×
432.69
455.32
6.81
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
432.69
455.32
6.81

ЕАЭО-дан шығу, офшордағы ақша, «Самұрықты» жабу және доллар жайлы – министр Қуантыровпен эксклюзив сұхбат

04.04.2022, 21:04

Ulysmedia.kz порталы оқырманның назарына Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен өрбіткен сұхбатты ұсынады. Бір сағаттан асқан сұхбат барысында елдің көкейінде жүрген ең өзекті сұрақты қамтуға тырыстық. Еуразиялық экономикалық одақтан шығу жайлы министр не ойлайды? Шетелге жылыстаған ақшаны қайтара аламыз ба? Самұрық-Қазына және Бәйтерек секілді алып холдингтер жабылатын болды ма? Теңге бағамы тағы қалай құбылуы мүмкін? Сондай-ақ министр жаңа облыстардың құрылуы жайлы не дейді? Осы құралпы сұрақтың бәріне министр ашық жауап берді.

- Әлібек Сәкенұлы, уақыт тауып, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көптен көп рахмет, Әлібек Сәкенұлы! Алғашқы сұрақты геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан білдірген ресми позиция жөнінде қойсақ. Қазақстан халқы Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтың «Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларды сақтайтыны» туралы пікірін оң көзқараспен қабылдады. Шын мәнінде, әлеуметтік желілерде осы сөз қызу талқыланып жатыр. Бұл – біздің елдің ресми тұлғаның аузымен дәл осы жағдайға байланысты айтылған салмақты әрі алғашқы мәлімдемесі болған секілді. Осы турасында сіздің де пікіріңізді білсек деп едік?

- Ол сұхбат (Тимур Сүлейменовтың) мазмұнды ғана емес, сонымен бірге бәлкім, нақты сигнал ретінде де айтылған секілді. Сол арқылы шенеуніктерге берілетін ашықтық құқығынан да белгі бары көрінеді. Меніңше, Тимур Мұратұлы артық ештеңе айтқан жоқ. Керісінше. Менің де позициям сол: біз ашық мемлекетпіз. Біз жаһандық деңгейде экономикасы шағын мемлекет болсақ та, ашықпыз. Әлбетте, біздің елдің алдында тұрған тегеуріндермен барынша күресуіміз керек. Сонымен қатар ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді де пайдаланған абзал. Біз Еуразияның кіндігінде орналаса отырып, мұхитпен тікелей шектеспейміз. Әлемнің ірі мемлекеті ретінде бізден шектесетін әрбір елдермен де, алыс шет елдермен де серіктесуден басқа амалымыз да жоқ. Демек, бірінші кезекте біз кез келген мәселеге экономикалық прагматизм тұрғысынан қарауымыз керек. Мемлекеттің, халықтың да, біздің экономикамыздың мүддесі үшін!

Біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз өте тығыз. Импорттың 42 пайызы Ресейден келеді. Осының өзі біздің сауда-экономикалық қарым-қатынасымыз қаншалықты тығыз екенін көрсетеді. Импорт жағынан Ресей бірінші орында тұрғанымен, экспорт жағынан Еуропа бірінші орында тұр. Яғни Ресеймен де, Еуропамен де, АҚШ-пен де, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен өзара сауда жасаймыз. Кіммен сауда жасау мүмкін болса, сонымен байланыста боламыз. Меніңше, экономикалық прагматизм тұрғысынан да, экономикалық дипломатия тұрғысынан да бұл өте дұрыс саясат деп ойлаймын. Біз экономикамызға пайда әкелетін дәл осы көпвекторлы саясатты жалғастыруымыз керек.

- Алайда қоғамда Еуразиялық экономикалық одақ, Кеден одағы секілді Ресеймен байланысты ұйымнан шығу керектігі туралы талаптар бұрыннан да батыл айтыла бастады. Қазақстан күндердің күнінде қаласа осы ұйымдардан шыға ала ма?

- ЕАЭО-ден шығу мәселесіне келер болсақ, ондай құқық кез келген мемлекетте барын ескеру керек. Егер дәл сондай қажеттілік туындаса, бәлкім, ЕАЭО-ға мүше кез келген мемлекет сондай шешімді қабылдай алады. Десе де біз осы күнге ұзақ жүріп келдік те, шешімдердің көбі қабылданды. Ол бағытта біршама ел ауқымды жұмыс жүргізді. Әсіресе Қазақстан. Қазақстан – Ресейден кейін ЕАЭО ішінде экономикалық ауқымы жағынан екінші ірі ел. Сондай-ақ өз позициясын қорғауда бәрінен көп күш салатын да Қазақстан. Біз әрдайым тіл табысып келеміз. Келіссөздер барысында әрине, қиындықтар болады. Кез келген мемлекет өз мүддесін қорғап қалуға күш салады. Бұл – қалыпты тәжірибе. Ірі экономика саналатын Ресейдің өз мүддесі бар. Біздің де өз мүддеміз бар. Армения, Беларусь, Қырғызстан да солай. Менің ойымша, біз осы күнге ұзақтан бері келе жатқаннан кейін жемісті сығып шырынын шығарғандай, осы одақтың пайдасын барынша көріп қалуға тырысуымыз керек. Пайда әкелмейтін мәселеге келгенде, әрине, келіссөз жүргізу керек. Өйткені одаққа мүше мемлекеттер тарапынан кейде біржақты шешім қабылданатын кездер болады. Осындай жағдайда да мәміле жолымен шешім табу керек деп есептеймін. Одақ та кедергілерді алып тастау, жою үшін құрылған. Тарифтік кедергілер бойынша мәселе белгілі. Келіседі, шешіледі. Мәселе онда емес. Одан бөлек санитарлық нормалар, қайдағы бір кедендік тексерулер, тағы көп аспекттер айналып келіп тарифтік емес кедергілерге айналады. Сол себепті біз бұл тұрғыда әріптестерімізбен нысаналы түрде алға жылжуымыз керек. Егер диалог болса, ол диалогтың өзі бар бүгін де – меніңше кез келген мәселені реттеуге болады.

Біз ЕАЭО-ға мүше болғанымызбен, басқа мемлекеттер үшін де ашықпыз.

- Алайда дәл қазір ЕАЭО-дан шығып кетсек те бізге ештеңе кедергі болып тұрған жоқ қой?

- Әлбетте, ол үшін заңды негіз бар. Бірақ есепке алуға тұрарлық басқа да көптеген аспект бар.

- Бұған дейін тұңғыш президенттің саясаты «алдымен экономика, содан кейін саясат» болды. 2005 жылдың өзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан осы формуламен кемінде 20 жыл өмір сүруі керектігін» айтқаны бар. Сіз қалай ойлайсыз? Осы принцип өзін-өзі ақтады ма?

- Ақтады деп ойлаймын. Осы принципке сүйене отырып, біз саяси тұрғыда ілгерілеу мәселесін қатар алып жүрдік. Бірінші орынға экономиканы қойғанымызбен, біз саясатты ең соңғы орынға қалдырған жоқпыз ғой. Саяси түрлену қатар жүрді. Алайда ең бастысы экономикалық реформаларға басты назарды аудара отырып, біз бәрібір Бүкіләлемдік банктің рейтингіне қарасаңыз да, халқының табысы орташадан жоғары елдердің тізіміне ендік. Тәуелсіздік алған кездегі алғашқы жылдармен салыстырар болсақ, кеңес одағы тарағаннан кейін қаншалықты қиын жағдайда қалғанымызды білесіздер. Менің ойымша, біздің елдің жасы отыздан асатын әрбір азаматы сол қиын-қыстау кезеңді біледі деп ойлаймын. Алғашқы қиындықтар 1991 жылы болып, 1992 жылы жаппай дефицитпен бетпе-бет келдік. Қазақстанда ол тұста дербес экономикалық саясат жүргізу тәжірибесі де болмады, сауда-экономикалық байланысты қайтадан жолға қою міндеті тұрды. Бұл – тоқсаныншы жылдардың басы еді. Кейін тоқсаныншы жылдардың соңында, атап айтқанда 1997 жылы жеке қалалар облыс орталығын мәртебесінен айырылған кезде де қиындықтар көп туындаған. Ол проблемалар есімді жақсы сақталған.  Жарық немесе су өшіп қалатын кездер көп болатын. Соған қарамастан біз осы қиындықтарды артта қалдырып, біртіндеп экономика қайта құрылымдалып, тікелей шетелік инвестициялар тартыла бастады. Біздің бизнесмендер де ісін дөңгелетті. Мұның бәрі тәжірибемен келеді.

Экономика орта есеппен жылына 9 немесе 10 пайызға өскен, «ұртымыз майланған» екі мыңыншы жылдар да есімізде. Сол жылдардың бірінде экономикалық өсім тіпті 13 пайыз өскен. 2005-2006 жылдары мемлекеттік бюджет профицитпен шықты. Тұңғыш рет! 2000 жылы Ұлттық қор құрылып, 2001 жылы оған алғашқы қаражат аударылды. Ұлттық қордың жұмыс істегеніне мінекей, 21 жыл өтті. Қор «қауіпсіздік жастықшасы», болашаққа қалатын қаражат көзі ретінде өзінің тиімділігін бұған дейін де бірнеше рет дәлелдеген. Жалпы тоқсаныншы жылдардың басындағы экономикалық құрдымнан біз шыға алдық.

Қазір қалалар қалай дамып келе жатқанын көріп отырсыз. Экономикамыз нақты мәнде 2,4 есе, жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім 14 есе өсіп, жан басына шаққанда 10 мың АҚШ долларына жетті. Тоқсаныншы жылдары жан басына шаққанда ЖІӨ бар-жоғы 700 АҚШ доллары ғана болған. Экономиканы бірінші орынға қойған осы саясат шынында да біз дұрыс жолда жүргенімізді көрсетті.

Екінші мәселе, кейде жағдай шұғыл өзгеруі мүмкін. Ол кезде басқа түбегейлі шешім қабылдауға тура келеді. Бәлкім, түбегейлі саяси өзгерістерге орын беретін шаққы келген секілдіміз.

- Солай десек те, біз Ұлттық қорға қайта қол салып, қаражат алып жатырмыз. Сарапшылар оған қарсы пікірін айтты. Күндердің күнінде біз сол Ұлттық қордан ақша алуды доғаратын кез келе ме?

- Иә, Ұлттық қор шексіз қаражат көзі емес. Қазір көріп, біліп отырғаныңыздай мұнай бағасы қымбат. Тиісінше, биыл біз қосымша түсім аламыз. Яғни бір бөлігін пайдалануға болатын қосымша маржа түседі. Дәл сол қаражатты біздің экономиканың, азаматтардың мүддесіне пайдаланамыз.

Ұлттық қор – келешек ұрпақтың қоры ретінде құрылған. Алайда оның бірнеше функциясы бар. Оның бірі – жинақтық қызмет. Қаражаттың бір бөлігін жинадық. Едәуір тиімді жинақтадық. Екінші функция – тұрақтандыру. Экономикадан қосымша мұнай долларларын алып шығуды көздейміз. Әйтпесе, инфляцияға қатты қысым түсер еді. Бізде көпшілікке жай ғана ақшаны үлестіру туралы көп айтылады. Алайда ол қаражаттың бірден ұсталып кететінін ескеру керек. Олай жасаған дұрыс емес. Одан да сол ақшаны инвестиция ретінде салып, сақтау керек. Ұлттық қордың үшінші функциясы – дағдарысқа қарсы қызмет. Есіңізде болса, 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде біз Ұлттық қорда жиналған қаражаттың бір бөлігін пайдалана алдық. Кейін де пайдаландық. Пандемия кезінде де алдық. Қолда қаражат болса, соны пайдаланбай, не үшін басқа елден қарыз алып, мемлекеттің сыртқы қарызын ұлғайтамыз? Оның үстіне бізде Ұлттық қорға қаражат доллар күйінде түсетіндіктен (мұнай экспорты кезінде), оны теңгеге аудара отырып, біз шетелдік валютадан ұлттық валютаға аударылатындықтан, тағы қосымша маржаға ие боламыз. Оған қоса Ұлттық қордың қаражаты инвестиция ретінде де салынады. Яғни инвестициялық саясаттың жемісі тағы бір қосымша табыс түсіреді. Сол себепті Ұлттық қордың қаражатының бір бөлігін дағдарысқа қарсы шараға, экономиканы қолдауға пайдалану – дұрыс әрі контрциклді саясат. Экономика қысымға ұшыраған кезде, өсім қарқыны түсімді көрсеткен кезде қор қаражатын пайдалануға болады деп есептеймін.

- Президент Тоқаевтың өзі де қазіргі жағдайды дағдарыс екенін айтты. Қаңтар оқиғасынан кейін, қазіргі көршілес елдердің соғысы жағдайында дағдарыстан шығу жолын қалай елестетіп отырсыз? Халықтың жағдайы қазір күннен күнге төмендеп барады. Доллар өсті. Пәтер қымбаттады. Құрылыс материалдары да сол. Азық-түлік те. Әлбетте, сол проблемалардың бәрін реттеу Ұлттық экономика министрлігінің құзыретінде емес екені белгілі. Десе де халық қазіргі күрделі жағдайдан қандай да бір шешімді күтеді...

- Дәл қазір экономиканы белсенді түрде қайта құрып, үкімет қана емес, бизнес те жаңа жағдайға бейімделетін кез келген секілді. Өкінішке қарай қазір қалыптасқан ахуал экономикаға да, теңгенің бағамына да қатты әсерін тигізеді. Алайда Украинаға байланысты геосаяси жағдайдан кейін шұғыл туындаған дүрбелең қазір біршама бәсеңдеді. Біз оны едәуір әлсіреп, қайтадан қалпына келген теңге бағамынан да көреміз. Азық-түлікке де қатысты көптің дүрліккені бар. Ол да азайды. Қантқа байланысты. Өкінішке қарай азық-түлік бағасына түскен қысым әлі де күшінде тұр. Ол қысым 2020 жылғы пандемия кезінен бері бар. 2021 жылдың қорытындысын қарасақ, қымбаттау жағынан рекордтқа жеткен көрсеткіштер бар. Бұл ТМД елдеріне ғана емес, Еуропа елдеріне де қатысты. АҚШ-та рекордтық 7 пайыздық инфляция тіркелді. Осы тренд өкініштісі әлі де жалғасып жатыр. Сол себепті Қазақстан қазір азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беруі керек. Міне, Үкімет те осы мәселеге баса мән беріп отыр. Атап айтқанда Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті шаралар кешенін әзірледі. Ол – азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы. Инфляцияны ұстап тұруға бағытталған шаралар кешені де бар. Ол шаруа Ұлттық банкпен бірге атқарылып келеді. Қазіргі уақытта индустрияландыру саясатты да қызу жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі құрылыс материалдары бойынша импортты алмастыру жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Яғни осы жұмыстардың бәрінің сипаты кешенді. Бір күннің жұмысы емес. Жаңа Үкіметтің алдында экономиканы ең бірінші кезекте импортты алмастыру деңгейін көтеріп, шама келгенше экспортты арттыратындай қайта құрылымдау міндеті тұр.

Әлбетте, баспана бағасына әсер ететін факторлар бар. Бұған керек кезінде олардың қымбаттап шыға келуі себеп болды бәлкім. Одан бөлек Қазақстанға бағытталған миграцияның өсуі – белгілі бір рөл ойнады. Бірақ жалпы белгілі бір уақыттан кейін жағдай тұрақталатынын болжап отырмын. Ал Үкімет өз тарапынан қажетті шараларды қолға алып, туындаған мәселелерді бір салада азайту, екінші салада тіпті жою мәселесін де қолға алады.

- Демек, дүрлігудің негізі жоқ дегеніңіз ғой?

- Меніңше, дүрлігудің қажеті жоқ. Экономикада «мінездік экономика» деген ұғым бар. Халықтың бір бөлігі қандай да бір трендттерге секеммен қарауы мүмкін. Олай сескенудің қажеті жоқ. Өйткені ел дүрліксе, бағаларды одан ары шарықтатын ахуал қалыптасады. Біз оны қант мысалында айқын көрдік. Мәселен, таныстарымның ішінде де қантты 10 қаптап сатып алғандар болды. Оның не қажеті бар еді? Өйткені азаматтар жазға қарай қант мүлде болмай қалады деп қорықты. Ал дәл сол кезде екінші отбасы бір келі қанттың өзін таппай, аласұрып жүрді. Меніңше, дүрлігу – дұрыс саясат емес. Логикалық тұрғыдан алып қараған күннің өзінде, кез келген отбасын алсақ, мен дүрлігіп, бірден доллар сатып алудың да қажеті жоқ дер едім. Себебі сіз долларды бәрібір қымбат сатып аласыз да, белгілі бір уақыттан кейін доллар арзандап кетуі ықтимал. Ең керекті азық-түлікке қатысты да солай дер едім.

Үкімет шараларды қолға алған кезде ең керекті азық-түлікпен ылғи толықтырылып отыратын Тұрақтандыру қорларының жұмысы жанданады. Бизнестің өзімен жол қойылған тасымалдар бар. Егер азық-түлікті себетті толтыра алғысы келетін адамдар саны көбейіп кетсе, сол Тұрақтандыру қорларына баратын азық-түлік тасымалының легі үзіліп қалады. Осының бәрі азық-түліктің, әртүрлі тауарлардың нарығына жағымсыз әсер етеді. Сол себепті нарықты қолдан қозғаудың қажеті жоқ. Бәрі уақытымен реттеледі.

- Қант дегенде 2016 жылғы оқиғалар да есіме түсіп кетті. Сол жылы да қант күр азайып, елдің бәрі дүрліккен болатын. Сол жылдан бері субсидиялар бөлінгені де бар. Алайда мәселенің толық реттелмегенін биыл да көрген секілдіміз...

- Бізде қант зауыттары бар, бірақ ол зауыттар ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алмайтыны белгілі. Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы шеңберінде қант өндіретін қосымша зауыттарды ашуды жоспарлап отыр. Қанттың бір бөлігін Ресейден әкелеміз. Азық-түліктің осы түрін Қазақстан нарығына жеткізу бойынша ресейлік әріптестерімізбен келісім бар. Мәселе қазір реттелді. Өткен аптада супермаркетте болғанымда қанттың келісі 320 теңгеден сатылып жатқанын көрдім. Есіңізде болса, елордада ел дүрліккен кезде қанттың келісі 450 теңгеге дейін шарықтаған болатын. Тіпті жекелеген дүкендерде баға тіпті қымбаттағанын білесіз. Қант – әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің қатарына енеді. Заң бойынша оның бағасына үстемақы 15 пайыздан аспауы тиіс. Егер үйдің жанында екі дүкен болса, олардағы қант бағасы бірінде 330 теңге болса, екіншісі 500 теңгеден сатуы мүмкін. Яғни екінші дүкен бұл жерде заң бұзады. Шын мәнінде олар бір жерден қантты сатып алады. Қазір Сауда және интеграция министрлігі әкімдіктермен бірге осындай жұмысты атқарып жатыр.

Не айтқымыз келеді? Бұл жағдайда саудагерлердің ары да сыналатынын атап өтуіміз керек. Дүрлігу кезінде ақша тапқысы келетіндер де болады. Бұл өте жайсыз жағдай. Бизнес өз халқын қанап, ақша таппаса екен дейсің.

- Бәлкім, бизнесті бақылау жұмысын күшейту керек шығар?

- Иә. Екінші жағынан бизнеске тап беру де ешкімге қажет емес. Алайда бизнес те шектен шықпауы тиіс. Кейбір сатушылар ұялмай, қызармай бағаны қолдан көтере салады. Егер олар қантты тасымалдаушының өзінен қымбатқа сатып алса түсінгер едік. Алайда олай емес. Егер сатушылардың бәрі бір жеткізушіден бір бағаға алса да, әртүрлі баға белгілесе, ол дұрыс емес.

- Ал Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазір жұмыс істеп жатыр ма?

- Дәл сол Атамекен палатасы шағын және орта бизнесті дамыту үшін құрылған. Жұмыстың бір бөлігін біз солармен қатар немесе солар арқылы жүргіземіз. Олардың тәжірибесі мол. Оларда бизнес өкілдері басқаратын бірнеше комитет бар. Меніңше, осы арналар арқылы, Атамекен арқылы көп мәселенің шешімін табуға болады. Ол шаруа атқарылып та жатыр. Оның үстіне олар тарапынан көп ұсыныс бар. Сол арқылы мәселелер жүйелі түрде реттеледі. Мәселен, аптасына екі рет үкімет басшысының орынбасары деңгейінде бизнес өкілдерімен кездесу өткізіліп, жүйелі мәселелер шешімін тауып жатады. Мәселен, қаңтар айының соңында осындай отырыстардың бірінде 250-ге тарта мәселе қаралды. Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерімен кездескен кезде олар кеңінен талқыланды. Кейін премьер-министрдің қатысуымен Атамекен палатасының басшысы сайланған кезде де бизнес өкілдерімен кездесу өтті. Жүйелі мәселелердің бәрі әрдайым талданып отырады.

Мәселен, былтыр да бизнес өкілдерімен жүйелі түрде апта сайын кездесу өткізіліп, келіп түскен мәселелердің бәрі қаралып келді. Сол тұста түскен 170 сұрақтың 75 пайызы шешімін тапқан. Ол тұста комиссияны үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Асханұлы Смайылов басқарған. Қазір ол премьер-министр. Дәл сол форматта қазір де проблемалар ретін табуда. Одан бөлек мемлекет басшысының тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Ол штаб бизнестің бастамасымен құрылған.

- Дүкенге баратыныңызды айтып қалдыңыз. Расында да, жаңа кезеңде шенеуніктердің көбі осылай ел ішін аралап, жағдайды өз көзімен көріп жүрсе деп ойлаймыз кейде...

- Біз де көптің біріміз. Дүкенге барамыз, шаштаразға кіреміз.

- Бәрі бара бермейтін секілді...

- Кинотеатрға да барамыз кейде. Пандемия кезінде кимнотеатрға ешкім бара алмай қалғаны есте.

- Ал өзіңіз кинотеатрға барасыз ба?

- Шынымды айтсам, уақытым аз. Алайда ондағы қызметтердің бағасын біліп жүремін. Азық-түлікке келер болсақ, супермаркеттерге барамыз, кейде үйдің маңындағы дүкендерді шолып шығамыз. Бағаның бәрі көрініп тұрады.

- Самұрық-Қазына, Бәйтерек туралы сөз қозғасақ. Әу баста шынымен де олардың міндеті айқын болған шығар. Алайда қазір ол қорларға сын көп айтылады. Білуімізше, өзіңіз де сол Самұрық-Қазынаның директорлар кеңесінің мүшесісіз. Жалпы сарапшылар президенттің сынынан кейін Самұрық-Қазынаны мүлде жабу керек деп есептейді. Квазимемлекеттік секторды тыю керек дейді. Өзіңіз қалай ойлайсыз?

- Күрделі сұрақ. Егер Самұрық-Қазына әу баста құрылғандай сингапурлық Temasek секілді ізгі мақсатта жұмыс істесе, онда әлбетте жұмыс істеуі тиіс.

- Әйтсе де қаншама уақыт өтті ғой...

- Бейінді болмаса да оның еншісіне көп компания кіреді. Қордың портфеліне отельдер мен спорт клубтар кірді. Тіпті бизнес-джеттерге дейін. Әлбетте, бейінді емес активтер онда болмауы керек. Қор қосымша құн әкелетін, инвестиция салатын және шетелдік инвестицияларды Қазақстанға әкелетін мобильді құрылым болуы тиіс. Қор осылай жұмыс істеуі керек. Әлбетте, қордың қызметкерлерінің бәсекеге қабілетті айлық алғаны дұрыс. Бұл – қалыпты нарықтық құбылыс.

Екінші жағынан тиімділігі қаншалықты? Егер қор мемлекетке жақсы дивиденттерді әкелсе, онда иә, корпоративті басқаруға сәйкес, белгілі бір талаптарға сай болғаны абзал. Президент сынынан кейін қазір қор белсенді түрде өзгере бастады. Қордың орталық аппараты екі есе қысқарды. Онда 250-ге тарта адам істеген. Қазір 124-ке азайды. Басқарушы бөлімдердің саны азайды. Белсенді дивидентті саясат жүргізіліп жатыр. Қор бюджетке қаражат берумен қатар өндірісті жаңғырту үшін қаражаттың белгілі бір бөлігін өзіне қалдыру керек. Қор өндірістегі еңбеккерлердің еңбек төлемін арттыруда да қызу жұмыс жүргізуде. Жібі түзу кәсіпорында инженердың айлығы директордыкінен де жоғары болуы керек. Сонымен қатар қордың мобильдігі мен тиімділігін арттыратын басқа да шаралар қолға алынып жатыр. Егер қор өз тиімділігін көрсетсе, арттырса, көздеген реформаларын жүргізе алса, мемлекет басшысы алдында бекіткен міндетін орындаса, онда меніңше, қор жұмыс істеуі керек.

Шын мәнінде мемлекет меншігіндегі активтердің саны онсыз да аз емес. Осы активтерді үйлестіріп, ортақ саясат жүргізу керек. Қор жұмысының тиімділігін арттыратын жұмыстың бірі – бейінді емес активтерді жекешелендіру. Белгілі бір деңгейде бейінді активтерді де. Оларды ІРО-ға шығару керек. Эйр Астана секілді компанияларды.

- ІРО биыл бола ма?

- Иә, биыл өткізіледі. Қазір қай компанияларды шығару керектігі зерделеніп жатыр.

- Қазмұнайгазда ма?

- Иә, ол да бар. ІРО-ны ойлай сала өткізу салу қиын. Өйткені компанияны бағалау секілді процедуралар бар. Бұл бағалауды нарық конюктурасы жақсы жағдайда жүргізген абзал. Нарық ала-құла болып тұрған кезде аз ақша алу үшін оларды сатып жіберудің қажеті жоқ. Ал ол компаниялар сатылған кезде қаражаттың бір бөлігі Ұлттық қорға да салынады. Самұрық-Қазына бойынша мұндайда қаражаттың бір бөлігі Ұлттық қорға аударылса, басқа компаниялар сатылса, толығымен Ұлттық қорға салынады. Ұлттық қорға түсетін түсімнің бір бөлігі – мұнайдан бөлек осы компаниялар сатылған жағдайдағы түсім болып отыр.

Мұнай нарығында қазір жағдай жақсы болғандықтан, Қазмұнайгаз бойынша ең жайлы сәт қазір болуы мүмкін. 2007 жылы қателеспесем, Қазтрансойл ІРО-сы өткізіліп, ол сәтті болып шықты да, оның акциялары баға жағынан жақсы көрсеткіш көрсеткен. Осылайша, оған қаражат салған адамдар жақсы табыс тапқан. Қазатомөнеркәсіп ІРО-сы да солай болды. Ол бізде ғана емес, Лондонда да листингтелген. Біз ІРО барысында сонымен қатар Астана ХҚО-ның дамуына серпін беріп, оны әлемге көрсете аламыз. Жекешелендіру саясаты белсенді жүргізілген күннің өзінде де Самұрық-Қазына қорының тиімділігі артар деген үміттеміз.

- Қазақстан даму банкін де президент сынағаны есте...

- ҚДБ бойынша жұмыс кейінгі екі-үш жылда жүргізіліп, Бәйтерек пен Қазагро біріктірілген. Реформалау мен бизнес-процестер жалпы жолға қойылған. Алайда ҚДБ бойынша айтар болсақ, тиісті ұсыныстар әзірленіп, ол туралы мемлекет басшысына баяндама жасалды. Бұл тұрғыда банктің жұмысы қайта форматталады. Онда жаңа басшы келді. Жалпы Бәйтеректі де жаңа басшы басқарады. Бәйтерекпен бірге әзірленген жаңа ұсыныстарды премьер-министр қолдап, ол туралы мемлекет басшысына баяндама жасалды. Аталмыш банкті нарықтық қағидаттарға бейімдейміз. Сервис пен тиімділікті арттыру жағынан. Алайда Бәйтерек те бәрібір нарықта тартымды емес жобалар қаржыландырылады.

Осылайша, біз квазимемлекеттік сектордан, холдингтерден бұрынғыдан гөрі пайда көбірек түсер деп сеніп отырмыз. Жалпы мемлекеттік саясаттың тиімділігі арта түсуі тиіс.

- Өзекті мәселелердің бірі – Қазақстаннан офшорға жылыстаған ақша. Сіздің министрлік сол жылыстаған қаражатты қайтару бағытында қандай да бір ұсыныстарды әзірлеп жатыр ма?

- Иә. Жылыстаған ақшаны қайтару бағытында арнайы комиссия жұмыс бастаған. Ол комиссияның жұмыс органы – Қаржы министрлігі. Алайда ол бағытта үш-төрт жұмыс тобы бар. Мәселен, Ұлттық банк құрған жұмыс тобы капиталдың елден жылыстамауын бақылап, аналитикалық жұмысты атқарса, Қаржы министрлігі әкімшілендіру бағытындағы жұмысқа жауап береді. ҰЭМ қайтарылатын қаражатты салық жағынан ынталандырумен айналысады. Бас прокуратура жүргізетін жұмыс блогы да бар. Өз блогына жауапты Әділет министрлігі де бар. Аталмыш жұмыс белгілі бір уақытттан кейін айқындалады. Жалпы аталмыш комиссия белсенді жұмыс жүргізу үстінде.

- Яғни жылыстаған қаражатты қайтаруда үміт бар дейсіз ғой...

- Иә, үміт бар. Меніңше, капитал қайтарылады. Бұл тұрғыда кешенді шаралар қолға алынған. Біз жартылай күш салу әдісімен жылыстаған қаражатты қайтаруымыз керек. Кейбір жерде келісіммен, кейде заң бойынша. Заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару керек. Егер сол сыртқа шығарылған қаражат қайтадан Қазақстанға инвестиция ретінде салынса, онда инвесторларға қандай да бір шарттар уәде етілетін болуы керек.

- Әлібек Сәкенұлы, Қазақтелеком компаниясының активтерінің 24 пайызы офшорлы компанияға тіркелгені туралы ақпарат сізді таңғалдырған жоқ па? Оны да біржақты қылу керек қой?

- Премьер-министрдің бастамасымен құрылған демонополияландыру комиссиясы аталған мәселені қарастырар деген ойдамын. Жалпы Қазақтелеком мемлекеттің стратегиялық активі саналатындықтан меніңше, аталмыш активтің офшорда болғаны дұрыс емес. Бұл – толыққанды құрылым болуы керек. Жалпы комиссия істі реттеуі керек.

- Президент бизнесмендермен кездескен кезде Қазақстан байлығының басым бөлігін ұстап отырған 162 олигарх туралы сөз қозғады. Осы ретте ШОБ-ты қолдап, бәсекені арттыру үшін қандай шараларды қолға алып жатырсыздар?

- Бізде ШОБ бағытында «Бизнестің жол картасы – 2025» деген жақсы бағдарлама бар.

- Алайда сіздер оны жаңартпайсыздар ма?

- Иә, бәлкім, жаңарту да керек шығар. Бірақ қазір де ол өзінің зор қажеттілігін көрсетіп отыр. Субсидия мен жеңілдетілген несие жағынан кезекте тұрғандар бар. Оны Даму қоры әкімшілендіреді. Аталмыш қарыздарды алатын адамдар үшін түпкілікті ставка 6 пайызды құрайды. Моноқалалар мен ауылды елдімекендер үшін тіпті 5 пайыз. Сондықтан, оларды қолдап, бюджетті айқындау барысында қаржыландыруды үш есе арттыру туралы шешім қабылданды. Тиісті өтінім қазір Қаржы министрлігінің қарауында. Аталмыш құрал қолдауға ие болып, аталмыш бағдарламаның қаржыландыруы 200 пайызға өседі. Солайша шағын және орта бизнес Дамуға қосымша өтінім бере алады.

- Экономист ретінде президент айтқандай «біздің экономика олигархтардың қолында екенін» сезетін шығарсыз. Сезесіз бе? Әлде бұл жағдай өзгеріп келе жатыр ма?

- Сондай түйсік болған. Белгілі жағдайға дейін... Алайда қазір президент саяси жігер танытып, жалпы жағдай өзгерген кезде адамдар басқаша өмір сүре алатынына көзі жеткен кезде меніңше, қазір түйсік басқа сипатта. Форбстағы тізімді қарап отырып, олардың көбі өз амал-әдістерін өзгертіп жатқанын байқаймыз. Адамдар сол тізімдегі байлардың ақшасы соларға тиесілі деп ойлайды ғой. Шын мәнінде олай емес. Олигархтардың өзі де осындай ісін алға жылжытып, меценаттықпен айналысады. Егер сол олигархтардың жартысы кемінде өз шыққан ауданды немесе қаланы гүлдендіретін болса, менің ойымша, біз гүлденер едік. Бұл бәрі үшін жақсы тренд болар еді. Жалпы әрбір қазақстандық, әр азамат елін дамытуға барынша атсалысуы керек. Маған мәселен бұл жағдайдағы жапондардың тәжірибесі қатты ұнады. Қатардағы жапон өз шаштаразына келсе, таңертең сол шаштараздың маңын толық тазартады екен. Бұл – солардың менталитеті, әлеуметтік жауапкершілігі. Бәлкім, біз де соған келетін шығармыз. Өкінішке қарай бізде бәрі бұл қағидатты ұстанбайды. Масылдар баршылық. Қаңтар оқиғасы кезіндегі қиындықтарды пайдаланған морадерлердің көп екенін көрдік. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Бұл іске келгенде әр адам өзінен бастауы керек.

- Иә, мен де солай есептеймін. Министр болсақ та, журналист болсақ та, әркім өз ісін жауапты түрде атқаратын уақыт келген секілді...

- Бәріміз уақытша жүрген адамбыз. Адам ретінде де, жауапты қызметкер ретінде де. Мен қатардағы сарбазбын. Егер маған «кет» десе, кететін шығармын. Басқа салада керек болып қалармын. Мемлекеттік қызметкерлер ретінде иә, біз еңбек тәртібін бұзамыз. Бірақ үлгермесек қайтеміз енді. Адамдар өз үлесін қосу үшін барынша жұмыс істейді. Мемқызметкерлердің көбінің білімі өте жоғары, олар кәсіби мамандар. Олар бәсекелі секторда да өз орнын ойып тұрып тауып алады. Бірнеше есе жоғары айлық алуға шамасы жетеді. Алайда олардың көбі мемлекетке қалай көмегім тиеді деп қана еңбек етіп жүр. Сондай адамдарды біз жоғалтып алмауымыз керек.

- Иә, сол себепті бәріміз жауапты қызмет етуіміз керек. Жаңа Қазақстан, жаңа кезең, Халық үніне құлақ асатын мемлекет деп жатырмыз. Алайда осы ортақ мақсатты әрбір адамға жеткізе білу жағынан бізде жұмыс жетпей жатқан көрінеді.

- Бұл тұрғыда жұрттың алдында жүрген шенеуніктер қызу жұмыс істеуі тиіс. Ашықтық жағынан жұмыс істеу керек шығар. Халықтың алдына көбірек шығып, проблемасын тыңдау керек.

- Доллар бағамы туралы әңгіме өрбітсек. Ол алда қалай құбылуы мүмкін?

- Болжам жасаудың өзі де бұрыс дер едім. Белгілі бір санды айта салу да дұрыс болмайды. Алайда қазір қалыптасқан паритет теңге мен долларды салыстырғандағы бағам едәуір орынды екенін көрсетеді. Біздің ұлттық валютаға деген қысым күшейіп, ел ішінде дүрбелең пайда болған кезде, 500-ден асып, 520-ға жетті. Ал қазір нарықтың өзі бүгінгі бағамға әкелді. Ұлттық банктің белгілі бір интервенцияларының бары түсінікті. ҰБ интервенция жүргізуге толық құқылы. Десе де, бағамды бюджет жобасы кезінде қайта қараймыз. Бағам бюджеттің де, қоғамның да үдесінен шығатындай қалыптасады. Сол себепті жалпы иә, доллар бағамы 500 теңгеден төмен. Меніңше, 460 – орынды деп есептеймін.

- Абай және Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы халықты серпілтіп те жатыр. Білуімізше, сіздер аймақтарды дамытуға да жауаптысыздар. Жалпы облыстарды бөлу кезінде сол өңірлерде қандай жұмыс орындары пайда болады? Сол аймақтардың даму келешегін қалай көріп отырсыз?

- Шынында да, бұл сол өңірлерде бұрыннан бері тұрып келе жатқан халықты қатты қуантты. Менің ойымша, адамдардың рухы көтеріліп қалған секілді. Бұл жерде экономикалық фактор ғана емес, психологиялық факторлар да әсер етіп жатқанын көріп отырмыз. Жаңадан құрылатын облыстар жеке әкімшілік аумақ болатындықтан, оларға қарайтын өз аудандары, өз штаттары, бюджеті де болады. Экономика тұрғысынан оң эффектті жаңадан құрылған облыстардың көрсеткіштерінен ғана емес, сондай-ақ бүкіл елден де көреміз. Бір мысал келтірейін. Семей облысында тоқсаныншы жылдары табиғи ресурстар болмаса да шағын және орта бизнес өте жақсы дамыды. Қазір жаңадан құрылатын Абай облысында сол шағын және орта бизнес қайта өркендер деген үміттеміз. Тоқсаныншы жылдары Семей облысы сауда жағынан ең көшбасшы өңірлердің бірі болған. Біз әр өңірдің оң жамбасына кәсіптің қай саласы келетінін көріп отырмыз ғой. Өңірлердің өз ерекшеліктері бар. Сол себепті сол өңірлердегі тұрғындар жұмылып, облыстарын көтерер деген сенімдеміз.

Комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Оны Роман Скляр басқарады. Әрекеттер алгоритмі бар. Заңнамаға сәйкес, белгілі бір сатыдан өтуіміз керек. Ол үшін мәслихаттардың отырыстары өткізіледі. Жартысы өтіп те қойды. Ол отырыстарда аумақтық құрылым да шешіледі. Географиялық бөлініс реттеледі. Одан бөлек облыс әкімдіктерінің, өңірлердегі орталық мемлекеттік органдардың штат санын да белгілеу жұмысы бар.

Қазір сол облыстарда бар бюджетті бөлу мәселесі қаралады. Керек болған жағдайда ресупбликалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Қаражат, резерв бар. Жаңа аймақтарды дамыту әрине, қаражат керек болады. Әсіресе, қалаларды құру бағытында. Қапшағайды облыс орталығы деңгейіне жеткізу үшін белгілі бір инвестиция қажет болады.

- Жаңа облыстардың әкімдері қашан тағайындалады?

- Сол облыстар құрылған кезде тағайындалады. Президентке тиісті ұсыныстарды біз бергеннен кейін оны мемлекет басшысы қабылдаса, әкім тағайындалады. Осыдан кейін сол өңірдің жұмысымен жаңадан тағайындалған әкім айналысады. Өйткені қазір мәселелердің бәрін бір дегенде шешілмейді.

- Көпшіліктің сынына іліккен Сбермен келісім туралы сіздің пікіріңізді білсем деп едім. Білуімізше, ол серіктестіктің қайта қаралатыны айтылып жатыр. Сіз ол туралы естіген жоқсыз ба?

- Жоқ, естіген жоқпын.

- АЭС туралы не айтар едіңіз?

- Керек деп есептеймін. Әртүрлі себеппен. Біздің экономика өсіп келеді. Энергия тұтыну да өсе береді. Жалпы атом энергиясы – қауіпсіз әрі таза энергетика. Біз белгілі бір жылдарға дейін ауаға таралатын ластаушы заттардың көлемін барынша төмендетуіміз керек. Бұл міндеттемені 2060 жылға дейін біз міндетімізге алдық. Көмірсутек бейтараптық деген сол. Атом энергиясының тиімділігі де жоғары. Алатын орыны аз. Бір ғана атом станциясы дәстүрлі түрдегі бірнеше станцияны алмастыра алады. Сонымен қатар маңызды фактордың бірі – біздің өзіміздің уран қорымыздың барында. Біз уран өндірісі жағынан әлемде көшбасшымыз. Бұл біздің бәсекелестік жағынан артықшылығымыз. Табиғаттың байлығын ақылмен пайдалану – біздің басты міндетіміз.

- Өзіміз күнделікті көріп жүрсек те, зерттеп қарасақ та отандастарымыздың әрбірінде несие барын, сол несиені төлей алмай жүргенін байқаймыз. Қазір екінің бірі табысын растамай-ақ Каспий банктен несие ала береді. Үкімет осы мәселені қалай реттегелі отыр? Жалпы табысты растамай несиені оңды-солды беруге қалай қарайсыз? Меніңше, осыдан барып адамдар несиеден құтыла алмай, ашуланып жүретін секілді...

- Бұл Қаржы нарығын реттеу агенттігі айналысатын мәселе. Ұлттық банктің де. Белгілі бір жұмыс атқарылып жатыр. Ставкасы жылына 700 пайызға дейін жететін несиелерге шектеу қойылды. Қазір қателеспесем ол ставка жылына 56 пайыздан аспауы керек.

Адамдарда несиенің болуының өзі жалпыға ортақ тәжірибе. Алайда төлем қабілеттілігі мәселесі бөлек сұрақ әлбетте.

- Пайыздық үстемесі де

- Иә. Алайда біздің базалық мөлшерлеме көтерілгендіктен, тиісінше екінші деңгейлі банктердің де пайыздық мөлшерлемесі көтеріледі. Екінші жағынан көп мәселе жалпы экономиканың дамуымен тікелей байланысты. Бәрі тұрақталғаннан кейін Ұлттық банк бәлкім ставканы төмендетуі мүмкін. Осылайша, екінші деңгейлі банктер беретін несие пайызы да азаюы керек. Депозит те баланста болуы керек.

Меніңше, табысын растамай несие ірі сомада берілмеуі керек. Шағын несиені беруге болады. Мобильді төлемдер қазір белсенді түрде дамып келеді. Формализм азайып, екінші деңгейлі банктердегі бюрократия азайып келеді. Технология дамып келе жатқаннан кейін осындай шұғыл шешімдер қабылданады. Алайда бәрі де баланста болуы тиіс.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көптен көп рахмет!