×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

12 адам жабылған ба? Қызылордада дәмхана маңында жігіт пышақ жарақатынан қаза тапты

Бүгін, 11:52
12 адам жабылған ба? Қызылордада дәмхана маңында жігіт пышақ жарақатынан қаза тапты
____nastya.cyclist.kz/ Threads

Қызылордада қаза тапқан жігіттің туыстары оның өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтауды талап етіп отыр. Марқұмның әпкесінің айтуынша, інісіне 12 адам жабылып, соққыға жыққан. Төбелес кезінде жігіттің жүрек тұсына үш рет пышақ сұғылған. Алайда қыздың сөзінше, осы іс бойынша небәрі үш адам ұсталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қайғылы оқиға 8 қазанда Қызылордадағы дәмханалардың бірінің маңында болған.

Марқұмның әпкесі Анастасия әлеуметтік желіде інісіне бір топ адам жабылып, соққыға жыққанын жазды. Оның айтуынша, шабуыл кезінде жігіттің жүрек тұсына үш рет пышақ сұғылған.

Қыздың мәлімдеуінше, оқиғаға 12 адамның қатысы болуы мүмкін. Алайда отбасының қолындағы ақпаратқа сәйкес, олардың тек үшеуі ұсталған.

– Біздегі мәлімет бойынша, 12 адам жабылған. Інімді ұрып-соққан, жүрек тұсына пышақ сұққан. Бірақ қазір небәрі үш адам ғана ұсталды, – деп жазды Анастасия.

Анастасияның айтуынша, куәгерлер шабуыл жасағандардың саны ұсталғандардан әлдеқайда көп болғанын айтқан. Алайда отбасының пікірінше, тергеу әзірге тек үш адамның оқиғаға қатысын қарастырып жатыр.

– Менің бір ғана сұрағым бар: егер куәгерлер одан да көп адам жабылғанын айтып отырса, неге тергеу тек ұсталған үш адаммен шектеліп отыр? – деп жазды марқұмның әпкесі.

Қыз оқиға болған дәмхана маңындағы бейнебақылау камералары жұмыс істемегенін хабарлады.

Дегенмен ол шабуылға қатысы болуы мүмкін 12 адамның бәрін бірдей кінәлі деп есептемейтінін, бірақ әрқайсының әрекеті мұқият тексерілуі керек екенін атап өтті.

– Мен 12 адамның бәрі бірдей дәрежеде кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ әрқайсының қандай рөл атқарғаны мұқият тексеріліп, куәгерлердің сөзі ескерілгенін талап етемін. Осы сұмдық қылмысқа қатысы бар бірде-бір адам тергеу назарынан тыс қалмауы керек, – деп жазды ол.

Анастасия Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және құқық қорғау органдарына жүгініп, тергеуді ерекше бақылауға алуды сұрады.

Ол куәгерлердің жауабын тексеруді, шабуылға қатысы болуы мүмкін барлық адамды анықтауды және олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.

– Інім енді оралмайды. Ешқандай жаза оны бізге қайтарып бермейді, жанымыздың жарасын жазып, орнында қалған бос кеңістікті толтыра алмайды. Бірақ біз жақынымыздың басынан не өткенін, шын мәнінде не болғанын білуге құқылымыз, – делінген үндеуде.

Ulysmedia редакциясы ресми пікір алу үшін Қызылорда облыстық полиция департаментіне сауал жолдады.

Мән-жай

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада тағы бір жасөспірім мың теңгеге байланысты туындаған жанжал кезінде анасының көз алдында қаза тапқан еді. Туыстарының айтуынша, күдікті небәрі 13 жаста болған.