×
492.14
528.85
5.01
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
492.14
528.85
5.01

Тарифке тірелген түйткіл: ел өңірлерінде жылыту маусымына дайындық қалай

31.07.2023, 11:11
Тарифке тірелген түйткіл: ел өңірлерінде жылыту маусымына дайындық қалай
Коллаж: Ulysmedia.kz

Өткен қыстан елдің бірнеше қаласы әупірімдеп шыққаны белгілі - әкімдіктер мен энергетика министрлігінің жылыту маусымына дайындық туралы баянаттарына қарамастан, халық қақаған аязда бүрсең қағып отырды. Біздің жылу орталықтарымыз өткен ғасырдың аяғынан бері жөндеу көрмегені, егер олар шұғыл түрде тәртіпке келтірілмесе, келесі қыста энергетикалық күйреу бүкіл елді шарпитыны сол кезде мәлім болды.

2022 жылдың желтоқсанындағы жылу электр орталықтарындағы бірнеше төтенше жағдайдан кейін оянған үкімет “сұрапыл” статистиканы жариялай бастады: елімізде ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66%-ды құрайды, бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында ЖЭО-ның тозуы 80%-дан асады. Қазақстандағы ЖЭО-ның орташа жасы 61 жылды құрайды, олардың 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істеп келеді.

Содан кейін ақпарат құралдары жаппай жылу орталықтары мен станциялардың иелерін іздеуге кірісті, ал үкімет энергетикалық проблеманы тудырған басты себеп – тарифтер екенін алға тарта бастады. Нәтижесіндебаға өсті, бірақ бюджеттен бөлінген миллиардтар да, халықтың қалтасынан төленіп жатқан қыруар қаржы да мәселені шешер түрі жоқ.

Премьер-министр Әлихан Смайылов маусым айында жылыту маусымына дайындық сәтсіз аяқталды деп мәлімдеді.

- Жөндеу жұмыстары көптеген өңірлерде артта қалып отыр. Ал кейбір жағдайларда олар келесі жылға ауыстырылады. Атырау Жылу орталығында  турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы – 60 күнді құрап отыр. Рудный Жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады, - деп ескертті премьер.

Ulysmedia.kz энергетика министрлігінен осы уақыт ішінде не өзгергенін және қазір жылу маусымына дайындық қалай жүріп жатқанын білуді жөн көрді. Жолдаған сұрақтарымызға министр Алмасадам Сәтқалиевтен жауап алдық.

Петропавлдағы станцияны жөндеу созбалаңға салынды, неге ЖЭО-да құлаған құбырларды қалпына келтіру неге сонша ұзаққа созызылып кетті?

 – ЖЭО-да биыл  № 1, 3, 9, 10, 11 қазандықтарды  және №3 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. № 2, 4, 5, 6, 7 турбиналарды ағымдағы жөндеу де қарастырылған. № 3 қазандықты күрделі жөндеу және № 4, 5, 6, 7 турбиналарды жөндеу жұмыстары аяқталды.

№ 9,11 қазандықтарды және №2 турбинаны жөндеу жалғасуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескерсек, ЖЭО негізгі жабдықтарының тозуы 56%-ды құрайды. Петропавл ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жол картасы аясында № 2 түтін құбырын жөндеу жұмыстары орындалды – ішкі төсеу қабаты қалпына келтірілді. № 2 және 3 түтін құбырларын тексеру аяқталды, №1 түтін құбырларын бөлшектеу жүргізілді, бас ғимараттың ғимараттары қалпына келтірілді, уақытша газ құбырларының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта №1 түтін құбырының құрылысы жүргізілуде – құрылыс аймағынан инженерлік коммуникацияларды шығару жүргізілді, шұңқыр әзірленді, іргетастың металл қаңқасы орнатылды. Түтін құбырын салу ұзақ процесс болғандықтан, белгілі бір уақыт қажет.

Екібастұздағы ЖЭО-дан бөлек, Петропавл ЖЭО-ға да Клебанов иелік етеді. Петропавлдағы станция кімнің есебінен жөнделіп жатыр?

 – Жөндеу жұмыстары меншік иесінің есебінен, сондай-ақ бекітілген тариф шеңберінде инвестициялық міндеттемелер есебінен жүргізіледі.

Екібастұз тұрғындарына алаңдауға негіз бар ма? Жылыту маусымы басталғанға дейін жөндеу жұмыстары аяқтала ма?

 – Екібастұз ЖЭО-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз үшін аясында алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 7 қазандықта жұмыс жүргізілуде (№6,7,11,12,13,14,15). Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар "ОАЭК" акционерлік қоғамының есебінен жөнделеді. Барлық жұмыстар аймақ әкімдігі мен энергетика министрлігінің бақылауымен ұйымдастырылып, жұргізіліп жатыр.

ЖЭО-ны қалпына келтіруді кім қаржыландырады?

 – Бұған дейін "Екібастұзжылуоэнерго" ЖШС жөндеу жұмыстары Үкімет резерві есебінен қаржыландырылатын нысандарды Екібастұз қаласының коммуналдық меншігіне өтеусіз берген болатын. Екібастұз әкімдігі мен "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС арасында 2023 жылғы 19 қаңтардағы № 25 өтеусіз беру (сыйға тарту) шарты жасалды, оның шарттары бойынша коммуналдық меншікке технологиялық жабдық (су жылыту қазандықтары – 5 бірлік, сорғы паркі, құбырлар, электр құрылғылары, электр кабельдері, автоматика құрылғылары және т. б), жеке-жеке орнатылған технологиялық жабдыққа арналған көтергіш, қоршаушы Құрылыс конструкциялары мен іргетастарды, сондай-ақ жер учаскесін қоспағанда, су жылыту қазандығының тұрған ғимараты (яғни. ғимараттың өзінен басқа, "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС меншігінде қалатын су жылыту қазандығының барлық негізгі және қосалқы технологиялық компоненттері) қабылданды.

Екібастұз қаласының жылу электр орталығындағы 5 су жылыту қазандығын күрделі жөндеу бойынша жалпы сомасы 8 514 456 444 теңгеге сметалық құжаттама әзірленді.

Үкімет Павлодар облысы әкімдігінің Екібастұз ЖЭО 5 су жылыту қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізуге шұғыл шығындарға Үкімет резервінен 7 425 467 136 теңге көлемінде қаражат бөлу туралы өтінішін қолдады.

Анықтама үшін: сметалық құжаттама мен өтініште мәлімделген сомалардың айырмашылығы ҚҚС (912,263 млн теңге) және авторлық және техникалық қадағалау жөніндегі қызметтер (176,726 млн теңге) жергілікті бюджеттен жабылатындығына байланысты.

Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің желісі бойынша Үкімет резервінен бұған дейін коммуналдық меншікке берілген жылу желілерінің 4 учаскесін қайта жаңартуға шамамен 9,1 млрд теңге бөлінді. "ОАЭК" АҚ ЖЭО жөндеу науқанына қаражатты тепе-тең тәртіпте бөледі.

ЖЭО иелері сізбен байланыста ма? Сізде оларға қоңырау шалу мүмкіндігі бар ма?

 – Өз қызметі аясында жиналыстарда ЖЭО иелерімен байланысу мүмкіндігі бар.

Биыл сіздің қоластыңыздағылар жылыту маусымына дайындық паспортын қалай береді? Өткен жылы жалған болып шыққан есептер үшін біреу-міреу жазаланды ма? Ішкі тергеу жүргізілді ме?

  – Дайындық паспортына құжаттарды қабылдау 15 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады.

Өздеріңіз білетіндей, бұл қызмет белгілі бір құжаттар тізіміне сәйкес көрсетіледі.

Осы құжаттар топтамасын қарау қорытындысы және тыңдау нәтижелері бойынша комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

1) дайындық паспортын беру;
2) ескертулермен дайындық паспортын беру;
3) дайындық паспортын беруден бас тарту.

Сонымен қатар, дайындық паспортын алу қағидаларына бақылау функцияларын күшейту бөлігінде, атап айтқанда көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап ете алатын құжаттар тізбесіне және басқа да бірқатар толықтырулар мен өзгерістерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сіз жазда қанша СЭС мен ГРЭС-ке барып қайттыңыз? Биылғы қысты шығынсыз өткізетінімізге сенім бар ма?

 – Кестеге сәйкес, Петропавл ЖЭО, МАЭК, Кентау ЖЭО-да болдым. Осы аптада Риддердегі ЖЭО-ға бару жоспарланған. Жұмыстар аймақ әкімдігі мен мүдделі министрліктердің бақылауымен ұйымдастырылып, жүргізіліп жатыр.

МАЭК бір кездері бүкіл Кеңес Одағының мақтанышы болды. 1999 жылы жылдам нейтронды реактор тоқтатылды, неге ол әлі жабылмаған? Жыл сайын реактор миллиард теңгеден астам қаражатты "жеп қояды". Ал қазіргі МАЭК-тің жұмыс істеп тұрған станциялары қаржыландырудың жеткіліксіздігінен мүшкіл күйге жетті.

 – БН-350 – натрий салқындатқышы бар әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор. Ол 1999 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес тоқтатылды және бүгінде ол одан әрі қауіпсіз ұзақ мерзімді сақтау жағдайына келтіріле отырып, пайдаланудан шығару сатысында тұр.

Реактор негізінен Кеңес мемлекетінің өмір сүру кезеңінде пайдаланылды және КСРО мұрасы болып табылады. Реакторды радиациялық және өрт қауіпсіз күйде ұстау үшін тарату қорына жинақтау көзделмеген.

Сонымен қатар, халықаралық көмектің (АҚШ Энергетика министрлігінің) арқасында пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеуге және қауіпсіз сақтау орындарынан шығарылған сұйық металл натрий салқындатқышымен жұмыс істеуге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылды.

БН-350 реактор қондырғысы сияқты ірі ядролық объектілерді пайдаланудан шығару техникалық жағынан күрделі және уақыт бойынша өте ұзақ міндет болып табылады, ол үлкен қаржылық салымдарды, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздіктің белгіленген талаптарын қамтамасыз етуді ескере отырып, арнайы ұйымдастырушылық іс-шараларды талап етеді.

Қазір қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерінің, радиациялық, өнеркәсіптік қауіпсіздікті – қорғау және оқшаулау жүйелерінің, сондай-ақ еңбекті қорғаудың талап етілетін сенімділік деңгейін қолдауға бағытталған жұмыстар атқарылуда.

2021 жылдан бастап БН-350 реактор қондырғысын ұстау республикалық бюджеттен қаржыландырылады. 2023 жылға 1 676 681 мың теңге көлемінде қаражат көзделген.

Кулуарларда сұрақ қойғысы келетін журналистер ашуыңызды тудыра ма? Егер мүмкіндік болса, сіз мұндай сұхбаттарға тыйым салар ма едіңіз?

 – Жоқ, ондайға ашуланбаймын. Мен әрқашан сындарлы диалогқа ашықпын және кулуарларда көбінесе салалық мәселелер бойынша сұрақтарға жауап беріледі.

Өкінішке орай, Ulysmedia.kz жауаптарды нақтылайтын сұрақтар қоя алмады, өйткені министр Алмасадам Сәтқалиев жазбаша жауап беруді жөн көрді. 

Бұдан бұрын министр Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты ойын ортаға салған болатын.