«АрселорМиттал» шахтасындағы қайғылы оқиға бұрынғы сценарий бойынша келе жатыр - алдымен, көңіл айту, комиссия құру, марқұмдардың туған-туыстарына өтемақы уәде беру... Десе де одан бөлек, алып кәсіпорынның мемлекет меншігіне өтуі кезінде жекелеген экономистер Үкімет бірқатар мәселені назарға алуы керек деп есептейді. Сол сарапшының бірі Расул Рысмамбетов активті мемлекетке қайтару кезінде "Үкімет бармақ тістеп қалмасын" деп ескертеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Қазір ең бастысы, Үкімет «Арселор Миттал» кәсіпорнын мемлекет меншігіне алуға жақын қалған кезде әдейі немесе кездейсоқ қателіктерге ұрынбау керек. Біріншіден, толық өтемақы талап өткен жөн. Осы жолы ғана қаза болған немесе жарақат алғандардың туған-туыстарына ғана емес, мұның алдындағы апаттар үшін де талап еткен дұрыс! Одан кейін Арселорға арнайы қор құрып, сол арқылы зардап шеккендерге өтемақы беріліп отыруы керек. Бұл жалғыз Үкіметтің ғана емес, корпоративті сектордың да жұмысы. Арселор Миттал жылдар бойы жер қойнауымен байып келді, – дейді экономист.
Расул Рысмаметовтың сөзінше, активтерді қайтару ісінің өзі қауіпсіздік ережелерін жіті тексеруден, кәсіпорындағы регламентті жөндеу жұмыстарын тексеруден кейін жүргізілуі керек. Яғни бізге жылу электр орталығыны 1 теңгеге сатып алып, ондағы жылдар бойы жиналған проблемаларды мемлекет есебінен жөндейтіндей нұсқаның қажеті жоқ дейді ол.
– Олай десек, міндетті түрде бағалаушы компанния шақырып, ол амартизация, құнсыздану себептерінің бәрін зерттеуі тиіс. Сонда ғана бәлкім, инвестордан активті қалпына келтіруді талап етуге болады. Егер қандай да бір нормалар бұзылса, егер жөндеу жұмыстары болмаса, онда соның бәрі бағаланғаннан кейін актив мемлекетке өтуі керек. Себебі активті қайтарып алғаннан кейін, яғни келісімшарт жасалып кетсе, кейін бірдеңе талап ету де қиын, – деп ескертеді Расул Рысмамбетов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда орналасқан Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға салдарынан зардап шеккендердің саны 36 адамға жеткені белгілі болған.
28 қазан күні таңертең «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Шахтаға келген сәттен бастап оның құрамына жауапты тұлғалар мен әріптестер кірген жедел штаб құрылды.
Кейін Қазақстан президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды. Әлихан Смайылов Костенко шахтасындағы апаттың себептерін анықтау жөніндегі үкіметтік комиссияны басқарды Бір күн бұрын Тоқаев Қарағанды облысына өзі келіп, 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сонымен қатар, президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.