×
492.22
529.38
5.03
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
492.22
529.38
5.03

«Атамекен» ҰКП монополист әрі құбыжыққа айналды – Дворецкий

04.11.2024, 13:14
«Атамекен» ҰКП монополист әрі құбыжыққа айналды – Дворецкий

«Парасат» кәсіпкерлер альянсы «Baytaq» жасылдар партиясының қолдауымен Астанада «Атамекен» ҰКП-ны трансформациялау немесе тарату тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Олар жақын арада нақты талаптарымен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазғалы отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ДАМЫТАМЫЗ ДЕГЕН ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС АРТҚА КЕТІП ЖАТЫР”

Жиынға қатысушылар сарапшылардың пікіріне сүйеніп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске пайдадан гөрі көп зиян келтіретінін, өндіруші және банк саласы кәсіпкерлерінің тар тобының мүдделерін қолдайтынын, бұл ретте бизнестен міндетті мүшелік жарналар және бюджеттен субсидиялар түрінде жылына 20 млрд теңгеден астам қаражат алып отырғанын айтады. “Парасат” кәсіпкерлер альянсының төрағасы сарапшылардың бағалауына сүйеніп, ҰКП өзінің өмір сүрген жылдарында бюджеттен жарты миллиард АҚШ долларынан астам қаржы алғанын атап өтеді.

Таяуда палатаның кезекті съезі өтеді. «Baytaq» партиясының басшысы Азаматхан Әміртаев оған қатысуға өтініш білдіргенімен, палата оны қатыстырудан бас тартқан көрінеді. Әміртаев осыдан 11 жыл бұрын құрылған “Атамекен” шағын және орта бизнесті сол күйі ілгері жылжыта алмады деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол палатаға мүшелік жарналарды алып тастау керек деп есептейді.

– Қазір олар (палата – авт.) мүшелік жарнаны төлемегендерді сотқа беріп, сот арқылы алуды мақсат қойып отыр. Сонда қалай болғаны? Заң жобалары шыққан кезде кәсіпкерлікті қорғау, дамыту мақсатында Үкімет ҰКП-ға жүгінеді. Солардан ақпарат алып, заңға өзгерістер жасайды. Біздіңше, бұл дұрыс емес. ҰКП вертикальды түрде әртүрлі департамент ашып, министрлер секілді мекеме болды. Кәсіпкерліктің диагнозын олар еш бере алмайды, – дейді ол.

ПАК НЕ ДЕЙДІ

Баспасөз мәслихаты алдында оны өткізгендер таратқан мәліметте,  2020 жылы ҰКП кірістері 18,96 млрд теңге деңгейінде бекітілгені, оның ішінде міндетті жарна 8,43 млрд теңгені (44,5%), ал мемлекеттік органдарға көрсетілетін қызметтерден түсетін кірістер 10,53 млрд теңгені (55,5%) құрағаны жазылған. “ҰКП – бұл азаматтардың конституциялық құқықтарын бұза отырып, бизнесті ұстап тұру үшін ескі Қазақстан бизнеске заңнамалық деңгейде мәжбүрлеп енгізген ұйым, жаңа және әділ Қазақстанда осындай ұйымдарға орын жоқ” делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Азаматхан Әміртаевтың орынбасары әрі «Парасат» кәсіпкерлер альянсы ЗТБ басқарма төрағасы Олег Пак бір кездері “Атамекен” ҰКП-да еңбек еткенін, сондағы комитеттің бірін басқарғанын айтады. 

– 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін ҰКП басшысы ауысты. Палатаны трансформациялау үшін Баталов (Райымбек) келді. Сол кезде жақсы сөздер айтылған. Бірақ айтылғанның бәрі орындалмады. Өз басым оны трансформациялау міндеті қойылмағанын түсіндім. Комитеттердің бәрінің басын қосып, ол жиынға Баталовты шақырған едік. Сол жиында ҰКП-ның жалпы проблемаларын айтқымыз келген. Біз комитет өкілдеріне басқарма тарапынан жүйелі түрде қысым жасалатынын айттық. Басқарма басшылығының жұмысына КРІ енгізу мәселесін көтердік. Өкінішке қарай, жарнадан түскен қаражатқа өздеріне лояльды одақтарды “сатып алып отыр”, – дейді ол.

НАҚТЫ ТАЛАП ҚАНДАЙ

Жиынды өткізгендер мемлекет басшысының атына өтініш пен ұсыныстар дайындап жолдағалы отыр. Нақтырақ айтқанда, азаматтар мен кәсіпкерлердің конституциялық құқықтарының бұзылуын жойып, бизнеске арналған мүшелік жарналардың толық алып тастауды, ҰКП қызметін бюджеттен қаржыландырумен шағын және микробизнесті қолдауға бағыттауды ұсынады.

«Өзін-өзі реттейтін ұйым-Қазақстан қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің одағы төрағасы, үйлестіру кеңесінің мүшесі Владимир Дворецкий ҰКП-ны сынға алып, оны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жобасы деп атады.

– Бұл біздің мойнымызда отырған құбыжық, ол қажет емес, біз одан біржолата құтылуымыз керек, — дейді ол.

Дворецкийдің айтуынша, "Атамекен" қауымдастығы міндетті мүшелік пен төлемсіз ұйым ретінде құрылған. Ол бұл жобаның бастамашыларының бірі өзі болғанын еске салды: Серік Ахметов – төраға, Жақып Асанов пен Дворецкйидің өзі – оның орынбасарлары боғлан. Сол кезеңде ұйымның аппараты 10 адамнан тұрса, жарналар ерікті болған, ал басшылық үкіметтің әр отырысына қатысқан.

– "Атамекен" осы деңгейде жұмыс істеді. Бұл отбасына да (Назарбаев әулеті) ұнады. Олар мүшелік пен төлемдерді міндетті ету шешімін қабылдады. Міне, осы сәттен бастап палата жалпы экономиканы басқаруға мүмкіндік беретін құбыжыққа айналды. Яғни, әрқашан атқарушы билік, үкімет және бизнес-қоғамдастық арасындағы келісімдердің елесін жасады, – деп нақтылады ол.

Дворейкий билікпен диалогта монополия пайда болғанын және салалық ұйымдар Үкімет үшін ештеңе болмай қалды деп түсіндірді. 

– Бұл қазіргі басшылыққа тиімді. Барлық ескі жүйені Назарбаев салған, ол бүгінде осы жүйеге енгізілген адамдарға тиімді және олар ештеңені өзгертпейді, — деді ол.

Мемлекет басшысына хат жақын арада жолданғалы отыр.