12 жастағы бала шамамен сағат 16.00-де үйден кетіп, қайтып оралмаған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 25 қазан күні сағат 22.30 шамасында Шарбақты ауданының полициясына Малиновка ауылының тұрғыны 2009 жылы туған жиенінің жоғалғаны туралы хабарлаған.
«Баланы іздеуге аудандық полиция бөлімінің бастығы Елдос Нұрғалиев бірінші орынбасары Арман Мұқановтың басшылығымен жедел тергеу тобын жіберді. 12 жасар бала шамамен сағат 16.00-де үйден кетіп, қайтып оралмаған. 7-сынып оқушысын іздеуге ауыл әкімі, мұғалімдер мен ауыл тұрғындары да қосылды. Іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бірінші кезекте барлық құдықтар мен қараусыз қалған ғимараттарды тексеріп, ауылдың әрбір бұрышын, мектептер мен үйлерді тінтті. Іздеу шаралары түнгі уақытта жүргізу қиындық тудырды, - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары үйдің маңындағы шабындықтарға көңіл аударған. Олар сол жердегі шөп үйіндісінің астынан өздігінен шыға алмай қалған баланы тауып алған. Полиция кәмелетке толмаған баланы аман-есен шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды.
Кейін анықталғандай, атасы жеткіншектің еркелігіне ескерту жасағаннан кейін бала үйден кетіп қалған.