Бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жөнінде жария тыңдау өтті. Үлкен ауылындағы көптен күткен үлкен жиынға жобаға қатысты компания өкілдері, Энергетика министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері, жан-жақтан белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келген.
Жиналғандар неліктен екіге бөлініп, жанжалдасып қала жаздады? Энергетика министрлігі кейін хабарлағандай, талқылау ойдағыдай өтті ме? Ulysmedia.kz тілшісі тыңдауға арнайы барып, жиналған жұртшылықтың пікірін тыңдап, бәрін өз көзімен көріп қайтты.
«Бұл қоғамдық емес, жария тыңдау»
Үлкен – Қарағанды облысына қарасты Балқаш қаласы мен Алматы қаласының ортасында орналасқан ауыл. Бір кездері 10 мыңға жуық тұрғыны болған ауылда бүгін де мың жарымға тарта тұрғын қалған. Жария тыңдау ауылдың мектебінде өткізілді. Мектепке дейінгі барар жолда ауылдың бір кездері іргелі болғанын қаңырап қалған үйлерден көруге болады.
Иесіз, бұзылған қабатты үйлер ауылда көп екен.
Мектепке жақындағанымызда есік алдында бір топ адамды көрдік. Бұл кісілер тыңдауға дейін бір жарым сағат бұрын келген. Қолдарына плакат ұстап, АЭС құрылысына қарсы екенін білдірді.
«Біз ешқандай ұйым емеспіз. Қоғамдағы белсенділерміз. Арамызда Алматы, Астана, Жамбыл облысынан келгендер бар. Біз табиғатымыздың өз қалпында сақталуын қалаймыз. Жапонияда немесе Украинадағы қателік біздің елде қайталанбауы тиіс. Бізге ол сабақ болуы керек. АЭС-ке қарсымыз», - деп ұрандайды олар.
Үлкенге келген белсенділердің талабы жалғыз АЭС құрылысын тоқтатумен шектелген жоқ. Бірінен кейін бірі сөйлеген олар Қытаймен визасыз режимге қарсы екенін білдіріп, Украинаға соғыс ашқан Ресейдің Қазақстанға қаупі барын айтты, Байқоңырды Қазақстанға қайтару керек деп ұран тастады.
Сыртта тұрған Үлкен ауылының орта жастан асқан төрт азаматын сөзге тарттық. «АЭС құрылысын қолдайсыз ба жоқ әлде қарсысыз ба?» деп сұрағанымда олардың бірі “энергетик екенін, АЭС құрылысын қолдайтынын, ауылда жұмыс орындары ашылмай Үлкен құрып бара жатқанын” айтты. Ал екіншісі “ауыл қазір балық шаруашылығымен ғана отырғанын, АЭС құрылысында Балқаш тағдырына алаңдайтынын” мәлім етті. Оның айтуынша, кейінгі үш жылда Балқаш көлі екі метрге суалған. "Балқашқа зияны тимесе болды, балық шаруашылығы болмаса бұл ауылда біріміз де қалмас едік" дейді ол.
Тыңдау басталмай тұрып, Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова жария тыңдау үлкендіктердің атом электр станциясын салу жөнінде пікірін білу үшін ұйымдастырылғанын айтады. Оның сөзінше, заң бойынша АЭС орнын үкімет белгілейді, алайда бұл шешім тек «жергілікті атқарушы органның келісімімен бекітілуі» керек.
«Қазір жерді айқындау сұрағы талқыланып жатыр. Осыдан кейін арнайы жоба өткізіледі. Жобаға экология кодексі негізінде қоғамдық тыңдау өткізіледі», - дейді Гүлмира Мурсалова.
Жиында Қазақстан атом электр станциясы компаниясының бас директоры Тимур Жантикин де жүрді. Оның есіне экс-министр Болат Ақшолақовтың «2022 жылдың соңына дейін қай елдің технологиясымен АЭС салынатынын айтамыз» деген сөзін есіне салғанбыз. Ақшолақов айтып кеткенімен Жантикин 4 елдің технологиясы қарастырылып жатқанын, әлі күнге дейін нақты шешім қабылданбағанын мәлім етті.
«Біз үкіметке әзірге мына елдің технологиясын пайдаланайық деп шешім ұсынған жоқпыз. Біріншіден, біз салынатын орынды белгілеп алуымыз керек. Одан кейін технологиялар сараланады. Қазір жағдай жылдам өзгеріп жатыр. Ресейдің Украинамен не болып жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Африка «тіріліп», бірнеше жоба басталғалы жатыр. Бәрін ескеріп, әлбетте бақылап отырмыз. 2022 жылы барлық техникалық-экономикалық ұсыныстарды жаңарттық. Дәл қазір осы уақытта АЭС салатын мердігердің аты аталады дейтіндей нақты мерзім бекітілген жоқ», - дейді ол.
Тыңдау басталмай тұрып акт залына жиналған адамдар бір-бірімен айтысқа түсті. Олардың бірі тобы Үлкенге жан-жақтан келген белсенділер болса, екінші топ – Үлкен ауылының тұрғындары. Белсенділер плакатын тыңдау өтетін залға да алып кірді.
Жиынды ұйымдастырушылар алдымен сөзді үлкендіктердің өзіне берейік деп шешті. Өзін Асылай Қайырбековамын деп таныстырған Үлкен ауылының тұрғыны “40 жылдан бері осы ауылда тұрып жатқанын, атом электр станциясын салуды қолдайтынын” айтты.
”Бізге атом станциясы керек, біздің Қазақстанымызға керек!” – деп ұрандады ол.
Оның сөзін екінші тұрғын іліп әкетті. Ол атом станциясының зияны жайлы сөз қозғаған экологтарға қарата “сіздер телефон ұстайсыздар ғой, технологияның жақсысын пайдаланасыздар, денсаулықтарыңызға зиян, оны ұстамаңыздар” деп келемежге басты ол.
Бұлай сөйлеген тұрғынның келемежіне себеп болған – тәуелсіз эколог Светлана Могилюктің сөзі еді. Ол жиынға арнайы Павлодардан келген екен. Ортаға шығып сөйлеген сөзінде эколог жауаптылар атом электр станциясының зиянын жіті зерттеп ұсынбағанын сынға алды.
”Құрметті тұрғындар! Мына жерде сіздерге ешқандай базалық әрі шындыққа сай ақпаратты ешкім ұсынған жоқ. Атом электр станциясының адам денсаулығына қаншалықты зиян екені бұған дейін әлемнің түкпір-түкпірінде зерттеліп қойған. Атом электростанциялары балалардың ликимиямен ауруын 4 пайызға арттырады. Бұл зерттеулердің дәлелі!” – деді ол.
Қазақстанның азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева АҚШ-тың өзінде 98 энергоблок барын, дамыған елдердің бәрі АЭС ұстап отырғанын мәлім етті.
Үлкенге оппозиционер Рысбек Сәрсенбайұлы келген екен. Ортаға шығып сөйлеген ол “Үлкенге салынатын станция – Ресей технологиясы бойынша салынатын станция” екенін айтты.
”Француздарды, үнділіктерді тіркеп қойсын – оның бәрі жалған. Мына жерде “АЭС-ті 40 жыл күттік” деп отырсыздар. 40 жыл бұрын мұндай әңгіме болған жоқ. Оның алдында Школьник деген министр болды. Ол Отанын сатқан опасыз. Қазатомпромды берген, уран кеніштерін берген, нағыз алаяқ. Сол 20 жыл бұрын “АЭС салу керек” деп айтқан. Одан бұрын ГЭС салу керек деген. Енді қайтадан осы жерге АЭС салуды жоспарлап отыр. Бұл қате, қауіпті. Біз Алматыдан бекер келген жоқпыз. Осы елге жанымыз ашығаннан кейін келіп отырмыз. ”, – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Үлкен ауылының Болат Рахимов атты тұрғыны да ортаға шықты.
”Ақсүйектен бері өттіңіздер ғой. Сол Ақсүйек пен екі ортада Балқаштың ортасы бар – Алакөл деп аталады. Алакөл қадір бөлініп қалды.Үш жылдан кейін келіңіздер – Алакөл жоқ болады, 20 жылдан кейін Алакөл қайтадан пайда болады. Балқаштың өзінің циклі бар. Егер болашағымызды ойласақ, балаларымызды ойласақ, біз атомды игеруіміз керек. Әйтпесе, киіз үй тігіп, қайтадан бәріміз қой бағып кетейік”, – дейді ол.
Екі жақ осылайша, бір мәмілеге келе алмай, өз пікірімен кетті. АЭС құрылысына қарсы тарап “мұндай үлкен жобаны санаулы адам шешпеуі керек” деген ойда болса, қолдаушылар “біз оны ұзақ күттік” десті. Тыңдау біткеннен кейін де олар бір-бірімен сөз таластырып жатты.
Тыңдау аяқталғанан кейін Энергетика министрлігі бірден баспасөз хабарламасын таратты. Шағын хабарламада екі жақ Үлкенде үлкен дауға келгені жазылмаған, позитив тұрғысынан ақпарат таратқан. ”Аймақтың экономикалық пайдасы да кеңінен қамтылды, қатысушылар жобаның жұмыспен қамтуға, инфрақұрылымға және экономиканың дамуына әсерін талқылады, талқылау азаматтар сұрақтар қоюға мүмкіндік алды”. Дау жайлы, екінші тараптың үлкен референдум өткізу бастамасын көтергені жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Аядай Үлкендегі тыңдау осылай үлкен даумен аяқталды.