×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Кандидатураңды алып тастамасаң арты қиын болады»

09.02.2023, 14:29
«Кандидатураңды алып тастамасаң арты қиын болады»
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz порталына таяуда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласынан Абат Амангелді атты азамат хабарласты. Ол 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына өз кандидатурасын ұсынбақ болған. Алайда әкімдік кедергі келтіріп, сайлауға кандидат ретінде тіркеле алмағанын айтады.

«Ешкім нақты ештеңе демейді»...

28 жастағы Абат Амангелді вахтада жұмыс істейді. Ulysmedia.kz порталына хабарласқан ол «журналистер тек белгілі адамдарды ғана емес, біз сияқты қарапайым, ешкім тани қоймайтын адамдардың да басынан өтіп жатқан жайттарды жазса, жасырмай айтса дейміз» деген өтінішін білдірді.

 – Абат мырза, біздің редакцияға хабарласуыңыздың себебі неде?

– Мен жалпы мәжіліске тіркеуге тапсырған едім. Сәйкестік бойынша бірінші кезеңнен өттім. Өткен аптаның бейсенбісінде құжаттарымды тапсырдым. Сол күні түске дейін тапсырған едім, түстен кейін бірден әкімдіктен ағамды шақырыпты.

– Аудан әкімдігі шақырды ма?

– Иә, аудан әкімдігі. Содан кейін күні кеше міне, әкемді шақырды. Аудан әкімінің өзі де шақырды. Онымен де сөйлестік. Жалпы айтып отырғандары – кандидатураңды алып таста дейді. Арты қиын болады дейді.

– Мәжіліске сайлауға түсу үшін сонда құжаттарыңызды қайда тапсырдыңыз?

– Ақтөбе облыстық әкімдігі жанындағы Орталық сайлау комиссиясының бөлімшесіне тапсырдым.

– Олар не үшін кандидатураңызды алып тастауды талап етті? Онысын түсіндірді ме?

– Шыны керек, білмедім. Мәселенің мәнісін сұрадым. Маған ол (әкім – авт). «саған оны айтатын болсам, бір сағат отыруым керек» деді. Жалпы нақтылап ешкім ештеңе айтпайды. Кімнің орнына түсіп тұрғанымды, елде реформа жүргізіліп жатқанын, соған сәйкес, өзімді ұсына алатынымды айттым. Солай десем де, әкімдіктен өзіме қанағаттанарлық жауап ала алмадым.

– Сіз сайлауға түсу үшін бірінші сатыдан өттім дедіңіз...

– Иә, жалпы 10 жыл Қазақстанда тұрғаным, 25 жастан асқаным, сондай талаптың барлығы бойынша сәйкестінім ескерілді. Екінші кезең – декларация тапсырып, мүшелік жарна беру ғой. Сол мәселені әлі де ақылдасып жатырмыз. Бірақ сол мәселеге жетпей тұрып, осындай жайттар болып жатыр.

Өте алмасақ та, Мәжіліске тіркеле алмасақ та, халық жергілікті жерде осындай жайттар болып жатқанын естісе деймін. Қазір байқасам, тек танымал адамдар туралы, олардың кандидат ретінде тіркелгені туралы айтылып жатыр. Олар туралы репортаж жасалып, сұхбат алынады. Әкем жүргізуші, шешем сатушы, өзім вахтада жұмыс істеймін. Біз сияқты қарапайым азаматтардың осындай процестен қалай өтіп жатқанын халық естісе деймін. Бар болғаны сол!

– Бізге жазған кезде «әке-шешең жыламасан десең, кандидатураңды ал» деген сөз болғанын айттыңыз. Сізді қорқытты ма?

– Әкемнің өзі айтты. Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Тұрарұлы маған «әке-шешеңіз жыламасан десеңіз, жалпы кандидатураңды алып тастаңыз» деді. Өзім де 18-ден асқан азаматпын, мен ол кісіге не үшін әкемді мазалап жатқанын сұрадым. Содан кейін аудан әкімінің өзі шақырып, сол кезде осындай әңгімелер болды.

Жауапсыз кеткен әкімдік

Мәселенің мәнісін білу үшін Ulysmedia.kz тілшісі Ақтөбе облысы әкімі аппарат жетекшісінің орынбасары – баспасөз хатшысы Ержан Байтанаевқа хабарласып көрген. Байтанаев сайлауға кандидат болып тіркелуге ешкімге тыйым салынбайтынын, бәрі заң аясында болатынын атап өтті.

«Облыс әкімдігі тарапынан ондай ешқандай жоқ. Қатысам деген адамдардың бәрі де өз қалауымен бара алады. Оның бәрі Конституцияда жазылған. Сол себепті ешқандай тыйым жоқ», - деген ол Мұғалжардағы жағдай бойынша «керек болса тексеру жүргізуге дайын» екенін айтты.

Абат Амангелді кездестім деген Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериаздановқа хабарласып көргенбіз. Ол телефонын көтермеді. WhatsApp желісіне жазған хабарламамызға жауап бермеді. Алайда жекесіне жазылған хабарламадан кейін Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Рустам Ахметов хабарласты. «Асқар Тұрарұлы қазір халықпен кездесуде еді. Содан кейін жеке қабылдауы бар» деді ол.

Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов

Рустам Ахметовтен әкімнің Абат Амангелдіұлымен не үшін кездескенін, араларында қандай әңгіме болғанын, Абат айтқан сөзді әкімнің растайтынын немесе растамайтынын білмек едік. Ол әкімнің Абатпен кездескенін растағанымен, одан кейінгі ақпаратты «қосымша беруге (8 ақпан кешке дейін)» уәде берген.

Алайда бір күн өтсе де әкімдіктен редакцияға ешкім хабарласпады.

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 19 қаңтарында «сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалатынын, өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туатынын айтқан» еді.

«Енді мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады», - деген болатын мемлекет басшысы.