Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен келіссөз жүргізді. Екі ел басшысы сауда, инвестиция, көлік, энергетика және ынтымақтастықтың өзге де бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кездесу басында Қазақстан президенті Эмомали Рахмонға елімізге келгені үшін алғыс айтып, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың нығайып келе жатқанын атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Тәжікстан арасында ынтымақтастыққа кедергі келтіретін елеулі келіспеушіліктер жоқ. Қазір басты міндет – бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асырып, жаңа бірлескен жобаларды қолға алу.
«Бүгін біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Тәжікстанның дамуына да жоғары баға беріп, елдің экономикадағы жетістіктері мен жүргізіліп жатқан реформаларын ерекше атап өтті.

Келіссөздің басты тақырыптарының бірі экономикалық байланыстар болды. Тоқаев Қазақстанның Тәжікстандағы ең ірі үш сауда серіктесінің қатарында тұрақты түрде келе жатқанын айтты.
Оның сөзінше, екі ел өзара тауар жеткізу көлемін арттырып, теміржол тасымалын дамытып, іскерлік байланыстарды кеңейтіп келеді.
«Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр», – деді президент.

Эмомали Рахмонның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асқан. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға көп.
Тәжікстан президенті инвестициялық ынтымақтастықтың дамуына да тоқталды.
Қазір Тәжікстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 130-дан астам кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының қатысуымен 580-нен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 500-і толықтай тәжік инвесторларына тиесілі.
Рахмон бұл көрсеткіштерді жақсы нәтиже деп бағалап, екі елдің бірлескен жұмысын жалғастыруы маңызды екенін атап өтті.
«Біздің қазіргі міндетіміз – стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты тың нәтижелерге ұластыру», – деді ол.
Келіссөз барысында Тоқаев пен Рахмон сауда, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлді.
Сондай-ақ тараптар су ресурстарын бірлесіп пайдалану және осы саладағы ынтымақтастық мәселелерін жеке қарастырды.
Бұдан бөлек, президенттер мәдениет пен білім саласындағы байланыстардың дамып келе жатқанын атап өтті.
Тоқаев Душанбеде Абайдың бюсті, ал Астанада Ибн Синаның ескерткіші ашылғанын еске салды. Сонымен қатар, екі ел арасында жастарға арналған, ғылыми және мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Сапар аясындағы тағы бір маңызды оқиға – Астанада Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимараттар кешенінің ашылуы.
Тоқаев мұны екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту жолындағы маңызды қадам деп бағалады.
Оның айтуынша, дипломатиялық өкілдік үшін жеке ғимараттар кешенінің салынуы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы байланыстың қаншалықты нығайғанын көрсетеді.
Еске салайық, Ulysmedia.kz бұған дейін 7 қарашада Ақордада Эмомали Рахмонды ресми қарсы алу рәсімі өткенін хабарлаған.
Тәжікстан президентінің құрметіне резиденцияның үстінен екі елдің мемлекеттік туларын желбіреткен әскери тікұшақтар ұшып өтті.
Одан кейін құрмет қарауылының қатысуымен салтанатты рәсім өтіп, Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.