×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Митталдың Қазақстандағы активтерін ресейлік Северсталь иелене ме

24.08.2023, 15:19
Митталдың Қазақстандағы активтерін ресейлік Северсталь иелене ме
Коллаж: ulysmedia.kz.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иесін ауыстыру жөнінде саяси шешім қабылданып та қойды. Ендігі туындайтын сұрақ – Қазақстандағы Үндістан миллиардерінің активтерін кім иеленеді? Қазақстан ақпарат алаңында кейінгі кезде «Северсталь» Ресей тау-кен және металлургиялық компаниясы AMT активтерінің жаңа иегері болуға ниетті екені қызу талқыланып жатыр. Расында да, бұл шындық па? Ресей компаниясының Қазақстанға келуінің қандай қаупі болуы мүмкін? Ulysmedia осы сұраққа жауап іздеді.

Сенбіде премьер-министр Әлихан Смайылов өткен аптада апат болған Қарағанды ​​облысына барып қайтты. «Қазақстан» шахтасындағы апат 200-ден астам кеншінің өміріне қауіп төндірген. Осының салдарынан бес кенші қаза тапты, тағы 13 адам жарақат алды. Мемлекет басшысы бұл оқиға жайлы пікір білдіргенде үндіс инвесторының алда елде қалатынын-қалмайтынына күмән келтірді.

Журналистер премьер-министрден Қазақстандағы инвестордың келешегі жөнінде сұраған.

«Мұның барлық алғышарты бар, ең бастысы, былтыр металлургия өндірісінде адамдар қаза тапқан кезде де, содан кейін қараша айында Ленин атындағы шахтада қайғылы оқиға болған кезде де «АрселорМиттал» басшылығы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына сендірді. Еңбек қауіпсіздігі, өндірісті жаңғыртуға инвестиция саламыз деді. Үш миллиард доллар инвестициялау жоспары айтылды. Алайда біз қазір бұлай болмағанын көріп отырмыз», - деді Смайылов.

Премьердің айтуынша, Митталмен, оның адамдарымен ынтымақтастықты бұзу туралы келіссөздер қазірдің өзінде басталып кеткен.

Біз бұған дейін ел билігі активті сатып алу туралы келіссөздерді баяғыда бастағанын жазған едік. Forbes мәліметі бойынша, байлығы 16,4 миллиард долларды құрайтын миллиардердің өзі ғана АМТ үшін тым жоғары бағаны сұраған. Алайда зауытта жабдықтар тозып тұр.

Үкімет басшысы өндірісте аудит жүргізіліп жатқанын растады, содан кейін мәселе түпкілікті шешіледі.

«Сондықтан біз бұл инвестордың өндіріске, өнеркәсіптік қауіпсіздікке, шахталардағы еңбек қауіпсіздігіне, металлургия өндірісіндегі қатынасына байланысты Қазақстанда келешегі жоқтығын көріп отырмыз», - деп түйіндеді Смайылов.

Северсталь Қазақстанға келе жатыр ма?

Қазақстан министрлер кабинеті өкілдерінің АМТ меншік иесін ауыстыру туралы қабылданған саяси шешім туралы мәлімдемелерінен кейін ресейлік «Северстальдың» Қазақстандағы Митталдың орнына келетіні жөнінде қауесет тарай бастады.

Вице-премьер әрі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистердің сұрағына берген жауабында бұл фактіні тікелей жоққа шығармағаннан кейін ресейліктер АМТ активін сатып алатыны жөнінде болжам тіпті растала түскендей әсер қалдырды.

«Севарстальмен» келіссөздер жүргізіліп жатыр ма деген сұраққа Жамаубаев нақты жауап бермей, назарын әріптесі Роман Склярға аудара берді.

«Бұл мәселемен тікелей вице-премьер Роман Скляр айналысады. Мұндай кәсіпорынмен белгілі бір адамдар айналысуы керек. Маңызды келіссөздер процесі қажет. Сондықтан, егер әркім өз деңгейінде түсініктеме берсе, онда мұнымыз дұрыс болмайды. Сонымен қатар, бұл келіссөздер процесіне әсер етуі мүмкін. Менің ойымша, саяси шешім бар. Біз жұмыс істейміз. Роман Васильевич қажет десе өзі жауап береді», - деді Жамаубаев.

Скляр сол күні журналистердің бұл сұрағын жауапсыз қалдырды. АМТ иесінің ауысатынына байланысты түсініктеме беру туралы өтініштерді елемей, тез арада Үкіметтің мәжіліс залынан шығып кетті. Үкімет отырысынан кейін вице-премьер, журналистер болжағандай, тілшілер тұратын залмен емес, жасырын есіктен шығып кетті.

Министрлер кабинеті мүшелерінің мұндай әрекеттері расында да Северстальдың Қазақстанға келетіні жөнінде болжамды тіпті растай түсе ме дерсіз.

Қандай қауіп бар?

Ресейдегі «Северсталь» олигарх Алексей Мордашовтың бақылауында. Олигархтың байлығы, Forbes мәліметтері бойынша, 20,5 миллиард долларды құрайды. Қазір оның бизнесі де өзі де санкцияда. «Северсталь» АМТ үлесін сатып алған жағдайда Қазақстанға да санкцияның бір ұшы келіп тиетіні анық. Осылайша, кәсіпорынның экспортына да қауіп төніп тұр.

Алайда қазақстандық кейбір сарапшылар келіссөздер жалған компаниялар арқылы да жасалуы мүмкін деп болжайды.

Ulysmedia мәселені назарында ұстайды.