«Ұлыста» қазақ әйелдерінің проблемасын жиі көтереміз. Өкінішке қарай, күйеуінен, бұрынғы бірге тұрған азаматынан зардап шегетін, қамқорлықсыз қалған әйелдер өте көп.
Бұл жолы бізге мұңын шағып келген Ақмарал есімді келіншек өзін белгілі әнші Нұрлан Абдулинның азаматтық неке әйелімін деп таныстырды. «Арамызда бір ұл бар, алайда қазір далада қалдық, алимент төленбейді, мүлдем көмектеспейді. Ақшасын жас қыздарға шашады», - дейді келіншек. Бірақ өзін «тоқал» қатарына қосқысы келмейтінін де айтты.
Қазіргі уақытта Ақмарал сегіз жастағы ұлын өз күшімен өсіріп тәрбиелеп отыр. Ол баласының құқығы үшін соңына дейін күресемін деп бел буып, дәл қазір соттасу үстінде. Келіншектің сөзінше, Абдуллиннің Астана, Алматы қалаларында бірнеше қымбат пәтерлері бар, миллиондаған ақша әкеліп отырған компаниялары бар, бірақ баласына көмектеспес үшін барлық табысын жасырып келген. Мәселен, Астанадағы бір апартаментті Қазақстанның экс-премьер-министрі Асқар Мамин сыйлаған екен.
Ақмарал Баққараева Абдуллинмен кезінде Нұрлан Нығматулин қызының тойында танысқанын, одан кейін соңынан қалмай дегеніне жеткенін айтып берді. Бірақ балалы болғаннан кейін әншінің назары басқа қыздарға ауды дейді Ақмарал.
Сұқбатта тек Нұрлан Абдуллин емес, ел алдында жүрген азаматтардың әйелдерге деген көзқарасы, моральдық картинасы сөз болды.
Көріп, өздеріңіз бағасын беріңіздер. Біз мұндай подкасттар арқылы ешкімді жақтамаймыз. Қоғамдағы проблемаларды боямасыз ұсынамыз. Түптеп келгенде - кәмелетке толған әр адам кіммен қандай қарым қатынаста болғаны үшін ең бірінші өзі жауапты.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көріңіздер.