×
524.65
552.19
5.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.65
552.19
5.14

19 жылға сотталған Навальный жайлы не белгілі

05.08.2023, 14:37
19 жылға сотталған Навальный жайлы не белгілі
Фото: Ашық дереккөзден

Күні кеше 47 жастағы ресейлік саясаткер Алексей Навальныйды сот «экстремизм» бабымен тағы 19 жылға соттап жіберді. 2022 жылдың наурыз айында 9 жылға сотталған ресейлік оппозиционер онсыз да жазасын түрмеде өтеп жатқан. Жемқорлыққа қарсы күрес қорын құрып, зерттеу-тергеуімен танымал саясаткер жайлы не белгілі?

Ulysmedia.kz тілшісі Навальныйдың жүріп өткен жолына шолу жасады.

Колониядағы Навальный. 19 жылдық үкім оқылған сәт

Алексей Навальный 1976 жылы 4 маусымда Мәскеу облысы Одинцово ауданы Бутин әскери қалашығында дүниеге келген. 1993 жылы 17 жасында Мәскеу түбіндегі Тарасково селосының маңындағы Калининец әскери ауылындағы Алабинский орта мектебін бітірген. 1993-1998 жылдары Ресей халықтар достығы университетінің заң факультетінде оқыған. 1998 жылы 22 жасында Ресей халықтар достығы университетінің заң факультетін аяқтаған. Келесі жылы Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы Қаржы академиясының Қаржы және несие факультетіне («бағалы қағаздар және биржа ісі» мамандығы) сырттай оқуға түсіп, оны 2001 жылы бітірген.

2010 жылдарға дейін кәсіпкер, журналист қызметімен танымал Навальныйдың аты сол жылдардан бері шыға бастаған. 2004 жылы ол Мәскеудегі құрылыс кезінде сыбайлас жемқорлық пен азаматтардың құқықтарын бұзуға қарсылардың жалпықалалық қозғалысын - «Мәскеуліктерді қорғау комитетін» құрып, солардың жетекшілерінің бірі болды. 2009 жылы ол Киров облысының губернаторының штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды. 2009 жылы Киров облысы губернаторының бастамаларын қолдау қорының негізін қалаушы болды.

Саясаткердің Ресей билігімен тіресіп, партия құрғысы келіп, оны тіркей алмай, әуре-сарсаңға түскен жылдары бар. Сайлауға да түсті. Навальный мен Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры «Ресей қоғамдық бастамасы» сайттарында ресейлік шенеуніктердің жемқорлығы жайлы біршама материал жариялады.

2013 жылғы 5 сәуірде Алексей Навальный «Ресей қоғамдық бастамасы» (ROI) порталында мемлекеттік корпорациялардың шенеуніктері мен қызметкерлеріне құны 1,5 миллион рубльден асатын автокөліктерді сатып алуға тыйым салуды ұсынатын заң жобасын жариялады. Сол жылдың мамыр айының аяғында, портал жұмысының бірнеше аптасынан кейін Навальныйдың бастамасы ең танымал бастамаға айналды. 10 шілдеде Навальныйдың бастамасы веб-сайтта бірінші болып қажетті 100 000 дауыс жинады және көп ұзамай парламентте қаралатын болды. Бастама бойынша дауыс беру 15 шілдеде аяқталды. Оны Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы сарапшылар тобы қарағанымен, оны заң ретінде күшіне енгізуден бас тартты.

2011-2018 жылдар аралығында Навальный 10 рет әкімшілік қамауға алынған. Жалпы, осы уақыт ішінде абақтыда 192 күн болған. Deutsche Welle хабарлауынша, Навальныйдың темір тордың ар жағында өткізген уақыты 2017 жылы күрт өсіп, 2018 жылы 80 күнді құрады. Навальный 2011-2019 жылдар аралығында 474 күн қамауға алынды (оның 232-сі арнайы тергеу изоляторында, 242-сі үйқамақта).

2017 жылдың көктемінде оппозиционердің бетіне белгісіз біреулердің зеленка шашып кеткен сәті

Әйтсе де, Навальныйға Ресей президенті «Путинге тісі батпайды» деген сыны жиі айтылатын. Бұл сынды саясаткер бертін Путиннің сарайы жайлы түсірген зерттеуімен ысырды.

2020 жылы 20 тамызда Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Алексей Навальныйдың жағдайы ұшақта күрт нашарлап, ол есінен танып қалған. Алғашында Омбы ауруханасына жатқызылған саясаткер екі күннен кейін Германиядағы клиникаға ауыстырылды.

Германияға жеткізілген Навальный

Еуропаның тәуелсіз зертханалары саясаткердің ағзасынан жүйке жүйені сал қылатын «Новичок» тобына жататын у қалдықтарын тапқан. Сол елде жүріп, Навальный әйгілі Путиннің сарайы жайлы зерттеуді жария етті.

Навальный зерттеуіне арқау болған Геленжиктегі сарайы

2021 жылдың 17 қаңтарында Навальный Германиядан Ресейге оралды. Федералды қылмыстық атқару қызметінің жедел департаментінің іздеу бөлімінің қызметкерлері Мәскеудің Шереметьево әуежайында оны бірден ұстады. Федералды қылмыстық атқару қызметі Навальныйдың Ив Роше ісі бойынша сынақ мерзімін бұзуына және оған іздеу жарияланғанына байланысты ұсталғанын, осыған байланысты Навальный сот бұлтартпау шарасы шыққанға дейін қамауға алынатынын мәлімдеді.

Навальныйдың жақтастары ереуілге шығып, басқару формасының өзгеруі мен локальды жүйедегі жемқорлықты жою және ел президенті Путиннің биліктен кетуін талап еткен. Қарсылық шарасы Мәскеу, Санкт-Петербург, Владивосток секілді 50-ден астам қалада жүріп, Қиыр Шығыс пен Сібірді де қамтыды.

Алексей Навальный Германиядан Ресейге оралатынын жариялаған кезде билік оны бірден тұтқынға алатыны болжанған еді. Расында да, оны әуежайдан түсе сала тұтқындады. Бірнеше айып тағып, 9 жылға соттап жіберді. Содан бері саясаткер жазасын өтеп жатыр. Әртүрлі халықаралық ұйымдар ол азаптаудың түр-түрін көріп жатқаны жөнінде материал жариялады. Сөйткен саясаткерд кеше тағы 19 жылға соттап жіберді.

7 мамырда Amnesty International Алексей Навальныйға «ар-ұждан тұтқыны» мәртебесін қайтарды. Навальныйға қатысты жағдайды қарастырғаннан кейін Amnesty International ұйымы «ар-ұждан тұтқыны» мәртебесін беру тәсілін өзгерту жөнінде шешім қабылдаған еді.