×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Билік неліктен Жаңаөзендегі қантөгісті "ұмытты". Оқиғаның бел ортасында болған адаммен сұхбат

16.12.2023, 10:30
Билік неліктен Жаңаөзендегі қантөгісті "ұмытты". Оқиғаның бел ортасында болған адаммен сұхбат
Коллаж Ulysmedia

2011 жылғы Жаңаөзендегі оқиға қантөгіспен аяқталды. Сол тұста наразылық білдіргендер ереуілге шығуға биліктің өзі итермелеп, арандатқан деп есептейді. Әлбетте, ол тұста ереуілдің соңы оқ атуға, қамауға барады деп ешкім болжамаған-тын. 

Саясаттанушы Ғалым Ағелеуов сол кезде Жаңаөзен оқиғасының бел ортасында болған адам. Ол ереуілдің хроникасын жүргізіп, қанды оқиғадан кейін соттарға қатысқан. 12 жылдан кейін саясаттанушы Жаңаөзендегі оқиға – қазақ халқының мүддесін мүлде елемеген ескі биліктің саясатының салдары деп есептейді. Ulysmedia.kz порталының бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында Ғалым Ағелеуов 2011 жылы 16 желтоқсанда не болғанын және өлімге қатысты ресми статистика не себепті шынайы сандармен сәйкеспейтінін түсіндіріп көруге тырысты. 

– Ереуіл ол кезде жазда басталған еді. Мұнайшылардың наразылыққа шығуына не себеп болды?

– Сәуірде Ерсай компаниясының 700 жұмысшысы ереуілге шығып, шетел қызметкерлерімен салыстырғанда еңбек төлемі жағынан шеттету барын мәлім етті. Мұнайшылар шетелдіктермен бір жұмысты атқарып жүрсе де, айлыққа келгенде неге аз аламыз деп шықты. Ол тұста Маңғыстауда айлыққа 1,8-дік коэфицент күшінде болған, ал жұмысты жақсы атқарған жағдайда сыйақы берілетін. Соған қарамастан, айлық азайып, адамдар тіптен ашулана түсті. Әуелі мұнайшылар Ақтауға жиналып, тариф кестесін тәртіпке келтіруді талап етті. Оны заңгер Наталья Соколова қолдап, кәсіподақ басшылығына келді.

– Ол кезде «ҚазМұнайГазды» кім басқарып еді? Жағдайды реттеуге кім міндетті болды?

–  Бүкіл жүйе Құлыбаевқа бағынатын. Оған дейін ол «Маңғыстаумұнайгазды» сатып, жүздеген миллион доллар тапқан. Бұл жайт мұнайшылардың ашуына тиді. Олар елге негізгі табыс мұнайдан түскенін де, ал шетелдік компаниялардың иелері бүкіл Қазақстанның мүмкіндіктерін қысқартып жатқанын да түсінді. Канадалық компания жұмыс істеп тұрған кезде ешқандай проблема болған жоқ, бірақ олар маған белгісіз себептермен кетіп, қытайлар келгеннан кейін қақтығыстар басталды.

– Қазақтарға неліктен ақшаны аз төледі? Назарбаев мұны шынында да, білмей қалды ма?

– Қазақ билігінің саясаты сол болатын. Билік "біздің еңбекқорларымызға көп ақша төлеудің қажеті жоқ - олар онсыз да мұғалімдермен, дәрігерлермен салыстырғанда көп табады" деп есептеді. Шарт бойынша компанияны бір жыл қазақ тарапы, ал келесі жылы Қытай директоры басқарады деп шешілген. Қақтығыстың туындауына Қытай директорының кен орнына жұмысшыларды жіберуге автобустарды бермеу туралы бұйрығы себеп болды. Ереуіл осыдан сіріңкенің шиіндей гу етіп тұтанды. Жанжал басталды – мұнайшылар полиция бөліміне барып, өз құқығын сақтауды талап етті. Бірақ оның орнына Соколова 8 тәулікке қамауға алынды. 8 күннен кейін босап шықпады. Ақыры, үстінен қылмыстық іс қозғалды да, 6 жылға сотталып кете барды. Осындай әділетсіздіктен кейін Ерсайдан соң «Қаражанбасмұнайгаз» көтеріліп, оған «Өзенмұнайгаз» қосылды. Кейінгілерде айлық бәрінен жоғары болса да, бұл жайт ереуілшілерді тоқтата алмады.

– Ай мұнайшылардың ол кездегі айлығы қанша еді?

– Мен Жаңаөзенде болған кезде мұны арнайы сұрадым: біреуде 160 мың, біреуде 170 мың, біреуде 200 000-250 000 мың теңге болды. 300 мың теңге аламыз деген де адамдар кездескен. Бірақ адамдарға беріліп келген сыйақы тоқтап қалды. Олар премьер-министрдің бұйрығымен енгізілген тарифтің дұрыс төленбегенін біліп қойды. Қараша айында әлеуметтік қорғау министрлігінің комиссиясы келгенде мұнайшыларға бұл коэффициенттер орташа емес, ең төменгі жалақы негізінде төленетіні анықталды. Яғни, әрқайсысына қосымша 15-18 мыңнан ақы төленбей келген.
Комиссия ведомостар мен түбіртектерді салыстырған кезде қолдағы жалақы екі есе аз төленіп келгені анықталды. Мұнайшылардың бірінің қызы университетке түсіп, одан әкесінің жалақысы туралы анықтама сұралғаны айтылады, сол кезде әкесі алып жүрген айлықтан екі есе көп ақша көрсетілген. Айтпақшы, бұл анықтама да өз рөлін атқарды.

– Мұның арты қиын жағдаймен аяқталатыны қай кезде белгілі бола бастады?

   - Шілдеде жағдай ушыға бастады – өзін тұтқындауға келгенін білген Наталья Шангарева үстіне бензин шашты. Ереуілшілерге омондар келіп, тамақ толы қазандарды төңкеріп, жиналғандарды дубинкамен ұра бастады. Мұнайшылар полиция бөліміне келген, бірақ олар да ұстады. Ақыры, бүкіл Жаңаөзен ереуілді қолдап шықты. Әуелгі экономикалық талаптар біртіндеп саяси талаптарға ұласты. Адамдар Назарбаев келуін, тәртіп орнатуын талап етті.

– Ол кезде қолы бос болмаған секілді ме, қалай? Мемуарына қарағанда жеке өмірімен басы қатып жүргендей..

– Жаңаөзендіктер «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне барды. Оларға сұрақ қойылды: Сіздер билеуші партиясыздар, неге үндемейсіздер, ештеңе істемейсіздер, неге араласпайсыздар? Бірақ партия үнсіз қалды. Содан кейін алаңға облыс әкімі Көшербаев пен «Өзенмұнайгаз» басшысының орынбасары келді. Олар мұнайшылар жеті күн ішінде жұмысына оралмаса, жұмыстан шығарылатынын ескертті. Олар мәміле жолын іздемеді, жай ғана адамдарды шарт қойды да, қылмыстық кодекстің баптарымен қорқытты. Жағдай бірнеше ай бойы ушыға берді, ереуіл бүкіл елдің аузына ілінді, ал билік үнсіз қала берді.

– Қазір де біреу алаңға шықса, бірден террорист немесе экстремист атанатыны анық қой.

– Ол кезде акция өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ереуілшілер алаңда тап-таза ұстап, тәртіпті сақтады.

– Олар «біздің үніміз билікке жетер», «әділдікке жетеміз» деген сенімде болды ма, әлде амалсыздан көшеге шықты ма?

– Әу баста оларда сенім болған, бірақ билік оларға қылмыскер ретінде қарады. Үлкен қателік те осы болатын – ереуіл заңсыз деп танылды, полиция пәтерлерге рейд жүргізді, бастап жүргендерді табуға тырысты. Журналист келіп, Натальяның көшбасшы екенін көрсететін мақала жазды. Оны бірден ұстады. Осыдан кейін басшылық дұрыс шешім қабылдап, бәрін түсініп, бітімгершілік комиссия құрады деген сенімнің күлі көкке ұшты.

– Ол кезде мұнай ресурстары еркін сатыла беретін еді ғой.

– Соңғы сөзді бәрібір Назарбаев айтатын. Неліктен барлық келісімдер мен шарттарды құпия деп ойлайсыз? Неліктен біздің соттар шетел инвесторларын қорғады? Себебі бәрін реттей салатын құпия келісімшарт болған.

– Сіз Назарбаевтың өзі шешім қабылдады деп ойлайсыз ба?

– «Арселор Миттал» бойынша иә, бұл оның командасы болды. Иә, біздегі кәсіпорындардың бәрі қалай десек те, Назарбаевтың бұйрығымен сатылды. Өзенмұнайгазға келер болсақ, ол кезде бұл 100% ұлттық компания еді. Онда күшті тәуелсіз кәсіподақтар болды. Ол кәсіподақтар келісімшарт негізінде жұмыс істеп, жұмысшыларды қорғай алатын. Бірақ содан кейін билік оның бәрін жойып жіберді. Бәрін оп-оңай сатып, мемлекеттік меншікке, жеке қолға немесе шетел инвесторына беру жеңіл болуы үшін бұл саналы түрде жасалды. Еңбек ұжымының пікірі мен ұжымдық шарттың дәрмені қалмады. Бәрін Назарбаевқа үлесін төлеген ақша толы қап шеше бастады. Міне, сондықтан мемлекет жұмыс берушілер жағына шыға келді.

– Ереуіл не себепті дәл 16 желтоқсанда бұрт ете түсті?

– Мереке күні еді. Әкімдіктің тапсыруымен алаңға киіз үйлер тігілді. Әкім егер кенет «осындай бір нәрсе» бола қалса, онда ол екі миллион теңгеден төлеуге дайын екенін айтты. Бірнеше күн бұрын алаңда тұрған мұнайшыларға қарсы арандату әрекеті дайындалып жатқаны жөнінде ақпарат жетті, бірақ оларды жергілікті билік тыныштандырып, тіпті ереуіл жетекшілерінің біріне президент әкімшілігінің өкілдерімен кездесуге Астанаға баруды ұсынды. Ол Астанаға ұшып келді, оны қарсы алғандар үлкен джиптің алдыңғы орындығына отырғызып, еш жаққа бұрылмауға бұйрық берді.

Көшбасшының аты Талғат еді. «Маңызды тұлғамен» кездесу барысында оған әлгі адамы "мәселені шешіп, татуластырып, комиссиясын құрып, адамдарға түсіндіру қажет екенін" айтқан.

«Мен сізді тыңдадым, сіз бара беріңіз» деп жауап берді де, әлгі «маңызды тұлға» қашан шешім қабылданатынын айтуға уәде берді.

Талғат Ақтауға ұшақпен жетті. Жаңаөзенде оны бәрі күтіп, Астанада не болғанын білгісі келеді ғой. Ол "маған күтіңдер" деген жауап әкелді.

– Яғни, 16 желтоқсанға дейін ештеңе шешілмегені ғой?

  - Таңертең әкімдіктің пәрменімен алаңға оқушылар шығарды. Мереке үрдісін ұйымдастырды. Даңғыр-дұңғыр әуен, салт атты, оюлы шабандоздар, балалар... Ең қызығы, бір күн бұрын әкімдікте қызметкерлерді жинап алып, құнды заттардың бәрін кабинеттерден алып тасталуы, тәртіпсіздікке дайын болуы керектігі ескертілді. Шақырылған әртістерге де "егер бірдеңе бола қалса қашыңдар" деген.

Концерт өтіп жатқан кезде алаңға полиция келіп, ереуілшілерді қоршап алды. Әрине, бәрі ашуға басты. Жаңаөзендіктер ол кезде әбден ызаланған, көп отбасы аш отыр еді. Мысалы, 8 айға созылған ереуілге шыдай алмаған Абай деген жігіт үш баласын асырай алмай. өз-өзіне қол салған. Қала тұрғындары полицейлердің қоршауын бұзып өтті, бірі автобусты өртеп жіберді, әрине ызаға басты.

– Алаңда арандатушылар да болғаны айтылады ғой?

– Болды, бәлкім, мұны әкімдік ұйымдастырды, оның алдында пәрмендер берілгенін білем, полицейлердің де өз жоспары бар-тын: арланшылар отряды пайда болды. 100-ге жуық қарулы адам, мергендер барлық жерге орналастырылды. Әрине, мұның бәрі өздігінен болуы мүмкін емес еді. Кейін сот процесінде олар куәлік беріп, "адамдар бізге шабуыл жасаған кезде аттық" деген жауабын қайталаумен болды.

– Атыс басталған кезде алаңда шамамен қанша адам бар еді?

– Кем дегенде 3 мың адам. Мектеп оқушылары да болған – бәрін әкетіп үлгерген жоқ. Сотта Айжан деген қыз өзіне оқ тиген кезде жүре алмай қалғанын, ал оқ атылып жатқан кезде қасынан балалар жүгіріп бара жатқанын айтқан. 100 әскер алаңға қарай оқ атты, одан бөлек снайперлер болды. Оны жасөспірімдер құтқарып алған.

– Ресми нұсқаға сәйкес, қаза болғандар саны 17 адам. Алайда адамдар құрбандар саны одан көп дейді.

– Ресми есеп – 16 адам; қалайда қазақстандықтар осы нұсқаға сеніп қалды. Алайда мәйітханаға кіргендер адамдардың денесі бір-бірінің үстінде жатқанын айтқан. Куәгерлердің айтуынша, алдымен бір бөлмеге мәйіттер толып қалған. Кейін екінші бөлмені ашқан. Кейін мәйіттер даладан жинала бастаған. Кейбір адамдар ауруханада көп жұмған.

– Жаңаөзендіктер ресми мәліметтерге мойынсұнды ма? Біреу қарсы келіп, жоққа шығармады ма?

– - Шамамен 4-5 жастағы қыз баланың өлтірілгені туралы ақпарат бар. Бәріне оның жараланғаны жөнінде айтыңдар деген пәрмен берілсек керек. Оқ қақ шекеден тиіп, адамдарға оқ атылып жатқан кезде анасы айғайлап зар илеген. Ал сотта оқ аспанға атылғаны, Айжан аяғын сындырып алғаны, алаңда әкенің, балаларды құтқаруға тырысқан колледж мұғалімінің өлгені айтылды. «Жедел жәрдемдер» сол маңға жақындауға қорыққан, сонда да жараланғандарды әкетіп жатқан. 

– Ақыры, оқ атуға рұқсат берген кім? Бұған кім жауапты?

– Әлбетте, күш құрылымдары. Бұйрықты солар береді. Саяси көшбасшыдан басқа ешкім бұйрық бере алмайтыны туралы да айтылған. Алайда кейін қарғысқа қалмас үшін Назарбаев өзіне мұны алуы екіталай еді.

– Назарбаев болмаса кім?

– Менің ойымша, облыстық деңгейдегі біреу жауапкершілікті өз мойнына ала алмас еді, олар орталыққа сегіз ай бойы дұрыс ақпарат бермеді. Назарбаевқа мәселе шешлііп жатқанын, бәрі жақсы екені айтылды.

– Ол кезде ішкі істер министрлігін Қасымов басқарған. Облыс әкімі Көшербаев еді. Солардың ешқайсысы жазаланған емес.

– Қасымов егер операция жасалса, жағдайға сүйене отырып, ату жөнінде пәрмен беруге міндетті болатынын айтты. Бұл Қаңтармен бірдей жағдай. Егер пәрмен болса және наразылық білдірушілер қарақшылар немесе террористер деп аталса, онда операция ережелері автоматты түрде күшіне енеді. Жаңаөзендіктердің өз нұсқасы бар. Олар Тәуелсіздік күні бәрін әдейі қолдан жасады деп есептейді, өйткені "Өзенмұнайгаз" бухгалтериясын жою қажет болған. Есіңізде ме, атыс басталған кезде компанияның кеңсесі өртеніп, бүкіл бухгалтерлік есеп жойылып кетті. Адамдар алаңды жүгіріп, алдын-ала әкелінген қарақшылар қаланы тонай бастады. Ұйымдастырушылар бейне пайда болып, резеңкеден бөлек оқ атылады деп болжай алмады.

– Бейбіт азаматтарға неге оқ атылды? Алаңда балалар жүргенін қалай көрмей қалды?

– Қазақ халқына деген қарым-қатынас солай болатын – ұруға болады деген қатынас. Күш құрылымдары өз азаматтарын соғуға болады деген тәрбиемен өскен.

Ғалым Ағелеуовпен өрбіген сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz порталының YouTube-арнасынан көре аласыздар.