×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Сериал өндірісінде бізде мүмкіндік аз, оны ашып айту керек – «Міржақып, Оян қазақ» режиссері Мұрат Есжан

25.09.2023, 12:10
Сериал өндірісінде бізде мүмкіндік аз, оны ашып айту керек – «Міржақып, Оян қазақ» режиссері Мұрат Есжан
Коллаж: ulysmedia.kz.

Өткен аптада «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кинотеатрларға шықты. Алаш арысының өмірі жайлы фильмді Kinopark кинотеатрлар желісінен көруге болады. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ұсынған фильмнің сериал нұсқасы бұған дейін көпшілік көрерменнің ықыласына бөленген. Фильмде Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көрсетіледі. Басты рөлді актер Бақыт Қажыбаев сомдайды.

Ұлт тарихы, Алаш тақырыбында мұндай туындылар сирек жарыққа шығады. Фильм шыққалы оны әлі келгенше жарнамалап, туындыны көруге үндеп жатқандардың көптігінен тарихты түгендеуде жалпы жұрттың ынтасы зор, мүддесі ортақ екенін аңғарамыз. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте режиссері әрі осы туынды сценарийінің авторларының бірі Мұрат Есжанды сөзге тартып көрді.

– Мұрат мырза, «Міржақып. Оян қазақ» сериалын бәріміз көрдік. Алаш арыстары жайлы түсірілген маңдайалды туындының біріне айналғанын көрермен айтып жатыр. Туындының толық метражды нұсқасы өзіңіздің көңіліңізден шықты ма?

– Алты сериалы – 300 минуттық дүние болған. Содан біз 120 минуттық фильм жасадық. Әрине, сыймай қалған жерлер көп. Әттең-ай, осы жері кіргенде ғой дейтін тұстары баршылық. Бірақ біз көрерменнің реакциясына қараймыз ғой. Көрермен тарапынан «ондай шашыраңқылық жоқ, жалпы біртұтас дүние болып тұр» деген пікірді естіп, көңіліміз орнына түсті.

– Олай сұрағаным, қысқартып, толық метраж қылғанда туындының маңызды тұстары қырқылып, өзектілігіне көлеңке түскен жоқ па?

– Дұрыс енді, бірақ тиімділік деген нәрсе бар. Эффектті тиімділік деп аударсақ болатын шығар. Тиімділікке жету үшін кейбір құрбандыққа баруға болады деп есептеймін. Өйткені прокатқа шыққан бес күннің ішінде барып жатқан жастар, сынып болып көріп жатқан оқушыларды көріп жатырмыз. Алты сериалды бір фильм қылғанда балалардың барып көруі қиын еді. Ауырлау. Мына нұсқа сондай нәрсені кішкене жеңілдетті. Сондықтан бұл да болса кейбір қамтылмаған сегментті қамтыды деп ойлаймын. Сондықтан, бұл – қажеттіліктен туған қадам.

– Әрине, Міржақып Дулатұлының өмірін бір туындымен немесе бір сериалмен толық қамту мүмкін емес. Сценариін жазған кезде әлбетте, түсірілім тобының белгілі бір деңгейде материалдық, ресурстық жағын ескеруге тура келген болар. Бұл жайт жалпы сіздерге қолбайлау болған жоқ па?

– Біз ол жағын толық ескереміз. Тек ресурсқа байланысты ғана әрекетке барамыз. Өйткені біз сценарийді өзім, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ұшқын Сәйдірахман – үш адам жаздық. Өзім түсіретін болғаннан кейін не нәрсеге шамамыз келеді, не нәрсеге шамамыз келмейді – барлығы ескеріледі.

Осы тұста біздегі сериал өндірісінде ашып айту керек – шектеулер, мүмкіндіктердің аздығы көп байқалады. Мысалы, Міржақыптың Соловки лагеріндегі кезеңін біз түсіруден бірден бас тарттық. Оны түсіру мүлде мүмкін емес. Жалпы Қазақстан мемлекетінің өлшемімен қараған күннің өзінде кейбір түсіре алмайтын нәрселер бар. Оны біз мойындап, қолымыздан келген нәрсені жасауға тура келеді.

– Кезінде Алаш зиялылары ағарту бағытын таңдаса да, ішінде батыл әрекетке жақыны осы Міржақып Дулатұлы ма дейміз. Туындыда да осыны көрсеткіңіз келген секілді. Қалай ойлайсыз?

– Алаш қозғалысының мүшелері жалпы саяси шешімдерде бірыңғай әрекет етті деп айтуға болады. Әлихан Бөкейханның басшылығымен Алаш партиясының құрылуы, Алаш үкіметінің құрылуы, контрреволюциялық әрекеттер болсын – әрқайсысы бөлек қарастыруға келмейді. Алаш арысының бірі мынау, ал екіншісі анау жолды таңдады деп айтуға келмейді. Бірақ мінез тұрғысынан және сол бағыттың ішіндегі таңдап алған жол тұрғысынан әрқайсысының бір орыны бар. Мысалы, біз оны Міржақыптың мақалаларынан қатты байқаймыз. Міржақыптың «Оян, Қазақ» еңбегінен бастап, одан кейін «Қазақ» газетіндегі мақалаларын қарасаңыз, осындай отты мінез, еш нәрседен тайсалмайтын рух байқалып тұрады. Естеліктерінде де. Ахметті сабырлы, байсалды, ой үстіндегі адам ретінде танысақ, Міржақып керісінше, от болып тұрған тұлға ретінде көрінеді. Біз фильмде сол нәрсені баса көрсетуге тырыстық.

Біз Алаш дегенде Әлихан, Ахмет, Міржақып деп айтамыз. Алаш тұлғалары көп қой. Соның ішіндегі негізгі үшеуінің ішіндегі ең жасы Міржақып.

– Сіз Міржақып Дулатұлы тақырыбына әлі ораласыз ба?

– Дәл қазір ештеңе деп айта алмаймын, өйткені осы кезге дейінгі тәжірибем – ат баспаймын деген жерін үш рет басады деген сияқты, күтпеген тақырыптар алдыңнан шығады екен. Мысалы, Міржақыптың Соловки лагеріндегі кезеңі де қызық кезең. Ғайнижамал апамыз баласымен бірге бір ай барып, Міржақыптың қасында болған. Міржақыптың өзіне жеке келмесек те, біз Алаш тақырыбына баратын болсақ, Міржақып тасада қалмайды. Әлі де экранға шығады деп ойлаймын.

– Алда Алаш арыстарының қайсысы туралы сериал немесе фильм түсіру жоспарда бар?

– Тап қазір мынаны бастап кетем деген жоспарды айта алмаймын, бірақ көпшіліктің сұрауы – Әлиханмен осы трилогияны түйіндеу деген ұсыныс айтылып жатыр.

– «Тар заман» түсірілді ғой?

– «Тар заманда» тек Әлихан басты кейіпкер деп айта алмаймыз. Ол жерде жалпы бүкіл кезеңді жалпылама шолып өткен дүние болды. Алғашқы баспалдық, кіріспе сияқты. Әлиханның тұлғасына байланысты бір парадокс деп айтуға бола ма, бір нәрсе бар: қазір сіз көшеге шығып, тарихтағы адамдар туралы сұрасаңыз, елдің бәрі Әлиханды таниды. Әлиханды танымайтын адам кемде-кем. Көпшілігі Әлиханды тарихтағы ең ықпалды, ұлы қазақ ретінде біледі. Бірақ солардан Әлихан нақты не істеді, еңбегі неде деп сұрасаңыз, жауап беретін адам өте сирек болуы мүмкін. Сондықтан осындай ракурспен қарау керек. Әлиханның тарихы – Алаш Орданың, Алаш қозғалысының тікелей тарихы. Сондықтан, менің өзім де тұлғаларды түсіргендегі мақсатым – сол арқылы тарихты түгендеу. Біз енді тарихи санамыз кенжелеу қалған елміз ғой. Көп тарихы бұрмаланып, өткенді дұрыс оқымағанбыз. Сондай бір жыртықтар жамалса деген ой ғана.

– Бізде білмейтіндер Алаш арыстары қатарына ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлерімен ұстанымы қарама-қайшы адамдарды да қоса беретінін байқаймыз. Әлихан, Ахмет, Міржақыппен бірге Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Әліби Жангелдинге дейін баттастырып, суретін бірге жариялай береді. Олардың ұстанымдары әртүрлі болғаны, бәрі бірдей бір мүдденің соңында жүрмегені белгілі ғой. Сондайда көрерменге осы жікті ашып көрсету, аршып көрсету қажеттілігі өзекті ме дейміз. Осы мәселе Алаш тақырыбына барған сіздерді ойландыра ма?

– Бұл – ағарту жұмысының жанама эффектісі. Оны ашып көрсету – басты мақсат емес, өйткені Алаш деген кезде бізде жалпы ХХ ғасырдың басындағы адамдар деген түсінік бар. Әйтеуір сол кезеңде өмір сүрсе, Алашпен байланыстыра береді. Алаш партиясы, Алаш қозғалысы деген ұғым бар. Алаш Орда үкіметі деген ұғым бар. Солай айтыла қалыптасатын танымдар. Мақсат – оқулық сияқты параграфқа бөліп, анықтама ретінде фильмде көрсете алмайсыз. Көркем фильм эмоция деңгейінде жұмыс істейді. Ең біріншіден, адамның сезіміне әсер етуі керек. Сол сезінгеннен кейін барып қана арғы жағын білуге тырысады. Сөйтіп, мүмкін адам өзі ізденіп, ары қарай тереңдеп білуге тырысуы мүмкін. Мысалы «Ахмет. Ұлт ұстазынан» кейін адамдар Әліби Жангелдин деген адамды таныды. Зерттей бастады. Бізде өйткені Жангелдин ауданы, қаншама қалада көше атауы бар. Неге деген сұрақтар туа бастады. Бұл – мақсаттың кішкене болсын орындалғаны. Ары қарай оның жүрген жолын, бағытын, олардың арасында пікір қайшылықтарын толығырақ зерттеп, біліп жатса, ол енді көрерменнің өзінің жауапкершілігі деп есептеймін. Біз әрбір детальға шұқшиып, әр адамның тарихи анықтамаларының соңынан кетер болсақ, онда ол көркем дүние болмайды.

– Сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!