Ақмола облысы Зеренді ауданының 40-қа жуық ауылының тұрғындары жарықтың жиі өшетініне шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "24KZ"-ке сілтеме жасап.
Зеренді ауданының оңтүстік бөлігінде электр желілері 90% тозған.
Электр жарығынан қажыған ақмолалықтарды қысқы боран тіпті мезі еткен. Өйткені боран мен аяз салдарынан олар бірнеше күн бойы жарықсыз қалды. Әсіресе Айдарлы ауылының тұрғындары әбігерге түскен.
"Электр желілерінің барлығы мүлдем ескірген. Сәл бірнәрсе болса бірден жарық өшеді. 30 желтоқсанда біз өзіміз жөндедік. Содан кейін 1-2 қаңтарда жарық тағы сөнді. Көптеген тұрғынның су сорғылары мен ұзақ жанатын пештері электр қуатынсыз жұмыс істемейді. Бірақ ай сайын шоттарды кешіктірмей төлейміз. Әкімдікке қанша айтсақ та пайда жоқ. Желілер жеке кәсіпорындарға тиесілі деп айтады", - дейді Айдарлы ауылының тұрғыны Мұратбек Салықов.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жиі болатын ақаулар мен тұйықталуға байланысты тұрмыстық техника да, басқа электр жабдықтары да күйіп кетіп жатыр.
Ал желілер бірнеше жылдан бері жеке компанияның қолына өтіп кеткен, ал ол электр желілерін жөндемейді. Салдарынан аудан аумағында 2021 жылы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Осының есебінен әкімдік апаттарды жою үшін резервтен ақша бөлген.
"Біз екі апаттық бригадамен келісімшарт жасадық. Бұл екі компания үлкен жұмыс көлеміне байланысты жұмыс істемеді. 2023 жылы біз үшінші компаниямен де келісім жасадық. Қазіргі уақытта оның қызметкерлері осы электр желілерінде пайда болатын барлық төтенше жағдайды жояды. Қандай да бір жолмен басқа компаниялардың қолына беру мүмкін емес, өйткені қазір бізде осы желілердің меншік иесімен тікелей сот жүріп жатыр", - деп атап өтті Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Есімхан Байғабылов.
Зеренді ауданының 38 ауылында 20 мыңнан астам адам тұрады.