×
448.89
477.93
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.89
477.93
4.76

«Дабыл қаққан» куәгер: Боранбаевтың компаниясы не үшін банкрот алдында тұр

21.02.2023, 20:17
Коллаж: ulysmedia.kz.

Сарыарқа ауданының №2 сотында бизнесмен Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша сот отырысы бүгін де жалғасты. Сот отырысында куәгер ретінде «АзияГаз Чунджа» компаниясының заңгері Эльмира Баттал жауап беріп, мемлекеттік органдар компанияға әртүрлі қысым көрсетіп, айыппұл салып, газ нарығынан ысырғалы жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұлай кете берсе АзияГаз Чунджа компаниясы банкротқа ұшырайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Сотты тоқтата салсақ қайтеді!?»

Бүгінгі сот барысында тергеу кезінде жинақталған том-том материалдар, алынған жауаптар оқылды. Прокурорлар күні бойы тергеу кезінде кімнен қандай жауап алынғанын, кімнің жауап бергенін баян етіп, ұзақ істі оқып бітпей жатыр. Адвокаттар кейбір томдағы материалдар қосымша зерттелуі керек деп есептейді.

Сот барысында адвокаттар «АзияГаз Чунджа» компаниясының заңгері Эльмира Батталдан жауап алуды судья Назгүл Бапақовадан өтінген. Бастабында сот тарапынан қарсылық болғанымен, кейін ол куәгерден жауап алуға рұқсат берді. Сөз арасында сотталушы Боранбаев судьяның бұл әрекетіне наразылығын білдірді.

«Құрметті сот! Мұнда келген куәгерлердің бәрі де ешқандай шығынның, ұрлықтың болмағанын айтып, жауап берді. Ешкім ештеңе ұрламаған. Ендеше, не үшін куәгерлерді шақырамыз? Ешкімді шақырмай-ақ та қойыңыз, ендеше. Бұл істі жабатын кез келді. Ешкімді қинамай», - деді ол.

Сотталушының наразылығына судя Бапақова «әлі ешқандай шешім шыққан жоқ» деп жауап берді.

«Біз қысым көріп жатырмыз...»

Осыдан кейін куәгер ретінде «АзияГаз Чунджа» компаниясының заңгері Эльмира Баттал жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта АзияГаз Чунджа компаниясына табиғи монополияларды реттеу агенттігі, бәсекелестікті қорғау агенттігі, мемлекеттік кірістер органдары мен прокуратура негізсіз қысым көрсетіп жатыр.

«Біздің мемлекеттік органдармен, саланы бақылайтын мекемелермен қарым-қатынасымыз қазір жақсы емес. Ештеңе ойлап таппай-ақ, бір мысал келтірейін, оны құжаттармен де дәлелдей алам: Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің аумақтық департаменті бізді қатысымыз жоқ болса да жауапкершілікке тартып, шамамен 10 млн теңге айыппұл салды. Олар негізсіз айыптап отыр. Бәрі былтыр шілде-тамыз айларында басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Департамент не дейді? Ол біз тұтынушыларға форма бойынша техникалық шарттарды қойғанымыз үшін жауапкершілікке тартты. «Тұлпар» деген автожуу орнына техникалық шарт қойдық. 2021 жылы Ұлттық экономика министрлігі шарт қандай формамен толтырылуы керектігі жөнінде бұйрық шығарған. Департамент «сіздер техникалық шарттардың типті формасын бұздыңдар» дейді. Біз «форма 2020 жылдың қарашасында беріліп кеткен, біз болашақта болатын істі қалай бұзуымыз мүмкін» дейміз оларға. Олар «бізге оныңыз қызық емес, айыппұл төлеңдер» дейді. Бұл абсурд!» - дейді ол.

Компания өкілінің айтуынша, Ахметов атты азаматтың үйін газға қоспағаны үшін де компания 5,5 млн теңге айыппұл арқалаған. Ал Ахметов газдың тартылғанын растаған.

«Сотқа шақырғандарыңызға рахмет. Ішім толып қалыпты. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де бізге негізсіз айыппұл салды. Біздің дәлел-дәйектерімізді олар мүлде қабылдамайды, тыңдамайды. Біз қарапайым логикалық сұрақтарды қойсақ, керек жерге шағымдана беріңдер дейді. Әлбетте, біз шағымданып жатырмыз. Бұл нонсенс, абсурд», - деп қайталайды ол сөзін.

«Бұлай кете берсек, банкрот боламыз...»

Адвокаттар Батталдан «мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі әрі мақсатты түрде компанияға қысым жасалып жатыр ма?» деп сұраға. Бұл сауалға АзияГаз Чунджа өкілі «дәл солай» деп жауап берді. Адвокаттар «Азия Газ Чунджа компаниясы аймақтың газ нарығынан ысырылып жатыр ма?» деген сұраққа Баттал «дәл солай, оған сенімдіміз» деді. Куәгердің сөзінше, құзырлы органдар компаниядан тұтынушылар алдында тарифті төмендетуді талап еткен. Алайда Эльмира Баттал «біздің қарызымыз, міндеттемелеріміз бар, егер ірі жобалармен жұмысты жалғастырмасақ, бұлай кете берсе, компания ары қарай жұмыс істей алмайды” деп мәлімдеді.

«Біз бүкіл аймақты газбен қамти алмаймыз. Қазір компания шығын сатысында тұр. Төлейтін міндеттемелеріміз көп. Бұлай кете берсе біз бір күні жарыламыз. Мұның арты біздің банкроттыққа апара жатыр. Егер прокуратура талабына көніп, бағаны түсірсек, газ желілерінің бәрін қалай ұстап тұрамыз? Ол мүмкін емес. Бұл бәрібір компанияның банкроттығына апарып соғады», - дейді ол.

Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаевтың ісі сотта былтыр желтоқсаннан бастап қарала бастады. Тергеу нұсқасы бойынша, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ пен Ибулла Серді өздерінің бақылауындағы «АзияГаз Чунджа» ЖШС арқылы Qazaq Gaz ұлттық компаниясынан (бұрынғы ҚазТрансГаз) газ тасымалдау кезінде қаражат жымқырған. Істе прокурорлар жымқырылған сома көлемі 14,5 млрд теңге екенін айтады.

Үш айыпталушы – Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ибулла Серді шет елдердің бірінде былтырдан бері бос тасалап жүр.

Қайрат Боранбаевты қолдауға өткен отырыстарда Мәскеуден МУЗ-ТВ басшысы Арман Дәулетияров, Алматыдан әншілер Байғали Серкебаев пен Нағима Есқалиева келген. Танымал куәгерлер соттан Боранбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді, оны қамаудан үйқамаққа жіберуді өтініп, керек болса ол үшін кепіл бола алатындарын айтқан болатын.

Өткен аптаның соңында Боранбаевтың өзі денсаулығына байланысты сот отырысына қатыспаған.

Серіктес жаңалықтары