×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Мораторийдің де, жаңа комиссияның да қажеті жоқ»: Жер мәселесінде Үкімет депутаттарды қолдамады

29.05.2023, 13:39
«Мораторийдің де, жаңа комиссияның да қажеті жоқ»: Жер мәселесінде Үкімет депутаттарды қолдамады
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бұған дейін Бақытжан Базарбек бастаған бір топ депутат банктерге кепілге қойылған ауыл шаруашылық жерлерді қайтару бастамасын көтерген еді. Одан бөлек жер рақымшылығын жариялап, мәселені реттеу үшін жаңа комиссия құруды ұсынған. Алайда бұл бағытта Үкіметтің өз ұстанымы бар екен.

Депутаттардың айтуынша, «жемқор әкімдердің кесірінен пайларынан айырылған ауыл халқы табанын тоздырып,  соттасып жүр». Соттар талап-арыздың көбін қараусыз қалдырады дейді олар. Депутаттар Үкімет пен Бас Прокуратура бірлесе отырып, 2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап, банктерде кепілге қойылған жерді үлескерлерге қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдауды ұсынған. Екіншіден, коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 млн га жерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды талап еткен.

Үшіншіден, азаматтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын банктерге қоюға  2 жылға мораторий енгізуді талап етіп, құқық қорғау органдарының ведомствоаралық комиссиясын құрып, кінәлілерді қудалау науқанын бастауды ұсынған еді.

«Қолдау көрсетілмейді»

Депутаттардың бұл ұсынысына жауап берген үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр дәл қазір ккінші деңгейдегі банктерде ауыл шаруашылығы мақсатындағы шамамен 2 661 жер учаскесі (жалпы ауданы шамамен 4,1 млн га) барын хабарлайды. Яғни кәсіп иелері бір кездегі несиесін жаба алмай осыншама жерді банктерге өткізген. Жалпы қарыз – 1,2 млрд теңге.

Үкімет 2005 жылғы заңға сүйене отырып, жерді жарна ретінде беру заңмен реттелгенін атап өтеді. Яғни Жер кодексінің 79-бабына сәйкес кәсіпкер кепіл ретінде жерін банкке  бере алады.

«Кредиттер бойынша кепіл тоқтатыла отырып, шартты жер үлестерінен тұратын жерлерді үлескерлерге қайтару жолымен жер рақымшылығын жүргізу жөніндегі бастамаға қолдау көрсетілмейді», - дейді Роман Скляр.

Осылай деген Скляр банктер иелігіндегі жерлерді мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтаруға қатысты жұмыс жалғасып жатқанын атап өтеді. 

«Жер кодексінің 92-94-баптарының ережелеріне сәйкес жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою тәсілдері пысықталуда», - дейді ол.

Үкімет банктерге шартты жер үлесінен тұратын азаматтардың жер пайдалануға құқығын кепілге беруге екі жылдық мораторий енгізу бастамасын да қолдамайды. 

«Бұл бастама ауыл шаруашылығы өндірушілерінің едәуір санының кредиттік ресурстарға  қол жетімділігін айтарлықтай шектеуі мүмкін» деп есептейді. Салаға инвестиция тартымдылығын азайтады дейді.

«Жаңа комиссия құру қажеттілігі жоқ»

Үкімет аталған мәселені реттеу үшін мынадай реттеуші шараларды пысықтау жоспарлап отыр:

  • шартты жер үлестерінен тұратын жер учаскелерін кепілге беру туралы шешім қабылдау үшін шаруашылық серіктестіктері қатысушыларының  білікті көпшілігінің (кемінде төрттен үшінің немесе 75% дауысының) болуы туралы талапты енгізу;
  • шаруашылық серіктестігінің барлық қатысушыларын шартты жер үлестерінен тұратын жер учаскелерін шешім қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын кепілге беру туралы міндетті түрде хабардар ету;
  • орталық депозитарий жүйесінде серіктестікке қатысушылардың үлестерін тіркеуден өту бойынша шаруашылық серіктестіктердің жауапкершілігін күшейту.

 «Бас прокуратура банктерде және өзге де қаржы ұйымдарында заңсыз салынған ауыл шаруашылығы жерлерін бақылау жөніндегі жұмысты жүйелі негізде жүргізеді.  Ол үшін әкімдіктер жанында құқық қорғау органдарының қатысуымен жер заңнамасы саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша ведомствоаралық жұмыс кіші топтары жұмыс істейді. Прокуратура органдары шартты жер үлестерін пайдалану және пайшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін реттеу саласында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізеді. Прокурорлардың қабылданған шараларымен ел бойынша пайшыларға  546 мың га қайтарылды, заңсыз кепіл және жерді қайта ресімдеу фактілері бойынша 6 қылмыстық іс тергелуде. Ведомствоаралық кіші топтардың жұмысы тұрақты негізде жүргізіледі. Осыған байланысты жаңа комиссия құру қажеттілігі жоқ», - дейді Роман Скляр.