×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

Оралдағы заңсыздық, Есқалиевтің ессіздігі, шіріген сот жүйесі – Бақытжан Базарбекпен сұхбат

22.11.2022, 09:14

Жер заңгері Бақытжан Базарбек Ulysmedia.kz сайтының youtube арнасына берген сұхбатында «Кублей» зауытының мәселесін көтерді. Заңгер бұл күнде аталған зауытпен бірге, Батыс Қазақстандағы мемлекеттік органдармен соттасып жүр. Бақытжан Базарбек не үшін Батыс Қазақстанды «өз заңы бар мемлекетке» теңейді? Облыс әкімі Ғали Есқалиевке не үшін наразы? Заңгер Жақып Асановты не үшін сынайды? Оралдағы олигарх  «құдіретті Ерменов» деген кім? Өзекті мәселе көтерілген сұхбатты оқи отырыңыздар. 

Жалпы Батыс Қазақстандағы «Кублей» зауытында бұл күнде 700-ден астам адам жұмыс істейді. Заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, жергілікті әкімдіктің лоббиімен ол зауыттың өндіріс аумағында тұрғын үй кешені салынып кеткен. Бақытжан Базарбек жергілікті әкімдік әкімшілік ресурсты пайдаланып, шенеуніктер сол жерді Ерменов деген олигархқа алып бергенін айтады. Қазір осы дау бойынша сот болып жатыр. 

– Бақытжан мырза, «Кублей» зауытындағы мәселені көптен бері көтеріп жүрсіз. Әлеуметтік желіге де жиі жазасыз. Сырттай бақылап жүрміз. Ол жерде нақты не болған?

– Қазір сот болып жатыр. Сот процесі барысында біз мемлекеттік органдардан 40-қа жуық құжаттама талап еткенбіз. Соттың тоғыз отырысы болды. Көрерменге түсінікті болуы үшін істің қысқаша тарихын айта кетейін. 

Кублейдің санитарлық қорғау және өндірістік аймағында әкімдік тұрғын үй құрылысын жүргізуге тиісті рұқсат құжаттамаларын беріп жіберген. Жобаларды бекіткен. Заңға сәйкес, өндірістік аймақта тұрғын үй салуға тыйым салынған. Себебі ол өндірістік аймақта өндіріс ошағы ғана орналасуы керек. Өндірістің қоқыстары, қалдықтары, шуы болады. Ол адамның психикасына, денсаулығына кері әсерін тигізеді. Өндіріс аймағында құрылыс салғанда кемінде 100 метрлік қашықтық талабы сақталуы тиіс. Кемінде! Кейбір өндіріс ошақтарында санитарлық қорғау аймақтары 300, тіпті 500 метр болады. 

Міне, сол санитарлық аймақта «Ерменов» деген құрылыс компаниясына Орал қаласының шенеуніктері, әкімдігі жобаны бекітіп жіберген. Сол жоба аясында тиісті рұқсат құжаттамаларын алып берген. 

Бақытжан Базарбек

– Яғни рұқсат бере отырып, әкімдік заңға қарама-қайшы әрекет жасап отыр ма?

– Иә, қарама-қайшы. Себебі заң талаптарына сай, өндіріс аймақтарында тұрғын үйді салуға тыйым салынғандықтан, әкімдік қабылдаған барлық қаулылар, шешімдерінің, рұқсат құжаттамаларының бәрі де заңсыз. 

– Сонда заңды белден басып, көзге ілмейтін «Ерменов» деген кім?

– Ерменов деген құрылыс компаниясының иесі. Шыны керек, былайша айтқанда, ол Оралдың қожайыны. Бүкіл Оралдағы ең жақсы рекреациялық және өндірістік аймақтардың жерлерін әкімдік сол Ерменовтерге береді. Қазақша айтқанда, Оралда құқық қорғау органдары, әкімдік, бақылау органдары сол құрылыс компаниясымен ауыз жаласып қалған. Бәрі де бір астаудан тамақ ішеді.

– Ал облыс әкімі Есқалиев қайда қарап отыр?

– Сондықтан БАҚ арқылы біз оған айыбымызды тағып отырмыз. Себебі Ерменовтың артында облыс әкімі Есқалиев тұр деп мен нақты айтқанмын. Дәлелі де бар. 2020 жылы облыс сотының шешімімен жер Кублей зауытының пайдасына шешілгеннен кейін ол шешім заңды күшіне еніп, соған сәйкес бүкіл қаулылары заңсыз деп танылған. Сот шешімін енді орындау керек қой!? Бірақ Оралда заң жоқ. Оралда соттың шешімін орындау деген сөз жоқ. Орал деген бөлек мемлекет сияқты. Ол жерде Қазақстанның заңдары жүрмейді. Ол жерде жалпы өздерінің шығарып алған заңдары бар. Болды! Құрылыс компаниясы мен әкімдіктің өз заңдары. Сондықтан, бұл жерде сот шешімі шыққаннан кейін оған қасарысып, Есқалиевке тікелей бағынатын Құрылыс бақылау басқармасы құрылыс компаниясына рұқсат құжаттамасын бере бастады. Ойға сыймайтын дүние. Сот шешімі бойынша әкімдіктің қаулылары заңсыз әрі жарамсыз деп танылған. 

Ғали Есқалиев 

Осыған шағымданған Кублей зауыты облыс және қала әкіміне, прокурорына хат жазады. Партияларға, әртүрлі бақылау органдарына хат жазып, «бұл не деген бассыздық?» деп алты ай бойы «құрылыс жұмыстарын тоқтату керек» деп талап қояды. Арызданды. Құрылысты бақылау басқармасы Кублей зауытының арызын пысқырмайды. Сөйтіп, алты ай бойы Кублей зауытының арызын ешкім қарамайды. Соны пайдаланып, құрылыс компаниясы өндірістік аймақта үйлерін салып үлгеріп алған. 

Оралда, Батыс Қазақстанда заң жоқ екен, жұмысшылардың арызын тыңдайтын әкім жоқ екен, прокурор да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент те жоқ екен деп Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс комитетіне шағымданады. Комитет тексеріп, Орал қаласындағы осы заңсыздықты әшкерелеп, ұйғарым шығарады. Сол ұйғарымды шығарғаннан кейін ғана ГАСК тексерісті бастайды. Түсінесіздер ме? Кублей зауыты орталық аппаратқа арызданғанша ГАСК тексерісті ашпайды. Себебі «Ерменов» құрылыс компаниясының иесі Ерменовтың үйлерінің жобасын дайындаған жобалаушы мен ГАСК-тың басшысы туған ағайындылар. 

– Сұмдық екен…

– Әрине, ағасы туған бауырын тексере ме? Тексермейді. Жүз жерден заң бұзылса да... 

– Оның бәрін сот отырыстарында айтып, көрсетіп жатқан боларсыздар?

– Сот оны пысқырмайды. Есқалиев ГАСК-тің басшысы Кублей зауытының басшысының арызын қабылдамай тастады. Тексеріс басталмағанын Есқалиев біле ме? Біледі. Себебі ГАСК толығымен Есқалиевке бағынышты. Соның салдарынан Кублей зауытының бармаған жері, ашпаған есігі, кірмеген тесігі жоқ. Шырылдап, орталық уәкілетті органдарға шыққан. Жергілікті департамент үнсіз қалғаннан кейін орталық Антикорға келіп арыз берді. Облыс прокуратурасы тексермегеннен кейін Бас прокуратураға шығуға тура келді. Барлығы ауыз жаласып қалған жүйе. Прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті, облыс әкімі, қала әкімі – барлығы Ерменовке қызмет етеді.

– Сіздер Астанадағы орталық органдарға осы мәселені хабарлап айттыңыздар ма?

– Иә, біз арызымызды тастадық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі агенттігіне және Бас прокуратураға арызымыз түсті. Ең бастысы, бұл жерде қатты заң бұзылып отыр. Біздің көрермен білуі керек: біз сот барысында 40-қа жуық құжаттаманы талап еттік. Біз құрылыс компаниясымен соттасып жатқан жоқпыз. Кублей зауытымен бірге біз қазір әкімдікпен, шенеуніктермен соттасып жатырмыз. Бірақ сот қазір әкімдіктің ығына жығылып отыр.

Құжаттамалар жоқ. Кез келген қаланың бас жоспары болады. Орал қаласының 2014 жылы бекіткен бас жоспары бар. Ерменовтың соғып алған үйлерінің бәрі өндірістік аймақ. Ал әкімдік заңсыз егжей-тегжейлі жобасын бекітіп алған. Сол жобасын қарасаңыз, онда жалған мәліметтер көп. Оны сотта айттық. Бассыздықтың бәрін атап айтқанда соттың өзі қызарып қалды. Жобаны дайындаған адам 2013 жылғы бас жоспарға сілтеме жасайды. 2013 жылы бір қызығы, бас жоспар болған жоқ. Орал қаласының бас жоспары 2014 жылы пайда болды. Өтірік мәліметтерді енгізе салған. Жобаны тексерсек, жоба дайындалмай тұрып 5-6 жыл бұрын санитарлық нормалардың күші жойылған. Демек, санитарлық нормалардың күші жойылса, оған жобалаушының сілтеме жасауға құқығы жоқ. Жобалаушы табиғатта жоқ санитарлық нормаларға сілтеме жасап, жобаны дайындаған. 

Жобаның бір бөлігінде «тұрғын үй салынатын аумақта ешқандай зауыт жоқ» деп көрсетілген. Жалған мәлімет ол да. Кублей зауыты Ерменовтың үйлерінен 60 метр жерде орналасқан. Жобалаушы жалған мәліметтерді қасақана енгізіп, бұл жерде зауыт жоқ деп көрсеткен.э

Роберт Ерменов

– Ал үйді сатып алушылар үшін келешекте бұл үйде тұру қауіпті болатын секілді ғой. Өндірістік аймақта тұрған адамның денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін емес пе?

– Сот барысында сол үйлерге ақша салған адамдардың бәріне сұрақ қойдық. «Ерменовтер сіздерге алдын ала құжаттары жоқтығын айтты ма?» дедік. Айтпаған. «Құжаттамалардың күші жойылғанын айтты ма?» деп сұрадық. Айтқан жоқ. Сот процесі болып жатқанынан да тұрғындар хабарсыз. Құрылыс компаниясы сата берген. Заңды ма, заңсыз ба бәрібір. Ал сатып алған адам үйдің санитарлық аймақта салынғанын немесе өндірістік аймақта салынғанын тексере бермейді ғой. Ертең бұл құрылыс заңсыз деп танылып, үй сүрілсе, адамдар үйсіз қалам деп қорықпайды. Адамдар Ерменовтерге сенеді. Ал Ерменов әкімге сенеді. 

– Ол үйден қанша адам пәтер алып үлгерген?

– Тізім бойынша әр үйден әртүрлі. Екінші үйде 60-70-ке жуық адам алған. Кейбір үйлерде сотқа келген адам саны аздау. Үшінші үйде мәселен көп емес. Ең көбі бірінші үйден алған. Бірінші үйге ешқандай талабымыз жоқ. Ол санитарлық қорғау аймағынан 100 метр алшақ орналасқан. Біздің талабымыз – екінші, үшінші және төртінші үйді іске қоспау. Тіркемеу! 

– Соны біле тұра Ерменов үйді салуға асыққан ба?

– Салып тастаған. Өйткені оған бүкіл орган рұқсат беріп жатыр. Заңды олар пысқырып жатқан жоқ. 

– Ерменовтердің артында әкімдік тұрғанын айтып отырсыз. Ал Кублей зауытының артында тұрған «дәу» бар ма?

– Тұрғындар Асановқа (Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов – авт.) арыз берген кезде «Кублей зауытының артында Болат Назарбаев тұр» деп жазған. Сондықтан, бұл жала зауыттың абыройына тиіп кеткен. Себебі бұл шынын айтқанда, зауыттың Болат Назарбаевқа ешқандай қатысы жоқ. Сөйтіп, зауыттың заңгерлері арқылы мен барлық құжаттарды алдырдым да, сот материалдарына тіркеттім. Қай зауыт кімнің иелігінде екені туралы мәлімет, әрине, коммерциялық құпия. Алайда біз бәрін ашып, көрсетейік дедім.
Ең сорақысы, біз былтыр сотта толық жеңгенбіз. Бірақ өкінішке қарай мынау істе Жоғарғы соттың, әсіресе Жақып Асановтың тікелей қатысы бар (16.38). Себебі, Жақып Асанов азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптарына сай, егер арыз берушілер арыз берсе, ол ұсыныс беріп, заңды күшіне енген сот шешімін бұзу туралы кассациялық коллегияға ұсыныс бере алады. Сөйтіп, арыз беруші тұрғындар жалғаны бар, өтірігі, бәрін қосып арыз бере салған. Арызын біз де көрдік. Жақып Асанов Жоғарғы соттың басшысы ғой, ақ пен қараны ажырата алады ғой деген пайыммен біз оған мән берген жоқпыз. Ақыры, қарасақ, Жақып Асановтың өзі намысына тиіп қалмасын, не ол Ерменовтермен ауыз жаласып тікелей мүдделі болып, ауыз жаласып қалуы мүмкін. Не Жақып Асановты көмекшілері алдап отыр. Яғни Жақып Асанов ақыры екі ортада БҚО-дағы сот шешімін бұзу туралы ұсыныс берді. Жақып Асановтың қол қойған ұсынысын қарасаңыздар, шыны керек, ұяттан жұрдай болуға болады.

Мен заңгермін. Жақып Асановтың тәжірибесі мол ғой. Бірақ соның ұсынысын оқығанда мен ұялдым. Оның ұсынысы – бірінші курс студентінің жазған хаты сияқты. Ол жерде Жоғарғы сот төрағасы қоғамдық ұйымның қорытындысына сілтеме жасайды. Қай заманда қоғамдық ұйымның қорытындысы бізде дәлелдеме болып есептеледі. Азаматтық кодексте дәлелдерді бағалаудың принциптері бар ғой. Жақып Асанов үшін сонда азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптары талап болмағаны ма? Ұсыныс берген кезде Жақып Асанов «аумақта зауыт жоқ, ол жер әкімшілік корпус» деген шешім шығарады. Жақып Асанов сол жерге келіп, көзімен көрді ме? Міне, көшпелі сотта судьяның өзі зауыттың болғанын көзімен көрді. Цехтар, үлкен трубиналар, үлкен қазандықтарды, өндіріс процестерін көзімен көрді. Ал Жақып Асанов бармай тұрып, көрмей тұрып, қатын әңгімелердің өсек сөзіне еріп, ол жерлерде әкімшілік корпус орналасқан деп шешім шығара салған. 

Жақып Асанов

– Ол кісіге бәлкім жалған ақпарат берілген шығар? 

– Ашығын айтайық, онда Жоғарғы сот үшін кемпір-шалдардың өсегін жинайық. Қатындардың әңгімелерін жинайық та, дәлелдеме ретінде ұсынайық. Жақып Асанов ол жерге қол қояды. (20.31). Ол тексермейді. Соған сілтеме жасайды. Егер өсекті негізге алсақ, кодекс қайда қалды? Мысалы Асанов өз шешімінде «үшінші тұлғалар, яғни пәтерлердің меншік иелерінің құқығы бұзылды» дейді. Сонда Жақып Асанов азаматтық кодексті білмей ме? Азаматтық кодексте «меншік құқығы тіркеуге алынған сәттен басталатыны» жазылған. Ал Ерменовтердің үйлерін сатып алған адамдар меншік құқығын тіркеген жоқ. Себебі тұрғын үйлердің қабылдау актісі жоқ. Іске қосылмаған. Түсінесіздер ме? Ол меншік иесі деп танылмайды. Ал Жақып Асановтың пайымдауынша, ақшаны салсаң – сен меншік иесісің. Асановтың заңымен жүреміз бе, әлде Азаматтық кодекс бойынша жүреміз бе? Мен түсінбей қалдым.

Біз құқықтық мемлекет құрамыз дейміз. Бірақ Жоғарғы соттың жасап жатқан қылығы осы. Қазір кассациялық коллегия сот шешімін бұзып, бірінші инстанцияға жіберді. Басқаша айтқанда, Оралдағы ауыз жаласып қалған жүйесінің мақсаты – Ерменовтердің пайдасында. Барлығының мақсаты – үйді заңдастыру. Оның салдарын ескермейді. Ал оның салдары өте қауіпті. 

Кублей зауытына жабылу қаупі төніп тұр. Сот барысында судья санитарлық-эпидемиологиялық департамент өкіліне «үйлерді заңдастырсақ не болады?» деп сұраған кезде ол департаменттің өкілі «онда 2024 жылы Кублейге жаңа санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бермейміз» деді. СЭС қорытындысын бермесе, экологиялық сараптама берілмейді де, тауарларға декларация берілмейді. Демек, зауыт жабылады. Басқаша айтқанда, шенеуніктердің заңсыз әрекетінен Қазақстан үшін абыройлы іс жасап жатқан, мыңдаған адамды асырап отырған зауыт жабылуы мүмкін. Сонда бұл Әділетті Қазақстан ба? (24.50)

Бір олигарх үшін зауытты құртайық деп жатырмыз. Заңды белшесінен басып!

– Бақытжан мырза, сіз көтерген мәселе түсінікті болды. Қоғам тарапынан осы мәселеге назар аударылар деген сенімдеміз. Әділетті Қазақстанда мұндай заңсыздық болмауы керек. Бақытжан мырза, алаңымызға келіп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!