Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын талап етіп жүрген тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі бостандыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тағы оқыңыздар: Павлодарда тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегіні «жындыханаға қамады» деген ақпарат тарады
Қазақ тілін қорғаған Рузаны ел де қорғап қалды!
Айдың-күннің аманында аймаңдай Руза апайымызды жоғалтып алып, төтенше жағдайда өткен күндеріміз де артта қалды. Қазақ тілінің қорғаны Руза апайымыз ортамызға оралды.
Кешегі бір күніміз бен түніміз биліктегі жауапты тұлғалармен сөйлесуге кетті. Кереку өңірі басшыларымен де сөзіміз аз болған жоқ...
Ақыры, әділеттілік орнады. Қазақтың қайсар қызы, Қазақ тілінің жанкешті күрескері Руза Бейсенбайтегі апайымыз бүгін бостандыққа шықты!
Қазақ тілі бостандыққа шықты десек те болады!Руза апаймен сөйлестік, көңіл-күйі дұрыс. Қазір үйінде. Елге рахмет айтуда. Қасында Керекулік ұлтшыл азаматтар Серік Елікбай мен Медет бар.
Тал түсте төбемізден жай түскендей болған жайсыз оқиғаның жақсылықпен аяқталуына өз үлестерін қосқан қалың елдің қайратына ризамын. Қиындықтан шығу үшін бір жұдырық болып жұмыла білген жұртқа алғысымыз шексіз!
Қазақ тілін қорғаған Руза апайды ел де қорғап қалды! Өйткені таразыда тек адам тағдыры ғана емес, Тіл тағдыры - Ел тағдыры тұрды! – деп жазды депутат Қазыбек Иса.
Осы орайда ол алғашқы күннен бірден қолдаған бір топ депутат әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар биліктегі жаңаша ойлай бастаған көкірегі ояу, көзі ашық азаматтарға көп рахмет! Билікте де жаңа тұрпатты жауапты тұлғалар бар екеніне көз жеткіздік.
Егер адам бұрын-соңды ми жүйкесі ауыруымен ауырып, арнайы есепке алынбаған болса, оны сот шешімінсіз бірден психоневрологиялық диспансерге, яғни жындыханаға мәжбүрлеп қамап тастауға ешкімнің құқы жоқ, бұл заңды бұзу!
Енді осы заңсыздыққа барғандар жауапқа тартылуы тиіс!
Иә, бұл кешегі ойларына келгенін істеген отыз жылдық биліктің, өзін қор, өзгені зор тұтқан құлдық саналы саясаттан қалған жарылыстардың жаралы іздері. Ендігі міндет - зардап әкелер жарылыстардың барлығын залалсыздандыру болмақ. Ол әрине әрбір Тәуелсіздік алған мемлекеттер өтуі тиіс - отарсыздану саясаты мен Ұлттық идеология.
Ұлттық идеология болмаса, әрбір аяқ басқан жерден осылай қауіп-қатердің түтіні шыға беретіні белгілі.
Ал Ұлттық идеологияның негізі - Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау! Мемлекеттік тілді міндеттеу - Мемлекеттің міндеті! Руза мен Қазыбектердің міндеті емес… парызы болса да…
Сондықтан заң арқылы шешілуі тиіс барлығы.
Руза апайымызға зор денсаулық, қажыр-қайрат тілейміз! – деді депутат.
24 қаңтар күні сағат 16:20 шамасында 103 нөміріне Павлодар қаласында әйел адам көшедегі азаматтарға агрессия танытып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына келген медициналық бригада психикалық ауытқулары белгілерімен Р.Б. есімді 66 жастағы әйел адамды Павлодар облыстық Психикалық денсаулық сақтау орталығына жеткізді.
Орталық дәрігерлері тарапынан науқасқа екі күн бойы ем қабылдау шаралары жасалды. Медицина қызметкерлерінің қарауынан кейін денсаулық жағдайының жақсаруына орай, консилиум шешімімен науқас диспансерлік бақылау ұсынысымен үйіне қайтарылды.
Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес, алдағы уақытта науқастың психикалық ауытқулары нашарлап, айналасындағы адамдарға зиян келтіру ықтималдығы қайта байқалған жағдайда, ол емдеуге жіберілетін болады, – деп хабарлады Павлодар облысы ДСБ.