Медиасарапшылар Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі журналистерді сотсыз аккредитациядан айыра алатынын айтып дағыл қақты. Олар екі министрлік жариялаған ережелер жобасы осы күйде қабылданып кетсе, журналистердің жұмысын едәуір шектейтінін ескертеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тағы да шектегісі келеді
«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының директоры, журналист Диана Акремованың айтуынша, кейінгі кезде журналистерді мемлекеттік органдарға аккредиттеу мәселесі салада қызу талқыға түскен.
– Біршама сәтсіз бастамалардан кейін меніңше, ойлап тапқаны осы болса керек. Жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік, оған қатысты сот істерін, артынша Масс-медиа туралы заңды білесіздер. Жұмыс тобында жүріп, сол заңмен көп алыстық. Министрлікке заң барынша прогрессивті болып, журналистердің құқығын қорғау керектігін айтып келеміз. Таяуда аккредитация ережелерінің жобасы жарияланды. Өкінішке қарай, бұл да шектеуші құжаттардың бірі болып шықты, - дейді Диана Акремова.
Акремованың сөзінше, халықаралық нормаларға сәйкес, аккредитация – жұмыс істеу үшін берілетін рұқсат емес, журналистің қақы ретіндегі процедурадай болуы тиіс. Журналистің жұмысын жеңілдетіп, сөз бостандығына берілген кепілдік болуы керек. Бұл норма журналистерге жұмыс істеуге рұқсат берерлік тетікке айналмауы тиіс дейді ол.
Ақпарат министрлігі қандай ұсыныстарды қолдамады
Медиазаңгер Гүлмира Біржанова Парламенттегі жұмыс тобы отырыстарында сарапшылар тобы бір емес, бірнеше рет заңға тәуелді актілерді әзірлеуге атсалысуға сұранғанын айтады.
– Ережелерді әзірлеген кезде біздің сарапшылық әлеуетіміз пайдаға жарасын дедік. Өкінішке қарай, бұл ережелерді әзірлеуге бізді қатыстырмайды. Ашық НҚА-да сопаң етіп шыққанда ғана көреміз. Шын мәнінде, ережелер бүгін немесе ертең күшіне енуі керек болған. Бәлкім, бұл ережелер күшіне еніп те кеткен шығар. Ақпарат министрлігіне жазып, жайын сұрағанбыз, жауап келмеді. Журналистер тарапынан кейбір өзгерістер өткір реакция туғызды, – дейді ол.
Гүлмира Біржанова нақты не өзгеретінін санамалап келтірді. Атап айтқанда, Масс-медиа туралы заңда аккредитацияның жеңілдетілген ережелері бар. Ол бірыңғай платформа арқылы жүргізілуі керек. Демек, аккредитациялық карта беріледі. Сарапшы бұл картаны баспасөз картасымен шатастырмау керектігін ескертеді.
– Аккредитация картасы баспасөз картасы секілді қолданылмайтын болар деген үміт бар. Бірыңғай медиаплатформа 2025 жылы басталады. Аккредитациялық картаның бүкіл ережесі бізде бар.
Ақпарат министрлігі типтік ережелерді жасағанымен, Парламенттің мәселен, өз режимі бар. Сол себепті типтік режимнен аса қорқудың қажеті жоқ деген ойдамын. Аккредиттейтін ұйым «өз қызметінің спецификасына қарай ереже әзірлейді» деп жазылған. Бұл норма бізді қатты алаңдатады. Біз аккредиттейтін ұйым типті ережелерге назар аударып, журналистерге қойылатын талапты өзгертпесін деп ұсыныс қалдырып отырмыз. Парламент, түрлі министрліктер мәселен, өз ережесін орнатпауы тиіс. Бұл норманы алып тастайтын шығар деген үміттеміз. Мәселен, министрлік таратқан типтік ережелерде ешқандай мерзім жайлы айтылмайтын, – дейді сарапшы.
Келесі мәселе – журналистерді аккредитациядан айыру мәселесі. Журналист аккредитация тәртібін екі немесе одан да көп мәрте бұзса, оны аккредитациядан айырады. Бұл тәртіп қазақстандық және шетелдік журналистерге қатысты. Медиасарапшылар бұл шектеуді мүлде алып тастау керектігін айтқан. Бірақ жауабын Ақпарат министрлігі қабылдамаған. Әйтсе де, журналисте уәкілетті тұлғаның шешіміне шағым беруге құқығы қалған.
– Журналистердің тағы бір өткір реакциясын туғызған норма – журналист шарттарды сақтап, іс-шараның регламентін, стратегиялық нысан ішіндегі ережелерді сақтауы. Бір емес, бірнеше БАҚ-та істеуіне қойылатын шектеулер. Біз бұл бағытта осы норманың бәрін – аккредиттелгенн журналист қолданыстағы заң талаптарын сақтауы керек деп ұсындық. Бұл пункттердің бәрі журналисті аккредитациядан айыруы мүмкін. Алайда Ақпарат министрлігі бұл пункттердің жою бастамасын қолдамады, – дейді Біржанова.
СІМ бақылауы күшейе ме
«Internews Kazakhstan» заңгері Ольга Диденконың сөзінше, бұрын шетелдік журналистерді аккредитациялау ережелері тек бұйрықтармен реттелетін. Ал қазір көп өзгерістерді заң деңгейіне көтеріп тастаған.
– Бұл сөзсіз, проблемаға толы мәселе. Себебі аккредитация журналистердің жұмысына тыйым ретінде қолданылмауы керектігі айтылса да, СІМ-нің шетелдік журналистерге арнап ережелері біз сақтанған тенденцияны еске түсіріп тұр. Осы әзірленген күйде жобаның күшіне енгені дұрыс емес! Жоба 3 қыркүйекке дейін талқыланады. Егер шетелдік БАҚ-қа арналған аккредитацияның мерзімі болмаса, бұл ережелерде аккредитация үш жылға берілетіні жазылған. Әлбетте, медиабизнес үшін бұл қолайлы емес. Яғни, алдағы уақытта ол аккредитация сол БАҚ-қа беріле ме, жоқ па – белгісіздік туғызады, – дейді ол.
Диденко шетелдік журналистер жайлы айтқанда ол да Қазақстанның азаматтары екенін ескеру керектігін атап өтеді.
– Біздіңше, СІМ осы ережелер арқылы журналистер жұмысының контенттік бөлігіне бақылау жүргізгісі келеді. Мұны болып кеткен факт емес, осы ережелер туғызатын жағдай ретінде айтып отырмын. Бизнестің өзін бір-ақ күнде тіркей салатын цифрлық заманда аккредитация үшін берілген өтінімді қарау – 2 ай! Біз цифрлық мемлекетпіз дейміз де, қарапайым өтінімді 2 ай қараймыз. СІМ оның үстіне ылғы ұзартып отырады, – дейді Диденко.
Масс-медиа туралы заң
Мемлекет басшысы «Масс-медиа туралы» заңға биыл маусымда қол қойған еді. Жаңа Заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді. Аталған заңдар алдағы уақытта күшін жояды. Жаңа Заңда бірқатар тың ережелер қарастырылған. Кәсіби орта заңға енгізілген бірқатар нормаларды қолдамаған.
Ал жақында "Ашық НҚА" порталында Мәдениет және ақпарат министрлігінің журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы бұйрық жобасы жарияланды. Құжатқа сәйкес, журналистер ресми іс-шараларда алған ақпаратты тек аккредиттелген басылымдарда ғана емес, басқа жерлерде де жариялаған жағдайда аккредитациядан айырылуы мүмкін. Мысал ретінде әлеуметтік желілерді келтіруге болады. Сонымен қатар, іс-шараларды ұйымдастырушылар өздерінің аккредитация ережелерін белгілей алады.