Бүгін сот процесінде Арыстанбек Мұхамедиұлы азапталғаны, тергеушілердің манипуляциялары жайлы мәлімдеп, психологтың көмегін талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Экс-шенеунік 8 қарашада жауап алу кезінде 111 миллион теңге көлемінде залалды ішінара өтеуге мәжбүр болғанын хабарлады. Оның айтуынша, бас тартқан жағдайда тергеушілер оны темір торға қамап қана қоймай, отбасы мүшелерінің де соңынан түсеміз деп қорқытқан.
– Мен ресми түрде 111 миллион теңгені өтеу бойынша жауап алу мәжбүрлі, қоқан-лоққы мен бопсалау арқылы болғанын мәлімдеймін. Егер мен бұл соманы өтемесем, онда менің әйелім мен 85 жастағы әйелімнің анасын да түрмеге отырғызамыз деп айтты, - деді сотталушы.
Ол сондай-ақ оған бірнеше рет медициналық және психологиялық көмек көрсетуді сұрағанын, бірақ барлық өтініштері қабылданбағанын айтты.
– Менің қамауда отырғаныма жақында бір жыл болады. Менің сөйлеуім қатты нашарлады. 8 қарашада маған психологиялық азаптау жасалды, мемлекет басшысы жарлыққа қол қойғанын ескерсек, Стамбұл хаттамасына сәйкес психологиялық азаптау физикалық азаптауға тең. 111 миллион теңге тергеу тобының азаптауы арқылы өтелді, - деп қорытындылады Мұхамедиұлы.
Сот экс-министрге оған психолог ұсынуға құзыреті жоқ екенін түсіндірді және осы өтінішпен тергеу изоляторындағы медициналық қызметкерлерге жүгінуге кеңес берді.
Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.
Іс бойынша төрт айыпталушы бар: Арыстанбек Мұхамедиұлы (Ұлтық музей директоры), Ұлттық музейдің экс-директоры Алмас Нұразхан, “Экспонат” ЖШС директорының орынбасары Азамат Көшенов, “Экспонат” ЖШС бас бухгалтері Айым Сәдуақасова.
Бұдан бұрын Арыстанбек Мұхемадиұлыны адвокаты Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын мәлімдеген.
“Тұңғышбай Жаманқұлов көпе-көрінеу жалған ақпарат таратып, менің қорғауымдағы Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен прокуратураға арызданып, соның негізінде заңсыз қылмыстық іс қозғалды”, – деді экс-министрдің адвокаты.
Сондай-ақ, сотталушы Көшенов сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды өтінді. Айтуынша, актер ол туралы "жалған ақпарат берген". Сотталушы не үшін екенін сұрап, Жаманқұловқа хат жазғанда актер "сені танымаймын" деп жауап берген-мыс.
Алайда прокурор Зәкіров "оны шақырудың қажеті жоқ" деген болатын. Судья ақыры Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, Көшеновтың өтінішін қанағаттандырмады.
Сондай-ақ, судья Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуге де келіскен жоқ.
16 мамырдағы сот отырысында экс-министр прокурорға шүйлігіп, оны қызметінен алып тастауды талап еткен.
22 мамырда бұрынғы Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловадан куәгер ретінде жауап алынды.
Ал 23 мамырдағы отырыста адвокат Айгерім Әнуарбек бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.