"Ұлыс сұхбатқа" қонаққа бұл жолы энергетика саласының сарапшысы, Колумбия университетінің түлегі, Президенттік кадрлық резерв мүшесі Бекжан Әлімқұлов келді. Сарапшымен Қазақстанда АЭС салудағы қауіп-қатері, референдумның өтпеуі туралы сөйлесіп, Бекжан мырзаның тариф саясатын өзгерту, энергетика реформасы комитетін құру бойынша ұсыныстары жайлы сұхбатын назарыңызға ұсынамыз.
– Бекжан мырза, соңғы бір айда Қазақстан үкіметі атом электр станциясын салу мәселесін көбірек айта бастады. Бұған дейін АЭС салуда жалпыұлттық референдум болады деген. Бірақ соңғы күндері энергетика министрі «референдум болмайды» деді. Осы жөнінде сарапшы ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Бұл сұраққа «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қиын. Себебі бізде оның ертеңгі құны қанша болады, қандай шарттармен АЭС бізге беріледі, оны қанша уақыттан кейін төлейміз, ол біздің қолға өте ме, өтпей ме деген сұрақтар тұр. Одан бөлек АЭС-тің өзіндік қауіптері бар, ал ол қауіптерге қазіргі таңда нақты жауап жоқ. Бүкіл әлем 2050-ге дейін ғаламдық климат проблемасы бойынша көмірқышқыл газынан арылу деген жоспар қойып отыр. Банктер көмір бизнесі үшін несие бермейді, өздерінің рейтингтері үшін де «қара жобалардан» бас тартып отыр. Демек, мұны мемлекет өзі қаржыландыру керек. Бүкіл әлем, соның ішінде ҚХР көмір отынын шығаратын құрал-жабдықтарды шығаруды тоқтатты. Осыған қарасақ, бізге қазір көмір жағып, ары қарай электр жарығын табамыз деген ұзақ мақсаттық жоспар болмайды.
Екінші мәселе – газға келеміз. Қазақстан газ қорына бай, әлемдік рейтингте топ-20 елдер қатарына кіреді. Бірақ сол газ қорын өңдейтін, шығаратын тартымдылық жоқ.
– Оның себебі неде?
– Себебі бізде – баға төмен, бағаның төмен болуы – халықтың әл-ауқатына байланысты. Қаңтар оқиғасы кезінде газ бағасының көтеріліп кетуі неге әкелгенін көрдік. Жалпы дамыған елдерде газ бағасын мемлекет емес, нарық реттейді. Сәйкесінше, сұранысқа қарай баға өсіп отырады, бұл өз кезегінде инвесторларға да қызық. Ал, бізге отандық немесе шетелдік инвесторлар келіп ақша құюы үшін үкімет «Қазақстанның ішкі нарығына квота береміз. Сол квотаның үстіне сен 10% қосып сатасың» деп шарт қояды. Шетелге экспорттайтын болса, оны үш есе қымбатқа сатады. Жаңартылатын энергия саласында біздің энергетика министрлігінің жасап жатқан аукциондық жүйесі өте ашық жасалған. Олар аукционға 5 мгбт, 10 мгбт шығарып, кім қанша береді дейді. Шынайы бәсекелестік бар, түрлі компаниялар кіреді.
– Демек әлемнің дамыған елдері АЭС-тен түбегейлі бас тартып отыр ғой?
– Батыс елдері АЭС-тен бас тартып жатыр. Өйткені олардың экплуатация мерзімдері келген, оны бірнеше рет ұзартқан, тағы да ұзартуға болады. Бірақ Германия сынды Еуропаның бірнеше елдері Украинадағы жағдайға қарамастан, бас тартты. Энергетика саласындағы жобалар тез-тез жасалмайды, оған жүйелі жоспар қажет. Энергетика саласының мықты маманы Пауль Саймонспен сөйлескенімде «Дамушы елдерге АЭС жақсы, ал дамыған елдер АЭС-тен қазір бас тарта алады» дейді. АЭС-тің беретін базалық қуаты бар, адами капитал дамиды, оны тұрғызу қымбат болғанымен, операциялық шығындары арзанға түседі.
Қауіптеріне келсек, оны салып біту уақыты... Себебі бізде құрылысы басталып, аяқталмай қалған үлкен жобалар бар. Екіншіден, АЭС-ті салып болғаннан кейін, тұтыну тарифін кім бекітеді, Қазақстан ба, әлде, соны салып берген шетелдік компания ма? Тариф теңгемен бола ма, доллармен бола ма? Теңгемен болса долларға индекциялана ма? Үшінші қауіп – қосалқы бөлшектері, себебі, Қазақстан АЭС-ке қажетті дүниелерді өндірмейтінін білеміз. Жақында ғана Ресейге салынған 11-ші пакет санкцияда АҚШ General Electric-ке Ресеймен жұмыс істеуге тыйым салды. Бізде де аталған компаниямен келісім-шарт бар. Енді олар қосалқы бөлшектер жіберу, сервистік қызмет көрсетуден бөлек, кеңес беруден, тіпті, бір кездері сатып алынған сызбаларды пайдалануға тыйым салып отыр. Мұндай жағдайлардың бәрі қауіп тудырады.
– Cонда АЭС салатын болса тек Ресеймен салынуы мүмкін бе?
– Мүмкін... Әлемде қазір АЭС-ке қатысты 30 шақты жоба болса, соның тең жартысы Ресейдікі.
– Мен жуырда болған АҚШ-тағы сапарымда сарапшылар «Орталық Азиядағы Ресеймен тығыз байланысты Қазақстан сияқты мемлекет үшін 100 жылға жуық созылатын атом электр станциясын салу өте қауіпті. Неге Ресеймен қарым-қатынастарыңызда одан сайын жақындата бересіздер?» дейді.
– Геосаяси тұрғыдан мұндай шартты Ресеймен болсын, Қытаймен болсын жасаудың қауіптері бар.
– Сіз АЭС мәселесіне қатысты референдум өткізу керек деген пікірді қолдайсыз ба?
– Әрине, қолдаймын. Бұл жобаның халықтың қолдауынсыз жүзеге асатынына үлкен күмәнім бар. Ал халықтың пікірін тек референдум арқылы білеміз. Егер референдум болмаса, қоғамдық талқылау өткізіп, коммуникация тұрғысынан ашық болып, барлық қауіп-қатерлерді халыққа түсіндіріп айтуы тиіс. Бүгінгі қолданылып жатқан нарратив «АЭС ауаны ластамайды, таза энергия береді» дегенді естіп жатырмыз. Халық ақымақ емес, оның бәрін түсінеді.
– Мен кеше бір ақпарат алдым. Онда осы айдың соңында Алматы облысындағы Үлкен ауылында қоғамдық тыңдау өткізілмек екен. АЭС құрылысына қатысты мұндай ауқымды шараны мемлекет Үлкен сияқты кішкентай ауылдың деңгейіне түсіріп отыр. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Меніңше, бұл бірінші қадам ғана. Ал логикаға салсақ, ол масштабты деңгейде талқылануы тиіс. Үлкен ауылына баратын кезде халыққа ақпарат беріңіздер, бірақ әлі ешқандай ақпар жоқ. Вендердің кім болатыны белгісіз, «бірнеше компанияның қосылуымен жасалады» деді. Ал ол компаниялар кімдер екенін көрсетіңіздер. Мұның бәрі белгілі болмай, ауыл тұрғындарымен қандай мәселе талқыламақшы?!
– Ауыл тұрғындары АЭС саласының сарапшылары емес қой. Оларға барып «жұмыс орны пайда болады, халықты жұмыспен қамтимыз» десе, жақсы екен деп келісе салады.
– Мен АҚШ-қа кеткен екі жыл ішінде энергетика саласында 4 министр ауысты. Оқуға кетер алдында мен Ныю-Йоркте аталған мәселе бойынша «конференция ұйымдастырайық, мен көмектесемін. Академия ғалымдарын, сарапшыларды, вендерлерді шақырайық, ұсыныстарын қарап, пікірілерін тыңдайық» деп ұсыныс айтқан болатынмын. Бұл басшылар тарапынан қабылданып, кейін қалып кетті. Мұндай ауқымды жобаны талқылау ауылдың деңгейінде емес, әлем деңгейінде өтсе де жарасады.
– Мемлекет осындай ауыл деңгейінде жылдам өткізуге мүдделі болып отырған сияқты...
– Оны білмеймін, қазір қоғамдық институттар дамып жатыр ғой. Ресейлік әншілердің келуін талқыға салып, концерттерді шегеріп жатқанда, мұндай мәселені халықпен ақылдаспай жасаудың арты қиынға соғады.
– АҚШ АЭС-тен түбегейлі бас тарта алмаймыз деді. Қазақстан үшін Оңтүстік Корея жақсы сәйкес келеді деген пікір айтты.
– Әлем үшін ең тиімді кейс – Оңтүстік Корея болып отыр. Араб елі де солардың жобалары бойынша Baraka деген 4 проектор соғып, биыл төртіншісін қосты. $20 млрд төңірегінде келісімшарт болды. Жаңалықтарды қарасам, біздің басшыларда көптеген корейлік компаниялармен кездесу өткізіп жатыр. Бірақ кіммен, қалай жұмыс істейтініміз әлі белгісіз.
– Бұл энергетика министрлігінің үлкен кемшілігі деп ойламайсыз ба?
– Тек энергетика министрлігі ғана емес, депутаттар да мұндай маңызды мәселеге атсалысу керек.
– Жақында Cамұрық-Қазына басшысы сұхбатымызда «халықты масыл қылып алдық, тарифті көтеруіміз керек» дегенді он рет айтты. Мен өз кезегінде халықтың жағдайы оған әлі жетпейтінін алға тарттым. Тарифке қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
– Тарифті көтеру керек дегенмен келісемін, бірақ оған дейін біраз шаруалар атқарылуы тиіс. Бізде тексеруші орган көп, бірақ бір мәселе шығып жатса жауапты тек энергетика министрлігі. Бұл салада жауапты экология министрлігі, тарифті бекітетін 300-ге жуық энерго жабдықтаушы мекеме бар. Және осы 300-ге жуық компанияның ішінде өзара бәсеке жоқ, себебі, ол компаниялардың иесі бір ғана адам болуы мүмкін. Мен өзіме энергия жабдықтаушы компания ашып, энергия өндіруші компанияға барып қуат сатып алайын десем, олар «бізде бос қуат көзі жоқ» деп айтады. Тасымалдаушыларға барсаңызда «орын жоқ» дейді. Яғни, тәуелсіз компаниялар нарыққа кіре алмайды. Бір сатып алушы болса, неге бір ғана сатушы болмасқа?! Біз айтқан энергия саласында төрт субъектіге бесіншіні қосып жатырмыз. Ал бір ғана сатушы және алушы мемлекеттік бір компанияға тиесілі болса, сонда жаңа инвесторлармен келісімге келуге болады.
– Бізде барлық салада лоббистер ғой, мұндай ортақ шешімге келе аламыз ба?
– Энергетика министрлігі тек техникалық жағын бақылайды. Ақшасы, тарифі, басшылыққа жауапты емес. Жылу электр орталықтарына дайындық паспорттарын береді. Ал әкімдіктер құбырлар, ішкі магистральға жауап береді. Қаржы, құжаттарды бекітумен Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті айналысады. Ал түтіні, табиғатқа келетін зиянына Экология министрлігі жауапты. Құрылыс қаражаты, оның жұмыстарын қадағалаумен Инфрақұрылымдық даму және индустрия министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істер комитеті жауапты. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар ғой, бізде тексеруші орган көп. Энергетика министрлігі өңірлерге жауап бермейді, ол жергілікті жерлердегі әкімдіктегілер басқарады.
– Мұны шешудің жолдары қандай?
– Энергетика министрлігіне бір комитет қажет. Атом министрлікте қала берсін, энергетиканы комитет қылып бөлек шығару қажет. Ол комитет парламентке немесе президентке тәуелді болуы керек. Оған тарифтерді бекіту, техникалық жағдайды бақылау, инвестициялық бағдарламалар, қаржылай мәселелер, ТЭЦ бойынша экологиялық сұрақтарды соларға тапсыру қажет. Ол жаққа басшы ретінде парламент немесе президент тағайындауымен бір кісі сайлансын. Ол кісілер абыройы бар, ешқандай кландармен байланысы жоқ, таза болуы керек.
– Ондай энергетиктер жоқ сияқты.
– Аға буын энергетиктер бар, үлкен кісілердің арасында мықты, білімді мамандар жетерлік. Энергетика министрлігі энергетика саясатын бекітсін, ал жаңағы бақылау комитеті бәрін талап етіп отыратын бақылаушы орган болсын.
– Жаңағы өзіңіз ұсынған реформаны жүргізуге қанша уақыт қажет?
– Президент тапсырма берсе, мұның бәрін тез арада жасауға болады. Мен басқа тиімді жолын көріп тұрған жоқпын. Екібастұздың жағдайын ол көрдік, біздегі ЖЭО-ның көбі тозған.
– Бекжан мырза, АҚШ-тан келгеніңізге екі аптадан енді асты. Елге қайта оралудағы мақсатыңыз қандай?
– Ныю-Йоркте екі жыл тұрдым, университетте жұмыс істедім. Доминиканға жұмысқа шақырды, АҚШ-та да бірнеше профессорлар жұмыс ұсынды. Мұнда елді сағынып келдік. Бұған дейін Қазақстанның өңірлерінде жұмыс істедім, шетелдік компаниялардағы тәжірибем бар, соның бәрін ұштастырып адамдардың өміріне пайдалы қызмет атқарғым келеді.
– Өзіңіз білетіндей, Экология министрлігі Зүлфия Сүлейменова сынның астында қалды. ол кісі де өзіңіз сияқты президент кадрлық резервінің мүшесі. Зүлфияның шетелде оқып келіп, Қазақстанда жұмыс атқармай бірден департамент басшысы болып, одан кейін мәжіліс депутаты, сосын вице-министр, қазіргі таңда Экология министрі болуы үлкен сынға қалды. Жастарға жол беру керек дейміз, бірақ жұмыс нәтижесі тәжірибелі мамандар қажет екенін көрсетіп отыр. Сіз бұл кейске не дейсіз?
– Бұл жерде мәселенің екі ұшы бар. Аталған сұраққа нақты жауап беру қиын.
– Сізді мемлекеттік қызметке шақырса барасыз ба?
– Аталған салада бір реформа жасау мүмкіндігі болса ғана барамын, лауазым үшін, тыныш жерде отыру үшін бару ойда жоқ.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!