×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Бізге ардан аттаған сайқал саясат керек емес – Бурахан Дақанов, Құрмет Талапқазы

21.04.2022, 21:37

Ulysmedia.kz порталы бұл жолы қоғамдық істерімен ел ықыласына бөленген ерікті жас – Бурахан Дақанов пен Құрмет Талапқазыны еркін әңгімеге тартты. Бурахан өзі алдымен үлгі көрсетіп, қазір оңтүстіктен солтүстікке көшудің маңызын түсіндіріп, теріскейге ел қондырып, насихат жұмысымен айналысып жүр. Қуаңшылық уақытында Батысқа жылу, жем-шөп жинаған Құрмет шетелдегі қандастарды елге әкеліп, солтүстік өңірлерге қоныстандыруды көздейді.

Мүдделес азаматтармен алдағы жоспары, билікке, бүгінгі саясатқа көзқарасын, Жаңа Қазақстан жайлы ойларын сұрадық. Бұл әңгімеде қонақтарымыз айрықша шынайылығымен, тазалығымен ерекшеленді.

Ulysmedia.kz ешкімге міндет артпай, халыққа қызмет етіп жүрген осындай азаматтарды қолдауға шақырады.

Құрмет:

– Бәрінен бұрын ел мәселелері мені тыныш жатқызбады. Шетелдегі қандастар 30 жылдан бері елге көшіп келді. Бірақ бәрібір көбінесе уәденің біразы сөз жүзінде қалып қойды. Сондықтан меніңше, қандастардың бәрін көшіріп алу керек, өйткені өз еліміз, өз жеріміз қазақтарға толмай, тәуелсіздігіміздің мәні жоқ. Тәуелсіздік мәңгі баянды болмауы да мүмкін. Сол себепті елімізді біз қазаққа толтыруымыз керек. Оңтүстік пен батыс облыстардағы кәсіпкер ағалар қолдаса, Ирандағы, Моңғолиядағы, Ресейдегі, Өзбекстан мен Қырғызстандағы қандастардың бәрінің бірін де қалдырмай көшіріп, осы жерде алып өтуге белімді буып тұрмын.

Самал:

– Бурахан, сен жайлы біздің порталымыздан Абзал Досым арнайы деректі фильм түсірді. Шын ниетіңді сол кезде танығандай болдық. Қазір қандай бастамаларың бар? Жақында Ақордада болдың ғой деймін.

Бурахан:

– Ақордаға кіре алмадым. Бірақ болашақта кіретін ой бар. UlysMedia порталынан Абзал келіп жақсы сюжет жасады. Сол үшін сіздерге жеке рахметімді айтқым келеді. Өйткені сол видео арқылы көп қазақ, тіпті Моңғолиядағы, жат жұрттағы қандастарымыз соны көріп, нақты қандай қиындықтар мен көмектер болатынын көріп, біліп жатыр.

Біз үкіметтің жасап берген «Еңбек» бағдарламасы арқылы өзіміз көшіп келген еріктілерміз. Бұл ретте жанымдағы Құрметтің жасайын деп отырған шаруасы өте керемет дүние. Себебі шет елдерден, Моңғолияда, Қытайда, Иранда, тағы да басқа елдердегі қандастар елге келіп жатса, онсыз да аз қазақ көбейіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Құрмет бауырыма, өтініш қылып айтып жүрмін: шет жақтан келген қандастарды бірден солтүстікке алып келсе екен! Бірден! Сол жердегі қазақтың санын көбейтсек деген өтінішімді айтып жүрмін.

Қазір «Еңбек» бағдарламасы жұмысын тоқтатты. Яғни уақыты бітті. Ендігі кезекте жақын арада жаңа бағдарлама іске қосылуы керек. Бірақ аты ауысқанымен, негізгі мақсаты, көмектері мен талаптары бір. Осы жұмыстың нәтижесін арттырып, көшіп келушілерге толық ақпарат беру мақсатында біз еріктілерді жинап жатырмыз. Солтүстік Қазақстанның әрбір ауданында мықты ерікті ағай-апайларымыз бар. Маменов, Серік Өтебай деген, Нұржамал деген кісілеріміз, Арайлым деген еріктілеріміз бар. Мәселен, Арайлымның бір өзі бір ауылға 30 шақты отбасын көшіріп, айрандай ұйытып отыр. Сол үшін «Тәуекел» деген ұйым құрғымыз келеді. Қазіргі уақытта мақсатымыз осы.

– Осы бастамаларыңызды билік тарапынан қолдап жатқан азаматтар бар ма?

Құрмет:

– Әр жерде бәсеке болуы керек. Бірақ қазір партия қозғалыстары кезінде ел мүддесі артта қалады. Сондықтан, Бурахан ағамыз «Тәуекел» ұйымын құрса, бұл жақсы бастама. Оған барлық Аманат, Ақ жол, Ауыл партияларының бәрі қолдаушы болуы керек. Партия бір-бірінен көре алмай қалуы мүмкін. Шын мәнінде, бұл елдің дамуына үлкен кері әсерін тигізеді.

Самал:

– Ағаларымыз бен шенеуніктерді көріп жүрсіздер ғой. Ел мүддесі үшін алаңдайтындай азаматтарды көріп жүрсің бе? Мысалы мен саяси ойын басталғандай сеземін, бәрі ел мүддесін ойлап тұр дегенге күмәнданам...

Құрмет:

– Қарама-қайшылық туындап тұр. Мысалы Бурахан ағамыз қозғалыс құрса, партиядан болайын немесе болмайын ел ағалары оған қолдау білдіруі керек. Өйткені бұл кісінің бастап отырғаны – ел жұмысы. Ол үлкен бір маңызға ие жұмыс. Партиялар ел мүддесін ойласа, бірігіп, елдің жұмысын жасауы керек.

Бурахан:

– Осы жерде толықтыра кетсем. Бұл шынында да, өте маңызды шаруа. Солтүстікке көш дегеніміз ғасырлық маңызға ие бағыт. Сол себепті оған атүсті қарамау керек. Қазір биліктегі кейбір азаматтармен, депутаттармен жолығып жатырмын. Бұл проблеманы ашып отырған мен емес. Маған дейін болған. Менен бұрын да көшірген адамдар бар. Менен кейін де болады. Проблеманы бәрі біледі. Келіссөздермен келісіп, сөйлесіп, ұсыныстарды беріп жатырмыз. Бұйырса жақсы хабар болып қалар деген ойдамыз. Өйткені кездескен он адамның оны да ісіміздің дұрыс екенін айтып жатыр.

Самал:

– Әрине, дұрыс. Бурахан бірақ, сенің де отбасың бар. Құрмет студент. Шын мәнінде тамақтан бастап жол шығынының бәрі бар. Осы тұрғыда шығындарыңды жауып отырған көмек-қолдаулар бар ма?

Құрмет:

– Мен оқитын университет қоғамдық жұмыстармен айналысуыма рұқсат берді. Шынымды айтсам, елді ойлап, тыныш жата алмадым. Өткен жолы Петропавлға бардым. Байқасам, Бурахан ағам да жалғыз өзі шырылдап жүр. Әр жерден қолдау болғанымен, мүдде түптің түбінде бір емес. Әр жақта бөлініп жүр. Сондықтан қазіргі жағдайда қолдаушы болуы керек. Жүріп-тұруға кей кезде қарызданып қалатын жағдайлар болады. Кішігірім заттарымды сатам кейде. Бірақ мұның бәрін ешкімге міндет етпеймін. Бастысы, біраз болса да көші-қонға пайдам тисе деп жүрмін.

Бурахан:

Шыны керек, қазақта «бөрі арығын білдірмес» деген сөз бар. Аш екенімізді білдіріп жүрген жоқпыз. Ел арасынан, фейсбуктегі достарым арасынан дұрыс іс істеп жатырсың деп, жол-пұлымды көтеріп беретін азаматтар бар. Ара-тұра сол кісілер көмектесіп тұрады. Дегенмен, билік тарапынан көмек керегі рас. Өйткені менің «Тәуекел» деген жобамның өзінде кемінде 3 колл-орталығы, үш менеджері болса, бір микроавтобусымыз болса деп ойлаймыз. Мәселен, бірнеше отбасы көшіп келсе, оған солтүстіктегі бүкіл ауданды көрсетіп шығатындай жағдай болса дейміз. Өйткені бір адамның 7-8 ауданды аралауға 45 мың теңгедей ақшасы кетеді екен. Енді ол кісі барып, бір жерге түсе қалмайды ғой. Таңдауы керек. Таңдап қана, өзіңе жақын жерге көшіп келген азамат ол жерден кетпейді. Сондықтан осындай шығындардың бәрін есептеп, сыққанның өзінде біздің бір жылдық шығынымыздың өзі 50-60 млн теңгеге шығып тұр. Енді оны қашанғы жұрттан сұрай бересің. Демеушілер бірде көмектесер, үш рет көмектессін жарайды. Сондай бір жағдайға түсіп жатырмыз. Осында келіп, үкімет тарапынан нақты бір қолдаулар болса, қаржы мәселесі шешілсе деген өтінішіміз бар. Құрмет бауырым айтқандай, ешкімге міндет артпаймыз. Ақша берілмесе де, шама келгенше ісімізді ілгерілете береміз.

Құрмет:

– Шетелден көшіп келген әр қандасымыз елдің қаласы мен даласын көргісі келеді. Мәселен, Алматыны таңдап алып, сол жақта қиналып қалған туыстарымды көрдім. Екі-үш жылдың алдында қандастарды бейімдеу орталығын жалғыз Шымкентте ұстамай, солтүстікке де ашса деген ұсыныстар бар. Сол секілді көшіп барған қандастарға уақытша тұратын қонақ үй ретінде бір ірі үш қаладан үй салсам деген арман-ниетім болатын. «Құрмет» ұлттық өнімдері деген отандық өнімдерді шығарғалы жатырмын, бұйырса. Ірімшіктің өзі Ресейден келеді екен.

Соны алдағы уақытта өз отандық өнімдерімізден жасасақ деген әрекетімді жасап жатырмын. Қор ашып, үш қаладан арнаулы жер алып, жатақхана салса, 3-4 күн тұруға, жас отбасыларға уақытша беретіндей үй-жай мәселесін шешуді ойластырып жатырмыз.

Бурахан:

– Құрметтің мұнысы өте орынды ұсыныс. Өйткені қазір Шал ақын ауданында Ираннан келген 12 отбасы бар. Шыны керек, олар 100 пайыз жерсініп кете алған жоқ. Құрмет батырдың айтып отырған адаптациялық орталығы ауадай қажет. Мысалы Ираннан келген кісі өмірінде кирилл қарпін көрмеген. Орысша бір ауыз сөз білмейді. Пәкістаннан, Ауғанстаннан келген ағайындардың бейімделу жағдайы басқалардан қарағанда қиынырақ. Сол себепті Құрмет батырды қолдаймын.

Құрмет:

– Ираннан және Өзбекстаннан келетін қандастарымызды кей кезде тіліне қарап, жергілікті ел-жұртымыз кемсітеді екен. Бірақ өз тілімізге де қарап алуымыз керек. Оңтүстіктегі қазақты кейбіреулер біз өзбекше қосады деп сөгеді. Бірақ солтүстіктегі өңірлерде қазақша сөйлей алмай жүрген адамдар бар. Қандастар келген кезде өз еліне келгендей сезімде болуы керек деп ойлаймын. Бұрын ата-бабаларының көшіп кетуіне сын тағатындай біз өзіміз жетісіп тұрған жоқпыз. Олар тарих сынынан өтті. Қаншама қиыншылықтардан өтті. Кәсіпкерлер оларға көмектессе дейміз.

Бурахан:

– Дегенмен, «қарны ашқан адамға балық бергеннен гөрі қармақ бер» деген сөз бар. Шеттен ғана емес, оңтүстіктен немесе басқа өңірлерден көшіп келіп жатқан ағайынның қолына қармақ беру мүмкіндігін қарастыру керек. Атамекеннің, басқа да бизнес-ұйымдардың өкілдерімен кездескім келіп отырғандағы себебім осы. Өйткені біз өз-өзімізді өніммен қамтамасыз ететіндей мүмкіндік керек. «Тәуекелдің» ақпараттық орталығы дәл осы дүниемен айналысады. Біз әр көшіп келушімен сөйлесіп, оның анкетасын толтырамыз. Сол кезде оның қандай еңбекке бейімі бар, мал бақты ма, әлде егін екті ме, шиномонтажы болды ма – қоғамдық ұйым арқылы осындай мүмкіндіктерді ашқымыз келеді. Ішімізде жекеменшік қорымыз да болады. Сол арқылы мал баққысы келсе, малын алып бере аламыз. Қиялдаймыз енді.

Самал:

Сіздер айтып отырған «Тәуекел» ұйымы Қазақстанда ұлттық оператор болуы керек секілді. Көші-қонмен айналысатын, көмектесетін, үгіт-насихат жасап, бейімдеуге көмектесетін ұлттық оператор болуы керек секілді ғой?...

Құрмет:

– Иә, сондай жағын қамту керек.

Самал:

– Сәл қолдау болса, бұл шаруа өз-өзінен жанданып кететін секілді ғой?

Құрмет:

– Ел қатарында жүрген кезде біздің игі бастамаларымызға ешқандай партия себеп болған жоқ. Жалпы бір мүдде болды. Мал қырылып жатқаннан кейін ол кезде ешкім бөлінген жоқ. Ешқандай атаққа да ұмтылмады. Сол сияқты бұл да бір үлкен асар деп есептеу керек. Мысалы Өзбекстандағы атажұртымызда отырған қандастарымыз өте іскер, білімді. Қырғызстандағы, Ресейдегі қандастардың ішінде өндіріс ашып отырған ағалар бар. Солтүстіктің жер құнары өте жоғары. Сол жерге барып, кәсіп ашуға қаржы құйсаңыздар деп өтініп, сөйтіп, Отанға солай үлес қоссаңыздар деп, жолықсам деген ойым бар.

Бурахан:

– Құрмет батырдың, айтып отырғаны өте дұрыс. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар дейді. Шеттен де, іштен де көшіп келушілердің жай-күйіне қарасаңыздар, бизнесі бар адамдар жалпы орнынан қозғалмайды. Сол себепті Құрмет батыр егер сол жерге барып жатса, кәсіпкерлермен кездессе, әрине осының бәрі айту керек. Жылы-жылы сөйлессең, жылан інінен шығады деген сөз бар. Жақсы сөйлеп, жеткізе айтса, ұлттық рух деген ешкімнің кеудесінен өшпейді. Ұйықтап жатуы мүмкін. Бірақ егер нақты бір тетіктерін тапса, кез келген қазақтың ішіндегі рухты оятуға болады. Сол себепті Құрмет елге қандастарды тартатын болса, біз «Тәуекел» қарсы алушы тап болып, Құрмет арқылы келген қандастарды жан-жаққа қаңғытпай, бір арнада дұрыс жол көрсетіп, тұрақтандыруға болады.

Самал:

Әлемде болып жатқан геосаяси жағдайларды ойласақ, Қазақстан Ресеймен көрші. Қаңтардан кейін қандастар ойланып қалған жоқ па, мысалы? Олар көшіп келуге дайын ба?

Құрмет:

– Олар, әрине дайын. Олар үшін Отан жоғары орында тұрады. Бастысы осында орналасып алғанша оларға қолдау білдіруіміз керек. Мысалы, іс жүзінде нақты еңбек болмағаннан кейін кейбір қандастарымыз «бізді іздеп жатқан ешкім жоқ» деп ойлауы мүмкін. Барып, көзбе-көз сөйлессе, қандастардың бәрін осы жаққа көшіруге болатынына 100 пайыз сенем!

Басшылықтағы ағалар әрқашан қолдау білдіруі керек деп ойлаймын. Осыны пайдаланып, атақ, билікке ұмтылып отырсам, төбемнен жай түссін. Мен тек сол елдің бір жыртығын жамайықшы деген оймен жүрмін. Солтүстікте қаңырап жатқан ауылдарды көрсеңіз, барып тұрғың келеді. Алматы, Астанадағы, Шымкенттегі кісілер сол жақтан кеңсе ашса дейсің. Маған бір ағамыз «бұйырса, сол жерден саған жиһаз жасайтын орын ашсақ» деп хабарласты. Оның айтуынша, ол жақта үлкен жұмыспен қамтитын кәсіпорын ашуға болады. Әр жердегі кәсіпкерлер әрекеттенсе деп ойлаймын.

Самал:

Бурахан, солтүстіктегі халықтың көңіл-күйі қалай?

Бурахан:

– Адамдар көшіп жатыр. Неше көшеді? Яғни мүмкіндік жоқ деген сөз. Оңтүстіктен қарағанда солтүстікте жұмыс табу мүмкіндігі молырақ. 25 жыл бұрын Ақмола жерінде осындай керемет қала болады деп ешкім ойламаған. Аяқ астынан елорда салынды. Қандай керемет! Сәл аз ақшаға бұл жақтан үй ала алмайсың. Сол себепті меніңше, қазақ неғұрлым жер иесі болуға тырысуы керек.

Қаңырап қалған ауылдар өте көп. Жер өз құнын ешқашан жоғалтпайды. Қазір сол жаққа көшіп, жерді иеленіп, 2-3 гектар жер алса, сол жердің құны 100 жыл өтсе де түспейді. Қуаңшылық кезінде Құрмет көп шаруаға көмектесіп, малдың көбін сақтап қалды. Құрметтің көмегімен Маңғыстаудағы және Қызылордадағы мал иелерінің бәрін болмаса да, көшкісі келетін адамдарды көшіргім келеді. Қазақ көшпелі халық болды. Не үшін көшті? Малдың ыңғайы үшін қоныс аударып отыратын. Қазір Қызылорда мен Маңғыстау облысында қуаңшылық болып жатыр. Оған Құрмет куә. Ал біз жақта жерді белден қазсаң, қара топырақ. Шөбі шүйгін. Алмасбек Садырбаев ағамыз айтпақшы, салат біз сөзбен! Неге көшпеске? Қаншама бос ауылдар жатыр. Инфрақұрылымы сақталған елдімекендер қаншама көп. Мысалы Балуан деген ауылдың жанында көлі бар. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевкадан да қатты алыс емес. Бірақ қазіргі уақытта шамамен сол жерде бес-ақ отбасы отыр. Ауылдық округке қарасты жері бос.

Самал:

Қателеспесем, облыс әкіміне осы мәселені айттың ғой деймін...

 Бурахан:

– Облыс әкіміне әзірге бара қойған жоқпын. Ол кісімен таныс емеспін. Жақын арада өңір басшысымен жеке кездесіп, өзімнің ұсыныстарымды айтқым келеді.

Самал:

Осындай игі істің басында әкімнің өзі де жүруі керек қой, бір жағынан...

Бурахан:

– Менің ұстанымым мынадай: Құрметтей бір кісі келіп, 100 сиыр асыраймын десе, ол кісіге шамамен кемінде 3 көмекші керек болар.

Самал:

Мәселе мынада: мұның бәрі энтузиазм. Бірақ Бурахан сен Ақордаға баратын болсаң да, осы шаруаның бәрін жүзеге асыратын – облыс әкімі. Әкім келіп, жол картасын жасап, сәл қаражатын бөлсе, алып кететін дүние ғой. Жалпы қозғалысқа ұласса...

Құрмет:

– Басшылықта жақсы ағалар бар. Бірақ 30 немесе 40 жылдан кейін Қазақстанның солтүстігі мен шығысы иен қалатындай жағдайда отырмыз. Қазақстанның жерінде су мен жер асты байлығы мол. Сондықтан кері кетірмей, үлкен бір қалаларға тығыла бермей, шығыс пен солтүстікке орналасуымыз керек. Қазір мұнайға иек артып отырғанымызбен, соның салдарынан ел де, мал да құрғақшылықтан қиналып отыр. Сол себепті солтүстік аймақ қолда бар, бірақ қадірі жоқ алтынға теңесіп тұр. Жер алып, үй алып, сол жерге орналасып алу керек деп ойлаймын.

Бурахан:

– Батыс Қазақстандағы мұнай айтылып жатыр ғой. Менің мынадай бір жақсы көретін сөзім бар: бір баррель аса көп ақша емес екен. Ал бір тонна еттің бағасы орта есеппен 1,8 млн теңге. Мұнай өндіргеннен кейін орнына қайта толмайды. Ал малды жақсы бағатын болсаң, қайтадан толығады. Ал Солтүстік Қазақстанда мал бағатын мүмкіндік бар. Келсін. Солтүстікке келген адам ұлтына қызмет қылып қана қоймай, өзіне қызмет етіп, малын өсіріп, жағдайы жақсарады.

Құрмет:

– Елде қазір 4 млн гектар жер пайдаланылып жатыр екен. Солтүстікті мал немесе егін шаруашылығымен көтерсек, бүкіл елімізді өз өнімімізбен қамтамасыз ете алар едік. Қалаларға тығылып, азғантай тапқан кіріске мәз болып, не үй ала алмай, қарыз жаба алмай жүрсек, солтүстік пен шығыстан айырылуымыз мүмкін. Армандап қалуымыз да ғажап емес. Еліміз өсіп, жастарды көтеру керек. Кәсіпкерлер өсіп келе жатқан жастарды өз балаларындай көрсе дейміз. Жастар үлкен күш.

Бурахан:

– Биыл Қазақстанда шамамен 3 млн-ға тарта оқушы оқып жатыр екен. Соның 504 мыңнан астамы Түркістан облысында. Ал Солтүстік Қазақстанда 75 мың ғана оқушы. Ұлттардың ара-қатынасын, басқа да мәселелерді сараптай отырып, бір ғана сөз айтуға болады – Солтүстікті Құдай ғана сақтап тұр. Құдайдың қанша уақыт сақтайтынын өзі білер. Өзіміз қозғалып, бір жақты етпесек, ізінше не айтқым келіп отырғанын сезіп отырған шығарсыздар.

Құрмет:

– Кейбір кісілер солтүстікке суық деп барғысы келмейді. Бірақ орналасып алса, ол өңір қазақы қалпына қайта келеді. Сондықтан, анау-мынау дегенді қойып, не алам дегенше, не берем деп, барғаны абзал.

Самал:

Сіздер Қазақстан халқы қорына осы мәселе бойынша хабарласып көрдіңіздер ме?

Бурахан:

– Қазақстан халқы қорына әлі хабарласып үлгерген жоқпын. Бірақ сайтына кірген кезде ол қордан кімдерге көмек берілгенін қарап отырып, бұл қор тек ауыратын балаларға көмектесетін қор ретінде көрдім.

Самал:

Неге? Біздің елде мемлекеттік сатып алуларға, қаншама есте қалмайтын форумдарға қаражат кетіп жатыр. Ал сендердің айтып отырғандарың – шынында өзекті мәселе. Әр қазақ менің жалғызым қағидатына еткен еңбектеріңіз сәйкес келеді. Сондықтан, меніңше, қазір үкімет басшысы Әлихан Смайылов тарапынан нақты көмек болуы керек секілді. 19 млн халықпыз. Бұл бағытта нақты саясатты жүргізсек, біздің қолымыздан ешкім қақпайды. Путин де, басқасы да...

Құрмет:

– Ешкімге жалынбаймыз. Ешкімге бас имейміз. Бірақ әркім істеу міндет осы. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ үлкен-үлкен қайырымдылық қорлары бар. Ел ағалары бізге өздері хабарласуы керек еді. Бірақ олар ұйықтап қалған ба деп ойлаймын. Әкімдерді тартып, қандай көмек керектігін сұрауы керек еді олар. Бурахан ағамыздың барғанына 1 жылдан артық уақыт өтті. Оған облыс әкімі өзі хабарласуы керек.

Бурахан:

– Әкімге бармай отырған себебім мынада: өз басым ешқандай оқу орнын бітірмегенмін. Менің қолымда ол кісіге нақты ұсынатын презентациям жоқ. Белгілі бір дүниеге ақша сұрау үшін қолда бір жоба болуы керек қой. Менде ол жоқ. Біз энтузиазммен шауып жүрген жігіттерміз. Ең дұрысы сол.

Құрмет:

– Сыртқы істер министрлігіндегі ағалар, Президентіміз көші-қон мәселесін қолына алып, қай елде қанша азаматымыз бар – бәрін өзі қадағалап, сол елдің мемлекет басшысымен келісіп, көшті жандандырып жіберсе деп сұранамын. Ауғанстандағы, Ирандағы қандастардың жағдайын көзбе-көз көріп, біздің «Отандастар» қорының басшылары туысқанын әкелгендей көшіріп алу керек деп ойлаймын.

Бурахан:

– Фейсбукте шет елден жазылушыларым да бар. Мені кейбірі көшке жауап беретін адам деп ойлайтын секілді. Мысалы Ауғанстанда болған жағдайларға байланысты босып кеткен Ауғанстандағы 40-қа тарта отбасы Пәкістандағы Карачи деген қалада отыр. Соның ішінде Хамит деген жігітпен сөйлесемін. Өздері кезінде Алматы жақтан көшкен екен. Қысқаша айтқандай, олардың Карачиде отырғанына шамамен 4 айдай болған. Елге қайтайық десе, ДНК-ларын сұратқан. Түсінбеймін. Солтүстік Қазақстанға қолдан жасалған қиыншылықтардың бәрін алып тастап, қандастарды көшіру керек деп ойлаймын. Хамит менімен қазақша сөйлесіп тұр. Біз уатсаппен сөйлесеміз. Ауғанның ішінде басқа ұлттан болып тұрса, түсінікті еді. Жеті атасына дейін айтып тұр маған. 40 отбасынан астам. 300-ге тарта адам. Бала саны көп. Сол себепті қазір СІМ осындай видеоны көрер болса, осындай мәселелерге назар аударса екен.

Моңғолиядан көшіп келгісі келетін қазақтар өте көп. 60-қа тарта отбасы көшкісі келеді маған хабарласуы бойынша. Моңғолия қазақтары малымен бірге келетін болса, бізге қосымша жұмыс күшін ашуға болатын еді.

Самал:

Жаңа Қазақстаннан не күтесіздер?

Құрмет:

– Сәбидей адам қалпына қайта келген, елім, жерім деген, бауырларына қамқор, еліне жанашыр азаматтардың болып, елдің келеңсіз жайтын өз жұмысындай көретін азаматтар болса деймін. Бізде қазір аяқтан тарту көп болып жатыр. Сондықтан адам болып келдік, адам болып кетіп, Жаңа Қазақстанды жақсы жағынан дамытып, қалыптастырсақ дейміз.

Бурахан:

– Қазіргі уақытта Жаңа Қазақстан деген ол бұрынғыдай емес – жаңаша мүмкіндіктер деп ойлаймын. Неге Құрметті батыр дейміз? Кезінде неге біз Қабанбайды батыр дедік. Наурызбайды, Қосай батырды. Батыр ешкімді бөліп жармай, бүкіл халықты қорғаған. Құрмет те сондай. Кімнің екі сиыры бар – соларды қорғаймын деген жоқ. Мұның батырлығы сонда. Сонда бүкіліне көмектесіп, қазір батыр деген лауазым алып отыр.

Жаңа Қазақстаннан не күтемін? Кез келген адам батыр бола алады. Егер лайықты мүмкіндіктер жасалса! Сондықтан мен Жаңа Қазақстаннан тек жаңа мүмкіндіктер күтемін. Біз Қабанбай батыр болған, Алаш қайраткерлері бұлай еткен дейміз де, Алаштан бергі аралықты бос қалдырамыз. Батырларымызбен мақтансақ, өз ұрпағымызды да сол бақыттан айырмайық. Яғни соған сай болуымыз керек. Жаңа Қазақстаннан жаңа мүмкіндіктер күтем!