Қарағандыда заңсыз салынған жаңа тұрғын үй кешені сүрілмек. Ал мердігер компания «төленген қаражат үлескерлерге қайтарылмайды» деп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Пәтердің құжаты жоқ
Сәуле Әбеуова осыдан бір жыл бұрын әл-Фараби тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер алып, төлемнің жартысын мердігерге беріп, брондық келісімшарт жасасқан. Алайда содан бері пәтерінің құжатын қолға түсіре алмай отыр. Ол аз болғандай үйді сүру туралы кеше ғана шыққан соттың шешімі уайымды үдете түскен.
«Осы пәтерге 14 млн салдым. Оған қоса 10 млн-ға жөндеу жүргіздім. Адамдар қазір тұрып жатыр. Олар ешқайда кетпейді. Біз ақымақ емеспіз ғой. Сату бөлімі ашық тұрды. Бәрі сатып жатыр. Ешкім ештеңе демеді. ГАСК қайда болды сол кезде?», – дейді үлескер Сәуле Әбеуова.
Сәуле сияқты сот шешімімен келіспеген 293 пәтердің тұрғыны әл-Фараби кешенінің алдында жиналды. Олар мұндай жағдайға жетуімізге қадағалау жүргізбеген мемлекеттік органдар кінәлі дейді.
«Бұл не әдет! Халықтың не жазығы бар? Сатты үйді. Басында келіспесе тоқтатып тастамай ма? Мен қайда барамын енді?», – дейді үлескер Қайрат Нұрболатов.
Әкімдік не дейді?
Далада қалуға шақ қалған 1 500 тұрғын мәселені білуге келген мәжіліс депутаты мен билік өкілдеріне бас салды.
Тұрғынның мұнша ашынуына негіз де бар. Себебі құрылысты құжатсыз салған компания өкілдері алған ақшалар тұрғындарға қайтарылмайтынын ашық айтып отыр.
«Бүгінде ақшаны қайтару болмайды. Себебі басшылық барлық қаржыны жұмсап жіберді. Сондықтан үлескерлерге ақша қайтарылмайды. Соттың шешіміне қатысты апелляциялық шағым береміз», – дейді құрылыс компаниясының директоры Абылайхан Әмірбеков.
Ал Қарағанды қаласының шенділері де соттың мұндай шешім шығаратынын күтпеген ұқсайды. Арнайы органдармен ақылдасамыз деп халыққа басу айтты.
«Қазір арнайы органдармен жұмыс істейміз. Ақылдасамыз. Сосын жұма күні әкімдікте кешке кездесеміз де сосын нақтысын айтамын. Әл-Фараби болсын, Нұра болсын, Хан болсын осылай шешілетін болады. Күтейік. Бізге екі-үш күн керек»,– дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Камзин.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігiнің мәліметінше, соңғы үш жыл ішінде елімізде заңсыз құрылыс жүргізген 309 компания әкімшілік жазаға тартылған. Оның 109-ы 2023 жылы тіркелген. Қазіргі таңда тек Қарағанды қаласының өзінде құжатсыз салынған 3 тұрғын үй кешенінің ісі сотта қаралып жатыр.