Қазақстандықтар Арменияға жеке куәлікпен бара алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенат Қазақстан мен Армения арасындағы азаматтардың сапарлары мен олардың елде болу тәртібі, сондай-ақ көші-қон саласындағы ынтымақтастық жөніндегі екі келісімді ратификациялады.
ЖЕКЕ КУӘЛІК ЖЕТКІЛІКТІ
Алғашқы келісім өзара сапарларды жеңілдетуге бағытталған. Енді қазақстандық азаматтарға Арменияға бару үшін шетелдік паспорт емес, жеке куәлік жеткілікті. Сонымен қатар, тіркеусіз болу мерзімі жарты жыл ішінде 90 күнге дейін ұзартылды. Бұл шешім туризмді дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және гуманитарлық қатынастарды кеңейтуге ықпал етпек.
КӨШІ-ҚОН
Екінші келісім көші-қон мәселелеріне арналған. Ол деректер мен құқықтық ақпарат алмасуды, заңсыз көші-қон мен қос азаматтыққа қарсы бірлескен шараларды, сондай-ақ тиісті органдардың іс-қимылдарын үйлестіруді қарастырады.
ҚЫРҒЫЗСТАН
Айта кетейік, қазақстандықтарға Қырғызстанға бару үшін де шетелдік паспорт қажет емес. Бұл мүмкіндік 2007 жылдан бері ЕАЭО аясындағы келісімдер мен екі ел арасындағы шарттарға сәйкес берілген. Жеке куәлік жеткілікті.
Қазақстандықтар Қырғызстан аумағында 30 күнге дейін тіркеусіз жүре алады. Егер елде ұзақ уақыт қалу жоспарланса, жергілікті көші-қон органдарына барып тіркелу қажет.