×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Экспорт пошлинасын алмаса, күнбағыс егуді қоямыз»: Наразы фермерлер Астанада жиын өткізді

05.10.2023, 12:45
Фото: Ulysmedia.kz

Астанадағы баспасөз клубында бүгін фермерлер жиналып, күнбағыс дақылын шығаруға  салынған экспорттық пошлинаны алып тастауды талап етті. Олардың айтуынша, биыл ақпаннан бастап енгізілген осы салықтың салдарынан күнбағыс өсірудің өзі мүлде пайдасыз бизнеске айналған. «Не салықты алып тастаңыздар, әйтпегенде күнбағыс егуді біржолата қоямыз» дейді олар. Ulysmedia.kz тілшісі жиынға барып, кәсіпкерлердің уәжін тыңдап қайтты.

«Экспорттық пошлинаның экономикаға еш пайдасы болмады»

Фермерлердің сөзінше, келісімшарттағы құнның 20% құрайтын немесе бір тоннасына 100 (50 мың теңге) еуро шығындайтын экспорттық пошлина бір жақты, ауылдағы шаруалардың ойын ескермей қабылданған. Үкімет тарапы оны енгізген кезде азық-түлік қауіпсіздігі мақсатын көздеп, бағаны тұрақтандырып, жергілікті май өндірушілері отандық өніммен қамтамасыз етуді көздеген. Май өңдейтін зауыттардың өндірістегі қуаттылығын есепке алған.

«Бүгін де далада жиналмай қалған жалғыз өнім – күнбағыс. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көбі соның шығымынан шығынымызды жабатын шығармыз деп үміттенген. Экспорттық пошлинаның салдарынан біз бір тонна күнбағыстан шамамен 80-90 мың теңге жоғалтып отырмыз. Ал қазір бұл өнімнің өзіндік құны бар-жоғы 100 мың теңгеден сәл асады. Қазақстанның май зауыттары күнбағыс тоннасын 135 мың теңгеден алады. Май зауыттары Шығыс Қазақстанда шоғырланғандықтан, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлеріне өнімін жеткізу оңай емес. Күнбағыстың экспорттық бағасы тоннасы қосымша құн салығынсыз 210 мың теңге. Былайша айтқанда, орташа есеппен 3-4 мың тонна күнбағыс өндіретін фермердің пайдасы жұмысшыларға берген айлықты ғана жабады», - дейді Aitas Agro компаниясының директоры Талғат Алдажаров.

Алдажаровтың айтуынша, экспорттық пошлинаның енгізілгеніне қарамастан елде күнбағыс та, майы да қымбаттап бара жатыр. Яғни фермерлер шаруаларға салынған бұл салықтың жалпы экономикаға еш пайдасы болмағанына сенімді. Керісінше, осы саладағы фермерлер шығынға батқан. Пайда көп түспегендіктен, күнбағыс егілген аумақтар былтырдан қарағанда екі есе қысқарған. Шаруалар өндіретін күнбағыс дақылы екі есе арзандаған. Ал сауда сөрелерінде қазақстандық майды ресейлік өнімдер ысыра бастаған.

«Сол себепті экспорттық пошлинаны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге салынған қосымша салық деп есептейміз. Біз Үкіметті не осы салықты төмендетуге немесе мүлде алып тастауға шақырамыз. Егер пошлина келесі жылы да күшінде болса, күнбағыс даласы тіптен қысқарады», - дейді Талғат Алдажаров.

«Еккеннен қашпаймыз, бірақ пайда жоқ»

Солтүстік Қазақстаннан келген фермер, «Шал ақын АГРО-2020» компаниясының директоры Талғат Төкеев гектарына 1 тоннадан артық күнбағыс алудың өзі мұң екенін айтады. Ауа райының қолайсыздығы, жаңбырдың аздығы бұдан артық өнім алуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне күнбағыс дақылдарының өзіндік құны жылдан жылға өсіп барады. Себебі қымбатшылық бәріне сезілген: жанар-жағармай, техника, саймандардың қымбаттағанынан бөлек, жұмысшыларға айлық өсіру талабы да фермерлердің мойнында.

«Биыл қандай өнім алатынымызды бір құдай біледі. Қазірдің өзінде күнбағыстың өзіндік құны тоннасына 160 мың теңге. Ал май зауыттары бізден тоннасын 135-140 мың теңгеден алады. Сонда біз май зауыттарына өткізгеннің өзінен ұтыламыз. Былтыр күнбағыс дақылының күрт түсіп кеткен себебі – өнім Ресейден кірді. Биыл да кіруі мүмкін. Сонда Қазақстанның шаруалары өз өнімін қымбат бағаға сата ма?» - дейді ол.

Талғат Төкеевтің сөзінше, жылдан жылға күнбағыс егу пайдасыз шаруаға айналып барады. Былтыр ол өз компаниясы егін даласын екі есе қысқартуға мәжбүр болған. Биыл баға болмайтын болса келесі жылы егудің еш жөні жоқ дейді ол. Бір кездері майлы дақылдарды егу үшін мемлекеттен субсидия бөлініп, кәсіпкерлер салаға қызығып, техника сатып алып, жерді жалға алып, шаруаға бел шеше кірісіп кеткен. Ал қазір жеңілдік түгілі қосымша салық шаруаларды тұралатып тұрған көрінеді.

«Біз майлы дақылдарды еккеннен еш қашпаймыз. Баға болмай жатыр. Күнбағыс дақылының әр тоннасынан 50 мың теңге мөлшерінде экспорттық пошлина алынады. Ал сол 50 мың теңге өзімізде қалса, жұмысшылардың айлығы, жаңа техника – біраз мәселемізді шешер едік. Биыл шаруаларға өте қиын. Күзден бері жауын басылған жоқ. Қаншама шаруалар бидайын ора алмай әлек. Бидайды қойып, енді майлық дақылдардан пайда көрсек пе деп ойлағанбыз», - дейді ол.

«Нарық әділетсіз»

Мәселеге байланысты «Қазақстанның бидай концорциумы» компаниясының Саят Шортан да пікір білдірді. Оның айтуынша, Үкімет тарапы экспорттық пошлинаны енгізген кезде біріншіден елде май өнімдері қымбаттап кетпеуін қадағалағысы келген. Екіншіден, елде өнім жетпей қалмасын деп аргумент келтірген.

«Мен тұтынушы ретінде айтайын: аптасына кемі бір рет майды сатып аламыз. Керек болса солардың бағасының фотосуретін де көрсетейін. Экспорттық квота және пошлинаны енгізгеннен кейін түпкі әсері біртүрлі болып шыға келді: баға өсті, отандық маркалардың ассортименті азайып кетті. Жергілікті май түрлері тіпті кейде сауда сөрелерінен жоғалып кетті. Орнын ресейлік өнімдер басты. Күнбағыс дақылы басқа мемлекеттерге сатылмағандықтан, рафинадталмаған өнімнің көлемі көбейді. Сонда бізде сұрақ туындайды: бағаны ұстап тұрамыз деп әуелі жоспарласақ та, ол жоспар мүлде теріске айналды. Баға өсті! Отандық май өнімдері азайды», - дейді Саят Шортан.

Кейінгі кезде Саят Шортанның сөзінше, сауда сөрелерінде май өнімдерінің бағасы сәл арзандағанына қарап, шектеуге жауаптылар «бұл біздің жұмыстың нәтижесі» деп айтатын көрінеді. Алайда бұл жайт ең алдымен, жалпы әлемдік нарықты күнбағыс майының құнының төмендеуімен тікелей байланысты дейді баспасөз мәслихатына келгендер.

Фермерлер ведомствоаралық комиссияға осы уәжін қана келтірсе де, ол жердегілер салық бұрынғы қалыпта қалады деп райынан қайтпай отырған көрінеді. Ал «сіздерден бұл салық алынып тасталса, өнімнің бәрін шетелге сатпайсыздар ма?» деген сұраққа фермерлер «жоқ, бәрін сатпаймыз, май зауыттары мұндайда экспорттық бағамен санасады, ел ішіндегі май зауыттарына өнімімізді сатамыз» дейді.

«Өнімнің елде қалуына біз де мүдделіміз. Бірақ жағдай былай шеттен шыққанда, нарық әділетсіз болғанда саланың дамуы, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру жайлы айтудың өзі артық. Нарықтағы мұндай шектеулердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне жасаған соққысының қатты болғаны соншалық, бірде-бір шаруа келесі жылы не өсірерін білмейді. Бұрын күнбағыс пайда әкелетін. Қазір ештеңе түсініксіз», - дейді олар.

Баспасөз клубынан фермерлер «үнімізді Үкімет еститін шығар» деген үмітпен тарады.

Серіктес жаңалықтары