×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Қыздар ынтымақтастығы: астанадағы фем-қауымдастық бой тасалауға мәжбүр

16.09.2021, 09:43
Қыздар ынтымақтастығы: астанадағы фем-қауымдастық бой тасалауға мәжбүр

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде male free, яғни тек әйелдер мен қыздардан тұратын еркін қауымдастықтар көптеп пайда бола бастады. Олар өз арасында үйренеді, әңгімелеседі, келешекке жоспар құрады, бір-біріне көмектеседі. Қауымдастық құрылтайшылары мұндай қауіпсіз орталардың қоғамда әйелдерге қатысты кемсітушілікпен күресуге көп көмек болатынын айтады. Осы орайда Ulysmedia.kz тілшісі астанадағы фем-қауымдастықтың бірінің мүшелерімен сөйлесіп көрді. 

ФЕМ-ТЕҢДІК ИДЕЯСЫ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

Нұр-Сұлтан қаласындағы “Фем-теңдік” қыздар қауымдастығының құрылғанына көп болмаған. Өзін Әмина Жұмағұлова деп таныстырған 22 жастағы ерікті аталған қауымдастықты құрғандардың бірі. Ол – қаладағы кітапханалардың бірінде қатардағы қызметкер. Әминаның айтуынша, қауымдастықты құру идеясы 2021 жылы 8 наурызда Алматыда өткен әйелдер маршын (Қазақстандағы алғашқы ресми феминистік марш – ред.) қолдау мақсатында жиналған бір топ астаналық еріктілердің бастамасынан туған.

«Алматыға қарағанда астанада мұндай қауымдастық орталар жоқтың қасы. Сондықтан астанадан үлкен ұйым болмаса да, қауымдастық неге ашпасқа деген ойға қалдым. 8 наурыз күні Алматыдағы әйелдер маршын қолдау мақсатында мерекелік іс-шара өткізгіміз келді. Сол күннен бастап алғашқы жиынды өткізуге дайындалдық. Осы мақсатта мүдделес қыздардың басын қосып қызғылықты орта құрдық. Қазір өзіміздің инстаграм парақшамызда алда өтетін іс-шаралар аннонсын жариялап отырамыз», - дейді Әмина Жұмағұлова.

ТЕК ҚЫЗДАР ҮШІН

Қауымдастық әр аптаның демалыс күнері тек қыздар арасында киноклуб отырыстарын өткізіп келеді. Кіру құны 500 теңге шамасында. Жиналған ақшаға келген қонақтараға ішіп-жем, сусын таратылады. Онда жетістікке жеткен көшбасшы әйелдердің өмірін арқау еткен тарихи һәм көркем фильмдер көрсетіліп келеді. Клубтың бұл жолғы отырысында көрермен назарына феминизм қозғалысына қатысты танымал мульт-сериялдар ұсынылды. «Мұндағы мақсат – мәдени диалог құра отырып, өткен жол мен келешек мақсатымызды айқындау», деп пікір білдірді ұйымдастырушылардың бірі. Мұнда жиналғандардың басым көпшілігі жасөспірімдер мен студенттер. Топтағы ең танымал және жиі қайталанатын тақырыптар – психологиялық мәселелер, секс пен гинекология, қарым-қатынас қиыншылықтары, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг. Олар өзара емін-еркін пікір алмаса отырып, фильм соңын ашық талқыға ұластырды. Жаңа келген қауымдастық мүшелерімен танысып, заманауи феминистер бейнесі, патриархал қоғам жүктеген міндеттер мен таңдау еркіндігі жөнінде әңгіме-дүкен құрды.

Мәселен, 19 жастағы студент Кәмила Балтабай мұнда сіңілдерін де ерте келіпті. «Мен өзімді қазақ тілінде таныстырғым келеді», деп сөз бастады Кәмила. Мұның себебін ол клуб отырысы орыс тілінде өткенімен, бұл ортада қазақ тілінде сөйлейтіндер де бар екендігімен байланыстырды. Оның айтуынша, ортақ тіл табысу қашан да маңызды. 

«Мен бүгін Кәлима, Мәлика есімді екі сіңлімді бірге алып келдім. Үйде алты баламыз, төртеуі қыз, екеуі ұл бала. Мен үйде үлкені болғандықтан бауырларымның адам құқығы тақырыбына, мәдениетіне жақын болғанын қалаймын. Мүмкін, дұрыс тәрбиелеп жатқан шығармын. Ал феминизм ұғымдарымен кішкентайымнан таныс болып өстім. Отбасымызда ешуақытта қыз-ұл деп бөліп-жарған емес. Жалпы Қазақстан қоғамында теңдік болғанын қалаймын, ол үшін осындай орталардың өміршең болғаны маңызды»,- деп ой бөлісті ол.

Ал Раби есімді клуб қатысушысы қыз балаға ІТ саласында жұмысқа орналасудың қиыншылықтары және кәсіби өрлеу жолындағы кедергілер турасында айтып берді. ІТ саласына маманданған ол алғаш жұмыс іздей бастаған уақытта бұл салада ер мамандардың бәсінің жоғары екендігін байқаған.

«Менің жұмыс істейтін саламда ер адамдардың үлесі басым. Негізі бұл өте терең тақырып, Оқып жүріп жұмысқа орналасқан кезімде қазақстандық компаниялар арасында кәсібилікті жыныспен шатастыратынын байқадым. «Бұл қыз ғой, қолынан келе ме екен» дегендей күмәндану басым», – деген ол әйелдер мен ерлер арасындағы жұмыс теңсіздігі ашық айтылмаса да, іс жүзінде ерлерге көп басымдық берілетінін атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік қоғамның әр саласында бар екендігіне қарамастан әйелдер қарсылығын ашық айта бастады. Олардың айтуынша, саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени өмір салаларында ерлер мен әйелдер құқықтарының теңдігі көп жағдайда сақтала бермейді. 

ҚАУЫМДАСТЫҚ БОЙ ТАСАЛАУҒА МӘЖБҮР

Залға кіре берісте мекен-жайды көрсетілім уағында таратпауды өтінген ескертпені көзіміз шалып, қауымдастық жетекшісі Әминадан мұның мәнісін сұраған едік. Оның айтуынша, полиция жасағы, я болмаса феминизм идеясына қарсы топтар кез келген сәтте басып кіруі мүмкін болғандықтан, қауымдастық бой тасалауға мәжбүр. Сондықтан клуб мүшелері үшін аздаған ескертпе бар, яғни клуб мекен-жайын ашық көрсетпеу сұралады. 

«8 наурызда маршты қолдау мақсатындағы жиынымыз аяқсыз қалды. Өйткені карантин шектеулеріне байланысты құқық қорғау өкілдері бізді террористер сияқты қоршауға алып, айыппұл төлеуімізді сұрады. Біздің қателігіміз жиын өтетін мекен-жайды ашық жариялағанымыз. Қауіпсіздік шараларын ескермей қалдық. Бірақ сол күннен бастап әлеуметтік желіде қауымдастық парақшасын ашып, жұмысты бірден бастап кеттік. Бұл да бір сабақ болды»,-  дейді Әмина Жұмағұлова. 

ҚЫЗДАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Қазір қауымдастық қатарында оншақты ерікті топ жұмыс істейді. Оларға ешкім қаржылай көмек көрсеткен емес. Тіпті өзара қарым-қатынас барысында ыңғайлы болсын деп қазақ және орыс тілдерінде тәржіма жасайтын ерікті аудармашы да қосылған. «Өзім қазақ тілін түсінсем де, еркін сөйлеуге шамам жетпей жатады. Бірақ біздің ортаға тіл кедергі болмауы тиіс. Сондықтан қазақ тілінде сөйлейтіндердің құқығын ескере отырып қатарымызға аудармашы алдық. Әрдайым бір-бірімізге көмектесуге әзірміз», дейді қауымдастық жетекшісі. Оның айтуынша, қауымдастықтың ендігі мақсаты – қыздардың бірлігін арттыру жолында өздері сияқты мүдделес қыздармен ынтымақта жұмыс істеуіне ыңғайлы, қауіпсіз орта құру. Бұл үшін ерлер мен әйелдердің тең құқылық мәдениетін тәрбиелеу және насихаттаудың маңызы зор. Сондай-ақ өзге де үлкен қауымдастықтармен қатар жұмыс істей отырып, наурызда әйелдер маршын Нұр-Cұлтанда өткізуге әзірленіп жатыр.

«Негізгі жұмысым кітапханада болғандықтан, оқырмандарға ара-тұра феминизм тақырыбын түсіндіруге көмектесемін. Бірте-бірте ЛГБТ тақырыбын да індете зерттеп жүрмін. Келешекте кітапханаларда адам құқығы тақырыбында арнайы бөлім ашып, әйел құқығы, феминизм, азаматтық белсенділік тақырыбындағы кітаптармен толықтырғым келеді», дейді Әмина Жұмағұлова.

КИНОКЛУБ ҰСЫНҒАН ТОП ҮШ ФЕМ-МУЛЬТФИЛЬМ

«Алыс жерлер: Обсидиан» (Adventure Time: Distant Lands — Obsidian) мультфильмінде вампирлер көшбасшысы Марселин мен Баблгам ханшайымының бастан кешкен таңғажайып оқиғалары суреттеледі. Бұл 2010-2018 жылдары Cartoon Network арнасынан шыққан Пендлтон Уордтың «Adventure Time» атты танымал сериялына негізделген HBO Max-тың арнайы бағдарламасы. 

«Үкінің үйі» (Owl House) – бұл Disney Television Animation шығарған америкалық анимациялық фантастикалық телехикая. Дана Террастың авторлығымен түсірілген сериал Дисней арнасында 2020 жылдың 10 қаңтарында көрсетілді. Сюжет желісі бойынша Лус есімді қайсар қыз кездейсоқ жын-перілердің әлеміне түсіп қалып, Үкінің үйінде сиқыр үйренеді. Екінші шығарымылымнда Лусты адамдар әлеміне қайтару жолындағы шытырман оқиғалармен жалғасады.

«Амфибия» (Amphibia) – бұл да Disney Television Animation-ға тиесілі анимациялық сериал. Премьерасы 2019 жылдың 17 маусымында Дисней арнасында өтті. Сериялдың үшінші маусымы 2021 жылы 2 қазанда өтеді деп жоспарланып отыр. Фильмдегі бас кейіпкер Энни Бунчуай – тай қызы. Фильм сюжеті дәл осы 13 жасар батыл қыздың басынан өткен оқиғаларды арқау етеді. Сиқырлы қорапты ұрлаған Энни Амфибия атты бөтен жерге келіп түседі, бұл – сөйлейтін бақалар мекен ететін жабайы жер. Мұнда өзіне шынайы достар кезіктіріп, кез келген кедергіден қаймықпай өтуге дайын болады.

Қазіргі уақытта Тұрақты дамудың жаһандық күн тәртібіне қосылған көптеген елдер халықтың барлық санатын, соның ішінде әйелдерді саяси шешімдер қабылдауға тартуға үлкен көңіл бөледі. Бұл өз кезегінде экономиканың әр түрлі салаларында оң нәтиже береді деп санайды. Дүниежүзілік экономикалық форум жасаған гендерлік айырмашылық индексінде Қазақстанның соңғы 9 жылда жаһандық рейтингтегі орны нашарлаған. 2013-2021 жылдар аралығында біздің ел 49 позицияға нашарлап, 156 елдің ішінде 32-ші орыннан 80-ші орынға құлдыраған. 

Ая ӨМІРТАЙ, Нұр-Сұлтан