×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Алматы облысында қыруар қаржыға салынған екі аурухана құлағалы тұр

20.10.2021, 12:58
фото: Ашық дереккөзден

Алматы облысы Талғар ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған екі амбулатория жарамсыз күйге түсті. 2013-2014 жылдары қазынаның қыруар қаражатына тұрғызылған емдеу мекемелерінің қабырғасы қақырап, құлаудың шақ алдында тұр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Апатты жағдайда тұрған екі бірдей аурухананың ұжымы басқа ғимаратқа уақытша көшіріліп, халықты ескі һәм тар жерде қабылдауға мәжбүр. Ал осы сиқы кеткен амбулаторияларды сенімгерлік басқаруға алған компания күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Осы ауруханалардың қазіргі ахуалы белгілі болды, дейді КТК.

Нұра ауылындағы бұл аурухана 2014 жылы пайдалануға берілген. Бірақ небәрі жеті жылдан кейін медициналық мекеме жарамсыз күйге түсті. Ғимараттың сырты бүтін болғанымен, мұнда ақ халаттылар науқастарды қабылдамайды. Өйткені аурухана апатты деп танылған. Қазір мұнда жөндеу жүріп жатыр. Жұмысшылар осыған дейін қақыраған қабырғаны бұзып, қайта қалпына келтірмек.

Емдеу мекемесі «350 дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік пункт» атты мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттің 154 млн теңгесіне салынған. Сиқы кеткен медициналық мекемені былтыр сенімгерлік басқаруға алған А-Сlass Мedical компаниясы құрылыс жұмыстарына шұғыл кірісіп кеткенін жеткізді. Өйткені сапасыз соғылған нысан кез келген уақытта опырылып ортасына түсуі мүмкін екен. 

«Іргетасының астында түк жоқ. Еден отырып кеткен. Кәріздің барлығы мынаның астына кетіп жатыр. Қабырғасы ашылып кеткен. Сапа жоқ. Бұл жер түгел сейсмологияға сай емес. Дұрыс салынбаған. Біз мынаны жасамасақ, кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін», - деді А-Сlass Мedical компаниясының бас инженері Мэлс Белғожанов.

Ғимарат құлағалы тұрған соң аурухана қызметкерлері бұрынғы амбулаторияға уақытша көшірілген. Нұра ауылының тұрғындары жарты ғасыр бұрын салынған ескі әрі тар нысанда қысыла-қымтырылып медициналық көмек алуға мәжбүр.

«Бізге дұрысы болған жақсы ғой. Мына ескіде жылу жоқ. Жағдай жоқ. Жататын орын да жоқ. Жаңа ауруханада барлығы болды. Жақсы болған. Алты балам бар. Келсек, «анда бар, мында бар» дейді. Сонымен мына жаққа келуге мәжбүрміз», - деді Нұра ауылының тұрғыны Перизат Саттарбай.

Талғар ауданында мемлекеттің 101 млн теңгесіне салынған тағы бір амбулатория апатты жағдайда тұр. Бой көтергеніне 10 жыл да толмаған Белбұлақ ауылындағы медициналық мекеменің де қабырғасы қарыс-қарыс ашылып, ақ халаттылардың үрейін ұшырыпты. Ғимараттың сырты да сөгіле бастаған. Аталған аурухананың ұжымы да амалдың жоқтығынан басқа жерге көшуге дайындалып жатыр. Жалпы А-Сlass Мedical компаниясы осы ауданда ескісі мен жаңасын қосқанда 30-дан астам емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жүргізбек.

«Біз барлық нысанды қабылдап алғанда олардың жағдайы күрделі болды. Көбісі әбден ескірген. Арасында жаңалары да бар. Қазір барлық ғимаратқа күрделі жөндеу, қайта жаңарту және сейсможағдайын нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Ал ауыл тұрғындары әзірге басқа ғимаратта уақытша емделуге мәжбүр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Барлығы инвестордың қаражатына жасалады», - деді Талғар орталық аудандық ауруханасының баспасөз хатшысы Гүлжан Қойшыбаева.

Ал шенеуніктер жұмысын шала атқарған мердігер компаниялар жауапқа тартылмайды деп қысқа қайырды. Облыстық құрылыс басқармасының бұл шарасыздығы мердігер компаниялардың оң жаңбасына келетіні сөзсіз. Олар «іс бітті, қу кеттінің» керін тағы келтірмейтіне ешкім кепілдік бермейді. Елімізде сапасыз құрылыстың сұрауы болмаса, іс оңалмай, бұл саланың кері кететіні айдан анық.

Серіктес жаңалықтары