×
497.26
525.21
4.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
497.26
525.21
4.97

Төртінші аукцион: Қостанайдағы халықаралық әуежай тағы өтпей қалды

08.11.2024, 10:02
Төртінші аукцион: Қостанайдағы халықаралық әуежай тағы өтпей қалды
Ulysmedia коллажы

Электронды сауда алаңына төртінші рет шыққан әуежайға ешкім қызығатын емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘУЕЖАЙДЫ КІМ САТАДЫ

Аукцион сайтында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық «Қостанай» әуежайы акцияларының 49%-ын Қостанай облысы қаржы басқармасы сатылымға шығарған. Нысан қазір Қостанай облысының жолаушылар көлігі мен жолдары басқармасының меншігінде.

Әуежайдың 49% акциясының бастапқы құны – 4,7 млрд теңге. Бағалау құны биыл ақпанда жасалған. Әуежайдың толық акциясы 9,5 млрд теңге тұрады.

МЕМЛЕКЕТТІҢ ТАЛАБЫ

Билік тарапы әуежай акциясының 49% сатып алуға ниетті кәсіпкерге кейіннен сатып алу құқығымен оны 5 жылға сенімгерлік басқаруға бергелі отыр. Кәсіпкер қызмет бейінін 5 жыл сақтап, штат санын қысқартпай, халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес нысанды үздіксіз әрі қауіпсіз пайдалануы керек. Жүк және жолаушылар тасымалын ұлғайту үшін екі жыл ішінде әуежай аймағында қосымша терминалды өз қаражаты есебінен салуға тиіс. Одан бөлек, өз қаражатымен мамандырылған техника сатып алып, Boeing 747, Airbus 330 типті ауыр ұшақтарды қабылдау мүмкіндігіне арналған қолданыстағы жасанды ұшу-қону жолағын 2800 метрден 3200 метрге дейін ұлғайтуға міндетті. Рейстерді сақтап, екі жыл ішінде әуежайдың халықаралық қатынастары мен жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуы керек.

Сауда күні бүгін өткен. Алайда әуежайды сатып алуға ешкім өтінім білдірмеді.

ӘУЕЖАЙ ҚАШАН, ҚАНШАҒА ЖАҢАРТЫЛДЫ

Жөнделмес бұрын да бұл әуежай бірнеше рет саудаға шығарылған. Ол кезде де мемлекеттің қойған талабынан қорықты ма, әлде жөндеу қажет екенін білді ме, әйтеуір ешкім ала қоймаған. Осыдан кейін әуежай республика балансына өтті. 2018-2019 жылы әуежайды жөндеу жөнінде шешім қабылданып, әуелі ұшу-қону жолағы жаңарған. Кейін жолақтың ені 300 метрге, ал ұзындығы 2,5 шақырымнан 2,8 шақырымға ұлғайтылды. Жолақты жөндеудің өзіне 7 млрд теңге кетті.

Артынша әуежайдың да ғимараты жаңартылды. Жалпы әуежайды жаңартуға сол тұста 12 млрд теңге жұмсалған еді.

ЭКОНОМИСТ НЕДЕН САҚТАНДЫРДЫ

Бұған дейін экономист Расул Рысмамбетов Қостанайдағы әуежайдың сатылып жатқанына алаңдайтынын жазған.

– Оларды сатсақ, біріншіден, азырақ ақша табамыз, ал екіншіден стратегиялық нысанды жоғалтамыз: шетелдіктердің сатып алу ықтималдығы жоғары. Мысалы, Орал, СҚО, Атырау, Алматыдағы әуежайлар тікелей немесе жанама болсын шетелдіктердің иелігінде. Неге оларды қазақстандық компанияның басқаруына бермеске? – деді ол.

МИНИСТРДІҢ ҰСТАНЫМЫ

Осы мәселе белгілі болғаннан кейін Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаевқа осы сұрақты қойған. Қарабаев сол кезде Қостанайдағы әуежайды белгілі бір инвестордың сатып алатыны жөнінде ешқандай өтінім келіп түспегенін, өтініш түссе мемлекет тарапынан ол міндетті түрде қарастырылатынын айтқан еді. Министрдің сөзінше, әуежай – стратегиялық нысан әрі оның кімге сатылып, кімге сатылмайтыны Үкіметтің құзыретінде. Қарабаев әуежайларға шетелдік инвесторлардың келуі – заңға қайшы емес екенін айтады.