×
469.17
495.07
7.56
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
469.17
495.07
7.56

Кейінгі Назарбаев алдыңғы Назарбаевтың бүкіл еңбегін жуып-шайып кетті – қаржыгер

15.11.2022, 15:39
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ірі ұлттық компаниялардың бірі ҚазМұнайГаздың халық IPO-сына шығуы қоғамның біршама қызу талқысына түсіп, әдетте көпшілік назар аудара бермейтін құнды қағаздар нарығы биржа брокерлерін ғана емес, жай халықты да жалт қаратты. Шынында да халыққа ел байлығының аздаған бөлігін бөлісіп, оларды акционер атандырғысы келіп жатыр ма? Алайда бұл науқанға тамсанып жатқандармен бірге ол үрдіске қарап ойға кеткендер де бар. Осы ретте көпшіліктің көкейіндегі сұраққа жауап алу үшін Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева студияға Қазақстан миноритарлы акционерлері қауымдастығының (QAMS) атқарушы директоры Данияр Темірбаевты сөзге тартып көрді.

Сарапшының пайымдауынша, ІРО-ның «халықтық» деп жай ғана жақсы аты болғанымен, IPO экономикадағы жағдайды өзгертудің жалғыз жолы болып қала береді.

Сондай-ақ, ол менеджменттегі кейбір кереғар сәттерге назар аударып, «Самұрық-Қазына» қоры нарықта тиімділігі бар корпоративтік құрылым болуы керек болса да, қазір үкіметтің жалғасы ғана екенін мысалға келтірді.

«Самұрық-Қазына оның (үкіметтің) еншілес компаниясы сияқты. Қаржы көрсеткіштерін арттыруды көздейтін корпоративті құрылым емес, министрліктің жанындағы дирекцияға ұқсайды», - дейді ол.

Сарапшы сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» акцияларының құнына қатысты да пікірін білдірді.

«Олар «ҚазМұнайГаз» америкалық «Шевроннан» сәл арзан, бірақ бразилиялық Петробрастан әлдеқайда қымбат секілді бағалапты», - дейді Темірбаев.

Қаржыгердің сөзінше, компания оны былай түсіндіреді.

«Кейін форма киген адамдар келіп, неге арзанға бердіңдер деп сұрайды ғой. Қазақстан азаматтарының мүддесін бірінші орынға қоюдың орнына, форма кигендер маған тексеріспен келмеуі үшін жұмыс істер едім», - дейді ол.

Алайда сарапшы Самұрық-Қазынаның жылдар бойы кейінге ысырып келген ІРО-сы әйтеуір басталғанына шүкір дейді.

«Расында, мемлекеттік басқарушыларға оның керегі жоқ. Компания тым қымбат, бірақ екінші жағынан, мен шынымды айтайын, IPO-ға қатысамын. Бірақ бұл адамдардың дивидендтерге құқығы барын және табиғи ресурстарды әділ бөлу механизмі болғандықтан ғана қатысамын», - дейді Данияр Темірбаев.

Алайда Данияр Темірбаев акциялар деген күнін әрең көріп жүрген адамдар үшін байып кетудің амалы емес екенін ескертеді. ІРО – елдегі жағдайды өзгерте алатын орта таптағы азаматтардың белсенді санатының құралы.

«Орта таптағы адам белсенді. Акцияларға ақшасын сала отырып, бұл санаттағы адамдар билікке нақты сұрақ қоя алады», - дейді қаржыгер.

Сарапшы Қайрат Сатыбалды түрмеде отырып, мемлекетке сыйға тартқан «Қазақтелеком» акциялары туралы да ойын айтты.

«Егер бұл актив заңсыз жолмен қорқыту арқылы алынған болса, оның акцияларды қалай алғаны тексерілу керек. Бұл мүлікті заңсыз алғаны туралы куәгерлер болуы керек, дәлелдер болуы тиіс. Істің сотқа жеткені дұрыс, содан кейін мүлік мемлекетке қайтарылады», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, тағы бір мәселе – байлардың, яғни олигархтардың сүйектеніп, шын мәнінде ешкімді өзіне кіргізбейтін жабық клубқа айналуы.

«Бұл клубтың билікпен байланысы бар. «ҚазМұнайГазда» құбыр мен мұнайға қатысы барлардың әйелдері, балалары, қожайындары жұмыс істей алатынын қарапайым халық біледі. Қазақстанда билікке жеткен адамның шикізатқа да қолы жететінін бәрі біледі», - дейді ол.

Әңгіме сондай-ақ қазіргі таңда экономиканы дүр сілкіндірген саясатқа, тарих пен сайлауға қатысты болды.

«Кейінгі Назарбаев алдыңғы Назарбаевтың бүкіл еңбегін жуып-шайып кетті. Оны жаман деп те, жақсы деп те айтуға келмейтін шығар. Жақсы істерін жасады. Алайда қазақстандықтарға басты сабағы – уақытында кетуі керектігін оның өмірі көрсетті», - дейді ол.

Данияр Темірбаевтың сұхбатын Ulysmedia.kz порталының YouTube-арнасынан көре аласыздар.