Мәжілістегі “Ақ жол” фракциясы бұған дейінгі мұнай-газ саласындағы шетелдік инвесторлармен жасырын жасалған келісімшарттарды халыққа жария етуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімет басшысының атына жолданған депутаттық сауалда Азат Перуашев былтырғы 5 маусымда өткен референдумда Конституцияға «Жер жəне оның қойнауы ... басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норма енгізілгенін еске салды.
“Уақыт созбай 15 маусымда осы норманы жүзеге асыру мақсатымен, «Ақ жол» фракциясы үкіметке Қазақстанның табиғи ресурстарын пайдалану, оның ішінде шетелдік инвесторлармен жасалған ең ірі мұнай және газ кен орындары – Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған бойынша өнімді бөлу туралы (СРП) келісімшарт талаптарын ашық түрде жария ету туралы сауал жолдадық. Бірақ, 2022 жылғы 15 тамыздағы жауабында Үкімет, инвесторлардың келіспейтіндігін алға тартып, осы талабымызға қарсы болды. Сонда, біздің шенеуніктер, қазба байлықты шетелдік компаниялардың қалай пайдаланып отырғаны туралы ақпаратты сол қазынаның иесі болған халықтан жасырмақ па?”, – деді депутат.
Мәжілісмен ақпарат құралдарында Wood Mackenzie халықаралық консалтингтік компаниясына сілтеме жасай отырып, ең ірі мұнай-газ кен орны Қашағанды игеруден Қазақстанға 2-ақ пайыз пайда түсетіні туралы ақпарат жарияланғанын атап өтті. Яғни, қалған 98 пайыз табысты шетелдіктер өздеріне қалдырып отыр.
“Бұл ақпарат шын болса, олардың неліктен оны ашуға қарсы екені түсінікті болған сияқты”, – дейді Перуашев.
Сонымен қатар, депутат Тәуелсіздік алғаннан бері ешбір шетелдік инвестор бірде-бір мұнай өңдеу зауытын салмағанын, тек байлығымызды сыртқа шығарып, сатып жатқанына шүйлікті.
“Нәтижесінде, Қазақстан өз мұнай-газынан тиісті табыс таппай, оның үстіне жыл сайын жағармай тапшылығы орын алып, монополистер оны баға көтеру үшін пайдаланып жатыр. Ал, шенеуніктер бұл мәселеге жылдар бойы немқұрайлы қарап отыр.Тек биыл ғана ашық мәліметтер бойынша, үкімет Қарашығанақ пен Қашағандағы шетелдік инвесторлардың рұқсат етілмеген шығындары үшін (қоса алғанда 16,5 миллиард доллар) және Қашағандағы экологиялық бұзушылықтар үшін (5,1 миллиард доллар) айыппұл талап етті”, – дейді ол.
«Ақ жол» демпартиясы Қазақстанға түсетін пайданы ұлғайту, шетелдік инвесторлар жұмысындағы жергілікті қамту бойынша талаптарын күшейту мақсатында үкіметке бірнеше талап қойды:
1. СРП (Өнімді бөлу туралы келісімдердің) шарттарын халыққа ашық және оларды «e.gov» үкімет порталында жариялау.
2. Сол келісімдерде ұлттық мүддемізді қорғап, еліміз үшін тиімсіз және халықтан жасырын нормаларды болдырмау.
3. Барлық ірі мұнай-газ жобаларында Қазақстан үлесін арттыру. Біздің ойымызша, Конституцияның жаңа нормасына сәйкес Қазақстанның мұнай-газ жобаларындағы үлесі кем дегенде 51 процент құрауы тиіс деп санаймыз.
4. Инвесторларды өз жұмысында қолданатын құрал-жабдықтар мен саймандарды өндіруге арналған техникалық құжаттамаларды отандық өндірісшілерге беру, осыған сәйкес шығарған өнімді сатып алу, жергілікті мамандар мен қазақстандық мердігерлерді қызмет көрсетуге максималды түрде тарту арқылы ұлттық экономикамыздың дамуына үлес қосуға міндеттеу керек.