Алматылық жас отбасы екі ұл мен бір қыздың ата-анасы атанды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Алматы денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жас жүкті келіншек № 2 қалалық перинаталдық орталыққа толғақпен келіп түсті. Дәрігерлер қажетті тексеру жүргізіп, оған кесарь тілігі жасау туралы шешім қабылдаған.
Ота сәтті өтіп, дүниеге салмағы 2360 және 2420 грамм екі ұл мен салмағы 2050 грамм қыз бала келді.
«Ұлдардың бірі, бір апта бойы реанимация бөлімінде неонатологтардың тәулік бойы бақылауында болды, онда оған барлық қажетті медициналық емдеу жүргізілді. Қалған екі нәресте патология бөлімінде анасының жанында болды», — деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.
Өз кезегінде, үшемнің анасы медицина қызметкерлеріне алғысын жаудырды.