×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

«Сепаратизм мен рушылдық?» Жаңа заң бойынша құрылатын кеңес депутаттарды несімен қорқытты

06.04.2023, 15:47
«Сепаратизм мен рушылдық?» Жаңа заң бойынша құрылатын кеңес депутаттарды несімен қорқытты
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бүгін мәжіліс депутаттарына Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков «жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын таныстырды. Заңдағы жаңашылдықтың бірі ретінде Омарбеков ауылдар мен қалаларда халықтың ашық дауыс беруі арқылы жергілікті өзін-өзі басқару органы – кеңес құрылатынын мәлім етті. Алайда заң жобасындағы дәл осы бірінші норма депутаттардың қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң жобасында кеңес жайлы не жазылған?

Заң жобасында кеңес мүшелерінің саны тұратын азаматтардың және ауылдық округтегі елді мекендердің санына байланысты болатыны жазылған. Бұл ретте кеңесте ауылдық округтің құрамына кіретін әрбір елді мекеннен өкілдік қамтамасыз етілетін болады.

«Кеңес төрағасы лауазымы тұрақты және жергілікті бюджеттен төленеді. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен астана деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқару органы – қалалық өзін-өзі басқару кеңесі құрылады. Қалалық өзін-өзі басқарудың кеңесін қалыптастыру үшін қалалардың аумағы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына сәйкес сайлау округтері мен учаскелеріне бөлінеді. Қалалық өзін-өзі басқарудың кеңес құрамы сайлау учаскелері өкілдерінің қатарынан бір сайлау округінен бір өкілден құрылады», - дейді Бауыржан Омарбеков.

Вице-министр бір сайлау округінің құрамына кіретін сайлау учаскелерінің өкілдері қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесін қалыптастыратынын, тиісті учаске (сайлау округі) тұрғындарының мүдделерін білдіретінін айтады. Аудандық кеңес мүшелері қалалық кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қалалық кеңеске бір өкілді сайлайды-мыс.

«Кеңесті күшейтсек, мемлекет билігіің заңдары орындалмайды»

Дәл осы кеңеске келгенде депутаттар әртүрлі пікір айтып, мұның жақсы идея емес екенін келтіреді. Бірі «бюрократизмді көбейтіп алмаймыз ма?» десе, екіншісі «онда мәслихаттарды не үшін ұстап отырмыз?» деп мәселе көтерді. Кеңестің құрылуын «шағын әкімдік пен шағын мәслихат» деп сынағандар да болды.

Мәжілісмен Мұрат Әбенов әр елдімекеннің өз ерекшелігі барын атап өтеді.

«Кеңесті сайлап қойып, ертең әкімнің жұмыстарына, соның ішінде мемлекеттік бюджетке түскен қаржыға бақылауды кеңеске беріп отырсыздар. Бұл жерде екеуінің қарым-қатынасы анық емес. Әкім – атқарушы, ал мынау – өкілетті билік. Ол жазылмаған. Барлығын араластырып жібергенсіздер. Ең дау-дамай кеңесті сайлаудан басталады. Әкім мен кеңес төрағасының арасындағы қарым-қатынас дұрыс жазылмаған. Айқай-шудың көкесі сонда болады. Шекарадағы тұрған ауылдар бар. Ертең тыныштықтан айырылып қалмаймыз ма? Сепаратизмнің көкесі сол кезде болмай ма? Кеңесті күшейтсек, мемлекеттік биліктің заңдары орындалмайды. Әкімді қабылдамаймыз десе сол кеңестегілер – ертең қайтеміз? Облысқа бағынбайтын ауылдар пайда болады. Байқау керек», - дейді Мұрат Әбенов.

Заңды жазғанда менталитетті ескердіңіздер ме?

Ал депутат Еділ Жаңбыршин күні ертең әкім мен кеңес арасында міндетті түрде конфликт болатынына сенімді.

«Оны кеше қоғамдық кеңес және мәслихат сайлауында көрдік. Сол кезде бұл мәселе қалай реттеледі? Себебі Маңғыстаудың өзінде бір ауылда бір ру басымдық алып кеткен жағдайлар бар. Трайбализм ертең болады. Кеше сайлауда бір-бірімен қырылып қала жаздады. Бізде мәжіліс сайлауынан гөрі мәслихат сайлауы өте қатты болды. Заңды жазғанда біздің менталитетті ескердіңіздер ме?» - деп сұрады вице-министрден Жаңбыршин.

Бұл сұраққа жауап берген Бауыржан Омарбеков трайбализмге қатысты заң жобасы зерттеліп, талқыланғанын мәлім етті.

«Ондай проблемалардың болу ықтималдығы бар. Мемлекеттік басқару билігінің тізбегі ауылдық округке дейін ауыл әкімі арқылы іске асырылады. Сол себепті жоғары тұрған әкім бар. Сонымен қатар қабылданған актілердің заңдылығына сәйкес, сот бар. Бәрін қарастырдық. Бірден қазір толығымен қамтамасыз ету бойынша нақты айту қиындау. Бірақ заңды іске асыру практикасы аясында нақты көреміз. Тәуекел барын біз шынында да біліп отырмыз», - дейді ол.