×
498.51
522.84
4.81
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.51
522.84
4.81

«Боқаев қаласа сотқа барсын»: Стамбеков сайлау әділ өткеніне сенімді

29.03.2023, 12:49
«Боқаев қаласа сотқа барсын»: Стамбеков сайлау әділ өткеніне сенімді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Алматыдан сайлауға түсіп, депутат болған Ерлан Стамбеков Санжар Боқаевтың сайлау әділетсіз өтті деген сөзімен келіспейтінін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжіліс кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі депутат Стамбековты әңгімеге тартты.

– Сайлау аяқталғаннан кейін негізгі оппонентіңіз Санжар Боқаев 202 хаттаманың 191-ін тексеріп, олар бойынша өзі жеңімпаз болып шыққанын мәлім етті. Екі рет ролик түсіріп, сіздің әділетсіз дауыс жинағаныңызды айтты. Оған не деп жауап берер едіңіз? Сайлауда әділ түрде жеңдім деп ойлайсыз ба? Жалпы сайлау әділ өтті деп есептейсіз бе?

– Мен әділ жеңдім. Мен солай ойлаймын. Неге десеңіз, біз толығымен сол ақпаратты өзіміздің байқаушылардан алғанбыз. Екіншіден, егер ол кісі қарсы болса, оған ЦИК-пен соттасуға қажеттілік бар. Міндетті түрде. Сондықтан, бұл жерде маған қандай сұрақ? Өйткені өзіміздің ақпарат бойынша біз жеңіске жеттік. Қарсы шығатын болса, сотқа барсын.

– Өзіңіздің позицияңыз дұрыс екенін дәлелдеу үшін Санжар Боқаевпен дебатқа сайлаудан кейін де шығар ма едіңіз?

– Мәселе былай: біз дебатқа шығатын болса, қандай нәтижеге келеміз? Олар өздері хаттаманы қай жерден алғанын көрсетеді. Мен оны тексеретін мен емес. Оны тексеретін ОСК болуы керек. Егер екеуміз дебатқа шықсақ, «спорлассақ», кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін қалай анықтаймыз? Сіз өзіңіз қалай ойлайсыз? Тек шешетін – ОСК.

– Ол кісі сотқа да жүгінемін деп отыр...

– Міндетті түрде. Мен оның құқығы бар. Құқығын сыйлаймын. Ол да, мен де үміткер болдық. Үгіт-насихатымызды өткізіп, сондай нәтиже алдық.

– Жалпы сайлау әділ өтті деп ойлайсыз ғой?

– Мен сайлауға ешқандай... Біздің байқаушылар болды. Жан-жақты ақпарат берді. Бүкіл байқаушылардан қалай өтіп жатқанын сайлау барысында сұрағанмын. Ешқандай дұрыс емес өткізіп жатқан немесе ескертулер болған емес.

– Яғни әділ өтті деп ойлайсыз?

– Мен солай ойлаймын.

– Санжар Боқаев сізге көбінесе әскери бөлімдер, мемлекеттік ұйымдар дауыс бергенін айтады, Ол шындыққа жанаспай ма? Сіз жеңген сайлау учаскелері шынымен сондай ма?

– Біз қарапайым сайлау учаскелерінде де бірінші орында келгенбіз. Бірақ әлі толығымен айтар болсақ, нәтижелерге ол кісі қарсы болса, ЦИК-пен соттассын. Маған ол жағынан қандай сұрақ қойылады? Ешқандай.