×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Халықтың мұң-мүддесі ескерілуі керек»: Депутаттар Маралдыдағы «алтын дауы» жайлы не дейді

27.04.2023, 14:46
«Халықтың мұң-мүддесі ескерілуі керек»: Депутаттар Маралдыдағы «алтын дауы» жайлы не дейді
Фото: Ulysmedia.kz

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының халқы алтын фабрикасына қарсы шығып, табиғатымызды қорғаймыз деп отыр. Осы ұстаным бойынша алтын қазушылармен бітімге келмеске бекінген. Жылдарға созылып бара жатқан даудың ізімен кеше Маралды халқы наурызда өткізіген қоғамдық тыңдау хаттамасының күшін жоюды, ауылға облыс әкімі Даниал Ахметовтың келуін талап етті.

Бұл мәселе жөнінде депутаттар хабардар ма? Олар күршімдіктердің наразылығы жөнінде не ойлайды? Ulysmedia.kz тілшісі депутаттардың өзінен сұрап көрді.

Депутат Ермұрат Бапи мәселеден хабардар екенін айтады.

«Егер фабрикаға жергілікті тұрғындарды жұмысқа алатын болса, жұмысшыларды алыстан алып кетпей соларды жұмысқа тартса, сын біраз азаятын еді. Олар өздерінің жерінде игеріліп жатқан өндірістің экологияға сай болуына да тырысады. Келген жауыздар – варварлар секілді айуандықпен игеруге қоятын еді», - дейді ол.

Депутаттан «яғни сіз жергілікті халықты алтын өндірісіне тарту ғана мәселенің шешімі деп ойлайсыз ба?» деген сұраққа «шешімі емес, мәселені жеңілдетудің амалы» дейді.

Ал Нартай Аралбай ол мәселені өткен аптада әріптестерінен естігенін мәлім етті.

«Біздің экология комитеті бар. Солар қарап жатқан болуы керек. Сондықтан, сол комитетке жүгінген жөн болар деп ойлаймын.

«Егер расымен туған жерімізге зиян тиіп жатса, қарапайым халыққа құқығы тапталып жатса, оған жол беруге болмайды. Бұл – басы ашық дүние», - дейді Нартай Аралбай.

Депутат Сергей Пономарев «мәселені терең білмейтінін» атап өтті. Алайда «сондай ауыл және сол ауылда алтын қоры барын» білетінін айтады.

«Шығыс Қазақстан өңірі едәуір әлсіреп қалды. Қытаймен шекаралас аймақ. Біз ол жақ шекараны елсіз қалдырып жатырмыз. Міне, сондықтан, керісінше сол жаққа халықты көшіріп, табиғатын игеруіміз керек. Мәселені жан-жақты қарау керек», - дейді ол.

Ал Күршім ауданында болған Ерлан Сайыров «мәселені қарап, көріп отырғанын» айтты. Ол бұл дауға екі жағынан қарайды: бірінші жағынан ауданға инвестиция керек десе, екінші жағынан Конституцияда «жер және жер қойнауы халықтың меншігі» екенін атап өтеді.

«Сондықтан, меніңше, бүл жерде екі жаққа да компромисс керек. Дегенмен, халықтың мұң-мүддесі көбірек ескерілуі керек. Яғни инвесторлар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жоба ашық түсіндірілуі тиіс. Халықтың мүддесі ең жоғарғы құндылық», - дейді ол.

Ерлан Сайыров екі жақ дауды реттей алмаса, Қазақстанның заңына сәйкес мәселе реттелуі керек деп есептейді.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы алтын фабрикасының жыры әлі басылмай тұр. Екінші жыл қатарынан жергілікті тұрғындар ауыл аумағына алтын қазатын фабрика салынбасын деп, талап қойып келеді. Амалы таусылған халық тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан «олигархтардан қорғауды» сұраған еді.

Мұның алдында Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Шығыс Қазақстан облысының Маралды кентінде болып жатқан экологиялық жанжалға түсініктеме беруден бас тартқан.

Ал кеше Маралды ауылының тұрғындары 28 наурызда өткен қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша шыққан хаттаманың күшін жоюды талап етті.