×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Ильин зілзала қаупі жайлы: Ауылдарда үй саман кірпіштен салынып жатыр – бұл нормаға сай емес

05.04.2023, 09:50
Ильин зілзала қаупі жайлы: Ауылдарда үй саман кірпіштен салынып жатыр – бұл нормаға сай емес
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында осы сұрақты Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге депутат Темір Қырықбаев қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Еліміздің оңтүстік өңірлері, әсіресе Алматы қаласы жоғары сейсмикалық аймаққа жатады. Сонымен қатар батыс және орталық өңірлерімізде қазба байлықтарды игеру жер астында бос кеңістіктердің пайда болуына себеп болып отыр. Яғни ол аймақта техногендік жер сілкінісі орын алу қаупі жоғары.

Бізді толғандырып отырған мәселе: қауіпті жағдай орын алса (зілзала болса) қазір салынып жатқан құрылыс ғимараттары мен имараттар күшті зілзалаларға төтеп бере ала ма?

Қауіп-қатерді азайту мақсатында қандай жұмыстарды атқарып жатырсыздар?» - деп сұрады Қырықбаев.

Бұл сұраққа жауап берген Юрий Ильин Түркияда болып жағдайға байланысты көптеген мемлекетке сейсмикалық қауіпсіздік мәселелерін қайта қарауға мәжбүрлегенін мәлім етті. Оның ішінде Қазақстан да бар.

«Қазақстан аумағының 40 пайызы зілзала қаупі бар аймаққа жатады. Бағымызға орай, соңғы ондаған жылдарда Қазақстан аумағында аса үлкен зілзала болған емес. Бірақ бұл арқаны кеңге салу керек дегенді білдірмейді. Бізге таяуда ғана сейсмология институты берілді. Ол институтқа жылдар бойы зілзаланы болжауға қаражат бөлінбей келген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір Алматы әкімдігінің қаржыландыруымен биыл 30-дан аса сейсмостанса беріледі. Олар анализді тереңірек жүргізуге көмектеседі», - дейді министр.

Юрий Ильиннің айтуынша, мұндай бағыттағы жұмыс Алматы ғана емес, зілзала қаупі бар барлық өңірде жүргізілуі керек.

«Бұл бағытта бізде сейсмостансалар желісі болуы үшін республикалық және жергілікті бюджет бойынша жұмысты жалғастырамыз. Қазір халықаралық деңгейде біз алдын ала ескерту амалын барынша дамыту мәселесін көтеріп отырмыз. Оның мәні неде? Біз зілзала болуы мүмкін эпицентрлерді білеміз. Егер датчиктер зілзала болуы мүмкін екенін ескертсе, автоматты түрде ол хабарды қалалардың хабарландыру бөліміне жолдауы керек. Халықты солай ескерте аламыз», - дейді ол.

Министр 10 секундтық ескерту қаншама адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін екенін айтады.

Юрий Ильин ірі қалалар ғана емес, ауыл-аймақтарға да мән берілуі керектігін мәлім етті. Айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін ауыл-аймақта саман кірпіштен үй салынып жатқанын атап өтті. “Бұл ешқандай нормаға сай емес, зілзалаға мүлде төтеп бере алмайды” дейді министр. Сөзінше, стандарттарды реттеу керек. Ол қаржылық, тіпті заңнамалық жұмысты талап етуі мүмкін.