×
472.14
498.39
7.65
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
472.14
498.39
7.65

Қаңтар символына айналған Берік Әбішев, азапталған Азамат Батырбаев, елді сатқан олигархтар мен Мәсімовтің күші – Бауыржан Азановпен сұхбат

01.04.2022, 20:20

Заңгер Бауыржан Азанов уақыт тауып, Ulysmedia.kz  порталына бір сағат көлемінде сұхбат берді. Бұл күнде адвокат азапталған Азамат Батырбаевты қорғап, зардап шеккен Берік Әбішевке жылу жинауға үндеп жүр. Айтуынша, Қазақстанда ең күрделі іс – азаптау фактісін дәлелдеу. Бұл бап бойынша 100 қылмыстық іс қозғалса, соның саусақпен санарлығы ғана сотқа жететін елде тұрып жатырмыз, өкінішке қарай... Мұндай қоғам несімен қорқынышты? Заңгер азаматтық қоғам не үшін қалыптасуы керек деп есептейді? Қамаудағы Жанболат Мамай жайлы пікірі қандай? Әлеуметтік желідегі екі пост үшін сотталған Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбаевты түрмеден алып қалуға бола ма? Көптің көкейіндегі сұрақтың бәрін қамтып қалуға тырыстық.

– Бауыржан мырза, таяуда Қаңтар оқиғасы кезінде көк Туды желбіретіп, сол оқиғаның символына айналған Берік Әбішевке барып қайтқаныңызды әлеуметтік желіде жаздыңыз. Қазір ол кісінің қалы қалай?

- Берік қазір ешкімді танымайды. Туысқандарын да. Сөйлей де, өзі жүре де алмайды. Денсаулығы өте нашар. Емді Қазақстанда ала ма, шетелде ала ма білмеймін, бірақ ем алмаса болмайды. Бәрі қаражатқа тіреліп тұрғандықтан, меніңше, көпшілік Берікке болысар деген үміттеміз. Шынымен де осы жігіт Қаңтар оқиғасының символына айналды. Бүгінгі таңда халқымыз оған көмектесіп, денсаулығын оңалтпаса, оның жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Туысқандары солай деп отыр.

Қазір неше түрлі қорлар ашылып жатыр ғой. «Қазақстан халқына» қоры бар, басқасы да көп. Естуімше, бүгін дүйсенбі болса, сол күнге дейін қордың көмектесіп жатқанын естіген жоқпын. Болысатын шығар деп үміттенем. Әзірге тыныш.

– Сіз Берік Әбішевтің адвокаты емессіз, білуімізше?

- Жоқ. Адвокаты емеспін. Себебі ол ешқандай күдікті болып танылған жоқ. Оның үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған. Оның өзі Қаңтар оқиғасының құрбаны. Денсаулығы жоқ. Реабилитациямен бұрынғы қалпына келе ме, келмей ме, ол да сұрақ. Көпшілік, қарапайым апай-бауырларымыз көмектесіп жатыр.

- Ал Берік Әбішевті атқан кім?

- Оны Құдай біледі. Оны зерттеу керек. Ол үшін қылмыстық іс қозғау керек.

- Қылмыстық іс қозғалды ма?

- Оны да білмеймін. Өтірік айтпай-ақ қояйын. Алайда оның туыстарының арыз беріп отырғанын білемін. Себебі ол құрбан. Адвокаттар сол іске кірісіп, ол істі жүргізуі керек деп ойлаймын. Қосылып, Беріктің, жәбірленушінің өкілі ретінде қылмыстық іске қозғау салу керек. Тергеп-тексеру амалдарын жүргізбесе, әрекет жасап, содан кейін оны жәбірленуші ретінде таныту керек. Қылмыстық процесте оның сондай мәртебесі болуы тиіс. Білуімше, ол әлі жәбірленуші ретінде танылған жоқ. Оны атқан адамды анықтап, үстінен қылмыстық іс қозғау, күдікті ретінде таныту – ол күрделі іс. Оны кім жасайды? Қашан жасайды? Тағы да көп сұрақ.

- Азамат Батырбаевтың адвокатысыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты деген атпен бүкіл елге жария болған азамат. Азамат Батырбаев ешқандай террорист емес. Ол қазір қандай бап бойынша айыпталып отыр?

- Ол қылмыстық істің 272-бабының 2-бөлігі қателеспесем. Тергеп-тексеру амалдары әлі жүргізіліп жатыр. Мүмкін, әлі өзгереді. Саралау қаулысы өзгеруі мүмкін.

- Бес баланың әкесі қазір уақытша оқлаулағышта отыр. Ол азаматтың үтікпен азапталуы бүкіл елге жария болды. Білуімізше, оны азаптаған адам ұсталды ғой?

- Алматы облысының прокурорымен кездескен кезде күдікті тұлға – полиция қызметкері. Оның үстінен күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы таңдалған. Азаматқа үтік басып, біреуі ұсталды. Ал негізі ол жерде азаптаған адамдардың саны біреу ғана емес қой. Бірнеше адам! Оны әлі анықтау керек. Анықталғандары да, анықталмағандары да бар. Меніңше, іс объективті түрде жүргізілсе, жақсы болар еді. Себебі полиция қызметкеріне бұлтартпау шарасы бірден тағайындалған жоқ. Ұзаққа созылды. Бәріміз шулап, бірнеше арыз, өтініш хаттар тапсырылғаннан кейін ғана оны бұлтартпау шарасы таңдалды.

Азаптауға қатысқан полицияның басқа қызметкерлерінің үстінен әлі бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ. Неге екенін мен түсінбей отырмын. Неге таңдалмайды? Неге созылып, нақты әрекеттер жасалмайды? Осыдан барып көп сұрақ туындап жатыр. Тергеу органдары іске объективті қарап жатыр ма, жоқ па? Екі қылмыстық істе қатысушы болып жүрмін. Бірінде Азамат Батырбаев күдікті болып танылды, екіншісінде азаптаудың құрбаны – жәбірленуші болып отыр. Бірінде адвокаты, екіншісінде өкілімін. Осыдан 10-12 күн бұрын Азаматтың үстінен таңдалған бұлтартпау шарасы тағы бір айға ұзартылды. Мен тергеу сотына өтініш хатымды тапсырып, үйқамақ секілді шара қабылдануын сұрадым. Өйткені ол емделуі керек. Физикалық, психологиялық денсаулығына зақым келді. Ер адам болғаннан кейін оны көрсетпейді, білдірмейді. Маған айтпайды. Өзі көп сөйлемейтін адам. Оның ешқандай тонауға, қарақшылыққа қатысы жоқ. Ол өмірінде қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік болсын – тартылып көрмеген азамат. Тап-таза, бес баласын, бауыр-қарындастарын бағып отырған адам. Оған мүмкіншілік беруі керек болатын. Біздің тергеп тексеру орындары үйқамаққа жіберсе түгі де кетпес еді. Ол ешқайда қашатын адам емес. Қашатын жері жоқ.

- Яғни жергілікті билік органдары оның еркіндікке шығуына мүдделі болмай отыр ма? Әлде артық сұхбат беріп қояды деген күдіктері бар ма?

- Оны білмедім. Оны қамау мерзімі тағы ұзартылып кетті. Оны ұзартып жатыр, ұзартып жатыр. Жарайды, ол күдікті делік. Сол сотта оның тағдыры шешіледі. Бұлтартпау шарасының үйқамақ немесе кепілдік дейтін түрлері бар. Солардың бірін таңдауға мүмкіншілік бар. Бірақ Азамат Батырбаевты ешкім жібермей отыр. Неге жібермейді? Үйінде емін алуы керек еді. Оны қазір тіпті бүкіл әлем біледі. Аса қатігездікпен азапталғанынан хабардар. Оның деңгейінде азапталған адамдар көп емес.

Оған неге психологиялық көмек көрсетілмейді? Ол азаптаудың құрбаны болған соң әрине, әрбір азапталған тұлға психологиялық жапа шегеді. Олардың көбіне шынын айтқанда, психикалық зардап тиді. Олардың көбі шынында әлі түсінбей де отырған шығар. Қазір шықпаса, кейін әрине шығады. Посттравматикалық синдром деген бар. Жоқ дегенде оларға сол диагноз қойылуы керек еді. Әрбір азапталған адамға! Бірақ біздің жүйеде ондай сұрақтар тіпті қойылмайды да.

- Азаптау жағдайлары туралы өз әріптесіңіз Абзал Құспанмен де сұхбат құрдық. Сол кезде «Шапыраштылар диверсиясы болды ма» деген теория да айтылды. Қалай ойлайсыз? Мүмкін әдейі жасалған азаптау болған шығар?

- Көпшілік білмейтін шығар, бірақ азаптау деген баптың өзі Қылмыстық кодекстің 146 бабында қарастырылған. Баяғыдан енгізілген. Азаптау Қаңтар оқиғасында ғана болған жоқ қой. Бұрыннан бері болып жатқан әрекеттер. Бірақ азаптау қылмысы – өте күрделі, қиын дәлелденетін қылмыс. Себебі азаптайтын қызметкерлер – мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан олар қылмыс ашылмайтындай, әшкереленбейтіндей әрекеттер жасайды. Статистика бойынша БАҚ-та жазылғандай, 146-бап бойынша қозғалған істің 100 пайызының ішінде Қазақстанда 2 пайызы ғана сотқа жетеді екен. Ол орысша айтқанда «мертвая статья»! Оны дәлелдеу өте қиын.

Азамат Батырбаев қылмыстық істің бірінде жәбірленуші болып отыр. Сол іс бойынша ең кемі бір істің дәлелденгеніне менің өзім қуанып жүрмін. Кез келген адвокатқа оның өзі жетістік. Себебі дәлелдеу де, оны сотқа жеткізу де қиын. Сотта соттатудың өзі де үлкен проблема.

Ал бір тайпаның қатысы бар деген сұраққа келер болсақ, ең бірінші мәселе – Маңғыстау немесе басқа облыстарда басталған шерулерді пайдаланып кеткен тараптар болған шығар. Болды, әрине. Ол тараптар мақсаттарын қойды. Қарапайым бауырларымыз оларға сеніп те қалған болар. Себебі қарапайым адамдарымыз жақсыны жаманнан ажырата алмайды. Ажыратуды білу, қабілетті болу бәрінде жоқ. Оған білім де, тәжірибе де, тәрбие де керек.

- Жаңа Қазақстанда бәлкім осындай жағдайлар болмайтын шығар?

- Мәселе жүйеде емес, мүмкіншілікте. Біздің көпшілік жақсыны жаманнан ажырата алмайды. Оны мойындау керек. Осындай жағдайлар болған кезде адамдар популистер мен демагогтардың артынан еріп кетуі мүмкін. Популистер оларды пайдалануы мүмкін.

- Пайдаланып та жатыр...

- Иә, пайдаланып та жатыр. Әлеуметтік желіде жазып, айтып, көрініп, өздерін жарнамалап жатыр. Біздің көпшілікке ең танымал болса болды ғой. Ең танымал болса, демек ол шындықты айтып тұр деп ойлайды көп адам. Ал енді мұндайда бұл өте күрделі мәселе. Жаңа Қазақстан бола ма, басқасы бола ма – оны құру өте қиын. Жігер болуы керек. Себебі әрбір мемлекетті құрудың алдында құқықтық, азаматтық қоғам пайда болуы тиіс. Бізде азаматтық қоғамның белгілері сәл-сәл бар, бірақ менің ойымша, азаматтық қоғам бізде әлі толығымен құрылған жоқ. Өйткені Берік Әбішевтің өзін бәрі ұмытып кетті ғой. Азаматтық қоғам болса, оны неге ұмытады? Ол ұмытылып кетті. Бізде азаматтық қоғам болса, ешкім ешкімді ұмытпаушы еді. Енді шыны сол. Сондықтан мен оған арнайы кіріп, қал-жағдайын біліп, бауырымыздың жағдайы өте қиын екенін, ондай бауырларымыз өте көп екенін жаздым. Екі-ақ ай өтті. Ұмытып кетті бәрі. Қаншама адам қаза тапты. Қаншама адамның денсаулығына зақым келді. Менің болжамым бойынша, бір жылдан кейін бәрі қалады. Әрбір адам өз проблемасымен жалғыз қалады. Сондықтан қазіргі таңда азаматтық қоғам құрылмайынша біздің мәселеміз шешілмейді.

- Өзіңіз Қаңтар оқиғасының басы-қасында жүргеннен кейін сіздің көзқарасыңызды білсек деп едік. Әртүрлі нұсқа бар. Сіздің теорияңыз қандай?

- Бұл жерде теорияларды құрастыру үшін менде бір ақпарат болуы керек. Арандатушылар болды. Санын мен білмеймін. Ақпаратымыз – БАҚ-та жарияланған мәліметтер. Арандатушылардың кейбірі алаңға адамдарды әдейі жіберді. Бейбіт шерулерді керісінше көрсету үшін, халықаралық бірлестіктер алдында, мемлекеттік органдар немесе халқымыздың алдында оларды жиіркенішті қылып көрсету үшін кейбір тараптар болды. Халық бейбіт түрде митингке шықты. Талаптарын қойды. Бірақ тура 2011 жылғы жағдай қайталанған сияқты. Алайда осыны зерттеп, әшкерелеу үшін тәуелсіз тергеп-тексеру амалдары болуы керек. Ол болған кезде ғана біз шындықты білеміз. Сол туралы бірнеше рет айтқанмын. Халықаралық ұйымдардың өкілдері тәуелсіз тергеп-тексеру тобына енгізіп, солардың қатысуымен тергеу жүргізілсе ғана біз шындықты біле аламыз деп ойлаймын.

- Қаңтар секілді оқиғалардың қайталануы мүмкін бе?

- Арандатушыларды арасына кіргізіп жіберсе, әрине болуы мүмкін. Арандатушыларды көріп жүрміз.

- Мысалы Дикий Арман арандатушы ма?

- Дикий Арман деген адамды өзім шынымды айтсам, танымаймын. Естуімше ғана. Оған баға бере алмаймын, өйткені қаңтар айында оның не істегенін мен нақты білмеймін. Бірақ мен ол кісіні жақтырмаймын. Себебі ағылшынша айтқанда оның бэграунды өте біртүрлі. Оған мен күдіктенемін. Сенбеймін. Оған сенуге болады деп ойламаймын. Өкінішке қарай сондай адамдарға сенетін болса, біздің қоғамымызды болашақ жоқ деген сөз. Жалғыз емес ондай адам бізде. Көп қой.

- Қаңтар оқиғасында мемлекеттік төңкеріске қатысты болуы мүмкін деген күдікпен ұсталған Кәрім Мәсімовтың ісі ашық өтуі керек деп ойлайсыз ба? Қарасақ бәрі құпия.

- Қазір құпияландырып тастаса, соты да жабық болады.

- Сол құпия жүргізудің өзі дұрыс па?

- Менің ойымша, құпия ету, шек қою... Бізде адвокатқа шек қойылады. Халықаралық минималды стандарттар бойынша қорғаушы кез келген іске кіруге мүмкіншілігі болуы керек. Ал бізде сен келген кезде алдыңа «допускың бар ма?» дейді. Адвокаттарда сондай үлкен мәселе бар. Ал сол кіру рұқсатын алу үшін тағы жүресің. Қанша уақытқа созылатыны тағы белгісіз.

Әрбір қылмыстық істі, соттың қай сатысында болсын құпияландыруға болмайды. Әрине, тергеу кезінде шектеу болады. Тергеліп жатқан нәрсенің бәрін айта беруге болмайды. Өйткені ол тергеуге кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан әрбір сот ашық болуы керек. Бәрі ашық болған кезде ғана халықтың сотқа деген көзқарасы өзгереді. Шет елдерде ірі істер олай құпия өтпейді. Джулиан Ассандждың ісін алып қараңыз мысалы. Ұлыбританияда білуімше ашық қой. Кімнен қорқады? Ашып көрсеткеннің несі жаман? Қылмыс істесе зерттеліп, жауапкершілікке тартылсын. Істемесе ақталсын. Сонда ешкімде сұрақ болмайды. Сұрақ болмаса наразылық та болмайды.

- Соңғы уақытта Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев секілді белгілі адамдар тұтқынға алынып жатыр. Қалай ойлайсыз? Алдағы уақытта осындай тағы бір белгілі адамдар тұтқындалуы мүмкін бе?

- Болатын сияқты. Менің ойымша.

- Кәрім Мәсімов тұтқындалды. Бірақ Самат Әбіш әлі бостандықта жүр ғой...

- Ол сұрақтың бәріне жауап беру үшін Кәрім Мәсімов қандай іс бойынша тұтқындалып отырғанын білуім керек. Мен білмеймін. Әлбетте, БАҚ-та шыққан ақпараттан ғана хабарым бар. Ал сіз атаған кісінің қатысы болса, ол да тұтқындалуы керек. Міне сұрақ туындайды. Неге? Себебі бізге істің мән-жайы айтылмайды. Жалғыз бір өзім емес, көпшілік оны сұраса айтылуы мүмкін. Көпшілік сұрауы керек. Анау мынаған, мынау анаған сілтей берсе, еш нәрсе өзгермейді. Азаматтық қоғам деп отырғаным сол. Азаматтық қоғамның түбінде тұрған мәселе – бедел институты. Сол институт пайда болған кезде мәселелеріміздің бәрі аз ғана уақыттың ішінде шешіліп кетеді. Ол институт бізде жоқ. Жоқ болғандықтан, әрбір азамат білгенін істейді. Ешкім ешкімнен ұялмайды. Қорықпайды. Білгенін істейді. Қолын сілтейді, бір-бірін алдайды. Репутацияның жақсысы да, жаманы да бар. Адамдарымыз соған қарап, сол институтқа қараса, соған балаларын тәрбиелесе, сол кезде ғана бізде бәрі өзгеріп кетеді. Бірақ ол бізде жоқ. Проблема сондықтан шешілмейді.

- Сіз жаңаөзендіктермен байланыстасыз ба?

- Иә, қылмыстық істердің біріне қатысып жүрмін.

- Сол бойынша да ақпарат айта аласыз ба?

- Жұмабек Жамалов деген Жаңаөзен қаласының тұрғынын осыдан бір жыл бұрын аса қатігездікпен өлтіріп кеткен. Бір топ адам келіп, оны гаражда сабап, өлтірді. Үстіне секірген кезде жүрегі жарылып кеткен. Ешқандай ешкімге қатысы жоқ.

- Бірақ ол азамат 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасына қатысқан деген ақпарат айттыңыз ғой...

- Иә, қатысқан. 2011 жылғы митингтерге қатысы бар. Туысқандары айтты. Бұл қылмыстық іс күрделі жүріп жатыр. Сәуір айы алдымызда. Оның өзі 2021 жылы 11 қаңтарда өлтірілген. 14 ай болды әлі сотымыз басталған жоқ.

- Жаңа Қазақстан деп жатырмыз. Сот жүйесі жаңаруға дайын ба?

- Сот жүйесін өзгерту деген проблема емес. Өзгертем десе өзгерте салады. Бірақ бізде өзгерген белгілерін менің өзім әлі шыны керек көрген жоқпын. Өзгерді деп айта алмаймын, себебі оған жігер керек. Саяси жігер керек. Жігер пайда болғанда ол бірден өзгере салады.

Мемлекет және құқық теориясы деген нақты ғылым бар. Сол бойынша үш бұтаққа сүйенеді: сот жүйесі, орындаушы билік және заңнама қабылдау билігі. Үш жүйе бір-біріне бағынбауы керек. Тек заңға бағынса, ешқандай реформа да керек болмас еді. Заңға ғана бағыну керек – болды. Бәріміз заңға бағынсақ, ешқандай проблема болмайды.

- Жанболат Мамай қамалды. Ол кісі туралы пікіріңіз қандай? Ол саяси қуғын-сүргінде деп ол кісіні айтуға бола ма?

- Естуімше, Жанболат Мамай бойынша халықаралық құқықтық ұйымдардың бірі саяси тұтқын деп таныды ғой деймін. Мен халықаралық ұйымның пікірімен толығымен келісем. Ол кісіні осындай көзқарасы немесе сөзі үшін қамау, тұтқындау деген әрине, кез келген адам ондаймен келісе алмайды. Сөйлегені үшін адамды тұтқындау деген дұрыс емес.

АҚШ Конституциясының қабылданғанына қателеспесем, 240 жыл болды. Ол құжат 7-ақ баптан құралған. 7 бапқа 26 өзгерту енгізілген. Ең бірінші өзгертуде «кез келген адам сөйлегені, ойлағаны, жазғаны үшін оны тұтқындауға тыйым салынғаны» жазылған. Не десе де, қалай сөйлесе де, қалай жазса да оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды. Олар сол бағытта келе жатыр. Сот жүйесі де, құқықтық жүйесі де... Батыста, дамыған елдерде солай.

Жанболат Мамай бірдеңені ұрлады ма? Өлтіріп кетті ме? Тек ойын жеткізіп жүрген азамат. Ешкімнен кем емес, артық болмаса. Осындай жағдайда отыр. Ол дұрыс емес, әрине. Оның үстінен таңдалған бұлтартпау шарасы әрине өзгертілуі керек. Оны қамауға алу деген дұрыс емес.

- Сіз әлеуметтік желілерде Ресей мен Украина арасындағы соғыс жөнінде де белсенді түрде пікір білдіріп отырасыз. Сіз өзіңіз қалай ойлайсыз? Ол соғыс немен аяқталуы мүмкін?

- Украина жеңеді! Оған ешқандай күмәнім жоқ.

- Ресейдің жағдайы не болады?

- Қазіргі таңда бәлембай, мыңдаған санкция салынып жатыр. Ресейдің экономикалық, қаржылық жағдайы күннен күнге асқына береді. Еске сала кетейін, Кеңес одағы 1979 жылы Ауғанстанға қарулы күштерін жіберген болатын. Соғыс басталған кезде Кеңес одағының үстінен бірнеше санкция салған. КСРО әскері 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан шығарылды. Екі жылдан кейін одақ ыдырап кетті. Оның себебі – санкцияның себебінен экономикалық жағдай нашарлап кетті. 1991 жылы 17 наурызда бүкіл Кеңес одағы халқының алдына «одақты ары қарай ұстап қаламыз ба?» деген сұрақ қойылып, референдум жүргізілген. Бәрі иә деп дауыс берді. Ал сол жылдың желтоқсан айында ыдырап кетті. Екеуінің арасы 9 ай. 280 млн адамның көзқарасы 6 айда өзгеріп кетті ме сонда? Одақ ыдырып жатқан кезде 280 млн адамның біреуі де «біз қарсымыз, одақ қалсын» деп шыққан жоқ. Ол ненің белгісі? Кеңес одағында ешкімнің болғысы келмегеннің белгісі.

Қазір де санкциялар енгізілді. Ресейге салынған санкциялар бұрынғыдан да қатал. Оның бәрінің нәтижесі көрінеді. Ал Украина халқы өз жерін қорғап отыр. Жеңілуі мүмкін емес. Ресейге барып тиіскен жоқ олар. Ондай соғысты қолдай алмаймыз. Жалпы ешкім соғысты, қантөгісті қолдамайды. Соғысты қолдау дегеннің өзі сау адам деп есептеймін.

- Данат Намазбаевтың сотталуы бүкіл қазақ халқын уайымдатып отыр. Қазір аппеляцияға беріп жатырсыздар. Данаттың шығуы мүмкін бе?

- Ол төрт баланың әкесі. Ешкімде шаруасы жоқ адам. Ешқандай қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Тап-таза, адал жігіт. Ал енді оның сотталу себебі – фейсбукке екі пост жазып, сотталуымен ешкім келісе алмайды. Әрине, оның қорғаушылары да. Сол постқа сараптама жасап, соттап жіберумен біз келісе алмаймыз. Ол дұрыс емес. Сөз бостандығы мен ой бостандығы үшін адамды соттау дұрыс емес! Аппеляциялық сотына кірістім. Алматы қалалық сотының аппеляциясы заңды түрде шешім қабылдайды деп үміттенеміз.

- Ол біреудің тапсырысы болуы мүмкін бе? Екі пост үшін бес жыл беру сұмдық қой...

- Иә, сұмдық. Тағылған айыбы да сұмдық – Конституция құрылымын бұзуға шақыру дейді. Біздің Қазақ елінің патриотын пост жазғаны үшін соттау сұмдық қой.

- Ал кеше Любовь Панова деген журналисі пост жазып, «Вова көкемізді шақырамыз» деп пост жазды. Ондай адамдарға жауапкершілікке тарту керек пе?

- Жеке басымыз солай ойлауымыз мүмкін. Сот сараптамасы оны көрсетуі керек. Соның қорытындысы растаса, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын. Әрине, тәртіпке шақыру керек!

- Бірақ Марғұлан Боранбайды, Данат Намазбаевты бізде соттап жатыр ғой. Бұл – халықты үркіту емес пе?

- Сол үшін пост жазуға да қорқатын болдық қой. Әрине шыны керек, мен қорқам. Қорқасың. Қайдан білесің, ертең не болатынын. Сондықтан бізде сөз бостандығына шек қойып отырған баптарды не қылмыссыздандыру керек, не сол қылмыс болып танылмауы керек!

Сорлы жер болдық. Қашан көрсең, бауырларымыз жазықсыз сотталып жатады. Бәріміз түк болмағандай жүре береміз. Қоғам өзгермей ештеңе өзгермейді. Пікірталас жоқ қоғамда. Әркім өз өмірімен жүр. Ешкімнің ешкімде қатысы жоқ. Ондай жерде ешқандай өзгеріс болмайды.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет, Бауыржан мырза! Сізге тек сотта жеңіс тілейміз. Сөз соңын «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішевке жолданатын өтінішпен аяқталса дейміз. Бәріміз ол кісінің принципшіл екенін ацйтылады. Ендеше, ол кісі Берік Әбішевтің жағдайына назар аударар деген үмітіміз бар. Ел аман болсын.