×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Құзырлылар мен қалталылар: Ұлттық спорт федерацияларын кімдер басқарады

16.08.2024, 14:34
Құзырлылар мен қалталылар: Ұлттық спорт федерацияларын кімдер басқарады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Париж Олимпиадасы аяқталғаннан кейін әлемдегі біршама мемлекеттің назары жақында Қазақстанға ауады. Оған себеп – елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Әлемнің бәйгеде ат шаптырып, жамбы ататын, күресіп, құсбегілік өнерін сынайтын спортшылары қыркүйекте Астананы бетке алады. 

Ulysmedia.kz ойындар қарсаңында Қазақстанның ұлттық спорт федерацияларын кімдер басқаратынына шолу жасап көрді. Федерациялардың тізгінінде қалталы, құзырлы адамдар баршылық екен.

Қазақстанның Ұлттық спорт федерацияларын кімдер басқарады

Жалпы елдегі Ұлттық спорт қауымдастығын «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады. Түркияға кетпес бұрын бұл қауымдастыққа Бекболат Тілеухан жетекшілік еткен. 

Исламбек Салжанов – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына енген қазақстандық кәсіпкер, «Алтын Қыран» компаниялар тобының тең құрылтайшысы әрі бас директоры. Өмірбаянында оның әрдайым бизнес саласында жүргені, меценат екені жазылған. Қазақ-неміс бірлескен «AKZHOL» компаниясында директор болған. CNPC-Aktobemunaygas компаниясында еңбек еткен. Ұлттық құрылтайдың, ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі. «Құрмет» орденінен бастап бір басында марапаттары да жетерлік.

Салжанов келгелі ұлттық спорт федерациялары саны 10-ға жетті.

2014 жылы құрылған «Бәйге» федерациясын былтырдан бері бизнесмен Қанат Көпбаев басқарады. Ол Kusto Group директорлар кеңесінің тең иесі әрі мүшесі. Бизнесмен Еркін Тәтішев пен Дәулет Нұржановтың серіктесі. Қазақстанның ең ықпалды 75 бизнесмені тізімінде 28-ші орында тұр. 2018 жылы Forbes сайты құрған рейтинг бойынша Қанат Көпбаевтың дәулеті 110 млн долларды құраған. Қазір байлығы $170 000 000 бағаланады.

«Көкпар» федерациясы 2013 жылы құрылған. Оның президенті – Forbes тізіміндегі Бауыржан Исабаев. Оның байлығы $296 000 000 деп көрсетілген. Бауыржан Исабаев – Айдын Рахымбаев және Асхат Омаровпен серіктестіктікте BI Group құрылыс холдингінің тең иесі әрі тең құрылтайшысы. GR (мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл) бағытына жетекшілік етеді.

«Жамбы ату» федерациясы да 2013 жылдан бері бар. Осы федерацияны және «Арқан тартыс» федерациясын бизнесмен Еркебұлан Ілиясов басқарады. Ол «Alageum Electric» директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстанның электромашина құрылысы қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы әрі YPO Kazakhstan мүшесі. Ілиясов сонымен қатар президент жанындағы ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі.

«Аударыспақ» федерациясының тізгіні – бизнесмен Марат Жұманда. Ол да Forbes тізіміндегі дәулетті адам. Atasu Logistics, Dostyk Cargo Service, Жетісу Асыл Сервис, Жас Customs компаниялары кіретін Atasu Group көлік-логистика тобының негізін қалаушы әрі иесі. Ол сондай-ақ IMD Company ЖШС және Atasu Express компаниясын бақылайды. Atasu Group әлемнің 30 елінде қызмет атқаратын халықаралық көліктік-логистикалық холдинг. Forbes оның байлығын $260 000 000 бағалайды.

Бес жыл бұрын ғана құрылған «Садақ ату» федерациясына кәсіпкер Айдос Мұқатаев жетекшілік етеді. Ол Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры. Еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бастаған ол өмір бойы білім саласында еңбек еткен. «Өрлеу» институты басшысының орынбасары болған. Astana IT University оқу орнын басқарған.

«Теңге ілу» федерациясының президенті – Амангелді Әбдіқадыров. Ол да бизнесмен, алайда медиада көп танымал емес. «ALEM AGRO HOLDING» компаниясының басшысы.

Республикалық «Тоғызқұмалақ» федерациясының президенті белгілі саясаткер Әлихан Байменов. Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы. Әр жылдары Еңбек және халықты қорғау министрі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы болған. Ақ жол партиясын басқарған. Оппозицияда болған.

«Құсбегілік» федерациясының президенті – мемлекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли. Мемлекеттік қызметке журналистикадан барған. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысында ішкі саясат басқармасын басқарған. 2019 жылы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы болып тағайындалып, сол жылы қыркүйекте «Президент телерадиокешені» директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған.

«Асық ату» федерациясының президенті – Асылан Сұлтанов. Ол White Hill Capital, СЕО Tumar VF венчурлық қорының иесі. ІТ саласында инвестиция салады. Al-Farabi Innovation Hub иесі екені жазылған. Венчурлық қор нарығында жұмыс істейді.

«JORYQ» ат спорты федерациясының президенті – Бақытжан Тұрлыбеков. Ол медиаменеджер, екі жоғары білімі әрі журналистикада үлкен тәжірибесі бар. 2013-2023 жылдар аралығында NewTimes.kz, Elorda Aqparat, Айқын-Литер, Халық үні медиа ресурстарын басқарған. Тұрлыбеков сонымен бірге Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

Ойындар Астанада 2024 жылдың 8–13 қыркүйек аралығында өткізіледі. Дүбірлі додаға 100-ден астам елден делегация келеді деп күтіліп отыр.

Ойындар «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы. «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешенінде өткізіледі. 

Көшпенділер ойынына қанша қаражат бөлінді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұровтың сөзінше, ойындардың жалпы операциялық бюджеті - 5,7 млрд теңге.

Бастапқыда бюджет 7 млрд теңгеден асады деп жоспарланған, алайда су тасқынына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қаражат көлемі қысқартылып отыр. Тұжырымдама бойынша ойындарды үнемді өткізу көзделген, яғни жарыстарға арнайы жаңа спорт нысандары салынбайды.

Спортшылар қандай спорт түрінен сайысқа түседі

Спорттық бағдарламаға 20 жарыс түрі енгізілген. Барлығы 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, саятшылық өнер, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Сондай-ақ, ресми бағдарламадан тыс ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім болады. Қазіргі уақытта Ұлттық спорт қауымдастығының қатысуымен командалардың құрамы жасақталып, оқу-жаттығу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Ойындар мына спорт түрлері бойынша өткізіледі: асық ату, ордо, арқан тартыс, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, ашыртмалы аба гюреши, кураш, көрәш, алыш, мас-рестлинг, рowerful nomad, күштілердің сайысы, тоғызқұмалақ (Тогуз коргоол), мангала, овари, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік, көк бөрі.

Ойындарда 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жеңімпаздарға қанша сыйақы беріледі

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұровтың айтуынша, ойындарды өткізуде бас серіктес Halyk Bank болса, іс-шараның демеушісі Alageum ELECTRIC электротехникалық компаниясы. Бас серіктес 253 млн теңге бөліп отыр. Осы сомаға әр спорт түрі бойынша жеке және командалық жүлделер тағайындалады. Көкпар мен көк бөріден жеңімпаз команда 10 млн теңге, екінші орын алған команда 6 млн теңге, үшінші орын үшін 4 млн теңге алады. Жеке спорт түрлерінде алтын медаль иегерлеріне 500 мың теңгеден үлестірілсе, екінші орын 300 мың теңгені иеленеді. Қола жүлдегер 200 мың теңге алады.

Жорға, құнан бәйге, топ бәйге жеңімпазы 3 млн теңгеден иеленсе, аламан бәйге жеңімпазы 5 млн теңге иеленеді. Бұдан бөлек, демеушілердің бөлген қаражаты шетелден келетін ғылыми бағдарлама спикерлеріне, мәдени бағдарламаға қатысушыларға арналған кәдесыйлар мен авиабилеттерді сатып алуға жұмсалады.