×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Ақ үйде Барак Обама қабылдаған мұсылман әйел өз миссиясы жайлы

17.09.2021, 10:31
Ақ үйде Барак Обама қабылдаған мұсылман әйел өз миссиясы жайлы
Фото: ашық дереккөзден

Орталық Азиядағы медиа алмасу бағдарламасы (CAMEX) аясында өткен «Үкіметтегі әйелдер» виртуалды туры кезінде порталымыздың тілшісі АҚШ-тағы көшбасшы әйелдердің әңгімесін тыңдауға мүмкіндік алды. Тур аясында әйелдер қамқоршысы атанған Асма Ханиф онлайн жүздесу кезінде өзінің өмір жолы, ұстанымдары, дін мен әйелдер құқығының байланысы туралы баяндап берді.  

ӘЙЕЛДЕР ҮЙДЕГІДЕЙ ЕРКІН ЖҮРЕДІ

Асма Ханиф – АҚШ-тағы мұсылман әйелдерге арналған орталықтың негізін қалаушы әрі директоры. 45 жылдан астам уақыт тұрмыстық зорлыққа ұшыраған, баспанасыз, көшеде қалған әйелдерге пана болып, түрлі қолдау шараларын көрсетіп келеді. Ол көмек сұрап келген мұсылман әйелдердің бетін қайтарып көрген емес. Оның айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық діни мәселеден бұрын қылмыстық іске жатады. Ресми 1987 жылы негізі қаланған Muslimat Al Nisaa орталығы жылына 5 мыңнан астам әйелге қызмет көрсетіп, жұмысқа орналасу курстарынан өткізіп, ішіп-жем, киіммен, жатын орынмен қамтамасыз етіп келеді. Барак Обама президент болып тұрған тұста 2014 жылы Әйел тарихы айын мерекелеу кезінде Асма Ханифті Ақ үйге арнайы шақыртып, еңбегіне лайық марапат көрсетіпті. 

Мэриленд штатынының ірі қаласы Балтимордың ішкі аудандарында орналасқан үш қабатты үйдің сырт көзге маңайдағы өзге үйлерден еш айырмашылығы байқалмайды. Ерекшелігі сол, бұл орталықты 50-дей әйел паналайды. Оның ішінде жүкті әйелдер, сәбиімен қашып келген жас аналар да бар. Олардың барлығы күйеуінен таяқ жеп, зорлық көргендер. Мұнда бес уақыт намаз оқылады, адалынан ас жейді және мұсылман баласы ретінде бір-біріне қолдау көрсетеді.

«Мұнда әйелдер бірнеше күнге, ең ұзағанда екі ай уақыт тұрады. Бірақ бұл аяқтан тұрып кетуге жеткіліксіз. Мен әйелдерге жай ғана жатын орын бермеймін. Олар үйдегідей еркін өмір сүреді. Ағылшын тілін меңгереді, мамандық игереді, жұмысқа орналасады. Тұрақты табыс тауып, өз күнін өзі көріп кеткенше кемі алты ай бойы осы жерде қала тұрады», – дейді Асма Ханиф.

Ол өзінің басты міндеті әйелдердің адами-тұрмыстық қажеттіліктеріне көмектесу деп біледі. Орталықта жатын орын, ортақ асхана, кітапхана және намазхана бар. «Жасөспірім ұлдары бар әйелдерді қабылдай алмаймын. Өкінішке қарай, менің мүмкіндігім көп емес, сондықтан бәрін бірдей қабылдай алмаймын. Өмір мен өлім туралы сөз болғанда таңдау бола бермейді, сондықтан әйелдер өзге де тұрғын-жайларды паналап жатады. Бірақ онда қауіпсіз деп айта алмаймыз. Егер сіз босқын болсаңыз, зорлық көрсетті деген фактіні дәлелдеу оңай болмайды. Босқындар лагеріндегі жағдай тіптен қиын, бірақ бұл бөлек әңгіме», деп жалғады сөзін.

AMAZON-ҒА ОРНАЛАСҚАНДАР БАР

Оның айтуынша, орталықтан түлеп ұшып, жетістікке жетіп жататындар көп. Соның жарқын мысалы ретінде жуырда Amazon компаниясына жұмысқа орналасқан әйелді мысалға келтірді.

«Ол ертемен таңғы бесте тұрып, жұмысқа жиналатын. Өйткені жұмыс орны қашық болатын. Аз уақытта кәсіби дағдыланып, іс-тәжіриеден мүлтіксіз өтіп, жұмысқа қабылданғанда ерекше қуандық. Әйелдер өте ақылды және қабілетті келеді. Ерлердің қысымында ұзақ өмір сүрген олар енді өздері үшін жауап бере бастады», – дейді ол.

Дәл қазіргі уақытта Muslimat Al Nisaa орталығына бұрынғыдай емес шығындарды жабу оңайлаған, өйткені көмек жан-жақтан келіп жатады. Көбіне қайырымдылық істегісі келетін қарапайым адамдар, одан бөлек түрлі ұйымдар да көмек қолын созады. Десе де Асма мемлекеттен қаржы алмайды, бұл – ұстаным.

«Үкіметтік қаржы үнемі есеп беруді, сондай-ақ қатаң ережелерді талап етеді. Грант алған соң мен кез-келген адамды, тіпті үйсіз-күйсіз қалған педофилдерді қабылдауым керек болды. Мұндай жағдайда мұсылман әйелдер өзін қауіпсіз сезіне алмайды»,- деп түсіндірді ол. 

ДӘРІГЕРЛІКТЕН БАСТАЛҒАН ИГІ ІС

Асма Вирджиния штатындағы кішкентай қалада туып-өскен. Оның аталары азаматтық соғыстан соң бас бостандыққа ие болған құлдар болатын. Сөйте тұра конституцияның 13-ші бабындағы түзету құлдарды босатқанымен, материалдық жағынан оларға еш пайдасы жоқ-тұғын. Сондықтан бостандықтағы аты ғана демесең, олар бұрынғыша таңнан қара кешке дейін далада тырбанып жұмыс істеуін жалғастыра берді. 

«Әжем ақ нәсілді бай дәрігердің отбасында қызметші болды. Мен оның ұйықтап жатқанын я күліп жүргенін, қолы бос отырғанын ешуақытта көрген емеспін. Мен ұйықтап жатқанда таң азанмен жұмысқа кетеді, кешке ұйқыға жатқанда әлі жұмыс істеп жүреді. Бірде ол дәрігерге ішіндегі бұршақтай ісігі бар екенін көрсетті. Дәрігер қолын бір сілтеп, ары қарай жұмыс істеуге шамасы бар екендігін, ештеңе етпейтіндігін айтты. Бір бес жыл өткен соң әлгі жері қатерлі ісікке айналды. Сонда ұққаным, дәрігер үшін әжемнің адам ретінде құны болмағандығы, ол өлсе орнына басқа қызметші ала салады», деп еске алды ол. 

Асманың дәрігер болуын шешесі қалаған, өйткені «әл үстінде жатқан адам ем-дом керек болғанда алдындағы дәрігердің түсіне, нәсіліне қарамайды» деп кеңес берген екен. Осылайша Асма әуелі колледжді аяқтап, кейін Говард университетінде білім алады. Христиан отбасында тәрбиеленген Асма университет қабырғасында жүріп, ислам дінін қабылдағанын айтады.

«Ауруханаларда мұсылман әйелдердің ұяңдығына, ұстанымына ешкім бас қатырып әуре болмайтын, ер дәрігердің қарауына барғысы келмеген я болмаса дәстүрлі киімдерін шешкісі келмегендерді ешкімнің тыңдамайтынын көрдім. Осыдан соң мамандандырылған клиника аштым. Кейін Балтимордан үй сатып алып, медицинаға жүгінуге мүмкіндігі, мәртебесі жоқ адамдарға көмектесетін орталық ашуды құп көрдім»,- деген Асма олардың да өмірінің салмағы, құны бар екенін көрсеткісі келгенін айтады.

ҰРЫП-СОҒУ ИСЛАМ ӘДЕБІНЕ ЖАТПАЙДЫ

Әйтсе де Асманың жақсылығын түсінбеген жандар да табылған.

«Сіз бен біз болып не нәрсеге қол жеткізе алатынымызды, не істенй алатынымызды түсінуіміз керек. Өз басым бірқатар өзгерістерге төтеп бердім деп айта аламын және мұсылман қауымы мені құрметтейді. Осыдан бес жыл бұрын орталықтың бір топ әйелі мені кездесуге шақырып, онда мені жерден алып, жерге салды. Айтуларынша, оларды жұмысқа салып, мәжбүрлейді екем. Мен есеңгіреп қалдым. Осынша қайырымсыз адамдарды көрмеген едім. Олар менің орталығымды жабамыз деп қоқан-лоққы көрсетті. Мен кенеттен күлдім де, оларға Алла қаласа орталықтың менімен бірге, менен кейінде жұмыс істей беретіндігін және Алла бұйырған күні жабылатындығын айттым», - деп еске алған ол ешуақытта мойымай, сенім мен жақсылықтан үміт үзбеу керектігін айтады.

Асманың айтуынша, ұрып-соғу исламның нормасы емес. Сондықтан әрдайым конференциялар мен сұхбаттарда отбасылық зорлық-зомбылық діни мәселе емес, қылмыстық іс екенін қайталап келеді.

«Зорлық, әлімжеттік көрсету ислам әдебінде жоқ нәрсе. Теңдік мәселесі көптеген жылдар бойы айтылып келеді. Сонау жылдардан бері аздаған болса да, оң өзгерістерге ғана қол жеткіздік. Енді менің көп өмірім қалған жоқ, десе де Құдай қуат беріп тұрғанда жұмысымды тоқтатпаймын», – дейді Асма Ханиф. 

Ая ӨМІРТАЙ, Нұр-Сұлтан