×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Қонақүйді тартып алу ісі: Мұхамедиұлы «Дипломаттың» бұрынғы иесін қалай қуып шыққаны айтылды

03.11.2023, 11:22
Коллаж: Ulysmedia.kz

Астанада қонақүйді рейдерлік жолмен тартып алды деп айыпталған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот талқылауы жалғасуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Отырыс барысында қонақүйдің күзет қызметінде жұмыс істейтін куәгер сөз сөйледі. Ол сотталушымен таныс екенін атап өтті. Бастапқыда оларды қонақүйдің бұрынғы қожайыны таныстырған, ол Мұхамедиұлды өзінің серіктесі деп атаған.

Прокурор куәгерден “Мұхамедиұлының бұрынғы қонақүй иесін қуып жібергенін көрдіңіз бе?” деп сұрады.

"Иә, солай болды. Менің көзімше жанжал болды. Мұхамедиұлы оған енді қонақүйге келме деді. Ашуға мініп, айғайға басып сөйледі. Бұрынғы қожайын сабыр сақтап отырды, ештеңе айтпады.

Ал сотталушы бәрін лақтырып, қызбаланып сөйледі.  Содан кейін тіпті бармендерге бұрынғы қожайынға қызмет көрсетуге тыйым салынды.

Жанжал болған кезде мен сонда болдым. Екі тараптан да басқа ешкім болған жоқ...сотталушы саптыаяқты лақтырып, ашуға мініп,  қып-қызыл болып шығып кетті. Ешқандай қоқан-лоқы болған жоқ, бірақ бұрынғы қожайын бұдан былай қонақүйге келмеуі керек деді", - дейді куәгер.

Оның айтуынша, Мұхамедиұлы күзет қызметіне қонақүйдің иесін кіргізбеу туралы ауызша нұсқау берген.

"Мен бұл нұсқаулықты қызметкерлерге жеткіздім. Бұрынғы иесі қонақүйге келуге тырысқаны кездер болды. Бірақ күзетшілер оны кіргізбеді. Мұның бәрі 2020 жылы, көктемде немесе жазда болды", - деді куәгер.

Тағылған айып

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлына "Дипломат" қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алды деп айып тағылып отыр. Сондай-ақ, тергеу оны лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды және қылмысты ұйымдастырды деп есептейді.

Бұл істе жәбірленуші – "Актерек ЛТД" ЖШС құрылтайшысы және қонақүйдің бұрынғы иесі.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2019 жылы  "Дипломаттың" бұрынғы иесі Мұхамедиұлына көмек сұрап жүгінген. Сол кезде Мұхамедиұлы жәбірленушіге 2,5 млрд теңге берген, алайда сенімді тұлғаға бизнестің 71%-ын рәсімдеуді талап еткен. Көп ұзамай экс-министр қонақүйді толығымен өз қолына алғысы келеді.

Ұлттық музейдегі жемқорлық

Еске салайық, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі 4-тармағы және 189-бөлігі 2-тармағы бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлымен қатар Ұлттық музей басшысы болған Алмас Нұразхан, «Экспонат» мердігер ұйым директорының орынбасары Азамат Көшенов пен осы компанияның есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға сотталған болатын. Олар қылмыстық заңбұзушылыққа қатысты деген айыппен кінәлі деп танылды. Сот шешімімен 6 жасар қызы бар, жалғызбасты Айым Сәдуақасованың баласы Сәдуақасованың туыстарының біріне немесе қамқорлық мекемесіне тапсырылатын болған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Үкім шыққаннан кейін көп өтпей, Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген еді. Ал шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі Ғалия Ысқақованы күдікті деп танылғанын мәлім еткен.

Серіктес жаңалықтары