×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Қызылорда облысының оң тәжірибесі басқа аймақтарға таратылады

25.11.2023, 14:38
Ашық дереккөзден

Бүгін Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин облыс әкімдігінде құрылыс және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді.

Іс-шараға министрлік өкілдері, республикалық мекеме басшылары, еліміздің барлық өңірінен құрылыс және энергетика саласына жетекшілік жасайтын облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және орынбасарлары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Жиын сапалы аумақтық жоспарлауға, коммуналдық және тұрғын үй инфрақұрылымын тиімді дамытуды қамтамасыз етуге,  құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты ұсынымдар айтуға, тәжірибе алмасуға арналды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз баяндамасында Сыр өңірінде жүзеге асырылған жобаларды таныстырып, әріптестерін тәжірибе бөлісуге шақырды.

«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы арқасында өңірімізде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты. Облыс өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, негізгі капиталға тартылған инвестиция мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшылардың қатарында. Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Аймақтың даму бағытына жоғары бағасын берді. Бүгінде құрылыс, энергетика салаларында да оң қарқын бар. Биыл облыс көлемінде барлығы 4108 пәтерді құрайтын 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлының өңірде мемлекеттік бағдарламалар аясында және жеке инвестиция есебінен салынған әлеуметтік нысандар, демеушілер көмегімен қолға алынған игі жобалар туралы баяндады. Атап айтқанда, мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланған. Тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба электр энергиясын сырттан сатып алудан арылтып, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік бермек.

Президент тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. 2025 жылы толық тапсырылады. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында 400 орындық оқу ғимараты және 300 орындық жатақханасы бар физика-математика бағытындағы мектеп-интернат бой көтеруде.

Мұнан бөлек, Қызылорда қаласындағы 4 іргелі мектептің жанынан 2 000 орынға арналған қосымша ғимараттар салынған. Осылайша балалар қатынауына жақын, ыңғайлы мектепке барып, әрі бюджет қаражатын үнемдеу мүмкіндігі пайда болып отыр.

Облыс орталығында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталған. Медициналық ұйымдарды сапалы қанмен қамтамасыз ету мақсатында құны 2,9 млрд теңгені құрайтын Қан орталығының құрылысы жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынып жатыр.

Құны 20,9 млрд теңге болатын 7 мың орынға арналған Орталық стадион, сондай-ақ, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған, ал аудандарда 11 дене шынықтыру кешені салынған.

Жақында 1,6 млрд теңге қаржыға салынған Отбасы орталығы өз қызметін бастады, 3,7 млрд теңгеге бой көтерген Өнер орталығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Келер жылы 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынады.

Айта кетсек, мемлекет басшысының сапары кезінде өңір үшін маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылданды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі аралығы төрт жолақты жолға айналады. «Қызылорда-Жезқазған» жолы Президент тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Аймақ басшысы орталықтандырылған ауыз су, газдандыруға қатысты жобалар туралы да атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсету бастамасын қолдаған демеушілер есебінен 37,5 млрд теңге қаржы тартылды. Оған қоса құрылыс, жол компаниялары және кәсіпкерлердің қолдауымен 3,3 млрд. теңгеге 630 жобаның құжаттамасы әзірленген.

Құрылыс және инфрақұрылымды дамыту саласындағы аймақтың оң тәжірибесін бөліскен облыс әкімі Қызылорда облысына арнайы келіп, министрліктен, барлық өңірден өз саласының тәжірибелі азаматтарын жинап, жиынды ұйымдастырған вице-министрге алғыс білдірді. Өз кезегінде, Тимур Қарағойшин өңірдегі қарқынды жұмыстарды ерекше атап өтті.

Жиын барысында бірқатар сала басшылары баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді таныстырды.

Серіктес жаңалықтары