңше, қазіргі заңгерлер буынының қалыптасуына бір кездері біздің салаға шетелдік инвестиция жаппай келе бастаған кезеңнің ықпалы зор болды. Сол кезде инвесторлардың мүддесін қорғау керек деген ұстаным берік орнады. Әрине, олардың құқықтарын қорғау қажет. Бірақ бұл адам денсаулығынан жоғары тұрмауға тиіс. Оның үстіне, инвесторлардың өздері де адал әрекет етуі керек.

Бізге кейде жағдайға сыни тұрғыдан баға беріп, «Иә, біз инвесторлардың құқықтарын құрметтейміз, бірақ құқықтық тетіктер арқылы олардың іс-әрекеті үшін жауапкершілікке тартылуын да қамтамасыз етуіміз керек» деп айта алатын құзырет жетіспейді. Олар өз міндеттерін адал орындауға тиіс.

Кейде кәсіби біліктілігіміздің өзі жеткіліксіз болып жатады. Заңгерлердің ой-өрісін кеңейтуі қажет екенін жоғарыда да айттым. Кәсіби мәселелерді тек құқық тұрғысынан ғана қарастыруға болмайды.

Инвесторды үркітіп алудан қорқып, Қазақстан өз мүддесін шетке ысырып жүрген жоқ па?

– Инвестицияға қатысты келісімдеріміз өте көп. Олардың барлығына дерлік инвесторлардың құқықтарын қорғау міндеті енгізілген. Әйтпесе, бұл инвестициялық ахуалға кері әсер етеді деген уәж айтылады.

Бірақ заңгерлерге не қажет? Меніңше, сіз дұрыс айтып отырсыз: жағдайға кеңірек қарап, тепе-теңдікті іздеу керек. Инвесторларды қорғау дұрыс. Сонымен қатар кәсіби түйсікті дамытып, бұрын жасасқан барлық келісімімізді, соның ішінде инвестициялық келісімдер мен жер қойнауын пайдалану шарттарын Қазақстан мен азаматтарымыздың мүддесін қорғау тұрғысынан қайта талдауымыз қажет.

Бұған қоса, инвесторлардың өз міндеттемелерін адал орындауына қол жеткізу үшін құқықтық тетіктерді пайдалана білу керек. Мұндай мамандар шын мәнінде өте аз. Бұл жұмысқа орасан зор білім мен өзіңді толығымен арнауға дайын болу қажет.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ДАУЛАРДА ЕЛ  МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙ АЛАТЫН МАМАНДАР БАР МА?

Қазақстанның мүддесі тұрғысынан осындай келісімдерді қайта зерделеуге тырысып жүрген мамандар бар ма?

– Жақында PhD дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған бір жас маман туралы білдім. Ол Энергетикалық хартия шартына қатысты мәселелерді зерттеген. Бұл мәселелерді тек құқық тұрғысынан ғана қарастырмаған. Атап айтқанда, ол көптеген халықаралық келісімдер мен инвестициялық арбитраждардың шешімдерін талдаған. Мұнай-газ саласындағы дауларды ғана емес, Қазақстаннан тыс елдерде болған энергетикалық дауларды да зерттеген.

Ол бүкіл талдауын тиісті шешімдер қабылданып, инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі келісімдер жасалған кездегі геосаяси және саяси оқиғаларды ескере отырып жүргізген. Сонымен бірге елімізге инвестор ретінде келген мемлекеттердің мүддесі тұрғысынан да жағдайға баға берген. Ал оның негізгі маманданған бағыты – инвестициялық дауларда мемлекеттердің құқықтарын қорғау. Бұл мені қатты таңғалдырды.

Біріншіден, бұл мысал жоғарыда айтқан ойымды тағы да растайды: заңгер мәселені кең ауқымда қарастыра алады әрі солай істеуге тиіс. Ол бұрын жасалған уағдаластықтарды ғана емес, осындай келісімдер жасасуды ұсынған елдердің мүддесін де ескеруі керек. Бұл – жақсы бастама. Ғылыми қауымдастығымыз да бұл жұмысты жоғары бағалап, оның іс жүзінде алғашқылардың бірі емес, өз саласында тұңғыш әрі бірегей зерттеу болғанын атап өтті.

Зерттеу жүргізіп, оны қағазға түсіру бір басқа да, нәтижесін іс жүзінде қолдану бір басқа.

– Бізде осы тақырыпты терең зерттеп, мәселені шешудің жолдарын ұсынатын маман пайда болды. Оның пікірі қазірдің өзінде ескеріліп жүр, бірақ кейбір жайттарды ашып айта алмаймын. Ол халықаралық мәселелермен айналысатын тағы бір заңгер әріптесімен бірге жұмыс істейді. Екеуі де осы тақырыпқа қызығып, ауқымды жұмыс атқарды. Қазір олардың пікіріне құлақ асатындар бар.

Бұл жұмыстың бәрі өте байыппен, дипломатиялық жолмен, құқық аясында жүргізіліп жатыр. Ең маңыздысы – шетелдік инвесторлар келген жағдайда Қазақстанның мүддесін қорғаудың жолын табу. Инвесторлар да қанағаттанатындай, халық та пайдасын көретіндей тепе-теңдікті сақтау қажет. Бізде мұндай мамандар жоқтың қасы. Жоғарыда айтқанымдай, әзірге бұл – осындай бағыттағы бірегей зерттеу.

Бұрын Қазақстанның мүддесі мықты заңгерлер жетіспегендіктен ескерілмей келді ме?

– Ол кезде осындай мамандарды өзіміз тәрбиелеп шығарамыз деген үміт болды. Бірақ ақыр соңында біз заңның әр әрпіне сүйеніп әрекет етуге дағдыланған заңгерлерді даярладық. Олар келісімде не жазылса, сол өзгермейтін қағида деп қабылдады.

Сонымен бірге өзге елдердің тәжірибесін зерттемеді, келісімдерді өзгерту жолдарын іздестірмеді. Қазақстанның да ұтымды жағдайда қалуына мүмкіндік беретіндей ережелерді қолдану жолдарын қарастырмады. Сондықтан бұл зерттеу Қазақстанда алғашқы әрі әзірге жалғыз жұмыс. Тіпті мұндай зерттеу бүкіл Еуразия кеңістігінде де алғашқылардың бірі болуы мүмкін деген пікір айтылды.

КЕЛІСІМДЕР БҰЛЖЫМАС ҚАҒИДАҒА АЙНАЛМАУЫ КЕРЕК

Демек, сіздің ойыңызша, Қазақстанның көп жыл бұрын жасалған келісімдерге қайта оралып, олардың бүгінгі ұлттық мүддеге сай келетін-келмейтінін көтеруге құқығы бар ма?

– Біз мұндай талаптарды өзіміз ойлап тауып, заңнамаға тек өз қалауымызбен енгізген жоқпыз. Меніңше, біз саяси және геосаяси өзгерістердің жалпы үрдісіне ілесіп отырмыз. Қазір әлемді қайта бөлісу, жаңа әлемдік тәртіп қалыптастыру, БҰҰ мен басқа да халықаралық институттардың құрылымын қайта қарау туралы көп айтылып жүр.

Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық келісімдерді қайта қарауға, олардың аясында қандай жағдайда тұрғанымызды – ұтымды ма, әлде ұтылып отырғанымызды ма – бағалауға және өз ұстанымдарымызды, қағидаттарымыз бен негізгі коммерциялық талаптарымызды қалыптастыруға дәл қазір қолайлы кезең туды деп ойлаймын. Бұл әсіресе қандай да бір келісімдерді қайта қарауға, жаңадан жасасуға немесе олардан шығып, жаңа келісімдер жасауға шешім қабылдаған жағдайда маңызды.

Мұндай өзгерістер шынымен болуы мүмкін бе, әлде бәрі сөз жүзінде қала ма?

– Мұндай зерттеулер жүргізіп, осы тақырыпта диссертация жазатын заңгерлер көбейген сайын, сала алға баса бермек. Жалғыз адам көп нәрсе тындыра алмайды. Мен бұл еңбекті оқып шықтым. Шынымен де, өте салмақты зерттеу. Мұндай жұмыстар басқа мамандарға да шабыт бере алады.

ИНВЕСТОРЛАРМЕН ТЕҢ ДӘРЕЖЕДЕ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗУДІ ҮЙРЕНУ КЕРЕК

Демек, инвесторлармен жауласудың орнына олармен тең дәрежеде сөйлесуді үйренуіміз керек пе?

– Әрине. Шетелдік инвесторлар бізге қажет. Оларды жау ретінде көрсетуге болмайды. Инвестор өз қаржысын, технологиясын, тәжірибесін алып келеді. Жұмыс орындарын ашады, салық төлейді. Бірақ оның да коммерциялық мүддесі бар. Бұл – қалыпты жағдай. Мемлекеттің де өз мүддесі бар. Бұл да заңды.

Мәселе – мемлекеттің сол мүддені қаншалықты кәсіби деңгейде қорғай алатынында. Ол үшін мықты келіссөз жүргізушілер, экономистер, заңгерлер мен мұнай-газ саласының мамандары қажет. Бүгін не болып жатқанын ғана емес, қабылданған шешімдердің он, жиырма жылдан кейін қандай салдарға әкелетінін де түсінуіміз керек.

БАЛАМА БАҒЫТ БАРЛЫҚ ТАРАПҚА ТИІМДІ БОЛУЫ ТИІС

Қазақстан қарастырып жатқан балама мұнай бағыттарының құны қалай есептелетінін айтып бере аласыз ба?

– Оны бағалау қиын, өйткені коммерциялық және экономикалық мәселелердің маманы емеспін. Көбіне коммерциялық мүдделер алдыңғы орынға шығады. Алайда мұнайды балама бағытпен тасымалдау мүмкіндігінің болуы да маңызды. Мұндай бағыт инвесторларға да, құбырлар өтетін басқа мемлекеттерге де, мұнай жеткізушілерге де тиімді болуы керек. Бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қараған жөн.

Энергетикалық ресурстар адамдардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Адамдардың қай жерде тұратыны маңызды емес: Ресейде ме, Америкада ма, әлде Еуропада ма – бәрібір. Геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, адамдарға энергетикалық ресурстар әлі де қажет. Бірақ ол үшін нақты шешімдер керек. Менің айтқым келгені де осы: түптің түбінде барлық тарапқа тиімді болатын шешімдер әзірлеу қажет.

ТРАНСКАСПИЙ БАҒЫТЫ – КӘСІБИ МАМАНДАР МЕКТЕБІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МҮМКІНДІГІ

Транскаспий бағыты бойынша жұмыс істейтін топ немесе комиссия бар ма? Әлде бәрі әдеттегідей ме: кезекті шабуыл болған соң шенеуніктер асығыс жиналып, енді не істеу керек деп ойлана бастай ма?

– Иә, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ қосарым бар: әзірге техникалық мамандар, заңгерлер мен саясаттанушылар арасында толыққанды өзара байланыс жоқ. Заңгерлердің Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істеуі де жеткіліксіз. Онда да жоғары білікті мамандар бар, бұл мәселені көтеріп жүргендер де солар.

Неге біз үнемі әрқайсымыз өз алдымызға әрекет етеміз? Бізге ортақ ұстаным қажет. Заңгерлер, техникалық мамандар мен коммерциялық бөлімдер өз шешімдерін геосаяси кеңістікте болып жатқан жағдайлармен сабақтастыра білуі керек. Мамандардың, мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың өзара ықпалдастығы жетіспейді. Осындай үйлесімді жұмыс бізге артық болмас еді.

ЕРТЕҢ КЕЛІССӨЗ ҮСТЕЛІНЕ КІМ ОТЫРАДЫ?

Мұндай мамандарды қайдан табамыз? Мемлекетке күрделі халықаралық келіссөздер жүргізетін адам қажет бола қалса, оны жедел дайындай аламыз ма?

– Мамандарды алдын ала даярлау керектігі де сондықтан. Мен өте сапалы білім алып, PhD дәрежесін қорғап, халықаралық құқық, энергетика және экологиялық құқық салаларына маманданып жүрген жастарды білемін. Бірақ оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек.

Адам білім алғаннан кейін он жыл бойы мүлде басқа жұмыспен айналысып, мемлекетке маман қажет болғанда оны кенеттен шақырып алып, бірден сарапшыға айналады деп күтуге болмайды.  Мемлекет бүгінгі күнді ғана ойламауы керек. Бес, он, он бес жылдан кейін қандай мамандар қажет болатынын алдын ала түсінуі тиіс.

Балама мұнай бағыттарын дамыту өз кәсіби мектебімізді қалыптастыруға мүмкіндік бере ала ма?

– Кез келген ірі халықаралық жоба мамандарымызға тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Келіссөздер жүргізіліп, келісімдер әзірленіп, экологиялық талаптар мен қаржыландыру мәселелері, халықаралық құқықтың қыр-сырлары талқыланған кезде біздің мамандарымыз да осы үдерістің барлығына қатысуы керек. Сырттан бақылап қана отырмауы қажет.

Егер жұмыстың бәрін шетелдік кеңесшілер атқарса, олар кейін кетеді де, өздерімен бірге тәжірибе мен білімді де алып кетеді. Ал бізге сол білімнің елде қалғаны керек. Бұл тек заңгерлерге қатысты емес. Инженерлерге, экономистерге, экологтарға және халықаралық қатынастар жөніндегі мамандарға да қатысты.

ЖАСТАР ЕЛГЕ ОРАЛАДЫ, БІРАҚ ЖҰМЫС ТАБА АЛМАЙДЫ

Біз білімге қомақты қаражат бөліп, жастарымызды әлемнің үздік университеттеріне жібереміз. Олар елге оралғанда орын таппай, сенделіп жүрмей ме?

– Шетелде озық білім алған жастарымыз аз емес. Бірақ елге келген жас мамандар жұмыс таба алмай жүр. Гарвард пен Колумбия университетін бітірген таныстарым бар, олар да қазір жұмыссыз жүргендерін айтады.

Тағы бір ойымды айтқым келеді. Бұл – ұрпақтар алдындағы жауапкершілік мәселесі. Бізден кейін келетін жастарға қалай жағдай жасаймыз? Меніңше, мансап жолында белгілі бір белеске жеткен біздің буын өкілдері жанашырлық танытып, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, жастарға тәлімгер болуы керек. Жас мамандар жұмыс істеуге ынталы болатындай жағдай жасау қажет. Бір ғана білім жеткіліксіз, жауапкершілік сезімі де болуы керек. Отаншыл болу керек, ақша табуды ғана ойлауға болмайды. Жас маман жұмысқа келгенде, тәжірибелі әріптестерінің әрқайсысы оның дамуына көмектесуі тиіс.

Демек, кадр мәселесі тек мемлекеттің міндеті емес қой?

– Бәріміз де айналамызда болып жатқан жайттарға бейжай қарамауымыз керек. Мұнайдың, құбырлардың, халықаралық келісімдер мен миллиардтаған инвестицияның болуы ел мүддесін қорғай алмайды. Ақыр соңында келіссөз үстеліне бәрібір адамдар отырады. Қай тараптың мүддесі жақсы қорғалатыны солардың кәсіби біліктілігіне байланысты.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көріңіз.