Ulysmedia.kz аптаның басты оқиғаларын шолып шықты.
Жаңа салық кодексі: қорғай ма, қорлай ма?
Мәжілісте салық кодексінің алғашқы оқылымы қызу талқылауға себеп болды. Елдегі оффшорға айналып бара жатқан Астана хаб пен Халықаралық қаржы орталығының қызметі назарда. Бұл құрылымдарды кім тексереді? Экономистер жаңа құжатты сынға алып, ол бизнеске қысым көрсету құралына айналуы мүмкін екенін ескертеді.
Дағдарыс дәуірі: Қазақстан не істемек?
Әлемдік экономика тарихи дағдарыс алдында тұр. Қазақстанның әрекеті қандай болмақ? Үкімет нақты жоспар ұсынбады. Ал Ұлттық банк доллар бағамының 600 теңгеге жетуін жоққа шығармай отыр. Сарапшылар теңгеге қысым күшейетінін ескертеді.
Атырау МӨЗ тағдыры: жаңа басшы – жаңа үміт пе?
Ресейге сатылады деген сыбыс тараған Атырау мұнай өңдеу зауытында басшылық ауысты. Жаңа менеджер стратегиялық нысанды отандық бақылауда сақтап қала ала ма? Сарапшылар мемлекеттік мүддені бірінші орынға қою қажет дейді.
Талғардағы қанды оқиға: Шерзат Полат ісі сотта
Алты ай тергелген іс ақыры сотқа жетті. Талғарда ата-анасының көз алдында өлтірілген жасөспірім Шерзат Полаттың ісі Жоғарғы сот шешімімен онлайн форматта өтеді. Алайда айыпталушылар алқа билерден бас тартты. Марқұмның әкесі соттың әділ өтетініне күмәнмен қарап отыр.
Сатира үшін жаза: Qaznews24 авторына үкім шықты
Алматы соты сатиралық контентімен танымал Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Бұл шешім қоғамда цензура мен сөз бостандығына қатысты алаңдаушылық туғызды.
Украинадағы соғыс пен қудалауға ұшыраған журналист
Ресей үшін Украинада соғысып, тұтқындалған қазақтар туралы материалы үшін журналист Лұқпан Ахмедияров тергеуге ілікті. Бұл журналистік қызмет пе, әлде қылмыс па деген сауал тағы да күн тәртібінде тұр.
Қаңтардан кейін – қысым күшейді ме?
Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасынан кейін неге журналистермен алысып әлек? Еркін пікірден қорқа ма, әлде халықтың қаһарынан үрейлене ме?
Толығырақ Ulysmedia.kz YouTube арнасынан көріңіздер.