×
465.38
483.58
7.69
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
465.38
483.58
7.69

Астана көшелеріндегі гендерлік теңдік: 72 ескерткіштің үшеуі ғана әйелдер

10.03.2022, 10:18
Алина Данилованың иллюстрациясы

Астанада қанша көше әйел адамның атымен аталған? Қанша ескерткіш әйелдердің құрметіне қойылған? Халықаралық әйелдер күніне орай Fading.TSE командасы елорда картасындағы гендерлік теңсіздікті зерттеп көрді.

Урбанонимдер мен маскулизм: бұл жаһандық үрдіс пе?

Көшелер мен монументтердің атаулары бұл мемлекеттің қоғамдық және саяси құрылымының көрінісі. Олар әсіресе елордада қалалық орта мен оның мәдени өміріне енген ұлт тарихының ресми нұсқасын қалыптастыруда айрықша мәнге ие. Әйелдер ұзақ жылдар бойы ерлерге қызмет көрсетіп, ұрпақ әкелу рөлін ғана атқарушы болып келді, сондықтан еліміздегі тарихи тұлғалардың атымен аталған көше, саябақ, алаң, ескерткіш  атауларындағы гендерлік теңсіздік таңқаларлық нәрсе емес.

Зерттеуімізге сәйкес, Астанада үш мыңға жуық көшенің тек 39-ы әйелдердің құрметіне қойылған, бұл бар болғаны 2%-ға жетер-жетпес көрсеткіш

Кез келген қалада әйелдердің құрметіне қойылған көше атаулары ерлерге қарағанда аз. Париж бен Брюссельде – 6%, Римде 4%-дан аз, Мадридте – 21%. Зерттеулерге сәйкес ең жоғары көрсеткіш Лондонда – 28%-ға жуық, бірақ бәрібір ерлермен салыстырғанда аз.

Еуропадағы, мысалы Париж бен Венециядағы әйелдердің құрметіне қойылған көше атауларының аз болуын сол көшелер пайда болған және оларға атау берілген кезеңдегі  қоғамдық жағдаймен түсіндіруге болады.  Ал көшелер жылдам қарқынмен пайда болатын және үнемі атаулары өзгеріп тұратын салыстырмалы түрде жас қала Астанадағы мұндай теңсіздікті ақтап алудың өзі қиындау.

Күләш Байсейітова. Алина Данилованың иллюстрациясы

-Көше атауларындағы гендерлік теңсіздік біздің қоғамның бейтарап және шынайы емес екендігін айқын көрсетеді. Бұл саяси шешімдердің нәтижесінде пайда болған және көшелерге әйелдердің атын беру қалыпты нәрсе емес деген ой туғызатын қоғам. Көбі мұның себебі «жай ғана әйелдер маңызды нәрселерді аз жасағандықтан» деп айтуы мүмкін. Алайда, әйелдердің де, басқа азшылықтардың да жетістігін көп жағдайда еркектер иемденіп алғанын немесе құнсыздандырып жібергенін естен шығармауымыз керек,- гендерлік ғылымдар саласындағы зерттеуші, сарапшы Айзада Арыстанбек.

Көше атаулары қандай мағына береді?

Көшелердің саны ғана емес, кімнің атына қойылғаны да өте маңызды. Біз «әйелдерге қатысы бар» деп анықтаған Астанадағы 39 көшенің жартысынан көбі ғана шынайы тарихи тұлғалардың атымен аталса, қалғандары эпос кейіпкерлері, аңызға айналған, киелі әйел аттары немесе әйел образын сипаттайтын поэтикалық қазақ сөздері сияқты абстрактілі атаулар. Мұндай көшелерді шартты түрде бес топқа бөлуге болады. 

Мәдениет және ғылым қайраткерлері: Күйші Дина (Нұрпейісова), Шара Жиенқұлова, Шолпан Иманбаева, Роза Бағланова, Фариза Оңғарсынова, Әмина Өмірзақова, Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Ақын Сара (Тастанбекқызы), Мәриям Жагорқызы, Рабиға Есімжанова, Үшқөлтай Субханбердина, Ұлбике (Жангелдіқызы) ақын

Эпос кейіпкерлері мен «ел аналары»: Ханшайым Сүйінбике, Айпара (ана), Ай-Таңсық, Айман-Шолпан, Айша бибі, Ақжүніс, Баян сұлу, Домалақ ана, Жұбан ана, Қарашаш ана, Қыз Жібек, Ұмай ана, Қарқабат

Әйел есімдері мен және образдарына қатысты жалпы атаулар: 8 наурыз, Айпара, Арай, Ақбаян, Ақтолқын, Кербезқыз.

Соғыстың батыр қыздары: Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова, Ульяна Громова

Саяси тұлғалар: Айғаным (Сарғалдаққызы), Тұмар ханым Кейбір көшелер кездейсоқ жалпылама әйел атауларымен аталғандай болғанымен, шын мәнінде құпия прототиптері бар. ҚР Үкіметі жанындағы ономастика комиссиясының бұрынғы мүшесі Хангелді Әбжанов Күлшат Медеуоваға сұхбат берген кезде Арай (қазір Жетісу) саябағы орналасқан Арай көшесі саяси репрессиялар мен депортацияларды зерттеумен айналысқан тарихшы Арайлым Мұсағалиеваның құрметіне қойылғанын айтқан болатын.

Алайда, әйел ғалымдардың есімімен елордада ресми түрде тек бір ғана көше библиограф, әдебиеттанушы Үшкөлтай Субханбердина көшесі аталған. Бұл мәселеде Астана жалғыз емес. Шартты түрдегі гендерлік «теңдік» Мадридте айқын байқалады, мұнда көшелердің 21%-ы әйелдердің құрметіне қойылғанымен, 80% көше Дева Мария мен басқа әулиелердің атымен аталған.

Үшкөлтай Субханбердина. Алина Данилованың иллюстрациясы

Көше аттарын ауыстыру: әйелдерге қарсы идеология ма?

Қазақстан тарихында көшелерге атау беру мен атауларын ауыстырудың бірнеше толқыны болды. Біз ішіндегі ең маңыздыларын талдап шықтық – Октябрь көтерілісінен кейінгі өзгеріс, тәуелсіз Қазақстанның астанасы мәртебесін алғаннан кейінгі өзгеріс және 2006-2021 жылдардағы елорданың дамуымен байланысты «жоспарлы» өзгерістер.

Қала пайда болғаннан бастап 1917 жылға дейін Ақмоладағы көшелер мен алаңдардың барлығы дерлік атқаратын функцияларына қарай бейтарап атауға ие болатын: Мечетная, Церковная, Большая Базарная және т.б. Кеңес режимі мен коммунистік идеология жыныстардың теңдігі мен «Шығыс әйелдерінің» эмансипациясын насихаттағанымен, дәл солар қала көшелеріндегі патриархалды атауларға басымдық пен гендерлік теңсіздіктің негізін салды. Әйелдер өнеркәсіп пен ғылымда шын мәнінде үлкен мүмкіндіктерге ие бола бастағанына қарамастан, астана Ақмолаға көшірілгенге дейін мұндағы 309 көшенің 14-і ғана әйелдердің құрметіне қойылған болатын. 14 көшенің 10-ы революционер әйелдер, саяси тұлғалар мен соғыстың батыр қыздарының құрметіне аталды: Цеткин, Люксембург, Космодемьянская және т.б. 1997-1998 жылдары кеңес кезеңіндегі әйелдердің құрметіне қойылған урбанонимдердің басым бөлігі ерлердің атымен не бейтарап атаумен аталып, «қазақ халқының тарихымен байланысты жаңа» атауларға ие болды.

Тар көшелердегі әйелдер

Әйелдердің атымен аталатын урбанонимдердің локализациясы – гендерлік дискриминацияның тағы бір көрінісі. Әйелдердің құрметіне берілген көшелердің барлығы дерлік шет аудандарда орналасқан шағын көшелер, ал ер адамдардың құрметіне басты магистральдар мен негізгі көшелер берілген. Астанада әйел адамның атымен аталатын бірде-бір даңғыл жоқ. Бұл дискриминациялық фактор кеңес заманынан бері әлі сақталып келеді. 

Шара Жиенқұлова. Алина Данилованың иллюстрациясы

Әйелдердің құрметіне берілген кейбір көшелерді көше деп айтуға да келмейді. Мысалы, кеңестік кезеңде берілген Мәншүк Мәметова көшесі екі тұрғын үй кешенінің арасындағы өтпе жол ғана. Ал жалғыз әйел ғалымның аты берілген Үшкөлтай Субханбердина көшесіне тіпті асфальт төселмеген.

Әйелдердің құрметіне берілген көшелердің біркелкі таралмауы Есіл ауданындағы Мұхамедханов – Әйтеке би – Қорғалжын – Тұран көшелерінің аралығында «әйелдер орамы» аталып кеткен көшелердің болуымен байланысты. Әйелдердің атымен аталатын 39 көшенің 13-і осы жерде орналасқан.

Әйелдерге арнап қойылған ескерткіштер

Ескерткіш атауларының да жағдайы мәз емес. Біз елордадағы монументтер мен мүсіндерді жыныстық сипаты бойынша сұрыптап шықтық. 72 ескерткіштің тек үшеуі ғана ресми түрде тарихтағы белді әйел адамдардың атымен аталады: Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Дина Нұрпейісова. 

Астанадағы әйелдерді бейнелейтін мүсіндер мен мемориалдарға нақты атау берілмейді. Олар архетиптер, символдар не болмаса музалар. Мемориалда әйелдер құрбандық немесе Отан-ана образында көрсетіледі. Тарихта болған, аты-жөні бар шынайы әйелдердің мүсіндері өте сирек кездеседі. Біз әйелдердің құрметіне қойылған деп санайтын елордадағы 34 ескерткіштің 15-інің шынайы прототиптері жоқ немесе тұлғасы жойылған. Мысалы, Тұмар ханшайымға арналған «Жер-Ана» монументі.

«1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументі. Алина Данилованың иллюстрациясы

Әлия Молдағұлова ескерткіші. Алина Данилованың иллюстрациясы

Егер сіз әйел болсаңыз, Астанада сізге арнап ескерткіш не монумент орнатуы үшін сіз мифтік немесе аллегориялық кейіпкер, соғыс батыры, не болмаса құрбандық болуыңыз керек.

- Отан-Ана ескерткіші біздің қоғамдағы әйелдердің күнделікті рөлін мадақтайтын ескерткіш болып көрінуі мүмкін. Бірақ, этникалық және ұлттық шектеулерді орнату үшін әйел денесін қолдану – патриархалды қоғамға тән ортақ ескі тәжірибе. Егер біз бұған тереңірек үңілсек, бұл ескерткіштердің және әйелдерді жерге теңейтін мұндай риториканың болуы әйелдерді объективтілеу болып саналады. Қоғамдық орындарда әйелдерді қорғауға зәру және мақсаты ұрпақ жалғастыру ретінде ғана көрсету олардың образын пассивті етіп, әйелдерге белгілі бір шектеулі рөл ғана берілген ұлт идеясын насихаттайды,- дейді гендерлік ғылымдар саласындағы зерттеуші және сарапшы Айзада Арыстанбек.

Көше беріп, ескерткіш қоюға лайықты қазақ әйелдері

Көше атауларының негізгі міндеті – тұлғаларды дәріптеу емес, қалада бағыт-бағдар көрсету. Алайда, көшелерге атау беру де, ескерткіш орнату да қаламыздағы және тарихи санадағы әйелдердің рөлін нығайтуға көмектесе алады.

Әмина Өмірзақова. Алина Данилованың иллюстрациясы

Қазақстан мен Астананың тарихы көшелерге атын беріп, құрметіне ескерткіш орнатуға лайықты әйелдерге кенде емес. Олар түрлі мамандық, ұлт пен өңірдің өкілдері: Фатима ханым, Бопай ханым, Бопай Қасымқызы (Кенесарының әпкесі), құқық қорғаушы Алма Оразбаева, Қазақстанның алғашқы әйел-сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікова, Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел-елші Ақмарал Арыстанбекова, тың игеруші және ҚазССР-нен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Наталья Геллерт, алғашқы қазақ әйел-дәрігерлері Гүлсім Асфендиярова және Аққағаз Досжанова, ағартушы Құснижамал Нұралыханова, алғашқы қазақ журналисі Нәзипа Құлжанова, алғашқы қазақ әйел режиссері Дариға Тінәлина, мәдениет қайраткері Гүлжихан Ғалиева, опера әншісі Роза Жамалова, қазақтың алғашқы романшысы Сара Мыңжасарова, инженер-геолог Таисия Сәтбаева, альпинист Зәуреш Мұқанова, суретші Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайылова, мүсінші Ольга Прокопьева, ғалымдар мен зерттеушілер Ирина Ерофеева, Бағдат Әбішева, Нина Литвинова (фон Витторф) және тағы басқалар.

Автор: талдаушы Эльвира Насирова мен зерттеуші Теміртас Ысқақов

Зерттеу Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен жүргізілді