×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Газ жыры немесе Жаркешов ескі жүйенің «мұрасымен» қалай күресіп жатыр

18.04.2023, 08:43
Газ жыры немесе Жаркешов ескі жүйенің «мұрасымен» қалай күресіп жатыр

Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстанда біршама саяси үрдістер орын алды. Саяси-кадрлық ауыс-түйістерге де куә болдық. Солардың ішінде ең маңыздылардың бірі – Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаев басқарған «QazaqGaz» ұлттық компаниясына мүлдем жаңа кадрдың келуі болды. Сол тұста Украинада қызмет етіп жүрген Санжар Жаркешовтің осы маңызды нысанға басқарма төрағасы болып тағайындалуы – айрықша оқиға деп бағалауға болады. Өйткені, бұл креслоға сонша жылдар бойы қарапайым білімді кадрлардың жайғасуы мүмкін болмаған. Ауыз толтырып айтарлық активтері де, бір басына жететін көлеңкелі тұстары да бар компанияға жетекшілік ете бастаған Санжар Жаркешов – Қарағанды облысының тумасы. Ол бұл лауазымды қызметке 2022 жылы 14 наурызда тағайындалды. Содан бергі бір жылдан астам уақыт ішінде осы сұхбатқа арқау болатын дүниелер жиналды деген пайымдамыз.

Ендеше Ұлыс-сұхбат барысында «QazaqGaz» деген қандай компания?», «Ол қандай шаруаларды атқарып жатыр?», «Назарбаевтардың басқаруынан соң, Қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық компанияның жұмыс бағыты қалай өзгерді?» деген сауалдарға жауап іздейтін боламыз.

– Рас, ұлттық компания Санжар Жаркешовке дейін талай оқиғаларды бастан өткерді, демек жаңа кадрдың қолына барлығы жақсы күйінде өте қойған жоқ. Алдымен осы бағыттағы проблемаларды ақтарып көрсек...

– Негізі, газ – еліміздегі ең үлкен салалардың бірі. Былай сараптасақ, ең бірінші президент мемлекет деңгейінде маңызы зор шешім қабылдады. «ҚазТрансГаздың» «ҚазМұнайГаздан» бөлініп, ұлттық компанияға айналуы әлемдік деңгейдегі үлкен оқиға болды. Неге? Еліміз халықаралық аренада алдымен мұнайлы мемлекет болып танылған. Енді біз мұнаймен бірге, газ саласына да кешенді түрде назар аударатын болдық. Бұл – үлкен шешім. Қазақстанның шетелдік аренада – Париж келісімі, экология төңірегіндегі ынтымақтастығы бар, энергетикалық қауіпсіздік бар, осының бәрін қамтамасыз ететін – газ. Өйткені, газ – транзиттік энергия ресурсы.

Құдайға шүкір, елімізде газ өте көп. Біздің қорымыз 308 трлн текше метрден асады. Ол алдағы 130 жылдан астам уақытқа жетеді. Ең бастысы, соны дұрыс алып шығып, еліміздің, экономикамыздың дамуына қолдану керек. Мемлекет басшысының газ саласын дамыту жөніндегі бастамаларын қолдаймын. Өте дұрыс! Сондықтан да ауқымды реформаларды бастап жібердік.

Ал мен басшылыққа келген бір жылдан астам уақыт ішінде қандай жұмыстар жасалды дегенге келсек, бізге ең алдымен президент тапсырмасымен газ саласын дамытудың кешенді жоспарын құру керек болды. Былтыр біз оны жасадық, бекіттік. 2022-2026 жылдарға арналған күрделі жоспар дайын. Онда басты мақсат – газ саласын дамытуды көздейді.

Содан кейінгі шаруа – тауарлы газдың ресурстық базасын арттыру. Елімізде де газ тұтыну көлемі артып жатыр. Оны біз қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа айтқанымдай, бізде қор көп. Бірақ оны жер астынан шығарып, тауарлық газға айналдыру – өте күрделі процес. Осы орайда, «ҚазақГаз» ұлттық компаниясы үлкен жұмыстар атқаруда. Былтыр бірнеше кен орындары біздің балансқа көшті. Сонымен қатар Энергетика министрлігімен, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен бірлесе, жоспар жасадық. Бұл дегеніңіз, жол картасы. Сол жол картасы газ ресурсын шамамен 1 трлн текше метрге арттырады. Ол – жаңа геологиялық барлау блоктары. Ол алдағы он-он бес жылға барлау жасайды, өте күрделі зертханаларды, шаруаларды қамтиды. Бұл негізі бұған дейін қолға алынуы тиіс шаруа еді. Өкінішке қарай, біз енді жасап жатырмыз.

– Мүлде геологиялық барлау жасалмаған болып тұр ғой сонда бізде?

– Иә, өйткені, біз мұнай мемлекеті болдық. Сол салаға ғана басымдық бердік. Газға өгей баладай қарадық. Енді газ саласы экономикамыздың драйверіне айналатын болғандықтан, біз геологиялық барлау жұмыстарын қолға алдық.

Екінші – елімізді газдандыру мәселесі. Бұл да кешенді жоспарда көрсетілген. Соның аясында үлкен істерді атқардық. 2022 жылдың нәтижесінде елімізді газдандыру көрсеткіші 59 пайызға жетті. Ал бұл сан негізгі жоспардан асыра орындалғанын көрсетеді.

Алдымен Алматыға тоқталайын, өйткені онда экологиялық проблемалар жетерлік. Бірінші – Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен энергетикалық жылу орталықтарын көмірден газға ауыстыру шаралары қарқынды жалғасуда. Жаңа ғана газды транзиттік дедік қой, яғни лас энерго ресурстан таза ресурсқа ауысу, осы аралықтағы көпір, ол – газ. Бұл жалғыз біздің ғана емес, басқа да ұлттық компаниялармен бірлескен жоба. Біздің міндетіміз – сол ЖЭО-ға инфрақұрылымды тарту, содан соң газ ресурстарымен қамтамасыз ету. Біз бұл шаруаны биыл бітіреміз. Ал оны әрі қарай жалғастыру, толықтай жүзеге асыру – басқа компаниялардың құзыретінде.

Тағы да айта кетерлігі, біз Алматы әкімдігімен бірге, солардың қолдауымен экологияға қатысты басқа да жобаларды қолға алу үстіндеміз. Ол – қала ішіндегі автобустарды дизельден сығымдалған газға көшіру. Сығымдалған газ дегеніміз – су-метан, 200 есе сығымдалады.

– Ол экологиялық мәселені шешеді деп ойлайсыз ба?

– Жоқ, шешімдердің бірі ғана. Үлесі аз. Бірақ өте маңызды. Неге? Дизель – өте лас энергетикалық сұйықтық. Екіншіден, тапшылығы да, қымбатшылығы да бар. Ал сығымдалған газ екі есе арзан әрі экологиялық тұрғыдан өте тап-таза. Әлемдік тәжірибеден өткен. Қазірге дейін 800 автобусты көшірдік сығымдалған газға. Бұл санды 1200-ге жеткізбекпіз. Алматыда сығымдалған газ құятын бес станса бар. Бұған қоса, тағы екеуін салып жатырмыз. Жер бөлініп қойды. Тура осындай жұмысты үлкен қалалардың бірі – Шымкентте де жүзеге асырудамыз.

– Дұрыс қой, бірақ бұдан гөрі ЖЭО-ларды газға көшірсек, экологиялық проблемалардың тезірек шешімін табар едік...

– Негізі, кәсіби тұрғыдан қарайтын болсақ, ЖЭО-ларда будақтап түтін шығып жатқаны көзге көрініп тұрғанымен, ол экологияны ластайтын басты ресурс емес. Ауаны қатты ластайтын – көліктер, автотранспорт. Бұл да әлемдік практикамен дәлелденген. Десе де нақты қадамдар жасалып жатыр. ЖЭО-ларды да, көліктерді де газға көшіру үстіндеміз. Бұл нәтиже көрсетеді деп ойлаймыз. Мұны басқа елдердегі үлкен қалаларда көрдік, нәтижесі болды.

Басқа да жұмыстарымыз туралы айтсақ, ол – инвестициялық жобалар. Нақты 12 жобамыз бар. Мемлекеттің бюджетінен емес, өз қаражатымыздан 450 млрд теңгені барлық аумақтарға құйып жатырмыз. Мысалы, Бейнеу-Жаңаөзен магистральді құбырының екінші тармағы, Маңғыстау облысының энергетикалық қауіпсіздігі үшін өте маңызды. «Сарша» деген газдандыру жобамыз бар. Атырау облысында Махат-Солтүстік Кавказ газ құбырының екінші тармағы бар. Ол да өте маңызды. Қашаған газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Оның құны – 500 млрд теңге. Жалпы алғанда, триллион теңгеден астам қаржыны инвестицияға құйдық.

Осындай ауқымды шаруалар жасалуда. Бұларды жоспарланған уақытында бітіреміз деген ойымыз бар.

Негізі, бұл саланы жаңғыртатын – «QazaqGaz» ұлттық компаниясының жаңа стратегиясы. Соңғы уақыттарда біз шетелдік сарапшылармен бірге талқылап, жаңа стратегияны жасадық. Маусымның соңында президентке жеткіземіз. Онда біздің жаңа бағыттарымыз, стратегиямыз, геологиялық барлау жұмыстарымыз айқындалған. Мұны еліміздің болашағы десек, қателеспейміз.

– Жоспарларыңыз керемет, мықты. Бірақ сәл артқа шегініс жасасақ. Ол кезде «ҚазТрансГаз» болды ғой, 2021 жылы қайта құру орын алды. Ал өзіңіз басшылыққа келгенде, бұл ұлттық компанияны қандай жағдайда қабылдап алдыңыз? Мәселен, аудит жүргіздіңіз. Оның нәтижесінде біраз заң бұзушылықтар анықталды. Соларды ашық айтып берсеңіз.

– «Ауруын жасырған арам өледі» деген бар. Біз ашық айтамыз бәрін. Бәріміз шетелден келген мамандармыз. Бұл жаққа келгендегі мақсатымыз – ақша табу үшін емес. Өзіңіз де білесіз, өзге мемлекеттегі жалақымыз әлдеқайда жоғары. Оқыдық, жұмыс істедік. Енді елге оралдық. Туған жеріміздің дамуына үлесімізді қоссақ деген ниетіміз бар. Біздің командамыздың көбісі осындай. Шынын айтқанда, біз былығы көп компанияға, активтерге, жобаларға мұрагер болдық. Мемлекет басшысының ең алғашқы тапсырмаларының бірі де сол еді, кешенді аудит жасау. Ондағы мақсат – «QazaqGaz» ұлттық компаниясының жұмысын жандандыру. Біз ешкімді сынамаймыз, біреудің соңына түспейміз, тек әділеттілікке қызмет етеміз. Кәсіби маман ретінде компанияның дұрыс істеуіне күш салсақ дейміз.

Кешенді аудиттің нәтижесінде біз 150 млрд теңгедей қаржыны қайтардық. Бұл – үлкен шаруа. Ал кірістеріміз өткен жылы 67 пайызға өсті. Неге? Артық шығындарды тоқтаттық, жүйелерді реттедік, ұрлық-қарлыққа тосқауыл қойдық.

– Сонда кәдімгідей ақша ұрлау жүйесі болған ғой?..

– Иә, былай түсіндірейін. Мәселен, нашақордан есірткіні бір күнде алып қойсаңыз, не болады? Нашақор оны қайтару үшін кез келген айла-шарғыға барады. Солай ғой? Бұл жүйеде де тура сондай шара болып жатыр. Құқық қорғау органдары көптеген істерді қозғап, күресуде. Біздің мамандарымыздың құзіретіне ондай шаруалар кірмейді, бірақ біз оны анықтауға ықпал ете аламыз. Десе де, бастапқы мақсатымыз – геологиялық барлау жасау, газ құбырына мобилизация жасау, газ химиясымен айналысу.

Бірақ тергеу әрекеттеріне байланысты кейбір деректерді айта алмаймыз.

– Яғни, сіздің сөзіңізден тұспалдап ұққанымыз, жаңа өзгерістерге қарсы жұмыс істеп жатқан адамдар әлі де бар. Солай ма? Шәріпбаев Дубайға кетіп қалды, тынышталды деп ойлап жүрміз біз. Демек, тынышталмаған ғой?

– Әрине, бірақ біз, жаңа айтқанымдай, ешкімді сынамаймыз, қараламаймыз. Бірақ нақты заң бұзушылық бар ма, ұрлық бар ма, оны тоқтатуымыз керек. Сондықтан көптеген наразылықтарға қарамастан, ұрлық-қарлық жасағандармен, соған ықпал еткендермен еңбек шарттарын бұзып жатырмыз. Еңбек кодексіне сәйкес. Алайда, олар жала жауып, қасақана теріс әрекеттер ұйымдастырып, жалған ақпараттар таратуда.

Біз – өндірістік компаниямыз, халықты газбен қамтамасыз етеміз. Анау-мынау шаруаларға, қысыр істерге уақытымыз жоқ. Біз еліміздің индустриясын, үлкен мекемелерін газбен қамтамасыз етуіміз керек. Ал еңбек шарттарын бұзсақ, бәрін заң аясында атқарамыз. Ол сотқа берген жағдайда да, заң біздің жақта екеніне сенімдіміз.

– Сіз компанияға басшылыққа келгенде, онда неше штат болды?

– Шамамен, 14,5 мыңдай штат болды. Өйткені, біздің барлық аймақта филиалдарымыз бар.

– Қысқарту болды ма?

– Оптимизация жасалып жатыр. Алайда, өндірістік қызметкерлерге қысқарту жүргізілмейді. Өйткені, ол – өндіріс. Қайта олардың жағдайын жақсартуымыз керек. Мысалы, былтыр олардың жалақыларын 15-тен 45 пайызға дейін көтеріп, әл-ауқатын жақсарттық. Мен өзім де шетелдік компанияда еңбек еткендіктен, өндірістің адамы болғандықтан, бұл бағытқа айрықша көңіл бөлемін. Себебі, біз солардың арқасында табысқа жетеміз, еліміз арзанырақ газға қол жеткізеді. Шаш ал десе, бас алып, жаппай оптимизацияға жіберу – дұрыс емес.

Ал жала жабу туралы айтып қалдым ғой жаңа, соны кеңірек қозғай кетсем, олардың есім-сойларын атай алмаймын. Бірақ ұрлық жасады ма, оның жазасы болуы керек. Сондықтан біз олардың іс-әрекеттерін ашық талқылаймыз. Қазір біздің компаниямызда құқық қорғау органдарының көптеген өкілдері жұмыс істеп жатыр осы бағытта.

Бір мысал айтсам, біздің ғимарат жеке кәсіпкердің қолында екен. Мен келгенге дейін. Саралап қарасам, оны жалға алу құны нарықтағы бағадан үш есе жоғары. Ол дегеніңіз – заң бұзушылық. Біздікі әділетті көзқарас, ашық іс. Ал мұны әділетсіз деп ойлаймыз. Құқық қорғау органдары да жалға алу құнын түсіруді талап етті.

– Нақты сомасын атап өтсеңіз...

– Шамамен, шаршы метріне 16 мың теңгеден. Ал нарықта қазірдің өзінде бұдан үш есе төмен. Осыны ғимараттың иесіне айтсақ, көнбеді. «Онда жарықты, суды өшіреміз» деп форсмажор жағдайға әкелді. Бұл былтыр көктемге болған оқиға.

Ал біздің ғимараттың ішінде өте маңызды нысандар бар. Солардың бірі – диспетчерлік орталық. Біздің орталық қауіпсіздік-стратегиялық нысан – газ тасымалдау құбыры. Бүкіл Қазақстан аумағындағы жүйе. Оны тоқтата алмаймыз, өйткені диспетчерлік орталық соның жұмысын қамтамасыз етеді.

Екіншіден, тура жаздың басында маңызды саяси науқан – ұлттық референдум болды. Біздің ғимараттың ішінде сайлау учаскесі орналасқан. Оның да жұмысын жүйелі атқаруымыз керек. Сондықтан форсмажорға жол бермеуіміз қажет. Бұл нақты қадамдар жасауға алып келді. Орталық басқаруды мемлекеттік компаниялармен келісіп тағайындадық. Осы кезде қылмыстық іс қозғалып, ғимаратты мемлекетке қайтару процесі жүріп жатты. Бұл бір-ақ күнде біте салатын шаруа емес.

– Менде бар ақпаратқа сәйкес, бұл бизнес орталығы Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі болған еді...

– Мен ол кісінің есімін естіген жоқпын, басқа өкілдерінің атында болған шығар. Ол құқық қорғау органдарының жұмысы, оған біз араласпаймыз. Біздің мақсат – әділеттілікті орнату, жалға алу құны нарыққа сай болу керек.

Алайда, сүйінші десем де болады, нақты қабылданған шаралардың нәтижесінде 12 сәуір күні ғимарат толықтай біздің компанияның балансына көшті. Осы бағытта жұмыс істеген комиссияның жұмысы аяқталып, елімізге осындай маңызды актив қайтты. Шамамен, 10 млрд теңге шығынды біз қайтарып алдық. Бұдан былай біз жылына 1,6 млрд теңге үнемдейміз. Бұл – үлкен жеңіс.

– Ал кәсіпкер демонополизацияға қарсылық танытпады ма?

– Бұл Үкіметтің құзыреті ғой, демонополизация комиссиясы - өте көрделі құрылым. Оның үстіне, құқық қорғау органдары өздерінің жұмыстарын өте жақсы атқарып, нәтижеге жетті.

Тағы бір мысал, біздің еншілес компанияларымыздың бірі жекешелендіру тізімінде болған екен. Оның нарықтағы құны – 13 млрд теңге. Бірақ оны заң бұзушылықпен, теріс жүйені пайдаланып, бар болғаны 1 млрд теңгеге сатпақшы болған. Бұл әділетті ме? Әділетсіздік. Сондықтан бізге шара қабылдау қажет болды. Бұл процесті де тоқтатып, тізімнен еншілес компаниямызды шығарып, шамамен 11-12 млрд теңгені үнемдеп, компанияны өзімізде қалдырдық.

Тағы бір мәселе, маған «Туыстарын жұмысқа алды, өзінің командасын әкелді» деген жалалар жабылды. Көпшілікке мәлім, мен он бес жылдай шетелде болдым, оқыдым, Сахалиннен Колумбияға, Альяскаға, Америкаға дейін бардым. Еуропада еңбек еттім. Сосын барып елге оралдым. Демек, менің өз командам жоқ. Тек меротакратия жүйесімен өз арбамды сүйретіп, өз еңбегіммен жүрген адаммын. Ол жақта команда деген жоқ, еңбек етсең, көтеріле бересің, адал жұмыс істейсің, адал ақша табасың.

Елімізге келгеннен кейін командамыз жоқ, қызметкерлерді іріктеу арқылы жұмысқа ала бастадық. Еншілес компаниялардың біріне басшы болып келген кісі жасы үлкен, елуден асып кеткен азамат еді, екі айдан соң анасы қайтыс болды. Содан соң, ұжымды жинап алып, «Үлкен кісі ғой, бәріміз бірге ұйымдасып, жаназасына қатысайық, көмектесейік, көңіл айтайық» дегенмін. Соны біреу «ұстап алып», «Мынау туған ағасын жұмысқа алды, енді соған көмектесіп жатыр» деп жалған ақпарат таратып, қазіргі күнге дейін жалаулатып жүр. Мұны былай қарасақ, заңды түрде де тексеруге болады ғой. Ешқандай туыстық қатынасымыздың жоқ екенін дәлелдейтін дүниелер бар.

Бізге енді компанияны жандандыру үшін мықты, кәсіби, өндірістік мамандар қажет. Онсыз жұмыс жүрмейді.

– Ол өндіріс жағы. Бірақ біздің санамыздағы стереотип – онда кілең ығай мен сығай қызмет ететін, ешқашан ашық конкурс өтпейтін компания болып келді. Тіпті, ұлттық компанияларға бас сұғу мүмкін емес болды. Тек Қаңтар оқиғасынан кейін ғана «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» сынды мекемелер ашық конкурстар жариялай бастады.

– Бес саусақ бірдей емес, бәрінде жағдай сіз айтқандай дей алмаймын. Біздің мақсат – ашық түрде кадр іріктеу жүргізу. Солай жасап жатырмыз. Негізі, газ саласында кадрлар жетіспейді.

– Бұл өндіріс жағында. Ал орталық аппаратта қалай?

– Дәл біздің орталық ұжымда өндірістен шыққан азаматтар еңбек етеді. Әйтпесе, олар өндірістегі жұмысшылармен қалай тіл табысады?

Қайрат Шәріпбаев

– Ал Шәріпбаевтың кезінде қалай болды? Ол таныс арқылы ала берген бе?

– Әртүрлі жағдайлар болған, туыстары да бар, тамыр-таныстары да бар. Тек Шәріпбаев емес, аппарат ішіндегі қызметкерлер де түрлі заң бұзушылықтар жасаған. Олардың барлығымен еңбек шартын бұздық.

Бірақ «Ер жігіт сөзге ілінбей, көзге ілінбейді» деген бар, сондықтан да сөзге ілініп жатырмыз. Тағы бір жақсы сөзіміз бар: «Ит үреді, керуен көшеді» деген. Яғни, біз өз жұмысымызды атқара береміз. Алдымызда жоспар көп, ауқымды жұмыстар бар.

Тағы бір жағдайды айта кетсем, біздің компаниямыздың балансында бір элиталық, премиум кластағы тұрғын үй кешені бар екен. Алматының қақ ортасында. Ал енді сізге: «Самал, компаниямыздың құрамындағы керемет элиталық үйден шаршы метрі 300 мың теңгеден пәтер бар, аласыз ба?» десек, келісесіз бе?

– Әрине!

– Алайда, бұл мүмкін емес қой. Ондай үйдің шаршы метрі 300 мың теңгеден болуы керек. Бұл әділетті ма? Біздің ойымызша, бұл – әділетсіз. Сол тұрғын үй бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл іспен белсенді түрде айналысқан біраз адамдар табылды. Маған дейінгі төраға оны туыстарына, достарына, тіпті компанияда қызмет етпейтін адамдарға да су тегін бағаға үлестіріп бермекші болған. Мұның барлығы тоқтатылды. Бұл іске қатысы бар адамдармен еңбек шарттарын бұздық.

Жалпы, мұндай мысалдар көп.

– Сұмдық екен! Сонда «QazaqGaz» басшылығы халықтың, мемлекеттің ақшасына элиталық тұрғын үй тұрғызып, өзінің туыстарына, достарына, таныстарына нарықтағы бағадан төмен сомаға үлестірмек болған. Бұ заңды болған ба?

– Жоқ, халықтың, мемлекеттің ақшасы емес. Компания бұрынырақта өз ақшасымен бір банкті қаржыландырып, инвестициялаған. Кейін ол банк банкроттыққа ұшыраған соң, өз ақшасын сол тұрғын үймен алған ғой банктің еншісіндегі. Енді компания сол тұрғын үйді ақшаға айналдыру керек. Бірақ халыққа нарықтағы бағамен сатуы тиіс еді.

– Қазіргі «QazaqGazға» қатысты тағы бір мәселе – аты шулы Қайрат Боранбаевтың ісі. Оған дейін Серді деген азаматтың ісі елді шулатқанын жасыра алмаймыз. Дегенмен, Боранбаевтың тарапы сот үкімімен келіспей, барлық айыптан бас тартты. Ол жеке компанияның табыс көзінен пайда тапты дегенді заңсыз деген позицияны ұстап отыр. Сіз осы істің басы-қасында болдыңыз. Алайда мен «QazaqGazдан» арыз жазған азаматтарды да байқамадым. Неге Боранбаевтың ісіне қатысты «ҚазақГаз» ашық позицияны көрсеткен жоқ?

– Біз ашық позициямызды көрсеттік. Сотқа да жауапты мамандарымыз барды. Біз өндірістің адамдарымыз. Бізге керегі – әділеттілік. Ұрланған ақша болса, өзімізге қайтару. Әрі қарай заңдылығын тексеру, жауапқа тарту – құқық қорғау органдарының құзіретіндегі шаруа. Ол жағына біз араласпаймыз.

Қайрат Боранбаев

– Иә, бірақ Қайрат Шәріпбаевты сотқа тарту керек еді. Бірақ оны сотқа тартқан жоқ. Ол сізге дейін басқарма төрағасы болды. Демек, оның барлық істе жауапкершілігі болды. «Сотқа Шәріпбаевты шақыру керек» деген пікірлер айтылды. Бірақ ол шақырылмады. Сіздің бұл туралы ойыңыз қандай?

– Жаңа айтқанымдай, ол жағына мен араласпаймын. Ол – құқық қорғау органдарының жұмысы.

– Өзіңіздің азаматтық ұстанымыңыз қандай?

– Азаматтық ұстанымым сол, әділеттілік орнаса, ұрланған ақша қайтарылса, болды.

– Демек, Боранбаев 14,5 млрд теңгені жымқырды дегенмен сіз келісесіз, иә?

– Меніңше, ол қаржы қайтарылу үстінде. Оны қайта нақтылау керек. Ең бастысы, қайтса, болды ғой.

Жаңа айтқанымдай, бізде өте үлкен инфрақұрылымдық жобалар бар. 450 млрд теңгені құрайтын стратегиялық жобалар жүзеге асуда. Одан бөлек, 500 млрд теңгені құрайтын жобаларымызды бастадық дедім. Сондықтан бізге қаржы керек. Ең басты мақсат – соларды соңына дейін жеткізу, ел ішін газдандыру.

– Жалпы, қазіргі кезде кадрлық дағдарыс бар ма?

– Кадрлық дағдарыс жоқ. Алайда, кәсіби газ саласы мамандарын іздеудеміз. Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де ашық конкурс жарияладық. Әлеуметтік желілерде де жариялап, түйіндемелерді жинап жатырмыз.

Сонымен қатар бізде еліміздің газ саласында 30-40 жыл еңбек еткен мамандардан құралған сарапшылар кеңесі бар. Олар біздің жаңа стратегиямызды мақұлдады, енді «Самұрық Қазына», Энергетика министрлігі қарап жатыр. Әлгі сарапшыларымыз да кадрларды іріктеу процесіне қатысады.

– «ҚазақГаздың» орталық кеңсесін Астанадан Жаңаөзенге немесе Атырауға ауыстыру керек» деген пікір бар. Бұған қалай қарайсыз? Орталық кеңсенің астанада болуы қаншалықты дұрыс?

– Біз ұлттық компания болғандықтан, барлық өңірлерде филиалдарымыз бар. Жергілікті әкімдіктердің барлығымен жұмыс істейміз. Инвестицияның ауқымы көбейсе, жұмыс орындарын да аша береміз. Қазақстан бойынша алатын болсақ, әсіресе Маңғыстауға үлкен инвестиция құйып жатырмыз. Көптеген стратегиялық жобаларымыз Маңғыстауда жүзеге асуда. Содан кейін Атырау облысында. Ұлттық компания болғандықтан, оның басты кеңсесі астанада орналасқаны өте дұрыс деп білемін. Мемлекеттік органдармен стратегиялық шешімдер қабылдау үшін оларға жақын болуымыз керек. Бірақ филиалдарымызды да дамыта береміз.

– Сіздерде аутсорсинг деген бар ма? Мысалы, «Өзенмұнайгаздың» бір қателігі – олар 2012 жылдардан бері кейбір жұмыстарды аутсорсингке беруді бастаған екен. Сіздің маман ретіндегі пікіріңіз қызық болып тұр. Жалпы өндірістік компанияларды аутсорсингке беріп қоюды қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

– Басқа компания туралы айту қиын екен. Бірақ біздің компания ондай үлкен емес қой. Десе де, барлық аймақта филиалдарымыз болғандықтан, бізде де мәселелер туындап тұрады. Біз дұрыс шешімдерін тауып жатырмыз.

Ал әлемдік тәжірибені зерделейтін болсақ, ондай аутсорсингтер өте көп. Корпоративтік басқару жүйесінде ол жаңалық емес. Сондықтан оны дұрыс қолданса, тиімді шешім деп білемін. Тек оның жұмысын жүйелі жүргізіп, оңтайлы басқару керек.

– Жақсы, қазіргі кезде Қазақстан газ импортына қай деңгейде тәуелді?

– Қазіргі таңда біз ешқандай мемлекеттен импорт жасамаймыз, өз-өзімізді табиғи отынмен қамтамасыз етеміз. Жаңа айтқанымдай, елімізде газдың қоры өте көп. Оны жердің астынан шығарып, өңдеу керек. Қазір біз шамамен 55 млрд текше метр газды өндіреміз. Оның жартысы тауарлық газға ауысады, қалғаны өндіруші компаниялардың өзіне қалады. Белгілі бір бөлігі қайтадан ұңғымаға сығымдалып кіргізіледі. Ол – өте маңызды процес, жасалуы керек.

Қазіргі кезде Қазақстанның басты мәселесі – тез арада газ өңдеу зауыттарын салу керек. Өйткені, жер астынан 55 млрд текше метр газ шығарылады, бірақ біздің еліміз 21 млрд текше метрін ғана тұтынады. Бұл біздің өндіріп жатқан газымыздың екі есе көп екенін, артығымен жететінін көрсетеді.

Өкінішке қарай, газ өңдеу зауыттары бір жылда салынып бітпейді, оны бұрыннан салып бастау керек еді. Енді біз осы шаруаға назар аударып жатырмыз.

Мысалы, Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ – біздің ең үлкен мега жобаларымыз. Ол жақтарда өте көп газ өндіріледі. Сондағы инвесторларды біз газ өңдеу зауыттарын салуға шақырып жатырмыз. Олар «Газдың сатылу бағасын инвестициялық жағынан тартымды қылыңдар» деген талап қойып жатыр. Бұл – өте дұрыс. Біз оларға мотивация туғызуымыз керек. Осы бағытта атқарылған нақты жұмыстарымыз да бар. Мәселен, «ҚазМұнайГаздан» сатып алатын газымыздың бағасын өзгертіп, бекіттік. Бұл – тарихта болмаған өзгеріс. Бұл дегеніміз, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақта газдың бір бөлігін кері ұңғымаларға құймай, көбірек өңдеуге мүмкіндіктер туады. Яғни, біздің ресурстық базамыз арта түседі.

Сол себептен, Қашаған газ өңдеу зауытын өзіміз салып жатырмыз. Осыдан соң 3-4 зауыт салынады деген ойдамыз. Өйткені, өндірушілердің сату бағасы жақсы болса, соғұрлым инвесторларды да тарта аламыз. Қарашығанақта да, теңізде де осындай жаңа жобалар қолға алынып жатыр.

– «Күндердің күнінде Ресей немесе Өзбекстан газ жеткізуден бас тартса, біз өз күшімізбен мәселені реттей алмауымыз мүмкін» деген пікір бар...

– Мен жаңа ғана айттым, қазір біз ешқандай мемлекеттен импорт жасап жатқан жоқпыз. Өз газымыз өзімізге жетіп артылады.

– Онда неге былтыр газ одағын құрамыз деген ұсыныс айтылды?

– Иә, былтыр біз газ тапшылығына кезіктік. Бұл – шындық. Кәсіби тұрғыдан жауап берейін, экспорттық та көлем бар, өзіміздің ішкі нарықтың тұтыну көлемі бар, соны өзіміз қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ, қысқы уақытта, жылыту кезеңінде жоғарғы шекті режим деген бар. Ол тұтыну көлемі максималдық деңгейге жеткен бетте біздің газ құбырларының қуаттары кейде жетпей қалады да, біз шектеу орнатуға мәжбүр боламыз.

– Қолмен шектеу жасалады ғой?

– Әрине, бірақ елі ішінде шектеген жоқпыз, тек кейбір өндіріс орындарын. Сондықтан біз ондай проблема болмас үшін жаңа айтқан магистральдық газ құбырларының жобаларын жүзеге асыруға тиіспіз. Олар өте маңызды, өйткені біздің газымыз негізгі бөлігі батыста, ал тұтыну көлемі – оңтүстікте және Астанада.

– Алайда, құбыр батыстан оңтүстікке, солтүстікке құбыр тарту деген өте тиімсіз ғой, негізі?

Әрине, кең байтақ елміз, ол өте жақсы. Бірақ логистика жағынан үлкен шығындарды туғызды. Сондықтан бізде газдың өзіндік құнына тариф бар, транзит бар, логистика, оның бәріне әсер етеді. Ол тегін шаруа емес. Біз өзіміздің энергетикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде үлкен шаралар қабылдап жатырмыз. Үш бағытта: Бірінші бағыт– ресурстық базаны арттыру. Ол геологиялық барлау және газ өңдеу зауыттарын салу, көптеген реформаларды кіргізу. Екіншісі, газ тасымалдау құбырлары. Ол біздің ұлттық компанияның ішіндегі ұлттық қауіпсіздік, стратегиялық кешендер. Соларды модернизация жасап, қауіпсіздігін жақсарту, елімізді газбен үздіксіз қамтамасыз ету – біздің бастапқы мәселеміздің бірі. Үшінші бағыт – газ химиясы. Ол – өте үлкен сала. Газды тек қана экспортқа емес, соны өзіміздің мемлекетіміздің ішінде қолданып, ары қарай химиялық өңдеу жасасақ, оның маржиналдығы, табысы көбейеді. Сондықтан біз соған өте үлкен күш салғалы отырмыз. Осы үш бағытты қамтамасыз ету үшін ең бастысы газ саласын инвестициялық тартымды қылуымыз керек.

Президентіміз жақында болған парламенттің бірлескен отырысында үлкен жаңалықты жария етті. Газ саласына көңіл бөлді. Біздің газдың бағалары басқа ше мемлекеттерге қарағанда, әлдеқайда төмен. Сондықтан оны жүйелі түрде бірте-бірте көтеру керек.

– Тариф тағы көтеріле ме, сонда?

– Бірте-бірте жүйеге келтіруіміз керек. Ең бастысы, жаңа формулаға сай, газ өндіретін компанияларға дұрыс бағаны ұсынғанымыз абзал. Ол дегеніміз не? Неғұрлым газ көп болса, біз, ұлттық компания олардан газды сатып алып, ішкі нарықты қамтамасыз етеміз және экспортқа жіберіп, табыс аламыз. Табысты қайда жібереміз? Жаңағы инфрақұрылымдық үлкен геологиялық барлау объектілеріне инвестиция құямыз және ел ішіндегі тарифке субсидия жасаймыз. Арзанырақ газды беруге тырысамыз. Сондықтан «ҚазақГаз» ұлттық компаниясының бастапқы рөлдерінің бірі – тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету, энергетикалық қауіпсіздігімізді арттыру.

– Яғни, бізде, Қазақстанда халық пен қарапайым бизнес үшін газ тарту қымбат болмайды. Солай айтуға бола ма?

– Қымбат дегеніміз не?

– Мысалы, бізде Астанада газдандыру процесі басталды ғой. Бірақ мен көп адамдармен сөйлестім, «Біз газдандырудан бас тартамыз, өйткені ол қымбат болуы мүмкін» дегенді айтады.

– Ол енді күрделі мәселе. Қазір газдандыру мәселесі жеке нарыққа берілген. «QazaqGaz» мүлдем қатыспайды оған.

– Қатыспайсыздар. Реттемейсіздер де ме?

– Біз реттеуші орган емеспіз ғой. Біз – ұлттық компаниямыз. өзіміздің құзыретімізге байланысты жұмысымызды атқарамыз. Біз газ құбырларын қаладан қалаға үлкен магистральды газ құбырларымен жеткіземіз. Қаланың ішінде кішігірім газ құбырларымен әр үйге жеткіземіз, дұрыс па? Ары қарай үйдің жанындағы шарбақтан үйдің ішіне кіргізу жеке нарыққа берілген. Бізді шектеп тастаған. Сондықтан жекеменшік компаниялар өздерінің тарифтарын қояды, бағаларын келіседі.

Біз былтыр соны өзгерту үшін жарты жылға рұқсат алдық. Бізге рұқсат берді, біз бағаны әлдеқайда төмендетіп тастадық. Өйткені, біз әділетті баға ұсынамыз, ал жекеменшік компаниялардың бағасы өте жоғары. Сондықтан сол барьерді құрту үшін және бәсекелестік жүйені жасау үшін біз кіргеннен кейін баға азайды. Негізі Астанада 8 мыңға жуық абонент бар. 2022 жылға дейін шамамен 2000 абонент қосылған екен. Бірақ 2022 жылдың көлемінде біздің іс-қимылымыздың арқасында тағы 6 мың абонент қосылды, бір-ақ жылда. Демек, оның эффектісі бар. Бірақ 2023 жылдың басынан бізді қайтадан шектеп тастады. Бұл жеке кәсіпкерлердің нарығы, сіздер монополия ретінде кірмеңіздер деді. Ал қазір қайтадан халық тарапынан наразылық туып жатыр. Біз қазір мемлекеттік органдармен қайтадан жұмыс істеп жатырмыз. Қолдау тауып, қайтадан сол нарыққа кіріп, бәсекелестікті күшейткіміз келеді.

– Санжар мырза, өзіңіз білесіз, былтыр Қаңтар оқиғасы «Газ – 50» деп басталды ғой, сұйылтылған газға қатысты. Одан кейін Жаңаөзен тұрғындарына газдың бағасын түсірді. Жалпы, сұйылтылған газға сіздің компанияңыздың қатысы бар ма?

– «QazaqGaz» ұлттық компаниясының сұйылтылған газға ешқандай қатысы жоқ.

– Қарапайым адамдар үшін газдың бәрі бір газ сияқты.

Кәсіби тұрғыдан қарасақ, газдың әр түрі болады. Сұйылтылған газ деген көбінесе пропан, бутан, ол газдың кішкене күрделірек фракциялары.

– Сұйылтылған газға бізде кім жауап береді?

– Әртүрлі мекемелер, мұнай өндіруші топтар, мұнай өңдеу зауыттары, жеке меншік компаниялар да бар. Ол жеке индустрия. Ал «ҚазақГаз» ұлттық компаниясының құзіреті – тек қана метанмен айналысу. Ол – газ құбырымен жүретін метан. Сығымдалған газ дегеніміз де метан, 200 есе сығылған немесе сығымдалған газдың басқа да түрлері бар, табиғи газ сияқты. Ол да метан, бірақ 600 есе сығымдалған. Сондықтан оның айырмашылығын білу керек. «ҚазақГаз» ұлттық компаниясы біріншіден, газ бағасын реттеуге ешқандай қатысы жоқ. Екіншіден, сұйылтылған газға қатысы жоқ.

– Яғни, сұйылтылған газға қатысты сізден жауап ала алмаймыз деген сөз ғой? Жарайды, жақсы. Ал бүгін мен журналистпен сөйлестім, осы газ саласында, май саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Оның айтуынша, бізде газ деген ағылып, төгілген кездер болды. Ойлаңызшы, газ судай ағылып-төгілген, газдың қадірін білмеген уақыт болды. Шынымен де солай болған ба?

– Әрине, өйткені, қазақта «Судың да сұрауы бар» деген сөз бар. Ысырап жасаса, кез келген ресурстың тапшылығына тап боласың. Көршілес мемлекеттерімізде де газы көп, бірақ газ тапшылығы бар. Неге? Қолдағы бар алтынның қадірі болмаған. Дұрыс тариф болмаған, ел ысырап жасаған. Бізде де былай қарасақ, әр облыста тұтыну көлемі әрқилы, ауа райы жылырақ облыстар газды көбірек тұтынады. Мысалы, Маңғыстау, Атырау облыстарында газдың бағасы арзанырақ та, онда ысырап көп, бірақ қысқы мерзімде олардың тұтыну көлемі Қостанайға қарағанда екі есе көбейеді. Қостанайға қарағанда. Неге? Өйткені, олар газды үнемдеп қолданудың орнына терезені ашып, үйдегі температураны желдетеді. Ал Қостанайда газ қымбатырақ. Өйткені, оның тасымалы, логистикасы жоғарырақ. Олар үнемдейді. Бұл дұрыс психология. Сондықтан газдың тарифі қымбатырақ болса, ел үнемдейді. Президентіміз де осы парламентте дифференциалдық тариф, ысырапшылдықтан бас тарту туралы сөз қозғады. Энергоресурсты тиімді қолдану керектігін айтты. Себебі, «Судың да сұрауы бар».

Иә, бізде жанар-жағармайдың бағасын көтеру керек, энергетикадағы тарифтердің де бағасын көтеру керек, бәрінің бағасын көтеру керек. Демек, біз экономикалық дағдарыстамыз, бірақ мұның бәріне неге халықтың қалтасынан төлеуі керек? «Қазақгазды» мысалға алсақ, ұлттық компания 100 пайыз мемлекеттік, иә? Шәріпбаев және оның командасының бассыздығының кесірінен қаншама рәсуә болып отырғанын көрдік. Тендерді тендердей, ұлттық компанияны аукционымен нарықтан төмен бағаға сатып, білгенін істеді. Газ саласы ғана емес, кез келген саланы алып қарасақ, ЖЭО-ны көріп отырсыздар, неше түрлі олигархтарға тиесілі ЖЭО, кезінде дұрыстап қаржыландырылмаған. Қыс бойы халық зардабын шекті. Қазір мемлекет оған қайтадан ақша салайын деп жатыр. Мұнай саласында да тура сондай. Яғни, бізді 30 жыл бойы неше түрлі олигархтар жеп-жеп алды, олар ақша салмаған, бәрін жеген. Мемлекетті тек кредит арқылы қаржыландырып отырған. Кез келген салада сол. Қазір сіз де солардың ысырап жұмыстарының нәтижесімен кездесіп отырсыз. Басқарма топ-менеджері ретінде. Халық соның зардабын шегіп отыр. Өзімнің жеке пікірім, неге біз? Мүмкін басқаша қарау керек шығар. Олар барлығын мемлекетке қайтару керек шығар, 100 пайыз?

– Сіз өте күрделі мәселені көтеріп отырсыз. Мен өз құзыретімдегі мәселені айтайын. «ҚазақГаз» ұлттық компаниясының тарифті, газдың бағасын реттеуге, көтеріліп жатқан тарифке еш қатысы жоқ. Оған құзыретті мемлекеттік органдар бар. Олардың жұмысына біз араласпаймыз, біз өзіміздің жұмысымызды атқарып алуымыз керек. Бірақ үлкен инвестициялық жобалар туралы республикалық бюджетке ауыртпашылық түсірмес үшін «ҚазақГаз» ұлттық компаниясы табысты болуы тиіс. Табыс қайдан пайда болады? Ресурстық базаны арттырудан. Бізде неғұрлым газ көп болса, соғұрлым ішкі нарықты қамтамасыз етеміз, экспортқа жібереміз, одан табыс көреміз де, инвестиция жасап, ешкімге ауыртпашылық жасамай, елімізді газбен қамтамасыз етеміз. Жаңа табыс көздерін табамыз. Сондықтан, газ саласына реформасын жасау – өте маңызды мәселе. Газ өндіретін компанияларға әділетті газ бағасын беру керек. Сонда ғана елімізде газ көп болады. Сонда ғана біз үлкен шешімге бара аламыз. Ешкімге ауыртпашылық салмаймыз. Біздің мақсат –табысты болуымыз керек, мемлекетімізде өсіп жатқан газ тұтыну көлемін қамтамасыз етуіміз керек.

– Газ саласында қандай тәуекел бар? Тауарлық газдың тапшылығы өте үлкен тәуекелді қажет ете ме?

– Біз қазір осы реформаларды жасамасақ, елімізде тауарлы газдың ресурсын көбейтпесек, біз өз-өзімізді қамтамасыз ете алмаймыз. Ондай қауіп бар. Реформалар жасалмаса, өңдеу қуаттарымыз артпаса, онда тауарлық газдың тапшылығына ие боламыз. Былтырғы желтоқсандағыдай тұтыну көлемі көбейгенде, қолдан шектеулер жасалды. Сондай жағдай болмас үшін біз көп күрделі реформалар жүргізіп жатырмыз, өзгерістер енгізіп жатырмыз. Оны үкімет те жақсы түсінеді. Нақты қадамдар қабылданып жатыр. Біздің бұл шаруалардың нәтижесінен үмітіміз көп.

Жалпы, елге қызмет ету – мінезден. Біз «ҚазақГаз» ұлттық компаниясындағы жаңа, бірлескен команда мінез көрсетіп жатырмыз. Керек уақытында шауып, шешім қабылдап, инвестиция тартып, жаңа күрделі, қиын жобаларды бастап кеттік, былықтың бәрін тазартып, дұрыс жолға түсіріп жатырмыз.

– Бұл жердегі мінез көрсету сізге кесірін тигізуі мүмкін деп қорықпайсыз ба? Өйткені, ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстан арасындағы мүмкін ашық емес, бірақ текетірестің барын журналист ретінде өзім сезіп жүрмін. Бұл тұрғыда сізде қандай да бір қорқыныш, үрей бар ма? Нар тәуекелге барып, мінез көрсетіп, барлық былықты шығару біздің мемлекетте, Қазақстанда себептерін, салдарын әкеледі деп ойламайсыз ба?

– Менің ойымша, мемлекет басшысынан басталған үлкен өзгерістер, әсіресе былтырдан басталды. Экономикамызда жақсы өзгерістер болып жатыр, мұны ел көріп отыр. Біздің кәсіби рөліміз инженер ретінде, өндірістің адамы ретінде көрініс табуы керек. Біреудің соңына түсіп, біреудің фамилиясын айтып немесе біреуді соттап, қаралау мақсатымыз жоқ. Ол құқық қорғау органдарының құзыреті. Мен сізге бірнеше рет айттым. Біздің мақсат – компаниямызды жандандыру. Мықты шешім қабылданбаса, нәтиже болмайды. Біз өндірістік персонал болғандықтан, нәтижеге жетуді қалаймыз. Нәтижеге жету керек, уақыт шектеулі. Мемлекет басшысының, үкіметтің артқан үмітін ақтауымыз керек. Сондықтан біз қарқынды жұмыс істеп жатырмыз.

– Шетелден Қазақстанға қайтып, жұмыс істегеніңізге өкінбейсіз бе?

– Әрине, өкінбеймін. Біздің шетелде тәжірибе жинақтағандағы мақсатымыз, елге қызмет ету.

– Елдің бәрі кетіп жатқанда, сіз керісінше, келдіңіз ғой?

– Біз оншақты мемлекетте жұмыс істедік. 15 жыл бойы. Біз қазақы тәрбие алғандықтан, аулыда өскендіктен, елімізді әрқашан аңсап тұрдық. Сондықтан әрқашан қайтуға ұмтылдық. Елімізге пайдамыз тисе дедік, мемлекет басшысына шексіз ризамын, өзі шақырып, тағайындап, бүкіл жауапкершілікті, жауапты істі жүктеді. Үмітті ақтау керекпін. Үкімет басышысы да үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Салада көптен күткен реформаларды, өзгерістерді кіргізіп жатырмыз. Бұл сауапты, нәтижелі іс болады деп ойлаймын.

– «ҚазақГазда» зейнет жасына дейін отыруды жоспарламайтын шығарсыз. Өзіңізді неше жыл көресіз осы жұмыста? Жұмыстарыңызды уақытпен емес, бастамаларыңызбен байланыстырасыз ба? Сізге қазір бастаған жұмыстарыңызды аяқтау үшін қанша уақыт керек?

– Бір жылдан астам уақыт өтті. Біраз күрделі, системалық, жүйелі өзгерістер жасадық. Жақсы бастамалар қолға алынды, реформалар басталды. Бұл өте жақсы. Қаншама жылда жасалмаған өзгерістерге қол жеткіздік, мемлекет басшысының арқасында. Ал басталған істер бір жылда аяқталмайды, екі жылда да болмайды, кемінде 10-15 жыл керек. Ал оның нәтижесін көргің келеді. Әрі қарай, Құдай біледі, қандай мақсат туатынын, биліктің қандай жұмыс беретінін білмеймін. Біз елімізге, газ саласына, энергетика саласына үлесімізді қоссақ, соған ризамыз.

– Сіз қаншама жыл шетелде болдыңыз. Ал Қазақстан жемқорлыққа батып кеткен, кеше ғана ұлттық экономика вице-министрі ұсталды. Атышулы оқиғалар болып жатады. Жалпы, жас, үміт артып тағайындаған замандастарыңыздың жемқорлық бойынша ұсталғанын оқығанда, ойыңызға не келеді?

– Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Құдай кейбіреулерді баршылықпен сынайды, кейбіреулерді кедейшілікпен сынайды, біреулерді денсаулықпен, енді біреуді аурумен сынайды. Сондықтан әр адамның басына әртүрлі сынақ келеді. Өз басым ақшаға құныққан адам емеспін. Шетелде жұмыс істегенде қазіргі табысыма қарағанда бірнеше есе үлкен табыс таптым. Жиған-тергеніміз бар, жетеді, қанағат. Осы жақта үлкен өзгерістер болып жатыр. Сондай таза, адал жігіттерді жинап жатырмын. Бірге үлкен өзгерістерді бастадық. Тек газ саласында емес, барлық салада жақсы өзгерістер болып жатыр. Сондықтан біздің үмітіміз өте зор.

– Санжар, енді «ҚазақГаздағы» проблемалық активтердің әрі қарайғы тағдыры қалай болады?

– Иә, біз проблемасы көп активтерге мұрагер болдық. Ол мысалдардың бірі Қашағандағы газ өңдеу зауыты. Ол жекеменшік, дербес адамның қолында екен.

– Кімнің? Біз білетін адам ба?

– Біз білмейтін компания, шетелдік адам ба, шетелдік компания ма, ол да заң бұзушылықпен жасалған. Демонополизация комиссиясы үлкен жұмыс атқарып, оны мемлекетке қайтарды. Ол үлкен жеңіс. Бірақ біздің балансқа көшкен бетте газ өңдеу зауытының құрылысы тоқтаған, дағдарыста, форсмажор жағдайында болған. Біздің шетелдік инвесторларымыз бар Қашағанда, консорциум бар, соның алдында біраз мерзімі бар болатын. Уақыт өтіп жатты. Ал бізге тез арада жандандыру керек болды. Көптеген қиындықтарды, былықтарды шешіп, жабдықтарды шетелден әкеліп, мамандарды тауып, проблемаларын шешіп, үкімет өте үлкен қолдау жасап, «Самұрық-Қазына», энергетика министрлігі қолдап, қазір құрылыс алаңында 750 адам қарқынды жұмыс істеп жатыр. Біз журналистерді пресс-турға шақырамыз.

– Жақсы, бір жылда бастаған жұмыстарыңыз біршама екен. Сізге сәттілік тілеймін. Бастаған жұмыстарыңыздың нәтижесі болады деп сенемін. «Басшы деген жауапкершілікті ала білу керек» деп бірнеше рет айттыңыз. Шыны керек, мен «QazaqGaz» бен Санжар Жаркешовті ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстанның, текетірестің бір көрінісі деп ойлаймын. Былық деген сөзді бірнеше рет айттыңыз. «QazaqGaz» кішкентай компания болса да, ұлттық компания. 100 пайыз мемлекеттік компания болса да, әртүрлі былыққа батқан. Әрине, газ саласы мұнайдан кейінгі көзір. Мемлекеттің көзірі болатын үлкен сала. Енді осы саланың да халық игілігін көрсе деген ниет-пейіліміз бар. Бұған өзіңіз сияқты кадрлар жеткізеді. Әңгімеңізге рахмет!