×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Қарашөкеев лоббиі, «Скляр кет», агроолигархтар тізімі мен жұт жайлы – Алмасбек Садырбаевпен сұхбат

02.05.2022, 23:55

Ulysmedia порталына бұл жолы белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі, «Шопан ата» шаруалар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевты шақырдық. Сұхбат барысында ел тағдырына тікелей әсер ететін біршама мәселе талқыланды. Қазақстандағы агроолигархтар кімдер? Алмасбек Садырбаевтың қазіргі ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке көзқарасы қандай? Мұхтар Тайжанды не үшін қолдамайды? Садырбаевтың өзі партия ашуы мүмкін бе? Ел назарында жүрген біршама мәселе жөнінде қоғам белсендісі бүкпей бар ойын ашық айтты.

– Алмасбек мырза, қош келдіңіз! Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет! Бәріміз Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деп жүрміз. Жеке басым сенем. Сіз ше?

– Бүкіл Қазақстанды өзгертем деп айта алмаймын. Бірақ ауыл шаруашылығын Жаңа Қазақстанға келіп біреу жасап бермесін анық білемін. Келесі президент немесе келесі парламент дейсіз бе – ешкум жасап бермейді. Біз өзімізше, бел буып, осы шаруаға кірісіп жатырмыз. Ұнамай ма айтамыз! Тек біржақты кемшілікті айтып қана қоймай, ұсынысын айтамыз, тыңдамай ма – қорқытамыз. Керек пе, митингке шығамыз. Өйткені бәрін өзіміз үшін жасап жатқан жоқпыз ғой. Біз оны ел үшін жасап жатырмыз. Совет үкіметінен бері қазақтың шаруасын «сен шаруасың», «сен теңім емессің» деп әбден жаншып тастаған ғой. Маған да «сен қойшысың» дейді. Өздерінше саясаткерміз деп өздерін жоғары санайды. Сондықтан ауылдағы ағайынға мен әрдайым «бастарыңызды түсірмеңіздер, бұл елді асырап жүрген біз» деймін. Керісінше, олар бізге жағдай жасаса, содан кейін басқа саясаткерлер басқа жақты саяси тұрғыда өзгертсін. Екінші республиканы сіздер тоқ болсаңыздар ғана жасай аласыздар. Сіздерді тоқ ететін қазақтың шаруасы. Сондықтан қазақтың шаруасына керекті істің бәрін біз жасайық. Нан болса ән де болады.
Америка өздерінің шаруаларын – ковбойларды пір тұтады, қару ұстауға рұқсат береді. Ковбойлар әуежайларда бизнес-класпен ғана жүреді. Эконом-класпен жүрмейді. Шаруаның мәртебесі деген міне.

– Шаруаның мәртебесі мен халықтың тоқ болуы алдымен қазіргі Үкімет мүшелерінің миына кіріп жатыр деп ойлайсыз ба?

– Білмеймін. Мен кіріп жатқан жоқ деп айтамын. Қазақ тілек тілегенде соғыстан сақтай көр дейді, екіншіден жұттан сақтай көр деп сыйынады. Біздің қоғам, үкімет, билік жұтты мойындады ма? Мойындаған жоқ. Зарлап, ел болып шулап, Маңғыстаудың, Қызылорданың малының қырылғанын көрсетуге шамамыз жетті. Түркістандыкін көрсетуге неге шамамыз жеткен жоқ? Өйткені ол жерде Шөкеев деген дәу бар. Сол өзінің абыройымен анау жерде барлығын қылқындырып тастап отыр. Түркістанның жұты Маңғыстаудыкінен есе ауыр. Мен оны өз көзіммен көрдім. Маңғыстау мен Қызылордада қурайдың қылтанағы болса, Түркістанда паркет секілді жерді көрдім. Сол біздің сөзімізге, дәлелімізге ешкім сенбеді. Бірақ күндердің күнінде әлгіні NASA жариялады. Былтыр қателеспесем тоғызыншы айда Ташкентте өмірі болмаған боран тіркелді. Ташкентте 75 жыл бойы соқпаған боран болып, күннің көзі көрінбей қалды. Әлгіні зерттесе, Американың Невада штатында болатын борандардан Ташкенттегі борандар он есе қатты екен. Ташкент Узметео осының қайдан келгенін зерттейді. NASA қосылады. Сонда қараса, Түркістанда соққан жел Ташкентке жеткен екен. Біз сол жұтты мойындаған жоқпыз.

Сол жұттың салдарынан Түркістанның шаруалары қан қақсап, малы қырылып жатыр. Қысқа жетпегені қаншама. Соның барлығын билік тізгінін қолына мықты ұстаған адам қыңқ еткізген жоқ. Қазақстанның басқа жағында әкімдер жем-шөпке ақша бөліп жатса, Шөкеев қателеспесем қаражатты 100 бірлік техникаға бөліпті. Ветеринарларға арналған бортты уазиктерге ақша бөлген. Неге? Сол бортты көлікпен құм ішіндегі өлген малдың дәлелі болмасын деп! Басқа жақта малшыларға жем-шөп әперіп, субсидия бөлді. Түркістан облысының әкімдігі өлген малдың мүрдесін тығумен айналысты.

Біз сол жұттан сабақ алдық па? Мүлде жасаған жоқпыз. Министр Қарашөкеев жұттың басында кірді. Оның бағы жанды? Жұттағы кемшілігі үшін Сапархан Омаров орнынан алынып тасталды да, мына кісіні отырғызды. Бұл кісі не жасады? Омаровтың кінәсі – төтенше жағдай жариялай алмағанында! Өйткені ТЖ жариялайтын элементтері (неше күн жаңбыр жаумауы керек, температура мынадай болу керек) болғанымен, мал өлген – төтенше жағдайға жатпайды екен. Бүгінгі билік былтырғыдан сабақ алып, төтенше жағдайларды жеңілдетуі керек. 38 күн емес 25 күн жаңбыр жаумағаннан кейін мал қырыла бастады. Ол ненің сигналы? Ол қуаңшылықтың сигналы. Соны өзгертпеген министрлер не қылып отырсыңдар? Сабақ алмадыңдар ма? Алмадың! Биыл бақылап отырмыз дейді. Нені бақылап отыр? Биыл да жаңбыр жаумағанға 39 күн толмады деп, тағы да төтенше жағдай жарияламайды. Төтенше жағдайдың керегі не? Биліктегілердің қолы босасын. ТЖ кезінде мемлекеттік сатып алу нормасы тоқтайды. ТЖ нормасы жүреді. Ол кезде мемлекеттің өз резервінен шаруаларға көмек көрсетіледі. Ол деген азық-түлік қауіпсіздігі ғой. Ал оны жасаған жоқ.

Қазір тура бауырыңызда ағайын екі ел соғысып жатыр. Біз дәл осындай кезеңде бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігін шығаруымыз керек! Ол тікелей ауыл шаруашылығына байланысты. Арпа-бидай сатқанды тоқтат деп, былтыр жұт басталғанда шырылдағанбыз. Ұн сатыңдар, елімізде тебегі қалсын. Бидай кетіп қалмасын дедік. Міне, 3 мың теңге тұратын ұн қазір 4,5 мың теңге болып кетті. Тек Қарашөкеевтің статистикасында ғана қанттың бағасы келісіне 330 теңге. Ауызында ғана! Бүгінгі таңда ол баға – 500-550 теңге. Міне, соғыстан өзімізді қорғап жатырмыз ба? Жұттан қорғанып жатырмыз ба? Жоқ. Сонда олар не қылып отыр?

– Біздің елдегі агроолигархтар кімдер?

– Нақты бесеу бар. Бізде нанның құны 50 теңге болады. Кебектің құны келісіне 25 теңге бола алады. Неге болмай жатыр? Біз тек алтынмен шалқып бай болып отырмыз деп қалмасын. Біздің екінші алтынымыз – бидай. Шамамен жарты әлемді бидаймен асырап отырмыз. Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Ауғанстанның бәрі біздің бидайымызбен отыр. Соның барлығын сататын – бес қана компания бар.

– Олар кімдер?

– Мен қазір олардың атын атасам, олар мені сотқа береді.

– Атай беріңіз...

– Оның бірі елдің аузында жүрген Glencore деген компания. Ол голландиялық компания. Әлгінің ішінде қазақтың олигархтарының үлесі бар дейді. Оны мен тексере алмаймын. Солар біздің еліміздің бидайын сатып жатыр. Екіншісі де тағы бір шетелдік компания. Әлемдік деңгейдегі компаниялар біздің еліміздегі бидайдың барлығын сатушылар. Солар министрдің кабитетіне, парламенттің кабинетіне кіріп жатқан – біздің үнімізді естіртпей, соларға керек заңды енгізіп, елімізден бидайдың бәрін алып кетіп жатыр. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы сарапшыларында мынадай тұжырымдама бар: біз дәлелдей алмаймыз, біздің әттең, тексеруге құзырымыз жоқ. Біздің ойымызша, элеваторда қазақтың бидайы қалған жоқ. Біздің ойымызға продкорпорацияда бәламбай тонна бидай бар деген сөздің бәрі өтірік. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бізде 6 млн тонна бидай қалды дейді. Соның 4 млн тоннасы шамамен қазаққа жетеді. 2 млн тоннасын сатуға болады деп, бұлар формальды түрде өтірік ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарына, үкіметке көрсетеді. Елді тыныштандырады. Бірақ Ресей соғысқа байланысты алғашқы күні шекараны жапқанда біз әлемге де, Қазақстанға да нанды сатпаймыз дедік. Бидайды сатпаймыз дедік. Сол күні-ақ бидайдың құны аспанға шарықтап кетті. Неге? Яғни еліміздің ішінде бидай жоқ. Жоқ болғасын, орыстың бидайына тәуелдіміз. Міне, дәлел.

Прокуратура қайда? Антикор қайда? Қазір бәрін барып, тексеріп шықсыншы. Бізде трейдерлік компаниялар біріккен де, министрдің жанынан шықпайды. Әлі де біздің еліміщзде квотамен деп, 2 млн тонна бидайды сатамыз деп жатыр. Оны не қылады? Ал бізде биыл қуаңшылық болмайды деп кім кепілдік бере алады? Сіздер білесіздер ме? Биыл солтүстіктің өзінде қар түсімінің деңгейі төмен болды. Қысқы ылғал жеткіліксіз болса, жазда ылғал жеткілікті болады деп кім кепілдік бере алады? Ендігі жылы осынша бидай жинай аламыз деп кім кепілдік бере алады?

Осының бәрі тарысы бардың тауығы болып жүрген ауыл шаруашылығы министрлігі. Мамытбеков (Асылжан – бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі) ангус деген асыл тұқымды ірі-қараларды қолдады. Лоббисі болғанын қазір өзі де мойындайды. Келесі министр Асқар Мырзахметов кооперацияға лобби жасады. Субсидияны, бағдарламаны соған бұрды. Бәрімізге жұмбақ болып жүргені – қазіргі Қарашөкеевтің кімнің лоббисі деген сұрақ. Менің пайымдауымша, ол қазір бидайшылардың лоббисі. Бірақ оған менің дәлелім жеткіліксіз болды. Бір айдың көлемінде тағы бір дәлел пайда болды.

– Қарашөкеев Маминнің адамы ғой...

– Кімнің адамы емес, бұл неге лобби жасайтынында. Айтпақшы, Мамин бидай бизнесімен өте байланысты адам.

– Қазақстан нарығындағы ең басты лоббишы меніңше, Мамин ғой. Мамин ол жерге құрдан-құр ол кісіні аталған лауазымға қойған жоқ...

– Қарашөкеевті біз байлай алмадық. Бірақ мен қазір сізге бір ақпарат беремін. Президентті қуаңшылық деп, улап-шулап, шаруалар көтерілейін деп жатыр деп, жалған ақпарат жеткізіп, бұл кісілер былтыр бидай өсірушілерге 70 млрд ақша бөлген. Президент оның үстіне тағы 40 млрд теңгені бір сұрап алды. Жаңа жылда. 110 млрд теңгені тағы алды. Барлығы бидай өсіретіндерге! Қарашөкеев кімнің лоббисі? Менің ойымша, президентте жеткілікті ақпарат болса ол былай сұрақ қоюуы керек еді: ең, Ербол, ауыл шаруашылығы дегеніміз ол – екі тең аяқ. Мал шаруашылығы және егін шаруашылығы. Сен егін шаруашылығы үшін 110 млрд теңге сұрасаң, мао шаруашылығы үшін не үшін сұрамайсың?» деуі керек қой. Ербол, мені сотқа берсең бер! Мен ашық айта аламын. Сен бидай трейдерлерінің лоббисісің. Былтырдан бері қақсаған шекараны жаба алмадың. Бидайды сатқыздың. Қазір өтірік квота қойып қойдың. Елімізден бидай мен жем, ұн кетіп жатыр. Ербол – бидайшылардың лоббисі.

220 млрд теңгемен бидайшыларды қарық қылдың. Солтүстіктің миллион гектарлар жер ұстап отырған байлары! 220 млрд теңгені біздің оңтүстіктің 5 гектары жүгері егіп, бау-бақша егіп отырғандар алып жатқан жоқ. Ербол, 220 млрд теңгені егіншілерге бердіңіздер ме, малшыларға да беріңіздер! Сонда Әділетті Қазақстан болады. Ақшаны латифундистер алып отыр.

– Кімдер олар?

– Біздікілер таза латифундистерге де жатпайды. Уикипедиядағы ұғымға қарасақ, латифундистер қатарына миллиондаған гектар жерді алып, оны елге беріп, сонымен пайда тауып отырғандар. Біздікі ерекше латифундистер. Біздікілер 1 млн, 500 мың, 50 мың гектар жерді алып отырғандар. Қатарында Зенченко, Сауер, Әлібиді бөліп алғандар. Зенченко мен Сауер малына егін дайындайтын, астық дайындауға жақын. Ал Әлібиді алған, Астана-астықтың төңірегінде жүргендердің бәрі компания, ЖШС қылып құрып тастаған. 80 ЖШС-ға дейін бар. Ал жалпылама алсам, менің презентациямда 20 адамның аты көрсетілген. Оның ішінде бөліп тығып тастаған. Оны эфирге беріп, көрсетуіңізге болады. Оның бәрін жаттау мүмкін емес.

– Біз портал бетінде Магнум мен Смолға қатысты біршама зерттеу жүргізіп жатырмыз. Ритейлдарда бұлар кәдімгідей лоббистердің ашық кәсібі екен. Ол туралы айтып өтесіз бе?

– Біздің шаруалардың басты проблемасы – өнімдерімізді сата алмаймыз. Магнумға барасыз – сөреде тұрған етті көресіз. Бірақ ол шаруадан алынбаған. Ол ортадағы 40 делдалдан алынған. Шаруа сөреге шығып тұра алмайды. Бірақ үкімет сіз айтқан брендтер мен ритейлдерге мемлекеттік бағдарламар арқылы 0,1 пайызбен несие береді. Миллиардтап береді.

Оларға өнімді шаруалардан, жергілікті өндірушілерден алыңыздар дейді. Олар арнайы жеке кәсіп, ЖШС құрып тастаған. Ол нарықтан да төмен бағамен алады. Сөресіне қояды. Оның үстіне саған ақшаны бірден бермейді. Айлап алсаң ол жақсы. Ал алмай лақтырып кететіндерін қайтесің. Сондықтан Үкімет миллиардтарын солардан сұрауы керек!

– Расында да, сұрауы керек деп есептеймін. Өйткені, бізге келіп жатқан ақпарат бойынша Магнумның артында Қайрат Сатыбалды, Смолдың артында Әнипа Назарбаева сияқты үлкен адамдар тұр деген ақпарат бар. Олар кәдімгідей жергілікті тасымалдаушыларға қысым көрсету арқылы көп заңсыздық жасап жатқан фактілерді біліп жатырмыз. Алдағы уақытта ашып жазамыз.

– Біз сауда сөресіне шыға алмаймыз. Өйткені онда мынадай талаптар қойылған: сен бәламбай сертификатталған халал немесе әлемдік стандартқа сай арнайы жерге союың керек. Осы жерге алып келіп, оны өзің бөле алмайсың. Біздің бөлетін цехымыз бар. Сол жерге келісіне төлейсің деп шарт қояды. Оның бәрін есептегенде саған сол етті сол жерге тастап кетіп қалған дұрыс болып шығады. Қандай баға берді – соған қанағат қылуға мәжбүр боласың. Оның өзі бақыт. Соған да шаруалар келіседі. Мың жылқысы бар адамдардың сөреде өнімін қоюына болар еді. Бірақ тұра алмайды. Үкімет қаражатты Магнумдарға емес, шаруаларға беруі керек. Механизм солай болуы тиіс. Өйткені бұлар миллиардаған қаражатты Үкіметтен алады.

– Айтпақшы, сіздің әріптесіңіз Мұхтар Тайжан ғарыш мониторингіне қатысты кеше ғана Смайылов пен Қарашөкеев отставкаға кетсін деп, фейсбукта пост жазыпты. Ол кісі бұл бағытта берік бір позициядағы адам ғой. Ал сіз бұған қарсысыз?

– Мен космомониторингке қарсы емеспін. Мұхтардың лобби жасап жүрген Қолдау деген компаниясына қарсымын. Қолдау, қолдау, қолдау деп айта береді. Қолдау деген компания.

– Ол сонда Мұхтар Тайжанның компаниясы ма?

– Енді солай болған ғой. Біздің сарапшылар комиссиясындағы отырыстарымыз Қолдау компаниясына тағы бір функцияны алып беру, жұмысын жүргізіп беруге арналды. Қолдауды қолдаңыздар, өйткені ол 100 теңге үшін жұмыс жасап жатыр дейді. Біз шаруалар – Қолдаумен жұмыс істегенімізге 4-5 жыл болды. Басында Қолдау бізге ауыл шаруашылығының, инвестсубсидия жүйесін алып жүргізді. Басында ол үшін 3 мың теңге аламыз деді. Шаруалар мен үкімет жарайды 3 мың теңге не тәйірі деп, оны төлеп жүрміз. Тура 1 жыл бұрын қазіргі пандемия қылышына мініп, қазақтың шаруалары блок-посттардан өте алмай жүрген кезде Қолдау алды да өз тарифін 3 мың теңгеден 27 мың теңгеге көтерді. Билік түк жасай алмай қалды. Қарашөкеевтің алдындағы Омаровқа «бізді Қолдаудан құтқар» дедік. Біз не үшін оған төлеп отырмыз? Бүгінгі күні қазақ шаруаларынан 2 млрд теңге жинап отыр.

Екіншідер, Мұхтардың айтып жүргені өтірік. Оның шындыққа ауыса бастағанына 2-ақ жеті болды. Қолдау компаниясында космомониторинг функциясы жоқ. Мен қойшымын, Мұхтар экономист. Сол жерде батырымыз – ғарышкер Айдын Айымбетов отырды. Сол алқада Айымбетов «жігіттер, сендердің космомониторинг деп жүргендерің, космомониторинг емес қой, бұл жай ғана мәліметтер базасы» деді. Базаны салыстырсаң, айырмашылық шығады. «Бұл басқа мониторинг. Космомониторинг емес» десе, Мұхтар «мүлде сөйлемеші» дейді. Жарайды, оны да қояйық. Мұхтар ғарышкер болып кетсін делік. Сол кезде тағы бір ақауы – Қолдаудың жасап отырған мониторингі шала. Сол жерде министрге «осы Қолдаудың мониторингі арқылы қаншама шаруаға жерді қайтар деп хабарландыру бердіңіздер?» деп сұрақ қойдым. Он мыңдаған шаруа. Соның ішінде қате кетті. Жер комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов «иә, қате кетіп жатыр, біз көріп отырмыз» деп мойындады. Онда доғарыңыздар дедім. Қолдауды доғарыңыздар деген кезде Мұхтар шырылдап, «Қолдауға тиіспеңдер» деп шықты. Сол кезде Мұхтарға «егер бір қате кетсе, мұрныңды кесіп бересің бе?» дедім. Демеді. Тайғанақтап, секіріп, әңгіме ауанын ауыстырады. Бірақ мен оған бір қате шықса, мұрныңды кесіп бересің дедім. Бір аптадан кейін Қарағанды облысында бір шаруа Қолдаудың күшімен заңсыз жері алынғаны үшін сотта ұтып алды. Міне, нақты дәлел. Ол өзінше тістеніп қалған. Қарағандылық орыс жігіт ұстанымымен өзінікін сотта дәлелдеп шықты. Көздері ашық емес қаншама қазақ шаруалары жерінен айырылып жатыр. Соғнан ішім күйеді. Сондықтан мен космомониторингке қарсы емеспін. Мұхтарға қарсымын. Мұхтардың Қолдау деген компаниясы бар. Мен соған қарсымын. Жалпы космомониторинг арқылы жерді қайтаруды қолға алу керек. Онымен мемлекеттік мекеме айналысуы керек.

Қолдаудың космомониторингінің түбінде бір адам отыр. Кімге хабарландыру жіберу керектігін өзі біледі. Космомониторинг арқылы 20 мың адам жерді дұрыс пайдаланбай отыр деген ақпарат болды. Бірақ хабардандыруды қалайда 3 мың адамға ғана жіберген. Ал 17 мың адам қайда? Сондықтан ондай жүйеге мен сене алмаймын. Мұхтар ренжісін, ренжімесін, мүмкін ол суперэкономист. Бірақ ауыл шаруашылығына келгенде ол ешкім емес.

– Жалпы Мұхтар Тайжанның «Жер қорғаны» атты саяси партия құруға көзқарасыңыз қандай?

– Негізі саяси алаңда ондайлар көп болуы керек. Бірақ менде бір сұрақ туындайды. Бұл кімді қорғайтын партия болады? Оның айтуынша, партия жері жоқтарды қорғайды дейді. Сізге мен білмеймін. Сіздің балаңызға жер қызық па, қызық емес пе? Мұхтардың сіздің немесе басқа жері жоқтардың мүддесін қорғағаны қызық па? Мен білмеймін. Бірақ мынадай балама келтірер едім. Қазір Чукоткада бұғы өсірушілер қауымдастығы бар. Ол бұғу қорғаушыларды қорғайды. Сол тағы бір чукча шығып, мен бұғысы жоқтарды, бірақ болашақта бұғы ұстаймын деушілерді қорғаймын дейді. Логиканы түсіндіңіз бе? Бұғы өсірушілерді қорғайтын біреу бар. Ал жоқтарды қорғайтын тағы біреу бар. Мұхтардыкі қазір солай болып тұр. Ол нақты біреуді қорғауы керек.

– Енді ол әр қазақтың жері болсын дейді... Қаншама халықтың жерін алып қойғанын естіп, біліп, көріп жүрміз ғой.

– Жерін алып қойғандарды қорғап жатқан жоқ. Жері жоқтарды дейді. Меніңше, әлемде сыраны жақсы көрушілер партиясы бар. Ал сыраны жақсы көрмеушілер партиясы бар ма? Жоқ. Журналистердің мүддесін қорғайтын партия бар. Журналист еместердің мүддесін қорғайтын партия бар ма? Жоқ. Сондықтан саясаты нақты болса, электоратын нақтылап алса, болуы керек. Сол секілді басқа да партиялар болуы тиіс!

– Ал Санжар Боқаевтың «Намыс» атты саяси партия құру бастамасына қалай қарайсыз?

– Біз утильалым бойынша Санжар Боқаевпен, Нұржан Әлтаевпен біз бірміз. Бірақ олардың өздерінің саяси көзқарасы, платформалары бар. Ол саясаттарына араласпаймын. Алайда утильалымға келгенде де менің өзімдікі бөлек. Санжар да, Нұржан да көзі ашық, маңайында идеяластары бар азаматтар. Санжармен жұмыс топтарымыз бар. Командасы мықты. Сол жағынан қолдаймын.

Негізі тағы да партиялардың құрылғаны дұрыс. Тағы да шіркін, он партия болса екен.

– Енді сіз малшылардың, қойшылардың партиясын құрсаңыз...

– Аграрлық партияны біз құра алмаймыз. Бүгінгі күні бізде ондай мүмкіндік жоқ. Бүгінгі талаптар бізге талаптар тым жоғары. Бірақ таза аграрлық саясатты қорғайтын партия бізде болуы керек. Партия тіркеуге қойылатын талаптарды шынымен де жеңілдетсе, бізде 14 мың адам бар қиын емес. Бірақ ары қарай шешім қабылдайтын Әділет министрлігі, Ақорда ғой. Оларға мен секілді бетке айтатын адам керек пе? Мәселе сонда.

– «Скляр кет» деп те ұран бастаған сіздерсіз ғой?

– Иә, авторлары біз.

– Бірақ сіздер қазір жеңіліп жатқан секілдісіздер?

– Иә, біз жеңіліп жатырмыз. Біз тек «Скляр кет» деген ұранның авторы емеспіз. Утильалымға қарсы топпен бірге петиция жарияладық. Соған өткен 2-3 апта бұрын 25 мың адам қол қойған.

– Мұның бәрі қолдан жасалған деген әңгіме бар ғой.

– Митинг болғаны туралы ақпаратты оқып, бір жағынан ішім ашыды. Сол жерде берілген ақпаратқа! Кейбір журналистер митингтің басында болдым, ренжімеңдерші деп чатта кешірім сұраған журналистер болды. Бірақ мен қой санау білем. Ол жерде минимум 500 бас болды. Адам! Ал анау журналистер не санағанын мен білмеймін. Билікте жүрген Алматының әкімі Ерболат Досаев алды да, тура біздің маңайымыздағы көшелерді марафонға жапты. Марафонға көзі ашық, белсенді адамдар жүгіреді. Осылайша, біздің аудиторияның бір бөлігі екі жылда бір рет болатын марафонға кетті.

Мен ұтылдық деп ойламаймын. Санжардан 8-9 өтінім беріпті. Содан кейін бергені – бұл да бір кішігірім жеңіс.

– «Скляр кет» деген ұранды өз басым қолдап жүрмін. Біздің редакцияның да позициясы осындай. Автоөндіріс неге бізде қымбат. Не үшін халық несиеге батады? Ал табыс басқа жаққа кетеді деп те мәселе көтергенбіз. Сіздер ары қарай жеңіліп қана қалмай, митингпен шектелмей, ары қарай қандай әрекет жасайсыздар?

– Скляр Роман Васильевич, біз Санжарлар немесе басқалар секілді бұлбұлша сайрай алмаймыз. Бірақ қазір егін науқаны біткеннен кейін біз өзіміздің шешіміміз бар: ескі-құсқы техникамен көшені бөгеп, жауып тастаймыз деп жатыр. Шаруалар соған дайын! Біздің ұран қысқа – Скляр кет! Керек пе, жолы бекіткен? Шаруалар істейміз деп жатыр!

– Сіз Атырауда шаруалармен кездесу барысында экс-әкім Махамбет Досмұхамбетовпен қатты сөзге келіп қалған екенсіз. Сол туралы айтып бересіз бе? Жалпы әкімдерге қатысты көзқарасыңыз қандай?

– Орнында қалған әкімдер туралы айта аламын. Келген әкімдер жайлы ештеңе дей алмаймын. Кеткен адам туралы айтар болсақ, ол біздің екінші кездесуіміз болған. Ол кісінің бірінші кездесуінде бір «косягы» бар. Жарайды, жігіт қой, айтпай-ақ қояйын. Бірақ бірінші кездесудегі хаттама орындалған жоқ. Сол жағдай мені қынжылтып отырды. Үш ай бұрын шаруалар оған мынау керек дегенде әкім ретінде жасап берем деген. Сол позицияның біреуі де орындалмады.

Анау жерде міңгірлеп, түсініксіз сөйледі. Берген жауабын залда тұрған шаруалар түсінбей қалды. Мен ол залдағыларға «былай деп жауап берді» десем, «ей, немене, менің сөзімді қайталап отырсың» дейді. Енді ондайда Алмас қоя ма? Сіз ренжімеңіз, түсіндіріп отырмын десем, одан әрмен оталды да кетті. Содан орнына қоюға тура келді. Ол жерге әкім құрылтайға қонақ болып келді. Біз мәдениетті, тәртіпті болдық.

– Жалпы әкімдер сіздермен санаса ма?

– Санасып келеді. Бірден бұлай болған жоқ. Бердібек Сапарбаевтың босағасында 7 сағат тұрдық. Біздің өзіміздің Таразда «пирашки жегендер» деген тобымыз бар. Өйткені Сапарбаев түскі асын ішіп отырды да, 7 сағат бойы келмей қойды. 7 сағат бойы пирашки жеп, далада, қара суықта отырдық. Сондай да болды.

– Бірақ кейін сол әкім иттің өліміне реакция білдіріп жатты...

– Күшіктің аты кім еді? Жаназасын шығарған. Содан кейін ол кісі демократияшыл бола бастады.

– АҚШ-та ауыл шаруашылығы министрлігі деген жоқ екен. Ал бізде министрлікте үш мыңнан астам адамы бар үлкен аппарат. Басқа елді қарап, біздегі тірлікті көріп, өзім де ойлап қалдым: бізге де осы министрлік керек пе? Мүмкін АҚШ-тағы секілді басқа формада жұмыс істеу керек шығар?

– Ауыл шаруашылығы министрлігі бізге керек емес! Бүгінгі күні ол субсидияны байларға таратып отырған министрлік.

– Субсидияны таратып, «откаттарын» алып отырған, пайдасыз министрлік пе?

– Мен ұсыныс жасадым. Біздің Ауыл шаруашылығы министрлігінде 38 адамды ғана қалдыруға болады. 38 деп отырғаным – басқа елдердің министрліктерінде 38 адам ғана еңбек етеді екен. Ол үшін субсидияны берумен әлемде мемлекет айналыспайды. Субсидияны берумен қауымдастықтар айналысады. Өзін-өзі басқаратын қауымдастық бола ма – министрлік солардың заңды түрде орындалуын қадағалап, желкесінен сығып тұрып жасатады. Ал бүгін субсидияны беретін – министрлік. Өзін-өзі желкесінен сығатын министрлік пе? Жоқ! Министрлік мұндай жағдайда жемқорлықтан да құтылар еді.

Кез келген мемлекеттік органның, соның ішінде ауыл шаруашлығы министрлігінің басты уайымы – бұл күнде жемқорлық! Егер субсидияны Атамекен кәсіпкерлер палатасына бере салайықшы. Бітті! Министрлік сонда ғана шығармашылық жұмысымен айналысады. Бүгінгі күні министрліктің басты уайымы – субсидияны қалай таратам және ол үшін Антикор, прокуратура ертең миымды шірітпесін дейді де қояды.

– Ақорданың құлағына алтын сырға: жаңа ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Әлемдік тәжірибені солай енгізсе дейсіз ғой?

– Олар ескі ережені алып, жаңартамыз, соны Парламентте, министрліктерден қорғаймыз деп, шимаймен, ереже жазумен отырады. Соның ішінде сол ереже бойынша миларының шірімеуімен айналысып отыр. Олардың күні бойы жұмысы сол! Одан қалды бидай трейдерлерінің мүддесін қалай қорғаймын дейді де жүреді. Біз 240 млрд теңге ақшаны бидайдың бойына салып жатырмыз. Осылайша, бидайды өсіреміз де, арзан күйінде өзбектерге, қырғыздарға беріп жатырмыз. Бүкіл әлемде бидайға салынған субсидия ел ішінде қалуы керек. Ал осыны Қарашөкеев жаса деңізші – өлсе де жасамайды.

– Агроолигархтардың фамилиясын атай аласыз ба?

– Сізге ең көп жер иеленіп отырған адамдардың тізімін берем. Олар бір жер иеленуші латифундистер. Екіншіден, бидай сатып отырған бес компания бар. Үшінші – 20 ірі-қара малын ұстап отырған олигархтар бар. Олардың тең жартысы жабылып бітті. Өйткені оларды қолдап, субсидия беретін Асылжан Мамытбеков қазір жоқ. Миллиардтаған несие алатын агроолигархтар солар! Үйін кепілге қойып, тірлік жасап жүрген шаруалар оған жатпайды.

– 30 жылдың ішінде ең басында ставканы ауыл шаруашылығына қойғанда әр қазақ бай болып, тоқ болып, несиенің құрбаны болмай, жерін иеленіп отырар ма еді?

– Осы тұжырымдамаңыз Конституцияда жазылған. Қалайша дейсіз ғой? Қазақстан аргарлы, индустриялды мемлекет делінген!

– Өкінішке қарай, олай емес қой?

– Мән беріп қарасаңыз, бірінші аграрлы деп тұр. Ал біздікілер индустрияға бар ақшаны салды. Аграрлы сала екінші орынға қалған. Біз мың жыл бойы аграрлы ел болғанбыз. Болашақ мың жылда солай болуымыз керек!

– Алла абырой берсін. Ауыл шаруашылығы саласы агроолигархтардың лоббиіне айналмауы керек. Жұмыс істей алмайтын министрлер босатылуы тиіс. Әр қазақ бай болсын!