Әсел Жанасова миллиардтаған шығыны, негативке толы имиджі бар «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы лауазымына жарты жыл бұрын тағайындалды. Әселдің аталған қызметке тағайындалуы қоғам тарапынан қызу талқыға түсті. Ulysmedia ақпараттық алаңының бас редакторы Самал Ибраева жас болса да жауапты лауазымдарды атқарып жүрген маманмен тәжірибесіз кадрларды тағайындаудағы қателіктер, «Қазпоштаның» жаңа техногияларға ілесе алмай дағдарысқа ұшырап, шығынға батуы, компанияны ұлттық брендке айналдыру және Әселдің өзге де мақсаттары туралы болған әңгіме-сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
- Әсел ханым, жуырда Қазпоштадан келген хабарламалардың барлығы тек қана орыс тілінде таратылып келгені туралы желіде үлкен шу болды. Бұл шынымен жаға ұстайтын сұмдық жағдай екен. Бұл мәселеге қатысты сіздердің тараптан жедел реакция танытылғандай болды. Даулы мәселенің түпкі тамырын түсіндіріп өтсеңіз, бұндай олқылыққа қалай жол бердіңіздер?
- Қазпоштада өткен жылдың соңынан бастап жұмыс істегелі үлкен жүйелі жұмыстарға басыммен кіріп кетіп, қоғам көтерген зор мәселеге мән берілмей қалды. Қазпоштада біреу емес, екеу емес 131 sms хабарламалар бар екен. Солардың 90% жедел өзгерттік, енді хабарламаларды халық екі тілде алады. Қалған 10% шілденің соңына дейін өзгертіледі. Қазақ тілінің компаниядағы маңызын негізгі тіл деп күшейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда 20 мың қызметкеріміз бар, олардың көпшілігі қазақтілді. Хабарламадан бөлек, жүйелерге, бланктерге аудит жасадық. Бланктер жүйелерге байланысты, қай тілде жазылса сол тілде беріледі. Сондықтан оны қазақ тіліне аударатын жұмыс көп. Мен келгелі барлық ішкі құжаттардың айналымын екі тілге өзгерттік, деректер қазақ тілінде де жүреді. Одан бөлек, IT жүйелерді жыл соңына дейін қазақ тіліне ауыстырамыз.
- Жаңа өзіңіз сөз басында келгеннен үлкен жұмыстарға кірісіп кеттім дедіңіз. Ол қандай жұмыстар. Осы уақытқа дейін Қазпошта үлкен шығын әкеліп отырған компания болып келді. Бұл тұрғыдан атқарылып жатқан өзгерістер бар ма?
- Иә, компания расында да өткен жылды шығынмен қорытындылады. Мәселен, табыстың өсімі 6% болса, шығындардың өсімі жылына 11% өсіп отырған. Соңғы үш жылдағы шығынды қарасақ, әр жыл сайын 40% өсе берген. Осылайша Қазпошта 2022 жылы минус 2 млрд шығынға түсіп отыр. Әзірше, Қазпоштаны жаңа деңгейге көтеру үшін кризис менеджментпен жұмыс істеп келе жатырмын. Бірінші – сыртқы факторлар өзгерісі, ол күнделікті технологиялардың дамуы. Біз бәсекелестік нарығындамыз, қазір түрлі стартаптар көбейіп жатыр. Курьерлік қызметтердің өзі біздің бизнесіміздің үлесін алып кетіп жатыр. Екіншіден, көпшілік біздің банк екенімізді білмейді. Зейнетақы алатын клиенттеріміз технологиялары дамыған банктерге көшіп кетіп жатыр. Сөйтіп бізде 2021 жылы миллион клиент болса, 2022 жылы 800 мың клиентке түсіп кеттік. Ковидтің де әсері болды, геосаяси әл-ауқаттың аясында бүкіл логистикалық желістердің үзілуі бағаға, клиенттердің сұранысына көп әсер етті. Біздің клиенттердің сұранысы да күн сайын күшейіп жатыр, олардың тапсырысын екі тәулікте жеткізу керек дегендей сервиске қатысты талаптар үлкейді. 20 мың қызметкері бар компаниядан Қазақстанды толық қамтитын компанияға тез арада ауысу өте қиын және озып кеткен пойызды қуып жету үлкен жұмыстардың бірі. Одан кейін оны дамыту қажет. Қазпоштаның ауқымы кең, ауыл мен қаланы дамытуда экономикалық белсенділікті ілгерілетудегі компания үлесі зор.
35 мың теңге алатын қызметкерлер мен ауылдағы бөлімшелер
- Қазір сіздер 12,5 млрд шығында отырсыздар, бұл шығыннан әлі пайдаға көшкен жоқсыздар ғой?
- Алты айлық қорытындыға келсек, жобамен минус 10 млрд болуымыз керек. Біз қазір минус 300 миллион ғана жасадық. Яғни, алты айдағы компанияға әкелген жаңа табысымыз 10 млрд теңге. Жылдың соңында жобалы минус 20 млрд болатын болса, компаниямен бірге қойған межеміз млрд минус нөлге әкелуіміз керек.
- Қазақстанда бүгінгі таңда Қазпоштаның жалпы саны қанша бөлімшесі бар, онда қанша адам жұмыс істейді және олардың жалақылары қандай?
- Біздің 3 мыңға жуық бөлімшелеріміз бен 17 филалымыз бар, 20 мыңға жуық жұмыскерлер жұмыс істейді. Қызметкерлердің жалақылары лауазымдарына қарай әртүрлі.
- Ең төменгі жалақы қанша?
- Ауыл-аймақтарда 2 мың бөлімшелер бар, бірақ онда қауырт жұмыс жоқ. Тек зейнетақы келгенде, газет-журналдарды таратумен айналысу үшін аптасына үш рет шығады. Сондықтан ауылдағы қызметкерлеріміз 0,2% ставкамен 35 мың теңге алады, компаниядағы орташа жалақы 134 мың теңгені құрайды.
- Ең жоғарғы жалақы қанша?
- Директорлардың жалақысы 500 мың теңгенің маңайында. Барлық нарықпен салыстырып қарайтын болсақ, біздің жалақымыз он есеге аз. Банктермен салыстырсақ, жалақысы аз болғандықтан бізге жақсы мамандар келмейді. Компания жыл сайын шығынға түскеннен кейін, қызметкерлердің айлықтарын көтере алмай жатыр. Бірақ соған қарамастан, 2022-2023 жылдар аралығында қызметкерлерге 7%-25% аралығында жалақыны интоксикация жасадық. Табыс көлемінің өсуіне байланысты жыл сайын жалақыны көтереміз. Одан бөлек, филиалдар арасында рейтинг жасап, ерінбей еңбек еткен жұмыскерлерге арнап мотивациялық программалар енгіздік. Мысалы, алты ай қорытындысында «ең үздік филиал», «ең үздік пошташыларға» сыйақылар тағайындалады.
- Cіздің орынбасарларыңыздың жалақысы қандай?
- Жалақылары төмен. Логистикадағы, қаржы саласындағы білікті мамандарды Қазпоштаға шақыру қиын.
Әсел Жанасованың компаниядағы миссиясы, Қазпошта форматын өзгерту
- Қазпоштаның жұмысына өзіңіз нендей өзгерістер әкелгіңіз келеді? Осы жерде сәл шегініс жасай кетсем, себебі, бізде мемлекеттік, квазимемлекеттік көп компаниялар бар. Топ-менеджерлер келеді, кетеді. Біреулер кеткеннен кейін қамауға алынып, тексеріске түсіп жатады. Мемлекеттік қызметке келген әр адамның өз миссиясы бар деп ойлаймын. Осы тұрғыдан, сіздің компания алдындағы миссияңыз қандай деп білесіз, қандай өзгерістерді аяғына дейін жеткізсем екен дейсіз?
-Иә, әр адамның өз миссиясы болады. Біреуге ақша маңызды, біреуге орын маңызды. Менің миссиям – дамып жатқан жас мемлекетіміздің қай саласына болмасын өз үлесімді қосу. Қай салада болсын атқара алатын жұмыстар болса, соны алып кетуге тырысамын. Күнделікті бір адал, әділетті іс жасаудың өзі маған шабыт сыйлап, энергия береді. Ал 20 мың адамның жұмысқа күліп келіп, күліп кетуі үшін жұмыс істеу тіптен көп шабыт пен драйв береді. Кім Қазпоштада жұмыс істегісі келеді деген кезде, адамдар талпынатындай компанияға айналдырсам деген ойым бар. Екіншіден, клиенттерімізді бақытты еткім келеді. Жүйелік жағынан қарасақ, экономикалық дамуда Қазпоштаның үлесі үлкен. Ауылдардың өзінде 7 миллион адам тұрады, сол 7 миллион адамға пошта ғана емес, басқа да қызметтерді жеткізу, электронды сауданы дамыту, телемедицина, поштаның бөлімшелерін бөлімше ғана емес, комьюнити орталық жасағымыз келеді. Сол 7 миллион адам бізге келіп, барлық қызметті алса дейміз. Осы жылы ауылдық бөлімшелерде 50 қызмет қосылды.
- 20 мың қызметкер, 2 мыңнан астам филиал деп жатсыз, оларға оптимизация жасау жоспарыңызда бар ма?
- IT саласының маманы болғандықтан, жұмысқа кіріскелі барлық деректерді жинадым. Менің принціптерімнің бірі – қандай да шешім қабылдаудан бұрын, цифрға қарау. Сондықтан біз Big data көмегімен барлық мәліметтерді жинап алдық, логистикалық көліктеріміз бар. Кеңес үкіметі кезінде салынған 1500 бөлімшелердің 60% жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Соларды ретке келтіруіміз керек. Одан басқа, автокөліктер тозып кеткен. Сәлемдемелерді уақытылы жеткізу үшін автокөліктеріміз тұрақты болуы керек. Оның үстіне табысы 50 мың теңгелік бөлімшелер бар және оларды ұстап тұру артық шығын. Біз осылардың бәрін ретке келтіріп жатырмыз.
- Қазпоштаның жаңағы өзіңіз айтқан қызметтерін қамтамасыз ету үшін қаржыны жүз пайыз мемелкет бөліп отыр ма?
- Қазпоштаның табысы 60 млрд болса, мемлекеттен бөлінетін субсидия 2,5 млрд. Бәсекелі ортада өз сервистеріміз арқылы пайда тауып отырмыз. Ауылдық жердегі бөлімшелер мен көліктерді ұстап тұруға бізден 18 млрд шығын жұмсалады. Бірақ біз басқа сервистерден тапқан қызметіміз ол шығындарды жабатындай деңгейге көшуіміз керек. Әлеуметтік маңызы бар жерлерде бөлімшелерді жаппаймыз, себебі, халық газет-журнал оқи алмайды, зейнетақыларын ала алмай қалады. Сол себепті біз қалалық бизнес модельдерді дамытып, сол табыстан шығыны көп сервистерді жабуымыз керек. Ауылдарда ставка 0,2% дедік қой, ХҚО-дағы қызметтерді қосқалы біз 0,6% көштік. Жыл соңына дейін 100 ауыл, келесі жылы 2000 ауылды қосамыз. Осылай жаңа сервистерді дамытқан сайын, адамдардың жалақылары өсіп отырады.
- Ауылдарда зейнетақыны Қазпошта арқылы алады, мұнда компания қаржылық институт банктің қызметін жасап отыр. Қазпошта зейнетақы қызметінен комиссия ала ма?
- Мемлекет банктерге әрбір төлемге комиссия береді және ол бәріне бірдей. Яғни, мемлекет органдарымен біздің комиссиямыз бөлек. Қаладағы комиссия мен ауылдағы комиссияны салыстыруға болмайды. Мемлекеттік органдармен жұмыс істей отырып, келесі жылы тарифті көтереміз. Сол арқылы табысымыз өседі. Бірақ ол тарифтер 2015 жылдан бері бірқалыпты болған.
Ұзынсонар кезек, цифрландырылмаған Қазпошта
-Қазпоштадағы кезекке қатысты шағым көп. Қазіргі технология заманында адамдарды ұзынсонар кезекке тұрғызбас үшін Қазпошта қызметтерін барынша цифрландыру мүмкін бе? Және неге осы уақытқа дейін пошта қызметі цифрландырылмаған, әлде, ол сіздер үшін тиімсіз бе?
- Негізі цифрлану керек. Біз барлық IT сервситерді заманауи архитектураға сай жасаймыз. Сол үшін IT саласындағы мықты қыз-жігіттерді жұмысқа алдық. Жыл соңына дейін Post.kz жаңа қосымшасы іске асады. Яғни, цифрландыру міндетіміз. Зейнетақы алатын адамдар үш жылдан кейін бөлімшеге келмейді, себебі, олар мобильді телефонға үйренген. Осы арқылы зейнеткерлеріміз ақшаларын үйге алдыра алатындай болуы керек. Әйтпесе, клиенттеріміз басқа сервистерге көшеді. Біз оларды жоғалтпас үшін өз қызметімізді цифрландыруға көшуіміз керек.
- Қанша уақытта цифрландыруға көше аласыздар?
- Бізде банк қызметі ғана емес, жеткізу, пошталық, логистикалық сервистеріміз бар. Үш жылда барлық цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыруымыз керек.
- Сіз Қазпошта тарихында нешінші төрағасыз?
-Нақты білмеймін, жетінші немесе сегізінші ғой деймін.
- Cервистер сонда мүлдем цифрландырылмаған ба?
- Цифрландырылған, Бағдат Мусин сияқты басшылар бұл салада жұмыс жүргізіп келеді. Он жылда технологиялар өзгерді, олар жыл сайын жаңару керек. Шығын болған сайын кейбір сервистерді өшіріп тастаған, кей сервистер жұмысы тоқтатылған. Бірақ оның бәрін жасауға болады. Бұл біздің поштаның ғана емес, барлық елдердегі пошталар проблемасы.
- АliExpress сияқты қызметтер сіздерге бәсекелес пе?
- Бәсекелес. Бізге халықаралық пошта айналымының сәлемдемелері digital арқылы немесе поштамен келуі мүмкін, қазір сервистер өте көп. Ішкі айналымды айтсақ, біз тендерде бірде ұтамыз, бірде ұтыламыз. Кішкентай компаниялардың шығындары аз, сәйкесінше тарифтері де аз болуы мүмкін. Сондықтан біздің бәсекелестеріміз ішкі нарықта және сыртқы нарықта. Amazon компаниясымен қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Халықаралық тендерлерді мониторинг жасау, оларды ұтып алудың өзі үлкен жұмыс.
- Өткен жылы «Қазпоштаны жекешелендіреді» деген ақпарат шықты. Қазір бұл мәселе өзекті ме?
- Жоқ, бұл біздің акционер тарапынан тоқтатылған. Себебі мен келгелі мұндай мәселелер көтерілген емес. Қазпошта мұндайға әлі дайын емес.
Поштадағы ұрлық, жоғалып кететін сәлемдемелердің себептері жайлы
-Сіздіңше, Қазпоштаны жекешелендірген дұрыс па, әлде, жүз пайыз мемлекеттік болып қалу керек пе?
- Негізі әртүрлі тәжірибе бар. Бір мемлекеттер жекешелендірсе, екінші біреулерінде толықтай мемлекет меншігінде. Сингапурға қарасақ 15% Alibaba-ға тіркелген. Логистикалық, қаржылық тұрғысынан біздің әлеуетіміз үлкен. Орталық Азияда хабқа айналатындай Қазпошта стратегиясын дамытар тәжірибесі, технологиясы бар стратег кірсе, өңірге үлкен табыс жасайды.
- Неге Қазпошта банк ретіндегі қызметін ұлғайтпайды?
- Адамдарды қаржылық жүйеге кіргізудегі Қазпоштаның рөлі үлкен. Бірақ ол үшін қаржы саласындағы біліктілік қажет, банкті білмейтін адам оның жүйесін жасай алмайды. Ол үшін біз оның технологияларын дамытып, ішкі процесстерді ретке келтіруіміз керек. Біздің клиенттеріміздің көбі ауыл тұрғындары, оларға сапалы қызмет көрсету үшін дайындық қажет.
- Сын айтылмаса, мін түзелмейді. Қазпоштаның қызметіне қатысты арызданушылар бар шығар. Айына қанша арыз түседі?
- Арыздар көп және оларды бірнеше каналдан аламыз. Арыздардың көлемін 86 пайыздан 68% түсірдік. Өткен айда 7 мың шағым болды.
-Олардың бәріне жауап бересіздер ме?
- Иә, үш тәуліктің ішінде жауап береміз.
-Сәлемдемелер мүлдем жоғалып кеткен жағдайлар бола ма?
-Болады, қазір сәлемдемелерді жеткізу сапасы 95% өсті, ал 5% жетпей қалды деп шулайтындар. Кейбір тұтынушылар мекен-жайларын қате жазып жатады, мүлдем жазбайтындар да бар. Адрестермен жұмыс жүргізіп, базаны толықтай барлық бизнестерге ашық түрде береміз.
- Қазпошта бөліміндегі ұрлыққа қатысты қылмыстық істер азайды ма?
- Иә, үлкен компания болғандықтан, ішкі цифрландыру процесстері жетілмегендіктен ұрлық болып тұрады. Біз оны азайтып жатырмыз. Әділдік, адалдық принціпін ұстанамыз. Жемқорлық жасаған адамдар өз істеріне жауап берулері керек. Бір филиалдарда адамдар жүйелік тұрғыдан тендерден ұтып алып, біздің адамдар, көліктер жұмыс істеген. Сөйтіп компания өзінің табысын алмаған. Мұндай оқиғалар көп бізде. Кассалардан да миллиондаған қаржылар ұрланып жатады. Өз тарапымыздан бақылау функциясын енгіземіз.
-Кезінде Қазпоштаны Мусин басқарған уақытта толықтай цифрланудан өткен шығар деп ойлағанмын. Қазір бұл жұмыстың аяқталмағанына таңғалып отырмын.
- Одан бері 10 жыл өтіп кетті ғой...
- Зейнетақы, әлеуметтік төлемдерді картаға түсіруге болмайды ма, кассаларда қолма-қол ұстағаннан сол тиімдірек сияқты?
-Болады, бірақ адамдардың көпшілігі қолма-қол қаржы сұрайды.
- Бір саладағы реформаны жүргізуді Орталық аппараттан бастаған дұрыс шығар деп ойлаймын. Мысалы, сіздің өзіңіздің қанша орынбасарларыңыз бар?
- Бизнес жағынан бесеу, себебі, бізде бес өнім бар. Сол бес өнімге бесеуі жауап береді.
-Орталықтағы филиалдарыңызда ғана қанша адам?
- 200 адам
- Интернеті жоқ жерлерде касса ұстайтын қызметкер ұстау қажеттілігі бар, бірақ бір астанаға 200 қызметкер көп емес пе?
- Орталықтанғандықтан HR, есепші мамандар, бақылаушы ревизорлар, банктік стандарттарға сай мемлекеттік органдардың талаптары бар. Сол талаптарға сәйкес, бізде 200 адам болуы керек. Цифрландыруға көшкен кезде, адамдар саны азаю керек.
- Сөз арасында акционеріміз деп бірнеше рет айттыңыз. Сіздердің акционерлеріңіз «Самұрық-Қазына» компаниясы. Акционер тарапынан қолдау көресіздер ме және олар қаншалықты сіздердің жұмыстарыңызға араласады?
- Акционерлік стандарттарға қарасақ, олар бізге үлкен көмек көрсетіп жатыр. Екіншіден, олар біздің операциялық қызметтерімізге араласпайды. Директорлар кеңесі деңгейінде ғана біздің стратегияларымызды, жоспарларымызды қарайды.
- Қазпоштаға үлкен бір инвестор болса, жұмыстың сапасы жағынан тиімді болады деп ойламасыз ба?
- Әлемдегі венчурлық инвесторлар адамдарға жақындығы терең деп көп жағдайда пошталарды қарайды екен. Қазпоштаға қатысты басқа инвесторлардың қызығушылығы бар шығар, себебі, стартаптар үшін бұл клиенттердің базасы. Қазіргі қалпында сатса арзан кететіндіктен, оны дұрыс деңгейге шығарып барып ойластыру керек. Бүгін бұл мәселені көтеру ертерек.
- Сіздерден зейнетақы алып отырған зейнеткерлердің статистикасы бар ма?
- Қазір 800 мың клиент болса, соның 60% зейнеткерлер.
-Қанша қазақстандық пошта арқылы хат жолдайды?
-Хат айналымы жыл сайын төмендеп жатыр. Қазір 13 миллион адам хат жолдайды. Олардың басым көпшілігі мемлекет пен бизнес тарапынан жолданатын хаттар.
Қазпошта қашан ұлттық брендке айналады
-Қазпошта 30 жылда оперативті, цифрландырылған ұлттық брендке айналған пошта қызметі болуы керек еді... Өкінішке қарай, олай болмады. Ұлттық брендке айналу деген жоспарларыңызда бар ма? Я болмаса осылай шығыннан шығынға батып жатқан портфелін арқалап отыра бере ме?
- Әрине, Қазпоштаның имиджінің түсіп кеткені менің де намысыма тиеді. Мен бұл компанияда тек қана отырып кеткім келмейді, компания қызметін жақсы көретіндей креативті үлесім болуы керек. Компанияның брендін өзгертіп, артқы жағындағы жұмысты жасамау да дұрыс емес. «Асыққан шайтанның ісі» дейді, барлық жағынан мін болмайтындай өзгерістерді бірте-бірте жасау керек. Бәріне ұнау мүмкін емес, бізді жақсы көретін клиенттер де бар. Біріншіден, компания қызметкерлерінің жағдайын жасау керек. Ол цифрландыру ғана емес, барлығын жүйелі түрде ретке келтіру керек.
- Қазіргі жаңа Қазақстанның ішкі принціптері қаншалықты әсер етіп жатыр, әлде, бұрынғыдай жұмыс істеп жатырсыз ба?! Шешім қабылдағанда еркіндік бар ма?
- Мемлекетте трансформация жүріп жатыр және бұл жүйе маған жақын. Жастарды осындай үлкен компанияларға тартып, мүмкіндіктер беру кез келген елде бола бермейтін жағдай. Маған мемлекет кезінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы Кэмбридж университетінде оқуға мүмкіндік сыйлады. Халықтың ақшасының арқасында мықты жерде білім алып, тәжірибе жинадым. Ендігі менің мақсатым сол білімім арқылы мемлекет игілігіне жұмыс істеу.
-Қазір «Болашақпен» оқыған көптеген замандастар шетелге кетіп жатыр. Бұған сіздің көзқарасыңыз?
- Мұндай жағдайлар кездеседі, менімен бірге оқыған қазақтың қайтпай қалған жігіттері бар. Кейбірі Google, Facebook, Tesla сияқты ең мықты компанияларда жұмыс істейді. Бірақ мен «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген көзқарасты ұстанамын.
- Жақында өткен Құрылтайда президент «Жастар қателік жасауы мүмкін, бірақ оларға басымдылық беріледі» деп айтты. Бұл пікірге біреулер «иә» десе, енді біреулер «жас бол, кәрі бол мемлекеттік қызметте қателік жасауға ешкімнің құқы жоқ» деді. Мысалы, мен де мемлекеттік жауапты қызметтегі адамның қателік жасауға құқы жоқ деп білемін. Бұл тұрғыда сіздің пікіріңіз қандай?
- Қателіктер әртүрлі болады ғой. Жауапкершілік болғандықтан, қателіктер болмау керек. Бірақ тәжірибесі аз жастар қателіктерге жол беріп қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда қоғам тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Мемлекеттік органдардағы жауапты қызметтерге кей мықты жастар бармайды, себебі, қоғамдық сыннан қорқады. Менің айналамда жеке меншік компанияда істейтін, бірақ мемлекеттік қызметте мүмкіндіктерін пайдаланғысы келетін қыз-жігіттер көп. Жаңа айтқанымдай, олардың бәрі қоғамдық сыннан қашады.
- Сіз өзіңіз сыннан, қателік жасаудан қорқасыз ба?
-Өзіңе сенімді болсаң, адал жұмыс істеп жатсаң сыннан, қателік жасаудан қорықпау керек. Біз тәжірибені осындай сындар мен қателіктер арқылы аламыз.
-Сұхбатыңызға көп рақмет!