×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қорғаныс министрі армияны сынайтын журналистер мен блогерлерді шақырғалы жатыр

12.05.2023, 08:25
Қорғаныс министрі армияны сынайтын журналистер мен блогерлерді шақырғалы жатыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қорғаныс министрлігі өзін сынайтын журналистер мен блогерлерге арнап арнайы семинар өткізбек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бастаманы көтерген екі депутат

Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасына қозғау салған екі депутат бар. Олардың бірі Константин Авершин, екіншісі Таңсәуле Серіков. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутаттық сауал жолдаған екеуі Қарулы күштерді әдетте «диван сарапшылары» сынайтынын айта келе «блогерлер мен қоғамдық пікір иелерінің шынайы ақпаратты көбірек таратуы үшін» бір бастама көтергені бар.

«Қорғаныс министрлігі әскерге бармаған азаматтық тұлғаларды 1-3 ай көлемінде уақытша ерікті тәртіпте (әскери дәрігерлік комиссиядан өткеннен кейін) мерзімді әскери қызметтен өтетіндей мүмкіндік қарастырса дейміз. Бұл шара блогерлерге, журналистерге, қоғамдық пікір иелеріне әскери қызметті өткеру аспектісі жайлы шынайы ақпарат таратуға жол ашады. Меніңше, бұл көп адамның көзқарасын өзгертеді», - дейді Авершин.

Депутаттар осылайша әскери қызмет туралы ақпарат тарататындардың жауапкершілігі артады деген сенімде. Олардың сөзінше, «қолдарына автомат ұстап көрмегендер» жоқ дегенде бастапқы әскери даярлықтан өтуі керек.

«Экстремалды журналистика»

Блогерлерді ұната қоймайтынын білдірген депутаттардың бұл сауалына жауап берген Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ведомство  Қарулы Күштердің оң бейнесін қалыптастыру үшін ақпараттық жұмысты ұдайы негізде жүргізіп жатқанын айтады. 2023 жылдың тек өткен кезеңінде Қарулы Күштер туралы 6369 материал шығарылғанын алға тартады.

Ал азаматтық тұлғаларды әскери қызмет өткерту шарттарында әскери қызметке қабылдау мәселесін іске асыру үшін министр заңға өзгеріс енгізу керектігін, «блогер» статусын беру тәртібін айқындап, қаражат бөлу керектігін келтіреді. Азаматтық адамдарды жауынгерлік даярлау, оның ішінде оларды әскери антқа келтіру бағдарламасы, қатардағы жауынгер бос лауазымдарына тағайындау, тамақтандыруды ұйымдастыру, киім-кешек мүлкімен және жабдықпен қамтамасыз ету де үлкен жұмыс пен шығын екенін атап өтеді.

«Осыған байланысты, осы мәселені іске асыру әскерге шақырылушылар арасында мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімімен байланысты әлеуметтік теңсіздікке ықпал етуі мүмкін. Мәселенің бір реттік сипатын ескере отырып, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің және блогерлердің қатысуымен «Әскери дискурс» экстремалды журналистика бойынша оқу-практикалық семинар өткізуді ұсынамыз. Семинардың мақсаты журналистер мен блогерлерді экстремалды жағдайда және қаруланған қақтығыс аймағында жұмыс істеуге дайындау, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің мүддесінде одан әрі ақпараттық жұмысты жүргізу үшін байланыс орнату және нығайту болып табылады», - дейді Руслан Жақсылықов.