×
441.41
477.78
4.84
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.41
477.78
4.84

Түркістанда оқушы асылып қалды. Балаларға көрсетілген зорлықты жасырып отыр

20.10.2021, 15:31
Коллаж: ulysmedia.kz

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Састөбе ауылындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы үйінде асылып қалған. Куәгерлердің айтуынша, балаға жоғары сынып оқушылары қысым көрсеткен. Ulysmedia.kz тілшісі ауыл тұрғындарына хабарласып, мән-жайды сұрастырып көрді.

Састөбе ауылының А. Макаренко атындағы орта мектебінде 1600-дей бала білім алып жатыр. 2021 жылы 11 қазан күні осы мектептің 9-сынып оқушысы мектепте болған төбелес кезінде қолын сындырып, үйіне келіп асылып қалған. Марқұм болған баланың анасына хабарласқанымызда журналистерге сұхбат бергісі келмейтінін айтып, артық-ауыс сұрақтармен мазаламауды сұрады.

«Жеке өмірімді жария салғым келмейді. Айттым ғой, ешкімге сұхбат бермеймін. Менің нөмірімді сізге кім берді, сол адамды сотқа беремін. Қалғаны Алланың қолында. Мұнымен жұмыс істейтін мамандар бар. Менің жеке өмірім, тыныштық беріңдер», – деді шешесі.

Өзінің айтуынша, ол жергілікті полиция департаментіне түсірген арызын кері қайтарып алған.

«Өлетін бала өліп кетті, қайта келмейді. Мен арқылы емес, мектеппен өздері шешіп алсын. Мұндай жағдайға келмесінші деп, сол үшін де арызымды алдым. Олар да психологиялық қысастық көріп жатыр, әркім өзінің пайдасын ойлай ма түсінбеймін», – деді.

Біз қайтыс болған баланың шешесінен мардымды ақпарат ала алмаған соң аталған мәселе жайында хабарлаған осы ауылдың тұрғынымен сөйлесіп көрдік. Өзін Асқар Айдарбеков деп таныстырған ауыл тұрғыны мұндай келеңсіз жағдайлардың мектеп қабырғасында жиі болатынын, бірақ жергілікті басшылық істі ашық жарияламай отырғанын атап өтті. Ол мектептің осыған дейінгі мәселелерін айту мақсатында биыл 10 қыркүйек күні Білім және ғылым министрімен онлайн жүздескен. Министр Асхат Аймағамбетов тікелей бақылауына алып, тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеген.

Ауыл тұрғыны Асқар Айдарбеков Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен онлайн кездесуде, 10 қыркүйек, 2021 жыл

«Бұған дейін министр Асхат Аймағамбетовтің фейсбук парақшасына хат жазып тұратынмын, бірақ ол мені блоктап тастады. Кейін «Nur Otan» партиясы арқылы министрмен онлайн жүздесуге рұқсат алдым. 10 қыркүйек күні министр Асхат Аймағамбетовпен онлайн кездесіп, мектепте болып жатқан заңсыздықтарды жеткіздім. Министрмен кездесетінімді естіген облыстық, аудандық басшылар эфирге шықпауымды сұрап, тоқтатқысы келді», – дейді Асқар Айдарбеков.

Кездесу барысында министр Асхат Аймағамбетов мектептегі жағдайды бақылауына алғанын және тиісті шаралар жүзеге асырылатынын айтқанмен, әзірге ешқандай қозғалыс байқалмаған. Кездесуден соң тура бір ай өткенде аталған орта мектепте балалар арасында болған төбелес суицидпен аяқталған.

«Састөбе ауылындағы орта мектепте соңғы алты жылда мұндай оқиғалар көп болды. 11 қазанда асылып қалған балаға жоғары сынып оқушылары күш көрсеткен. Баяғы бір-бірінен ақша жинау мәселесі себеп болып отыр. Осы мәселені әлеуметтік желілерде көтеріп, бәріне жаздым. Дер кезінде жағдай бақылауға алынбағандықтан мектептегі кезекті төбелес өліммен аяқталды. Менің министрге жазған арызым бойынша іс қозғалмады», – дейді ол.

 

Састөбе ауылындағы А. Макаренко атындағы жалпы орта мектебі

Састөбе ауылында қазір 9 мыңға жуық тұрғын бар. Ауылда бір мектеп, үш балабақша, бір аурухана мен емхана жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары ауылда мектеп оқушылары арасында мұндай келеңсіз оқиғалар жиілеп кеткен. Бірақ жергілікті басшылық мұның барлығын жасырып отырған көрінеді.

«Осымен ауыл мектебінде оқыған екі бала суицид жасап қайтыс болса, кәмелет жасына жетпеген оқушы қызды туған әкесі зорлап келген. Оның бәрін ауыл тұрғындары өз арамызда естіп, біліп отырғанымызбен жергілікті басшылық жабық ұстап отыр. Өзімнің үш қызым осы мектепте оқитын болғандықтан, әке ретінде алаңдауым орынды емес пе», – деді Асқар бізге берген сұхбатында.

Баланың өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болғанын Түлкібас ауданының білім бөлімі растап отыр және аудандық полиция бөлімі тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған.

«А.Макаренко атындағы жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы 2021 жылы 11 қазанда кешкі уақытта өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болған. Аталған жайт бойынша аудандық полиция бөлімі жан-жақты тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жасалып жатыр. Тиісті мекемелерге және салалық басқармаға, департаментке оқиға бойынша хабарланды. Адами әлеуетті дамыту басқармасының мобильдік тобы және бөлімнің жауапты мамандары оқушыларға психологиялық қолдау және оңалту жұмыстарын жасады. Тергеп-тексеру, зерделеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар жасалып, жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі қаралатын болады», – деп хабарланды аудандық білім бөлімі таратқан ақпарда.

Біз Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда аталған дерек бойынша ҚР ҚК 105-бабы “Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін, сондай-ақ жедел-тергеу іс-шараларының барлық кешені жүзеге асырылып, заңды процессуалдық шешім қабылданатын жеткізді. 

Серіктес жаңалықтары