×
$
447.73
€
502.98
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.73
€
502.98
₽
5.35

Кірпіш құлап, қаза тапқан баланың анасы Қарағанды облысындағы Мәдениет үйін жабуды сұрады

Бүгін, 17:40
Кірпіш құлап, қаза тапқан баланың анасы Қарағанды облысындағы Мәдениет үйін жабуды сұрады
Ulysmedia.kz коллажы

Қарағанды облысының Ботақара кентіндегі Мәдениет үйі ғимаратынан қаптама тақта құлап, қаза тапқан 2 жасар Әмір Қауаповтың анасы мекеме әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Сабина Қауапованың айтуынша, оның ұлы 13 сәуірде ауыр бас-ми жарақатын алған. Осыдан кейін бала үш ай бойы жансақтау бөлімінде, комада жатқан. Алайда 10 шілдеде көз жұмды.

Әйелдің сөзінше, осы үш айдың ішінде ол баласының жағдайы күн сайын нашарлап бара жатқанын көрген.

– Үш ай бойы күн сайын баламның біртіндеп сөніп бара жатқанын көрдім. Бірақ қолымнан ештеңе келмеді, оған көмектесе алмадым, – деді ол.

Енді Сабина оқиғадан бері жарты жылға жуық уақыт өтсе де, ғимарат толық тексерілгенге дейін Мәдениет үйінің жұмысы неге тоқтатылмағанын түсіндіруді талап етіп отыр.

«Кірпіш қайта құламайтынына кім кепіл?»

Қаза болған баланың анасының айтуынша, қазір қауіпті аумақ тек лентамен қоршалған. Ал ғимаратқа балалар әлі де барып жүр.

– Тағы біреудің үстіне кірпіш құламайтынына кім кепіл? Қауіпті жерді қоршап қойған бір лентаға неге сонша сенімдісіздер? – деді ол.

Әйел мамандар ғимараттың қауіпсіз екенін толық растағанға дейін Мәдениет үйінің жұмысын тоқтату үшін қайда жүгіну керегін сұрап отыр.

Қайғылы оқиға 13 сәуірде Қарағанды облысының Ботақара кентінде болған.

Жергілікті Мәдениет үйінің ғимаратынан қаптама тақта құлап, 2 жасар Әмір Қауапов ауыр жарақат алған.

Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Кент билігі де әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігі тексерілетінін мәлімдеген.